Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алашорда 8487 1 пікір 23 Сәуір, 2017 сағат 21:03

Жалпымұсылман және Алаш қозғалысы мүдделері

Биыл Алаш қозғалысының жеңісті шыңы болып табылатын Алаш-Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Бүгінде Алаш қозғалысы деп аталуымен мәлім  қазақ ұлт-азаттық қозғалысы империядағы бірінші орыс революциясынан қуат алып, жалпымұсылман қозғалысымен астаса өрістеді. Алаш азаматтарының қатысуымен 1917 жылы өткен бірінші жалпымұсылман съезіне де биыл бір ғасыр толып отыр. Осы құбылысқа жіті назар аударып, шығармашылығына арқау еткен жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың тарихи-танымды «Алаш жолы» рисәләсінен үзінді береміз.

 Мәскеу, 1–11.5.1917

Тарихи миниатюра

Басы

І. Күрес барысындағы сызаттар

1

1917 жылғы сәуірдің соңына қарай Мәскеуге шартараптан Бүкілресей мұсылмандары съезінің делегаттары келе бастады.

Мәскеу құрылтайы Асадуллаев үйінде өтетін болған. О баста, съезді әзірлеу үшін Уақытша орталық мұсылман бюросы  сайланған кезде солай ұйғарылған-ды. Өйткені революция дүмпуімен жанданған дүбірлі Питерде сан түрлі партия саяси жұмысын қыздырып жатқан. Осынау от-жалыны күйдіріп тұрған алып қазан ішінен тыныш жұмыс істеуге мұрсат беретін бұрыш табу оңай болмайтын. Жан-жақтан жиналатын делегаттар үшін, ал олар сегіз жүздей болмақ, тоқтайтын және алаңсыз мәжіліс құратын қолайлы мекен-жай ыңғайластыру, ақшаң болса да қиынның-қиыны екені сөзсіз. Шындап келгенде, орталық бюро ұйысқан кезде қажет қаржы көздері де көрініп тұрған жоқ еді.  Ал  мұсылмандар мұратына көптен қызмет етіп келе жатқан Мәскеудегі мына ғимарат су тегінге түсетінін арнайы бюро құрған жиналыс бірден ескерген-ді.

Ахмед Цаликов

Уақытша орталық мұсылман бюросы алғашқы ұйымдастыру жұмыстарының бәрін Ахмед Цаликовтың төрағалығымен, бұрынғы Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы үйінде жүргізді. Тек соңғы аптада ғана бюроның Петроградта тұратын мүшелері мен қызметкерлері толығымен Мәскеуге келіп, Асадуллаев үйінен орын тепкен. Солар қатарлы, Сәлімгерей Жантөрин сұлтанға көмекші бола шыққан Өтеміс те, мұндағы бюро мүшесі Ғаяз Исқақи іске қосқан жігіттермен бірге,  съездің соңғы дайындық жұмыстарын пысықтаумен шұғылдануға кірісті.

Әлимардан бек Топчибашев

Съезд ашылар қарсаңда Бакуден Әлимардан бек Топчибашев келді. Бағзы жолдасы  Жантөрин екеуі қызу қауышып, жағдай сұраса бастағаны сол, оларға Ташкенттен Серәлі Лапин, Оралдан Бақытжан Қаратаев келіп қосылды. Мұсылман қозғалысында сонау алғашқы революция жылдарынан бірге келе жатқан үзеңгілестердің ұстанымдары ұқсас, тиісінше, алдағы жиыннан күтер мақсаты ортақ болатын. Олар бірер уақыт ақпан революциясынан бері саясатқа дүркірей кірген жастар шоғыры жайын сөз етті. Сосын Әлимардан-бейдің даңқты жерлесі,  дәулетін мұсылман жұртының игілігіне арнаған Шәмси Асадуллаевты ілтипатпен еске алысты.

Шәмси Асадуллаев

Бақытжан сұлтан Қаратаев Шәмси ақсақалды ертеден білген-ді. Кезінде оның ағайынды Нобельдермен* қатар жарыса мұнай өндіргенінен, олардан қалыспай, үлкен табысқа жеткенінен хабардар жүрген. Қоғамдық шаруаларға орай, кей ретте Бакудегі азаматтармен байланысу қажет болғанда, сол кісінің жылы сөзін арқа тұтып біраз іс тындырғаны да бар-тын.

Бақытжан сұлтан Қаратаев

Cәлімгерей Жантөрин

*Ресейде тұрып еңбек еткен шведтік өнертапқыштар мен өнеркәсіпшілер әулеті; әуелде әке-Эммануэль Нобель өнертапқыштық ізденісімен суасты миналарын жасаған, Петербургте механикалық зауыт ашқан; оның үлкен ұлы Людвиг әкесінің зауытын ірі машина жасау кәсіпорнына айналдырды, бауырларымен бірге Бакуде мұнай өндіретін кәсіпорын ашты; ал Людвигтің ұлы немере-Эммануэль Нобельдер отбасының Ресейдегі кәсіпорындарын революцияға дейін басқарып тұрды; Людвигтің інісі Альфред динамитті ойлап тапқан, жарылғыш заттар шығаратын көптеген кәсіпорындар ашқан, әйгілі Нобель сыйлығының құрылтайшысы болған.

Шәмси ақсақал Асадуллаев әзірбайжан еліндегі қиял-ғажайып ертегі тәрізді тірлікті – мұнай кәсіпшілігін жолға қойған асыл да ерек тұқымнан еді. Олай дейтіні, бұл кісі Қаратаев тәрізді жастайынан оқу қуған текті тұқымнан емес, қарабайыр еңбеккер, жәй ғана арбакеш болатын. Жәй  арбакештің ірі мұнай кәсіпкеріне айналуын қалайша ертекке баламассын. Бірақ оның ірі алпауыт-өнеркәсіпшіл дәрежесіне жетіп өсуі – ертегі емес, нақты өмір шындығы-тын.

Ойлап қараса, Бақытжаннан жиырма шақты жас үлкен екен. Бакудің түбіндегі Амираджан деген кішкене ауылда дүниеге келіпті. Ес білгеннен кішкене есек арбасымен мұнайшыларды мұнараларға тасып еңбек ете бастайды. Одан сол кездегі ірі мұнай алпауытының көзіне түсіп, оның кәсіпшілігінің арба айдаушысы боп істейді. Бірер жылда тапқан еңбекақысына бірнеше арба алып, кәдімгідей меншік иесіне айналады. Мұнай кәсіпшілігінің тасымал жұмыстарында оның көлік шаруашылығы елеулі орынға ие болады. Ұйымдастырушылық, кәсіпкерлік қабілеті ұнаса керек, ұзамай оған кәсіпорын приказчигі* лауазымы ұсынылады. Осылай, жастайынан, Шәмси мұнай өндірісінің қыр-сырын көріп өседі.

*қожайынның сенімхатымен кәсіпорынның түрлі байланыс, сауда, тасымал, кәсіпшілік салаларының қилы шаруашылықтарын жүргізетін жалдамалы қызметкер.

Сосын, өзіне деген өз сенімінің біртіндеп арта түскендігінен шығар, бірер жылдан кейін жеке іс ашуға құмартқан бір ауылдасымен күш қосып, тұз өндірісіне кіріседі. Жұмыстары сәтімен жүріп кетеді. Тұрақты табыс түсіп, едәуір қоңданады. Бірақ оған қанағаттанбайды. Ақыры, бала күнгі маңдайтер төккен кәсіпшілігін қууға отыз төрт жасында бел байлап, тапқан табысына Бакуде мұнай өндіру конторын ашады. Қарабайыр тәсілмен мұнай өндіре бастайды.

Алайда мұнда сырттан келген өзге  халық өкілдері қожайындық ететін. Өйткені олар заман талабына лайық істің көзін білетін, банктегі капиталы орасан көп фирмалармен қызметтес болатын. Ал Асадуллаев секілді жергілікті халық өкілдері, қанша тырысса да, өз банктері болмағандықтан, елеулі қаржылық қор жинай алмайтын-ды. Зерек кәсіпкер мұны ұққан да, шыдаммен, жиырма жылға тақау мақсаткерлікпен еңбек етіп, ақыры, өзінің конторының негізінде, 1893 жылы жаңа технологияны қолданып жұмыс істейтін мұнай өндіруші фирма құруға қол жеткізген еді.

«Шамси Асадуллаев» фирмасы алғаш құрылған кезде, капиталы бар болғаны бес жүз сом болған екен. Патша әулетінің таққа отыруының үш жүз жылдық тойы қарсаңында ол он миллион сомға жетіпті. Оқу-тоқу кемістігін табиғи зерде кеңдігінің ізденісімен толықтыра білген Шамси шаруасын заман талабына жауап бере аларлық деңгейде, өте тиімді жүргізе алған. Озық идеяларды заматында қағып алып отырыпты.

– Мәселен, Нобельдердің әлемдегі ең алғашқы мұнай құятын «Зороастра» атты танкері теңізге түскенде, ол да қарап қалмаған, – деді Бақытжан сұлтан. – Тасымалдың бұл тәсілінің келешегін Шамси ағамыз тез діттеді. Артынша  сондай үш танкер жасатты. Олар Каспий айдынында фирмасының жалауын желбіретіп, айбындана жүзген көрінеді. Кәсіпорнына осынау жаңа дәуірдің маңызды сұйық отынын мұнай құбырымен тасымалдау сынды өзге жаңалығын да тез енгізді. 1907 жылы «Ағайынды Нобельдердің мұнай өндірісі серіктестігі» салған мұнай құбырының жалпы ұзындығы он жеті шақырым болса, «Шамси Асадуллаев» фирмасының құбыры он екі жарым шақырымға жеткен екен...

Қаратаев ол жайында «Романовтар Үйінің патшалық құруының 300-жылдығы» атты алтындалған кітаптан да оқыған көрінеді. «Сауда және өнеркәсіп» бөлімінде отандық өнеркәсіпшіл Ага Шамси Асадуллаев туралы тамаша, әділ, ірі сөздер жазылған еді. Есінде, оның мұнай елінде туып-өскені атап айтылған-ды. Ал ондай елде адамдар өздерінің жаратылыстан дарыған ақылымен тез өсуі ықтимал.  Асадуллаев мырза құдай берген парасатының арқасында күш-қуатын және ерік-жігерін тас-түйін жұмылдыра отырып, кедей-кепшіктер арасынан адам сенгісіз ғаламат жылдамдықпен миллионерге айнала алды.

– Және артына қандай ғибратты із қалдырды! – деп, ризашылықпен қоштай жөнелді оны Әлимардан Топчибашев. – Біз оған шексіз разымыз...

Бақытжан сұлтан еске алып отырған тамаша кітапты қадірменді Асадуллаевтың өзі көрмеді, ондағы жүрек елжіретерліктей әділ сөздерді оқи алмады, әрине. Ол сол он үшінші жылы қайтыс болды. Бірақ әлгі кітап оның ісі ауқымды, өлмейтін дәрежеде болғанын барша жаһанға әйгіледі. Ал онымен қызметтес болғандар, оның шапағатын көргендер одан күні кеше ғана, осыдан бар болғаны үш-төрт-ақ жыл бұрын айрылғандарын ұмытар ма. Ол көзден кеткенмен, көңілден кетпейді.  Бүгінде арамызда оны білгендер, оның шапағатын көргендер жүр. Солар арқылы оның қадірі бүгінгі ұрпаққа мәлім. Оның ізгілікті кәсіпкерлігіне барша жұрт тәнті. Тап қазіргі таңда империядағы күллі мұсылман жұрттарының өкілдері бас қосып жатқан осынау төрт қабатты тас ғимарат оның қашанда қатарымызда екенін көрсетеді...

Топчибашев ерекше ілтипатпен оның ізгілікті істерінің өлмеушілікпен қол ұстастырған тағы бір парасын еске алды.

Шәмси ақсақал өзі тиянақты білім алмағанмен, артынан өкшелеп келе жатқан буынның білімді болуын қалаған-тын. Себебі болашақтың иесі оқыған жастар боларына күмәнданбаған. Болашақ тізгінін қолдарына өркениетті замана талаптарына сай тәрбиеленгендер ғана ала алмақ. Соны ұққандықтан да, жастардың техникалық білім алуына баса назар аударды. Сондықтан да ол мұсылман халықтарының араларынан инженерлер даярлаудың маңызына ерекше мән берді. Оларды баурап, іріктеп,  көптеп оқуға жібере бастады. Оның қаржысымен талапты жастар Германия мен Франция қалаларында, Ресейдің өз ішіндегі Варшавада, Қазанда, Киевте, Мәскеуде, Одессада, Петербургте, Харьковта оқыды. Әлимардан біледі, ол Бакуде реальды училище ғимаратын салуға қомақты қаржы бөлді. Закавказьедегі аса ірі оқу орыны болып табылатын Александр патша атымен аталатын Тифлис* мұғалімдер институтын қамқорлығына алды, онда өз атынан мұсылман-студенттерге стипендиялар тағайындады...

*Тбилиси.

Асадуллаевтың кәсіпкерлік іс жүргізу тәжрибесінен бұдан жеті-сегіз жыл ілгеріде, өзінің Түркістан өлкесінде іскерлік серіктестік құруы кезінде, Серәлі де үйренуге ниет қылыпты. Сол кезде ол осынау ірі  іс адамының мұнай өнеркәсібімен қатар дамытқан сауда-саттық шаруаларының құрылымына зер салған екен.

Осы Мәскеуде «Шамси Асадуллаевтың сауда істері» компаниясының бас кеңсесі болды. Соған Серәлі бірнеше келген, сонда көзі көрді: компанияның жарнамалық қағаздарында, ресми фирмалық бланкінің жоғарғы жағында, қожайынның аты-жөнінің, фирма атауының үстінде Парсы елінің гербі салынған,  оны орағыта бейнеленген, әдетте ұран жазылатын таспа іспетті жолақта «Персия шаһының сарайы құрметіне ие болған» деген сөздер жазылған-ды... Сол іскерлік қатынас қағазы бетіне Мәскеуден бастап Баку, Астрахан, Царицын, Саратов, Самара, Қазан, Төменгі Новгород, Кинешма, Ярославль, Кунцево, Варшава, Белосток... деп көп қала аты  тізілген. Оларда құрметті ағамыздың сауда компаниясының филиалдары орналасқан көрінеді...

Иә, ол кісінің құлашы кеңге сермелген-ді, шаруасы шалқып тұрды. Әлимардан бек қандасы ретінде бұл ретте көп мысал айта алады. Осында отырған азаматтар білсін, оның Кавказдағы елге жасаған жақсылықтарын былай қойғанда, осындағы игілікті істері, қайырымдылық шаралары өз алдына бір төбе.  Ол мұсылманды тайпаға бөлген жоқ. Оған өзінің әзірбайжаны да, татар да, өзге түркілер де бір болатын. Мәскеудегі үйлерінің бірін көзі тірісінде мұсылман қауымына сыйға тартқан еді. Мешіт те салып берген. Ал «Асадуллаев Үйі» аталып кеткен бұл ғимаратты ақсақал жас ұрпақ үшін өзі арнайы салғыза бастаған-ды. Бірақ үй құрылысын бітіріп үлгере алмай қалды. Құрылыс 1913 жылы, тек ол қайтыс боп кеткеннен кейін аяқталды. Сол жылы ақсақалдың өзі аманат еткен шартпен осынау Асадуллаев Үйінде мұсылман қауымы қаржысына жұмыс істейтін мектеп  есігін ашты. Сонымен бірге осында мұсылман жастарының түрлі кештері өткізіле бастады. Кешікпей баспахана орналастырылды.

Қыста ғана осында аймақ мұсылмандарының басқосуы өткен екен. Енді, міне, жаңа жағдайда, толық саяси еркіндік, бостандық ахуалында, бүкіл империя шартарабын мекендейтін мұсылман жұрттары өкілдерінің үлкен құрылтайы өткелі тұр. Съездің осында өтуіне мұрындық болған көрнекті қайраткер Ғаяз Исқақи әуелі Питерде «Ел» деген газет шығарған еді. Онысы патшалықтың кәріне ұшырап, жабылып қалған соң, Мәскеу келіп, тап осы ғимарат ішінде, міне,  екі жылдай боп қалды, «Сөз» деген газет шығарып келеді...

Бақытжан сұлтан Шәмси Асадуллаев пен сол секілді әзірбайжан миллионерлерінің Каспийге сұғынған Апшерон түбегіндегі жұмағын аралап көрген, қайран қалған, тамсанған. Солар  секілді іс қылатын азаматтар қазақ арасынан да табылса ғой деп қиялдаған. Бірақ көшпенді жұрт бастан кешіп жатқан ауыр жағдай дәл қазір оған мүмкіндік берер ме деген. Әкімшілік тегеуіріні аяусыз тықсырғандықтан, қазақ орманды, шұрайлы жерлерінен далаға қарай ығысқан еді ғой. Қолда жеткілікті мал да қалмағандықтан, таза көшпеліліктен де арыла бастаған. Көбі жатақ бола бастаған. Осындай кедейшілікке ұшыраған халқының болашағы күңгірт еді. Соны ойлаған. Өзге кәсіп игермесе болмайтынын ұққандардың бір парасы теңізде балық кәсіпшілігіне жұмылған. Тағы бір парасы далада пайда болған жаңа жұмыс көзіне жалданған – әзірбайжанның өз ішінен алпауыттар шығып бәсекелес болғандықтан ба, Нобельдер мұнайды қазақ жерінен де соруға кіріскелі қашан... Солардың қара жұмысында маңдай терін төгіп еңбек етіп жүргендер бүгінде көп, тек тап сол алпауыттарға әзірбайжан қарындасша текетірес тірлік қылар азамат қазақтан қай кезде шығары бір аллаға ғана мәлім...

Қаратаев гүржі елінде қызмет істеп жүрген жылдары Бакуге ат басын әлденеше тіреген. Әзірбайжан қандастарында мейман болған. Кешегі арбакеш, жұмысшы, қолөнер шеберлері мен ұсақ бөлшек сауда жасап дүкен ұстаған қарапайым адамдардың мұнай кәсіпшілігіне қалай араласқанын, оны қайтіп  дамытқанын, сонымен бірге тиісінше дәулетке, байлыққа кенелгендерін, абыройға ие болғандарын естіп білген. Бір кездегі хандықтың астанасын, Ресей империясы құрамына енгізілгеннен кейін қолға алынған өркениетті шаруашылық жүргізе бастағалы бері, қалай әсемдендіре, абаттандыра түскендерін өз көзімен көрді.

Әзірбайжанның мұнай миллионерлері Бакуде Сынық-қала, Қыз-қала мұнараларымен, көне сарайлармен көрік таластыратын зәулім үйлер салды. Қаланы қойып, қала сыртына ғаламат саяжайлар орнатты. Тау-тасты, шөлейт, құмдауыт, күн көзі шақырайған құнарсыз жерді жұмаққа айналдырды. Иә-иә, құдайдың шапағатымен ақыл-естерін ұтымды пайдаланып байыған іс адамдары ел көріп, жер көріп, әлемнің әсем қалаларын тамашалады. Шет елдердің қымбат қонақүйлеріне тоқтап, ең озық қызмет көрсететін курорттарында тынығып қайтып жүрді. Бірақ сол көргендеріне мардамсымай, сондай игілікті өз елінде де өздеріне жасауға тырысты. Мұны Әлимардан бек жақсы біледі, сондықтан да Бақытжан сұлтанның тамсанысын толықтыра түсуді парызы тұтуда...

Шынында, түбекте қиыршық тас аралас топырақ қана бар еді, назар тоқтатар өсімдік те, жол да жоқ болатын. Ақшалы азаматтардың ерік-жігерімен Апшеронның қиыршық құм басқан төсіне теңізбен, арбамен, түйелі керуенмен жан-жақтан қап-қап құнарлы топырақ тасымалданды. Сан түрлі жеміс ағаштары, сәнді бұталар егілді, гүлзарлар жасалды, бұрқағы аспанға шапшыған хауыздар соғылды. Бақ ішінде әнші құстар сайрады.

Алғаш бақ еккен, Мардакянға өз қаржысына тас жол салғызған, бағбандық мектебін ашқан  Зейнелабдин қажы болатын. Оның осынша таңғажайып бау-бақшасы Бакуден біраз жер шыққанда бірден мен мұндалап, сонадайдан көз тартатын. Саялы, көлеңкелі ағаштарға, сайраған құстарға, мөлдір сулы хауызға, субұрқақтарға, тынығып, отырып әңгімелесетін жайлы орындарға толы мәуелі бақ ортасында керемет әдемі үй салынған-ды. Мұнда одан да басқа небір тамаша қаласыртылық саяжайлар орын тепті. Әсіресе ғажабы, он бес гектар алқапты жайнатып жіберген Шәмси бағы еді. Оның бау-бақшасының аумағы бәрінікінен үлкен болатын. Күтімі зор саяжайдағы жасыл желек назарды аялап, жұмсақ самал жанды жадыратып тұрушы еді...

Шәмси ақсақалдың тамаша сарайы мен бағының шаруашылығын жүргізетін қосалқы үй-жайлардың өзі жарты шақырымға жете-ғабыл ұзындықты алып жататын. Саяжайды қоршаған шарбағының биіктігі мысыңды басатын. Кіреберіс қақпа өзінің ою-өрнегінің кереметтігімен еріксіз сүйсінтетін. Жеміс ағаштарының сан-түрлі және өте көптігі естен тандыратын. Алма, алмұрт, анар, айва исі мұрын жаратын. Бұл саяжайдан шие де, шабдалы да, алша да көруге болатын.

Бақытжан сұлтан қатты таңғалған.  Бұратана халық өкілдерінің заманауи кәсіпорын құрып алпауытқа айналуы өз алдына, тапқан байлығын осынша жасампаздық тірлікке жұмсауы таңырқатқан еді. Көп ұзамай, тергеушілік қызметпен Кутаисиде өткізген жылдары да артта қалған. Елге оралған. Жер-судан айрылып бара жатқан  ел жағдайын, көз алдында тұрғандықтан да, көбірек ойлаған, уайымдаған. Сонда тыныс-тіршіліктерімен өзі тікелей танысқан әзірбайжан зиялылары көз алдына көлбеңдей берген болатын.

Қазақ жеріне ағайынды Нобельдердің кәсіпшіліктері сұғына бастағанын, алайда әзірбайжан қардаштар* секілді олармен тайталасар кәсіпкер қазақтан шықпай тұрғанын қинала зерделейтін. Бірақ аса өзекті де зәру мәселе қусырылып бара жатқан атамекен, атақоныс жайы екені анық-ты. Сол себепті,  шұрайлы жер-суынан айрылған бейшара номадқа** қолда қалған аз малымен құлазыған далаға қаңғып кете бермей, жаңа дәуір талабына бейімделуі қажеттігін ойлаған. Сол үшін өзінше қала салып, оларға өнеге де көрсетуге тырысқан. Шәмси секілді табысқа жеткен кәсіпкері жоқ, бола қоюы да неғайбыл қазақтың тым болмаса жартылай отырықшылануын қалаған.

*туысқандар.

**көшпенділер.

Қаратаев соңынан бір қауым елді ілестіріп, өз атындағы поселкесін салды. Заманаға сай жаңа тұрмыс салтын қалыптастыруға ұмтылды. Бірақ жақсы тәжірибесі таралмады. Жұртқа өнеге болмады.  Қазақтың өзі де арғы жағын ойламастан, ен далаға көшіп кетуге бейім тұрғанын таныта берді. Ал көшпенділіктен айрылғысы келмейтіндер, дұрысында, қазақтың көшпенді өмір салтынан айрылмауын насихаттап жүргендер ол жайында  кекесінді мақалалар жазып, мазақ қылды...

Жә, оның бәрі басқа әңгіме, мәселе осынау Шәмси ақсақалдың артына қалдырған өнегелі ісінде болып тұр ғой. Міне, ол дүниеден өткелі талай су аққанмен, атын атап, аруағын қозғап жатыр қалың жұрт. Жақсы жағынан. Игілігін күллі мұсылман көріп тұр емес пе. Қайтсек ел боламыз деген мәселені осынау ғимаратта – соның үйінде талқылаудың өзі көп нәрсеге, әбден ойлануға жетелемей ме...

– Әрі осы мұсылман жұртының баршасына тән шаңырақ астында сол ел болу мәселесін тұңғыш рет ашық талқыламақпыз ғой, – деді Сәлімгерей сұлтан. – Сондықтан да бұл жиын бұрынғы бас қосуларымыздан мүлдем өзге сипатта өтетін шығар...

Оған  дау жоқ. Бірақ, Бақытжан Оралдан, Әлимардан Бакуден келгендіктен, Петроградта жұмыс істеген орталық бюро не дайындап әкелгенінен әзірге бейхабар. Сәлімгерей басын шұлғыды. Оны ретке келтіру оңайдың оңайы деді. Қазір осы басқосуларын пайдаланып, бұлар бір пікірге келіп алсын, ендеше...

Сәлімгерей сұлтан Өтемісті жұмсап, орталық мұсбюро съезге әзірлеген материалдарды – күн тәртібі мен өзге де құжаттар жобасын алдырды. Олар алдын-ала пысықталған мәселелер тізілген қағаздарға ерекше қызығушылықпен қарады. Бұдан бір мүшел ілгеріде тұңғыш мәрте жер-жерден жиылып, кемемен сейіл жасау желеуімен биліктен жасырын өткізілген құрылтай осы отырғандардың бәрінің есінде. Содан  бергі он екі жылдай уақыт түрлі оқиғаға толы болды, алайда патшаның биылғы тақтан кетуі соның бәрін басып кетті. Демек, жаңа жағдайдағы алғашқы жиын бүгінгі және болашақ тұрмыс-тіршілігіміздің түбегейлі мәселелерін қарауға тиіс...

Олар ұзақ әңгіме-дүкен құрысты...

 

2.

Асадуллаев Үйінің кең залы аузы-мұрнына шыға лық толды. Тіркелгендер санын алып тұрған Ғаяз Исхақиге қарап, Өтеміс:

– Жиналыс залына тоғыз жүз адам сыйып кетті, Аяз аға, – деді, – бәріне де орындық жеткіздік...

Аяз ағасы қанағаттана бас изеп, тіркеу деректерін жазып алды да, төралқа бөлмесіне кетті.

Делегаттар сегіз жүздей болды, өзге шақырылғандар да жүз қаралы еді. Орталық мұсылман бюросы тәуір-ақ ұйымдастырса керек, съезге газет қызметкерлері жан-жақтан, әсіресе, Петроградтан көп келді. Орыстың белді басылымдарының тілшілері, Петроградта ағылшын елінен, Америкадан өкілдік етіп жұмыс істеп жүрген журналистер де осынау дүбірлі төңкеріс тұсындағы күллімұсылман қауымы құрылтайына міндетті түрде қатысуды парыз санаса керек.

Журналистер арасында Святослав Преображенский бар еді. Өтемістің байырғы досы. Дұрысында, Өтеміске ағалық жолмен сонау алғашқы революция жылдарында қамқорлық көрсетіп, үлкен қала өмірімен таныстырған  Жасай Қуатовтың  студенттік досы болатын. Ұзамай мұнымен де достасып кеткен. Үшеуі жұбы жазылмас жолдастар боп талай уақыттарын бірге өткізген. Солардың арқасында Өтеміс саяси тіршілік арналарын ажыратып қарауды үйренді. Алғаш танысқандарынан бері талай мезгіл өткенінің белгісі сол, Жасай баяғы шетін ойларымен қызу айтысқа белсене қойып кету әдетін  тастағалы көп болды. Денсаулығы сыр берді. Ешқайда шықпайды, жолдастарымен көп кездеспейді. Әлдебір кеңсенің жан ауыртпас жұмысын істеп қайтады әйтеуір. Сосын үйге тығылып жатады да қояды. Өзін мұқият күтетін бір аялы қолға қарап қалған...

– Мен оған жолға шығар алдында кіріп шықтым, – деді Слава. – Біз осынау  бүкілроссиялық мұсылман құрылтайы жайында пікір алмастық.

– Ол мұсылман қозғалысына ешқашан сенген емес, – Өтеміс күлді, – саған не айтқанын шамалаймын...

Слава жымиды. Досының қарынан ақырын қағып қойды: Өтеміс қателесіп тұр. Жасайдың мұсылман қозғалысына бүгінгі көзқарасы басқаша. 1905 жылғы Төменгі Новгород съезінен бергі уақыттарда біртіндеп үлкен өзгеріске ұшыраған. Кейінгі пайымдары оның бұл мәселеге кеңірек қарайтынын көрсетеді. Өтеміс біледі ғой, Жасай социал-демократиялық ойларды, олардың ішінен ең шетін жоспары бар бағыттарды, әсіресе большевиктерді құлшына қолдап жүретін.  Есінде шығар, сырқатының салдарынан ол бей-жай күйге енген-тін. Достарынан да қашқақтайтын. Рас, бұлармен бірге жүруді сиреткен еді ғой. Ал анда-санда бір кездескенде, кадеттер жайында көп айтып таңырқатқанын ұмытпап па? Екеуі де бас изесті. Жақсы, ал Өтеміс оның мәнін біле ме екен? Қандай мәнісі болуы мүмкін дей ме? Святослав тамағын кенеді.

Мәнісі мынада, Өтеміс мұқият тыңдасын. Жасайдың жаны қалаған құрбысы графиня Панинаның қайырымдылық істеріне көмекшілік жасайтын қыздардан-ды. Ал графиня – конституционалист-демократтар партиясының сонау 1905 жылдарғы алғашқы серкелерінің бірі, ал бүгінгі құрметті көсемі Иван Ильич Петрункевичтің қызы. Дұрысында – өгей қызы, бірақ туған қызға бергісіз.

Графиняның шешесі Анастасия Сергеевна Панина жастай жесір қалып, демократияшыл күрескер Петрункевичпен бас қосқан көрінеді. Оған өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жас келіншектің революциялық қозғалысқа елігіп, жасырын жиналыстарға қатысып жүруі себеп болған сияқты. Отыз жылдан бері екеуі тату-тәтті тұрып келеді. Екеуі де қызы дегенде жандары қалмайды.

Сондықтан да шығар, графиня да Петрункевичті өз әкесіндей көреді екен. Ол Ресейдегі жұртты да, билікті де саяси пайымға, жаңа азаматтық сезімді түйсінуге бастайтын, қоғамдық ар-ожданды оятатын ең солшыл партияны басқарып отырған өгей әкесінің бас қамқоршысы іспетті болыпты. Қырымда үлкен имениесі сақталған туған әкесінің дәулетін  шайқалтпай, арттыра түсе алғандығынан да шығар, көмегін аямайды.

Петрункевич партияның орталық комитетінің мәжілістерін өз үйінде өткізеді екен. Сондайда жары Анастасия Сергеевна міндетті түрде дастархан жайып, халық бостандығы қамын жеген кадеттердің қызыл кеңірдек боп айтысуына жағдай жасап отыратын. Ал қызы Светлана анасының ең таңдаулы жеміс-жидек, аспаздық өнер өнімдерінен тұратын дастархан мәзірін әрдайым қамтамасыз етіп, қызмет көрсетуге өз көмекшілерін жіберіп тұрған. Сондай шақтардың бірінде Жасай да графиняның тапсырмасын орындаушы құрбысына септесе барып,  Петрункевичтің залында айтылып жатқан ақылды сөздерді құлағы шалса керек. Содан оларға қызығушылық туады. Оны большевиктік жолдан осы кездейсоқтық қайырады. Қайырып қана қоймайды, кадеттердің либералдық ойға тұнған айдынына бұрады. Ал одан соң, жалпы революциялық қозғалысты ұлттық қозғалыспен байланыстыра сараптауға тырысу, одан өз тамырына көбірек көз жүгірту соншалықты қиын болмаған тәрізді...

Святослав біледі, Өтеміс екеуінің досы ұстанатын бұл реттегі пайымдар ауқымы ә дегенде орыс саяси қайраткерлерінікіндей-ақ көлемде болатын. Ал ол мына тұрпатта... Бірінші революция кезінде байқалған құбылыс – империяның мұсылман тұрғындары арасында орын алған қобалжулар панисламизм* идеялары негізінде туды. Панисламизмнің негізгі принципі – барша мұсылман әлемін саяси және экономикалық тұрғыда Түркия төңірегіне біріктіру. Және мұның түпкі мақсаты – Бүкілтүркі республикасын құру.

*жаппай исламшылдық.

Өтемістің осынау саясатқа жүйрік журналист досы бұларды білсе білер, өзге жұртқа аса мәлім емес талай жайттан да хабардар-ақ болар... Әйтсе де, барша мұсылман түркі туы астына жинала қоймасын ойлағаны жөн. Өйткені ислам дінін тұтынатындар түркілерден әлдеқайда көп...

Саспасын Өтеміс, құрығанда пантюркизм** ағымы тап сол түрік елін бағдаршам етеді, оған күмәні болмасын. Және бұл екі бағыттың мақсаттары өте ұқсас. Славаның жақсы танысы болып табылатын ағылшын журналисі Вильямс та, Россиядағы мұсылмандар өмірі хақында осындай ойда. Олар пойыз үстінде осында жеткенше пікір алмасып келді, сонда анық көзі жетті бұған...

**жаппай түркішілдік.

– Жә, мұның бәрі кіріспе ғана... Білесің бе, Өтеміс, мұсылман дүниесінде елеулі үш кезең айқын білінетінін Жасай соңғы кезде мүлдем мойындаған, – деп Слава әңгімені дамыта түсті. – Біріншісі – мұсылман әлемінің ең қуаты артқан, ғылымы мен өркениеті аса дамыған кезең. Мұны Жасай кейінгі кездері тәп-тәуір біліп қапты, менің де көзімді ашты. Ал екінші кезең –  мұсылмандықтың әбден әлсіреген, надандыққа ұрынған шағы. Көзіне осы белес көрініп, күніне көлбеңдеп тұрғандықтан да, ол азаттыққа жетудің социал-демократия ұсынған түрін ғана дұрыс деп ұғынса керек.

– Иә, ол мұсылмандардың өз күшіне сенген жоқ. – Өтеміс күлді. – Оның сыни сөздерін өзім де талай естігенмін.

– Дұрыс, егер оны ауру ауыздықтамағанда, ол осы таңда Петросовет белсенділерінің жуан ортасынан табылар еді. Өкінішті! – Жирен шашын бір сипады да, Слава Өтеміске ойлана қарады. – Есіңде ме, алғашқы Дума жұмысы тұсында ол менімен бірге түрлі саяси партияларды аралап кеткенді ұнататын еді ғой. Шынымды айтсам, Жасайдың мұсылман фракциясы жиналыстарына барғанын бір де бір естіген емеспін. Ол мұсылман дүниесінде біраздан орын ала бастаған, бірінші революция жылдарында-ақ қуатты қозғалысқа айналған үшінші кезеңге – ояну кезеңіне күні кешеге дейін көз жұма қарады. Бірақ, кеш те болса, оған ықылас аударды, оны өз мәнінде түсінді. Әсіресе жаңа революция оның көзқарасының өзгеруіне ерекше серпін берді.

Әңгіме Жасайға орай туғанмен, қазіргі құрылтайдың мән-маңызына өз-өзінен ауысты. Слава жақсы түсінеді, кешегі монархия тұсында жалпыисламшылдар мен жалпытүркішілдер алдында тұрған басты міндет – саналы мұсылмандарды, соның ішінде түркілерді өз тағдырларын өздері айқындау жолына түсуге шақыру болды. Сондай-ақ, ондай іс-әрекет жасауға мүмкіндік бермейтін басты кедергіге –  империяда орын алып тұрған озбыр да отаршыл мемлекеттік құрылысқа қарсы саяси күрес жүргізуі үшін топтастыру болды. Ал бүгін сол міндет революция жеңісіне орай дамытылып, жаңа биікке қойылды. Өтеміс қалай ойлайды, айтсыншы, мына құрылтай сондай талап үдесінен табылар ма екен?

Енді қалай, Питерде орталық бюро жаңа саяси ахуал мен соған сай болу жайында талай бас қатырды ғой. Өтеміске бұл әбден мәлім, өйткені бюро  тарапынан берілген біраз тапсырманы өзі де орындаған. Уақытша орталық мұсбюро алдағы міндеттің жер-жерде талқылануына да, өз ойлары бар өкілдердің осы съезге делегат ретінде сайлануына да  қозғау салып отырды. Міне, делегаттардың бәрі шартараптан бас қосып жатыр. Мақсаттары бір. Ендеше, неге заман талабы үдесінен шықпасқа...

– Шынында, ойлап қарасақ, кеше ғой – саяси полиция мұсылмандар қозғалысын империя қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылысқа балап, қырағылықпен бақылады. Қолдарынан келгенінше қанат жайғызбай, тамырынан қиып отыруға тырысты. Ал бүгін жағдай түбірімен өзгерді емес пе! Соны осы съезде  пайдалана білу керек...

Слава Преображенский, сөз жоқ, мұсылмандарға жани аши қарайтын жігіт. Алғашқы Дума тұсында-ақ Жасай мен Өтеміс оны мұсылман қайраткерлерінің өздері білетін біразымен таныстырған. Содан Слава мұсылман қозғалысын Жасайдан артық түсінетін, әрі болашағына сенетін болып кетті. Ғажап. Тағы бір ғажабы, Өтемістің біраздан бері кездеспей жүрген шетін көзқарастағы ең солақай аға-жолдасын мұсылманшылыққа сеніммен қарайтын болды деген хабар айтып отыр. Әрине, дін тұрғысынан емес, дәлірек айтқанда, мұсылман атымен таңбаланатын орыс емес бодандар хақындағы әңгіме бұл...

Әйткенмен, съез мұсылман дағдысы бойынша құран оқудан басталды. Сақал-мұрты қысқа қырқылған, биік ақ сәлделі, ғұлама кескінді діни қызметшінің ашық қоңыр үні зал ішін жүректі тебіренте кернеп кетті. Даусын  әсем мақаммен әндете созып  оқыған сүресін тамамдай бергенде, жұрт жаппай қол жайып, дұға қылды.  Сосын төралқа үстеліне Уақытша орталық мұсылман бюросының төрағасы Ахмед Цаликов пен көрнекті діни ғұлама Мұса Биги көтерілді.

Қырықтың қырқасына шыққан Мұса Бигиев діннің оқымыстысы ғана емес, мұсылман қозғалысы белсенділерінің бірі.  Жасында Ростовта, Қазанда, Бұхарада оқыған. Одан шетелге кетіп, білім алуын Каир университетінде жалғастырған. Мысырмен шектелмей, Мекке мен Мединеге барған. Сосын, араб елдерін қойып, Үндістанға ауысқан. Не керек, оның дүние кезіп білім қууы ұзаққа созылды. Ақыры  елге 1904 жылы оралды. Петербургте тұрақтады. Бірінші орыс революциясынан бері өтіп келе жатқан барлық мұсылман съездеріне қатысып келеді. Әрдайым жүйелі сөз сөйлеп, орнықты пікір айтуымен жұртты разы етуде. Оның ғұламалық орыны биік болғандықтан да, Мәскеу съезінде кіріспе сөз сөйлеу құрметі соған жүктелген-ді.

Қайран Исмайыл Гаспралы ақсақал еді ғой мұндай міндетті алғашқы съездерде атқарған... Өтемістің ойына бұдан бар болғаны үш жыл ілгеріде дүние салған ұлы ұстаз түсіп кетті.  Ол әрдайым оқу-ағарту ісін дамытудың маңызына мән беруші еді. Тіл  бірлігін ұран ететін. Қайран Исмайыл аға... Өтеміс дір етті.

Мәмедәмин Расулзаде

Ұлы  ұстазды Мұса Биги де еске алды.  Оның өлмес еңбегін атап өтті. Шетелге ауысуға мәжбүр болған Рашид Ибрагимді, көптеген өзге қайраткерлерді атады, олардың қажырлы қызметі ақталғанын, енді күллі мұсылман жұрттарына соны жаңа тұрпатта өркендету мүмкіндігі туғанын тілге тиек етті. Дін мұсылман бір боп, жаңа өмір құруға кіріссін. Алла осынау жиылып отырған пенделеріне соның дұрыс жолын табуды нәсіп етсін...

Ол съез жұмысына табыс тілеп, орнына отырды. Делегаттардың қол шапалақтауы басыла бергенде  Ахмед Цаликов түрегелді.

– Мұса әфәндім орынды атап кеткендей, бәріміз бастан кешіп отырған бостандық күндерін тақалту үшін талай абзал азаматымыз өмірлерін қиды, – деді ол, әр сөзін салмақтай сөйлеген қалпы, жағалай қарап тұрып. – Азаттық жолында  шейіт болғандар рухын орындарымыздан тұрып еске алуды ұсынамын.

Күллі зал тік тұрып, бір сәт сілтідей тұнды.

Сосын Ахмед бюроның осы съезді дайындау барысында, кеше және бүгін, тіркеу барысында, жер-жерден келген делегациялармен ақылдаса келе, съез төралқасының мүшелігіне кандидаттар тізімін жасағанын хабарлап, оқып шықты. Бекітуді сұрады. Жиналыс әзірленген кандидаттарды төралқа мүшелігіне сайлады.

Аяз Исхаки

Төралқаға Петроград, Мәскеу, Қазан, Уфадан келген Бигиев, Цаликов, Исхаков, Габашов, Алкин, Ахтямов, Қырымнан Жағыпар Саидахметов, Бакуден – Әлимардан  Топчибашев, Түркістаннан – Убайдулла Ходжаев, Орынбордан – Фатих Каримов секілді мұсылман қайраткерлерімен қатар, қазақтардан Орал облысынан – белгілі дәрігер Халел Досмұхамедов сайланды.

Өтеміс оны 1905 жылдың желтоқсанында Оралда өткен саяси партия құру жиналысында көрген. Жас шамасы бұдан сәл ғана ересек болғанмен, өте байыпты, есейіңкі мінезге ие, салмақты жігіт екені аңғарылып еді. Ол студент екен. Ал одан бір-екі ғана жас кіші, училище оқушысы Жанша әлдеқайда елгезек көрінген, Өтемісті сырттан келген қонақ ретінде тез бауырына тартып, жолбасшысы сияқты болып кеткен болатын. Халелді ол кейін Питерде жерлестердің бас қосуында кездестіріп, жақынырақ таныған. Оның саяси өмірге әрқашан сергектік көрсетіп жүретін, әр құбылысты талдай білетін, қазақ жайына немқұрайды қарай алмайтын күрескер екеніне көзі жетті. Татар, орыс газеттеріне саясат тұрғысынан ағартқыш мақалалар жазып жүргенін білді. Соларды білгенде, алғашқы орыс революциясының бірінші жылында  қазақ конституцияшыл-демократтары құрған партияның орталық комитеті құрамына оның да сайланып,  Бақытжан сұлтанның партиялас сенімді жас серігіне айналу сырын айқын ұқты.

Халел Санкт-Петербургтің Императорлық әскери-медицина академиясында оқитын. Бітіргеннен кейін дәрігер ретіндегі әскери міндетін өтеу үшін әуелі Пермь губерниясына жіберілді. Одан Түркістан, сосын Орал казактарының атқыштар батальонында әскери дәрігер қызметін атқарды. Орал облысын оба індеті жайлаған жылдары жұқпалы ауруға қарсы күреске белсене қатысып, үкімет марапатына ие болды. Патша әулетінің үш жүз жылдық мерейтойынан соң әскери қызметтен босатылып, Темір үйезіне дәрігерлік қызметке тағайындалды. Сол жылдан бастап ел ішінде атқарған  нақты іс-тәжірибелік қызметімен қатар, «Қазақ» газетіне үздіксіз жариялап тұрған  медициналық-ағартушылық мақалалары оны халыққа әбден танымал етті. Ол Орал облысы қазақтарының құрылтайын өткізуді ұйымдастырушылар қатарында болды. Сол съезде құрылған қазақ комитетіне мүше болып сайланған-ды. Күлліресей  мұсылмандарының осынау Мәскеу жиынына жіберілгендер сапына да сол съезде енгізілді. Қазақ делегациясы құрамындағы империя мұсылман қозғалысына белгілі беделді азамат ретінде, міне, съезд төралқасына көтерілді...

Төралқа мүшелері үстелге жайғасып болған соң, төрағалық тізгінді Әлимардан Топчибашев қолға алды. Ол бүкілресей мұсылмандарының революциядан кейін өткізіп отырған тұңғыш съезін жаңа үкімет өкілі құттықтауға келіп отырғанын хабарлады. Оған бірінші кезекте сөз берді.

Маңғаз да шешімтал кескінді Уақытша үкімет өкілі жігерлене адымдап барып, мінбеге көтерілді. Ол Уақытша үкіметтің Ішкі істер министрлігіндегі Славяндардан өзгелер мен бөтен діндегілер департаментінің директоры Сергей Андреевич Котляровский еді.

Қырық  үш жасар кадет. Кезінде Бірінші Мемлекеттік Думаның мүшесі болған. Депутаттыққа халық бостандығы партиясының тұғырнамасымен сайланған екен, тіпті, сол кезде орталық комитеттің мүшесі болған көрінеді. Выборг үндеуіне қол қойып, жүз жиырма кадет қатарында сотталды. Содан бастап  саяси қызметті тастап кетті. Төңкеріске дейін тарихшы, құқықтанушы, халықаралық құқық профессоры ретінде саясаттан тыс жұмысын істей берген сияқты. Керек десең, партиядан да шыққан...

Славаның бұл соңғы дерегіне Өтеміс күдік білдірді. Партияда болмаса, оны Уақытша үкімет қалай басшы қызметке шақырды... Олай ойлап қиналмасын Өтеміс досы, аударылып-төңкерілген дүниеде оған таңғалуға бола ма. Шыққан болса –  қайта кірді, бір кездегі белгілі кадет ретінде қызмет алды. Ендеше, қазіргі сәтте оның нақты ұстанымы маңызды...

Шынында да, мәселе жаңа Россия үкіметінің жалпы мұсылман съезіне қалай қарайтынын естуде жатқан. Ал Петроградтағы жаңа үкімет Мәскеуге арнайы жіберген Котляровский араларына бүгінгі биліктің көзқарасын аян ету үшін  келген жоғары дәрежелі өкіл болатын.

Ол өзін мәртебесіне сай ұстады. Революцияшыл үкімет сәлемін жеткізді. Сосын өз атынан да жылы сөздер айтып:

– Мырзалар, баршаңызды жаңа тұрпаттағы Россияда тұратын мұсылман халықтарының тұңғыш съезінің ашылуымен шын көңілден  құттықтаймын, – деді.

Жаңа  тұрпаттағы Россияның қалай жасалып жатқанын әңгіме қылды. Ішкі, сыртқы саясаттағы үкімет ұстанымын баян етті. Мұсылман съезінің күн тәртібіне мемлекеттік құрылым мәселесі енгізілгеніне алаңдаушылық білдірді. Сабырлылық танытып, жоғарғы шешім шығуын тосуға шақырды.

– Ішкі  мемлекеттік құрылым жайы Құрылтайшы Жиналыста қаралатын болады, – деді ол. – Қазір Уақытша үкімет оны шақыру дайындығына кірісіп кетті. Оған дейін бекерге сөз сайыстырып дүрлікпеген жөн болар еді, мырзалар. Баршамызға айқын жәйт сол – Ресей тұтастығын жоғалтпауға тиіс! Біздің күшіміз – бірлікте! Баршамыз білек қосып Демократиялық Россия Республикасын құратын боламыз!

Үкімет өкіліне күллі зал қол соғып, тиісінше құрмет көрсетілді.

Топчибашев төраға құқымен оған, ол арқылы үкіметке  алғыс айтты. Оның құттықтау сөзіндегі бағдарламалық сипаттағы тұжырымдар съездің күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау кезінде делегаттар қаперінде болатынына сенім білдірді.

Одан кейін съезді конституцияшыл-демократтар партиясының көрнекті өкілі князь Долгоруков құттықтады. Оның сөзі салқын қабылданды. Кадеттердің бастапқыда халық бостандығы партиясы аталып, мұсылман қайраткерлерінің көбінің көңілінен шығып жүрген кездеріндегі ұстанымдарының бірқатарын ұмытуы, оларды наурызда өткен жетінші съезінде Уақытша үкімет бағдарына сәйкестендіріп өзгертуі себеп болса керек.

Содан соң мұсылман құрылтайына өзге саяси партиялар жіберген құттықтаулар аян етілді. Сосын құрылтай төрағасы нақты істі қолға алды. Бәріне алдын-ала мәлім болған күн тәртібін баршасы ресми бас қосып, съезді ашылды деп жариялаған осы сағатта тағы бір пысықтап, бекітіп алуға ұсынды.

Күн тәртібіне, Уақытша үкімет өкілі  Котляровскийдің тілегіне қасақана, жаңа Ресейдің мемлекеттік қалпы қандай болуы керектігін қарайтын мәселе, жобада тұжырымдалған түрінде, бірінші болып енді де, басқа да мәселелермен бірге бір ауыздан бекіді.

– Съезде сегіз жүз делегат отыр, – деді Әлимардан бек залға қарап, – күн тәртібіне енген әр мәселе бойынша жарыссөзге баршаңыз араласа алмайтыныңыз түсінікті. Алайда талқылауға мүмкіндігінше көбірек адам қатысқаны жөн болар еді. Неғұрлым әр аймақ өкілдерінің алуан пікірлерін біле түссек, соғұрлым баршамызға ортақ, бәріміздің көңілімізден шығатын шешімдер қабылдай алатын боламыз...

Әр мәселені жалпы отырысқа дейін түбегейлі талқылап, жеріне жеткізе анықтап  алуға делегаттардың басым көпшілігін қатыстыру үшін, құрылтай жұмысшы секцияларын құрған. Онда ең алдымен елдің ішкі мемлекеттік құрылымын қарайтын арнайы топ көзделді. Ол съез құрған алғашқы да аса маңызды секция еді. Жұмысшылар, шаруалар, әйелдер, дін, оқу-ағарту, соғыс, әскери қызмет, құрылтайшы жиналысқа дайындық, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері де арнайы секцияларда егжей-тегжейлі қаралатын болды.

Дегенмен, болашақ мемлекеттік құрылым жайы баршаны толғандырған және алғашқы күннен қызу айтыс туғызып, қарқыны апта бойы толастамаған мәнді мәселе боп шықты.

 

3.

Революциялық жаңа жағдайға байланысты наурыздың ортасында Петроградта бас қосқан мұсылман қайраткерлері осынау съезді дайындау үшін Уақытша орталық мұсылман бюросын құрған бойда, оны басқаруға отыз бес жасар Ахмед Цаликов сайланған да, іске нағыз жастық жігермен кіріскен болатын.

Ол мамырдың біріне тағайындалған съезге шартараптан өкілдер сайлануынан бастап, оларды Москвада қарсы алу, орналастыру, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау шаруаларының ау-бауын түгендеуге дейінгі ұйымдастыру шараларын басқара жүріп, Питердегі қос өкіметпен де байланыс жасады. Қызметтестіктің ауқымы мен негізгі бағыттарын келісіп, үйлестіру орайында біраз күш-жігер жұмсады. Сонымен қатар жаңа Ресейдің болашақ мемлекеттік тұрпаты жайында баяндама әзірледі. Онысы бүкілресейлік мұсылмандар съезін шақыру  барысында тікелей орталық бюро тарапынан даярланған негізгі баяндама болып шыққан-ды. Күн тәртібінде көзделген өзге мәселелер бойынша да орталық бюро көзқарасын тұжырымдау, болашақ қарарлар жобасын жасау да оның өз мойнына алған шаруалары еді.

Құрылтай төрағасы күн тәртібінде көзделген мәселелерді қарастыруға көшетіндерін хабарлады да, алғашқы баяндамашыны мінберге шақырды:

– Жаңа Россияның болашақ ұлттық-мемлекеттік құрылысы жөнінде баяндама жасау үшін сөз Уақытша орталық мұсылман бюросының төрағасы Ахмед Цалыккаты мырзаға беріледі.

Ахмед Цалыккаты баяндамасында Төртінші Мемлекеттік Думаның  мұсылман фракциясы жанынан құрылған бюро қызметіне тоқтала кетті. Революцияның  буырқанған бастапқы күндері-ақ бюроның әуелі депутаттармен бірге, одан кең көлемде, әр жақтан келген қайраткерлердің қатысуымен үлкен жиналыс өткізгенін еске алды. Монархия құлағаннан кейінгі  қалыптасып келе жатқан жаңа жағдайдың кеңінен талқыланғанын айтты. Елдегі сан түрлі партиялар ықпалымен мұсылмандар да бұл орайда түрлі пікір білдірген.  Соларды саралап қорыта келе, бүгінгі съездің назарына өз ойын аян қылды.

Баяндамашы жаңа Россияның территориялық автономиялар негізінде конфедерация,* яки федерация** принципінде мемлекеттік құрылым түзуін қате деп біледі. Ондай ойдан мүлдем бастарту жөн деп есептейді. Себебі ол мұсылмандардың ұлы Россиядан бөлініп кеткісі келмейтініне сенімді.

*егемендігін сақтайтын, бірақ бір немесе бірнеше ортақ билеуші орган жасау арқылы бірігетін мемлекеттер одағы.

** бірігетін бірнеше мемлекет өзінің белгілі-бір заңды мемлекеттік дербестігін сақтай отырып құратын жаңа мемлекеттер бірлестігі, мемлекеттік құрылым.

Оның пікірінше, орыстармен қатар күллі мұсылман жұрттарына да ортақ отан болып отырған Россияның күш-қуатын халықтардың бірлігі ғана арттыра алады. Уақытша үкіметтің мұсылман съезіне жіберген өкілі Котляровский мырза өте орынды атап өтті, Россияның бірлігі бұзылмауға тиіс.

– Россия демократиялық республика болады, самодержавиенің озбырлықтарын қайталатпаудың кепілі сол емес пе, – деді Ахмед, – бізге осы демократиялық республика шаңырағы астында ұлттық-мәдени автономия құқтарын пайдаланып, халықтарымыздың еңсесін көтерумен шұғылдану жөн.

Ол Россия мұсылмандарының өз тағдырларын өздері айқындауы тұрғысындағы бірден-бір қолайлы, ерен де ерек, жалғыз да дара  тұрпат – ұлттық-мәдени автономия болмағын шегелеп айтты. Өзінің осынау ойын мынандай түйінді ұсыныстарымен қорытты:

– Мырзалар, Россия, біріншіден, орталықсыздандырылған, демократиялық парламенттік республика болуға керек. Екіншіден, Россия мұсылмандарының ұлттық-мәдени автономиясы елдің конституциясымен кепілдік алуға тиіс. Ал конституция еліміздің бірден-бір құқықтық-көпшілік институты ретінде танылады.

Сенімді түрде, сындарлы дәйек келтіре сөйледі.

Ахмед Темірболатұлы Цалыккаты-Цаликов осетин мұсылманы, Мәскеу университетінде заңгерлікке оқыған, құқықтанушы мамандығын алған. Жаншадан екі-үш-ақ жас үлкен, онымен бір факультетте, бірақ одан бірер курс жоғары оқыған-тын. Дегенмен олар сол шақтан таныс еді, студенттік қозғалыста талай ұшырасқан. Алдағы уақыттарда да оларға едәуір қызметтес болуға тура келеді. Тіл табысып бірге жұмыс істеуге тура келеді. Алайда тап қазір ондай қызметтестіктің болуы ықтималдығын Жанша ойына да алған жоқ. Ол баяндамашының әр сөзін сыни тұрғыда жадына түйіп, жарыссөзге шығуға дайындалып отырды.

Әйтсе де студенттік шақтан бері талай заман өтті емес пе. Оқу бітіріп еліне оралған соң Цаликов заң қызметінде көп істей қойған жоқ, бірінші революция басталған жылдың соңғы айларында Владикавказ оқиғаларының бел ортасында жүрді. РСДЖП* мүшесі, меньшевик болды. Түрлі меньшевик басылымдарына мақалалар жазып тұрды. РСДЖП-ның  Кавказдағы бөлімшелерінің жұмыстарын үйлестіріп тұрды. Бірақ жұмысшы қозғалысының намысын жалаң жыртып кетпеді. Мұсылмандардың ұлттық жаңғыру идеясын насихаттады. Дүиежүзілік соғыс қарсаңында Теректегі мұсылман қозғалысына жетекшілік етті. Мәскеудегі Ғаяз екеуі идеялас екені баршаға аян. «Сөз» газетінің редакторы  Ғаяз болса, бұл – газеттің құрылтайшы-шығарушысы. Өткен жылы Мемдума мұсылман фракциясының жанындағы бюроға қызметке келді. Биыл сонымен қатар, революцияға дейін, Петроградта присяжный поверенныйдың** көмекшісі боп істеді. Революциядан  кейін, әсіресе Россия мұсылмандарының уақытша орталық бюросына төраға болып сайланғаннан соң, осы съезді дайындау барысында,  өзінің саяси ұстанымына да байланысты, Петрокеңеспен тығыз байланыса бастады.

*Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы.

**округтік сот жанындағы мемлекеттік қызмет атқаратын адвокат.

 

Бәлкім оның көзқарасы билікпен қарым-қатынасынан да туындайтын шығар...

– О, мына кісі унитарист* қой! – деді Слава.

 

*мемлекеттің ешқандай бөлшектенбей біріккен біртұтастығын, яғни унитаризмді қолдайтын адам.

 

– Иә, солай, – деп Өтеміс басын изеді. – Оның бұл көзқарасы Питердегі жиналыстардың өзінде-ақ  әбден белгілі болған, баяндамасында онысын тәп-тәуір дәйектепті, ә? Ол жалғыз да емес... – Көзін ойлана сығырайтты. – Ахмед секілді ойлайтындар баршылық. Бірақ  олардың қарсыластары да осал болмауға керек, – сұқ саусағын маңғаздана шошайтты, – қазір көресің...

Ол Цаликовтың ұсынған қарар жобасымен келіспейтіндер бар дегенде, бірінші кезекте, өзі білетін Валидовты ойлаған еді. Зәкидің наурыздың ортасындағы жиналыста айтқан өткір ой-пікірін ризашылықпен тыңдаған. Оның тап қазір де  сондағыдай екпінмен Ахмедтің пайымына кереғар пікір дамытарына күмәні жоқ-тын.  Бірақ сөз Зәкиге емес, басқаға берілді.

Топчибашев жерлесі әрі қандасы боп табылатын жас қайраткерге, съез үшін арнайы әзірленген тағы бір баяндама жасау үшін, сөз кезегін ұсынды. Өтемістің есіне түсті – бұл бағдарламамен көзделген баяндама болатын. Ойында ұдайы өзі тәп-тәуір білетін Зәки тұрғандықтан, баяндама реттерін шатастырып алған екен. Мінбеге қою мұртты әзірбайжан жігіт шықты. Оны Өтеміс бұрын көрмеген еді. Бірақ естіген. Зәки оны Кавказ қайраткерлері ішіндегі ұлттық көзқарасы айқын азамат ретінде еске алып, өзі көтерген идеяны оған хатпен хабарлағанын, съезде соны қолдауын сұрағанын айтып жүретін.

Шынында да, Өтемістің алғаш Сәлімгерей сұлтанның сараң пайымдары мен Зәкидің қызу дәлелдерінен естіген пікірін екінші баяндамашы жақсы дамытты. Ахмедтің унитаризмді жақтаған сөздерін ол мүлдем қолдамады. Оны сынай отырып, федерализм** идеясын алға тартты.

 

**мемлекеттер белгілі-бір заңдық дербестікті сақтай отырып, жаңа бірлестікке ұйысу арқылы, яғни федерация принципі негізінде құратын мемлекеттік құрылым жүйесі.

 

Болашақ  мемлекеттік құрылыс жайында жасалған осы екі баяндама съезде делегаттардың айрықша қызығушылығын туғызды. Олардағы біріне-бірі қайшы келетін пікірлер, тіпті, делегаттарды екі жарғандай болды. Бірі жаңа мемлекеттің біртұтас болуын, екіншісі ұлттық бірліктерден жасалған құрама болуын қалады. Сол тараптарда түрлі негіздеме аян етілді. Не керек, шешендер унитаризм мен федерализм хақында ой жарыстыруда бірінен бірі өтті.

Ал Ахмед Цалыккаты-Цаликовтың жобасын замана көшінен қалық түр ретінде сынға алып, қызу пікірталасқа негізгі тамызық тастаған баяндаманы жасаған – әзірбайжан қайраткері Мәмедәмин Расулзаде еді. Отыз бір жасар саясатшы, қоғам қайраткері, жазушы Расулзаде тиянақты дайындалып келген екен. Әр ойын дәйектей, сендіре, сенімді түрде сөйледі.

Бұл баяндамасына Расулзаде бүкіл ғұмыры бойы дайындалған тәрізді. Ол Бакуге тақау ауылда тұратын діни отбасында туып-өскен. Бірақ әкесі діндар бола тұра, жас Мұхамед-Әминді – Мәмедәминді сол кезде орыс-татар мектебі деген атаумен кең қанат жая бастаған орыс-әзірбайжан зайырлы оқу орнына оқуға беріпті. Мектеп директоры атақты педагог Сұлтанмәжид Мұргуза-әли оғлы Ғанизаде болғандықтан да солай етсе керек. Мәмедәмин зерек шәкірт болады. Мектептен соң Баку техникалық училищесінде оқиды, сонда оқи жүріп, он жеті жасынан қоғамдық-саяси жұмысқа бет бұрады. Ол мұсылман жастардың саяси ұйымын құрғанда он сегіз-ақ жаста екен.

Он тоғыз жасында ана тілін таза сақтау мәселесін көтерген мақаласын жазып, империяда әзірбайжанша шығатын жалғыз мерзімдік басылымда –  «Шарги-Рус»*   деп аталатын газетте жариялап, кемел ойларымен көзге түскен еді.

 

*«Орыс Шығысы».

 

Содан бастап қолынан қаламы түскен емес. Ол саясат, экономика, мәдениет, білім салалары бойынша қалам тербеді, әрі көркем шығармашылыққа да уақыт таба білді. Ол бір көзі ашықтар санасын социалистік ойдың жаулап алған кезі еді. Сол құбылыспен қатар, саясатта ұлт мәселесін күйттеу әрекеті де көзге түсе бастаған.

Мәмедәмин жыл басынан бері орын алған ірі қоғамдық-саяси сілкіністердің бәрінің жуан ортасында жүрді деуге болады. Ол бірінші революция қарсаңында мұсылмандардың «Хуммет» деп аталатын социал-демократиялық ұйымын құрды. Бұл ұйым кең қанат жайып келе жатқан Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының өзін-өзі басқаратын құрамдас бөлігі тәрізді еді. Әзірбайжан тілінде партиялық газеттер шығарды. Белгілі қоғам қайраткері Ахмедбек Ағаоғлының партиядан тыс газеттеріне де мақалалар жазып тұрды.

Сталин

Революция кезінде кавказдық большевиктер Сталин, Азизбеков, Наримановтармен белсенді түрде бірігіп әрекеттесті. Әсіресе Иосиф Сталинмен бірге мұнай кәсіпшіліктеріндегі жұмысшылар арасына үгіт-насихат жұмыстарымен жиі барушы еді. Екеуі де өзекті саяси-әлеуметтік мәселелер төңірегінде жалынды сөздер айтатын.

Бірде Коба-Иосиф митингідегі сөзінде кәсіпшілік жұмысшыларын тізе қосып ереуілге шығуға шақырды. Онысы жайында кәсіпшілік қожайындары сол мезетте-ақ хабардар болады. Содан осынау бұзық ойлы кезбе грузинді құпия түрде құдыққа құлатып жіберуді ойластырады. Әкімшіліктің жасырын жоспарын әзірбайжан тілектестері арқылы біліп алған Мәмедәмин Кобаны бұл қатерден құтқарып қалады. Ол тіпті, өзінің де полиция қадағалауына іліккенін елеместен, сол жылдары дегенмен ұсталып қалған Сталиннің түрмеден қашып кетуін де ұйымдастырады. Бірінші орыс революциясы жеңіліс тапқанға дейін де, кейін де екеуі достық қарым-қатынаста болып, Бакудегі революциялық қызметтерін қатар атқарып жүрді.

Сол достық  кейін Наркомнац* Сталиннің Бакуге арнайы соғуын мүмкін етті. 1918 жылғы  28 мамырда дүниеге келген Әзірбайжан Демократиялық Республикасын Қызыл армияның Ерекше бөлімі құлатқаннан соң,** билік басындағы Расулзадені тұтқындаған. Сол оқиғаға орай Сталин оны – революцияшыл байырғы үзеңгілес досын әдейі іздеп келіп,  түрмеден босатқызған. Одан, ескі үзеңгілесінің есімін Бас хатшы Сталин жолдас 1923 жылы ұлт қайраткерлерін тұқыртып алу мақсатында пайдаланады.*** Бұлардың бәрі кейінірек орын алатын жәйттер...

 

*Ұлт істері жөніндегі халық комиссары.

** 1920 жылғы 20 сәуірде кеңес өкіметі Әзірбайжанда билікке келді.

*** РКП Орталық Комитеті өткізген 1923 жылғы Төртінші ұлттық кеңесте.

 

Ал оған дейін, алғашқы орыс революциясы тоқырағаннан бергі екі арада, Расулзаде едәуір өмір мектебінен өтті. Әуелі біраз уақыт әдебиетпен шұғылданды. Өлең шығарды, пьесалар жазды. Одан 1909 жылы парсы еліне өткен. Сонда  тұратын қандастары арасындағы революциялық оқиғаларға қатысты. Ирандағы демократиялық партияны құрушылардың бірі болды. «Ирани-Ноу»**** атты парсы социал-демократтарының партиялық газетінде редакторлық қызмет атқарды. Алайда, бір-екі жыл өтер-өтпесте, ондағы революция да күшпен басып тасталған-ды. Сонда ол Түркияға кетеді. «Турк урду»***** журналында қызмет істейді. Сол басылымда иран түркілері жайында зерттеу мақаласын жарыққа шығарады.

 

**** «Жаңа Иран».

***** «Түрк жұрты».

.

Романовтар әулетінің патшалық құруының 300-жылдығы құрметіне 1913 жылы жарияланған амнистияға сәйкес, Мәмедәмин де Ресейге оралуға мүмкіндік алады. Бакуге келеді. Жаңа партия құрумен айналысады. Түркішілдік, исламшылдық, социалистік идеяларды тоғыстыратын саяси партия жасайды. Оны «Мусават»* деп атайды. Партияның «Ачыг Сёз»** деген атпен шыққан газетін басқарады.

 

* «Теңдік».

** «Ашық сөз».

 

Осы жылдары Расулзаде халқының дұрыс тарихи атауын өмірге әкелу жөнінде мақалалар жазып, «Дирилик»*** атты қоғамдық-саяси және әдеби-тарихи журналда мәселе көтереді. Империядағы орыс билігі көзқарасымен бұратана бодандардың бәрі бір кезде татар аталатын. Мұсылман деп жалпы атай беру де әдетке айналған. Кейде түркілер деп те жалпылап атай салатын. Бірақ олардың баршасының астарында, Мәмедәминнің ойынша, бір әзірбайжан халқы жатқан-ды. Мұсылман мен түркі атауы бөтен болмағанмен, татар деу әзірбайжанға мүлдем қисынсыз еді, саясаткер  осы мәселені өз қандастары арасында бірінші боп көтеріп, тиісті қоғамдық пікір туғызды.

 

*** «Өмір».

Зәки Валидов

Ол тынымсыз күресін партиялық жұмыстарында да, баспасөзде де табанды түрде жалғастыра берді. Өзіне Петроградтан Зәки жазған хат ойға ой қосты.

Ұзамай,  Уақытша орталық мұсылман бюросы жіберген кеңес-нұсқаулар бойынша, аймақтарда жаңа жағдайды талқылайтын жиналыстар әзірлене бастады. Ақыры, революция толқытқан күллі империядағыдай, Кавказ мұсылмандарының  да съезі өткізілді. Құрылтай сәуір айының 15–20-шы жұлдыздарында  Бакуде болды. Осында сөйлеген сөзінде Мәмед Расулзаде жаңа жағдайдағы Әзірбайжан елінің мақсатын тұжырымдады. Отарлық бұғауды қаусату, дербес мемлекет құру – көптен көкейде жүрген асыл арман болатын, соны жүзеге асыратын тарихи сәт туды деп есептеді.

Сол ыңғайда және сондай көтеріңкі көңіл-күймен ол мұсылмандардың революция әкелген өзгеріс жағдайында Мәскеуде өтпек бүкілресейлік бірінші съезіне келген еді.

Съезде төрағалық етіп отырған Әлимарданбек Топчибашев одан он тоғыз жас үлкен-тін.  Бірінші Думаға мүше болған, күлліресейлік мұсылман қозғалысының белгілі қатысушысы, одан бері Думаның мұсылман фракциясы жұмысына ұдайы атсалысып келе жатқан империя аумағында танымал қайраткер-ді. Ол әзірбайжан саяси өміріне Али-бей Гусейнзаде, Ахмед Агаоғлы, Нариман Наримановтармен қатар зор үлес қосқан, Мәмедтің алғашқы саяси жолын да, бүгінгі партиялық қызметін де қадағалап жүрген, білетін, тілектес, пікірлес аға ұрпақ өкілі болатын. Қысқасы, екеуі де Кавказ мұсылмандарының съезінде бір ниетте екендіктері анық танылған қайраткерлер еді.

Әлимардан бек оның күн тәртібіндегі қарастырулы өзекті мәселені орталық бюро төрағасы баяндағаннан гөрі басқа көзқараспен таныстыратынын қысқа ғана айтқан. Шет аймақ өкілі Расулзаде жұртты тез үйіріп әкетті. Ол съезд делегаттарының алдарына революцияның нақ ортасынан келген Цаликовтан өзгеше, шын мәніндегі  революциялық пайымды  жайып сала бастаған. Оның батыл да шетін пікірлерін баршасы ұйи тыңдады.

Мәмед Расулзаде әлемдегі мемлекет түрлеріне шолу жасады. Ресейдің патшалық тұсындағы құрылымының кемшілігіне тоқталды. Сосын өзі басқаратын «Теңдік» партиясының бағдарламасын және күні кеше Бакуде болған Кавказ мұсылмандарының басқосуында айтылған пікірлер мен алынған шешімдерді талдап қорыта келе, съезде қабылданса деген қарар жобасын аян етті.

– Мұсылман халықтарының мүддесіне жаңа Россияның федерациялық түрде құрылуы жауап бере алады, – деді ол, – сондықтан құрылтай «мемлекеттік құрылым түрі ұлттық-аумақтық негізде жасалатын федерация үшін» дауыс бергені жөн...

Үшінші баяндаманы Зәки Валидов жасады. Ол Ресей мұсылмандарының этностық құрамын, шыққан тектерін тарихи және этнографиялық материалдар негізінде, соңғы статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып талдады. Олардың қазіргі саяси өмірдегі рөлін қарастырды. Ресейге тәуелді жағдайға түсіп қалған осынау отыз миллиондық мұсылман дініндегі халықтың, империядағы күллі тұрғындардың бестен бірін құрайтын  түркілердің бұдан арғы тағдырын анықтауға тарихи деректерді пайым айналымына тарта отырып әрекет жасады. Түркістан мен Қазақстанның дербес территориялық автономия болуы басы ашық мәселе деп есептеді ол. Орыстары көп Еділ бойындағыларға қатысты мәдени автономия жайында айтуға болар,  ал Еділдің шығысындағы түркілер көбірек қоныстанған аймақ территориялық автономия алу жолында оларға қосыла алар еді...

Ол осылай, ұлттық-территориялық автономиялардың құрылуы қажет және мұндай әрекеттердің жер-жерде даусыз орын алуы ықтимал екенін дәйектеуге тырысты. Сондай автономиялық бірліктер Ресейдің федеративтік бітімін құрауға тиіс. Зәкидің ғылыми шолу және сараптама сынды баяндамасының қорытындысы осыған сайды.

Серәлі Лапин

Съезге төрағалық етіп отырған Топчибашев мінбенің қасына барып, жас күрескердің қолын ықыластана қысты. Оның өзі барып тұрған федерацияшыл болатын. Жантөрин мен Лапин үшеуінің пікірлесулеріне куә боп жүрген Өтеміс мұны анық білетін. Ол жұрттың үш баяндаманы да ықыластана тыңдағанын көрді. Ендігі мәселе қай жоба озар екен деген сұраққа тіреліп тұрған еді. Жарыссөздің қызу жүрері сөзсіз...

Баяндамалардан соң кетіп қалмақшы болып отырған Слава алғашқы ойынан айнып қалды. Өтемістің қайраткер-шешендер жайлы сипаттамаларын ести келе, жарыссөз барысын байқап көруге бекіді...

Жалғасы бар

 

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

1 пікір