Сенбі, 20 Сәуір 2024
4191 7 пікір 23 Сәуір, 2017 сағат 13:35

Комиссияны Жақсыбековтың басқарғаны жақсы белгі

19 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Рухани жаңғырту бойынша бағдарламаны іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияны басқару Әділбек Жақсыбековке тапсырылды. Әділбек Рыскелдіұлы бір ай бұрын Конституциялық реформалар бойынша комиссияны басқарып, нәтижелі жұмыс жүргізген болатын. Жақсыбеков бастаған комиссия Конституцияның 91-бабының 2-тармағының редакциясына мемлекеттің Тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын өзгертуге тиым салатын толықтыруларды енгізіп, Парламенттен өткізіп, ол редакцияны президент қолдап, қолын қойған болатын. Әділбек Жақсыбеков мемлекетшіл тұлға екенін президент аппаратының қызметкерлері, әр жылдары оның қол астында қызмет еткен әріптестері айтып та жүреді. Жақсыбеков мемлекеттік маңызды мәселелер бойынша өте принципшіл болып келетінінің тағы бір мына факт көрсетеді. 2008 жылдың аяғында Жақсыбеков Ресей Федерациясына елші болып тағайындалған кезде, Кремльмен келіссөз жүргізу, Ресей алдында ұлттық мүддені қорғаудың дипломатиялық ауыр жүгін арқалау Әділбек Рыскелдіұлының мойнына түсті. Дегенмен, бұл дипломатиялық жұмысты абыроймен атқарып жүрген оны, қорғаныс министрі етіп тағайындады. Жақсыбеков қорғаныс министрлігінде де үлкен жұмыс атқарып, Қазақстанның тарихында тұңғыш жауынгерлік парад ұйымдастырып, қазақ қарулы күштерінің әлеуетін, дайындығын паш етті. Бұл жауынгерлік парадты жерімізге көз алартып отырған күштерге сес көрсету үшін ұйымдастырылғанының сол кезде сарапшылар айтып, қоғам жақсы қабылдағаны белгілі. Жақсыбеков жоғарғы деңгейдегі мықты саяси ұйымдастырушы ретінде президенттің әр тапсырмасын мұқият орындай білетін тұлға. Рухани жаңғырту бойынша бағдарламаны іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияны Жақсыбековтің басқаратыны - бұл бағдарламаны іске асыруда нақты тетіктерідің іске қосылғанын білдіреді. Әділбек Жақсыбеков қазақ қоғамы арасында аса қатты танылмаса да, қазақ мемлекетінің ұлттық мүддесіне «үндемей жүріп іс тындыратын іскерлік қасиеті» оны саяси олимп биігінде үнемі танымал етіп ұстайды. Президенттің де Жақсыбековке сенім артып отырған сыры осында жатыр.

Нұрғали Нұртай

Дереккөзі: Qamshy.kz

7 пікір