Жұма, 29 Наурыз 2024
«Соқыр» Фемида 5818 25 пікір 17 Сәуір, 2017 сағат 12:04

Қантөгісті тойлау –  исі мұсылманға жат

 1941-1945 жылдары негізінен КСРО мен Германия арасында төрт жылға созылған қанды қырғынды Кремль басшылары, Ресей тарихшылары мен саясаткерлері «Ұлы Отан соғысы» деген атпен халықтың санасына сіңіріп, қалыптастырып жіберді. Алуан түрлі қулық-сұмдықпен, сайқал да жымысқылық әдіспен, қала берді зорлық-зомбылықпен санасына сіңірілген  соқыр сезімге, өтірік үгіт-насихатқа әбден берілген адамның санасын оның бәрінен тазарту өте қиын. Ол – сабындап  жуып тастай салатын тән кірі емес, ол – жанның  кірі, жанға да, қанға да әбден сіңіп қалған рухани кесел, сырқат.

Біз, яғни, қазақтар «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» деген сөз тіркесінің аржағында нендей астар жатыр, осы сөзді Мәскеу басшылары неге бізге әлі де қайталап айтқызуға құмар деп сәл де болса тереңдеу ойлауға әлі де қабілетсіз  сияқтымыз. Өйткені, бізде соңғы 25 жылда қазақтың ой-санасын баяғы кеңестік-ресейлік сұрқия үгіт-насихаттан тазарту шаралары  жүргізілген жоқ. Рас, сол соғыста ерлікпен шайқасқан әкелеріміз бен аталарымыз, бірен-саран болса да әжелеріміз бен апаларымыз болды. Бірақ сол соғысқа солардың бәрі шынымен өз еркімен барды ма, олар шынымен «Мәскеу үшін!», «Сталин үшін!» деп жанын қиды ма, ал бұл соғысқа бармаймын дегендер мен қашып кеткендерге Мәскеу қандай жаза қолданды? Осы соғыс кім үшін, қай елді аман алып қалу үшін болды соны ақылға салайық десең болды өзіңе дүрсе қоя беретіндер әлі де аз емес. Ондайды атам қазақ «көн қатса қалыбына барады», «қатып қалған көнтері сияқты ғой» дейді.

Ал орыстар «Жеңістің 70 жылдығы» деп  және  олардың айтқанын қайталап айту қанына сіңген қазақтар оларға қосыла шауып дуылдатқан  мейрамға былтыр бізбен бір туған өзбек, қырғыз, түркімен, әзірбайжан,  тәжік те, орыспен кіндігі бір белорус та барған жоқ.  Ал  Рейхстагқа Кантария деген грузин ұлы ту тіксе де, грузин Сталині бас қолбасшы болса да Грузия бұл «Жеңіс күнін» атап өтуден баяғыда бас тартты. Украина да қарасын көрсетпестен қалды. Тек қазекем ғана...

9-шы мамыр күнгі бұл мейрам Германияда қаралы күн ретінде атап өтіледі. Ендеше тұтас бір ұлттың қаралы күнін екінші бір ел қыруар қаржы жұмсап ұлан-асыр тойға айналдыруы дұрыс дей аласыз ба? Ау, әшейінде қайғы да, қуаныш та бүкіл адамзатқа ортақ дейтініміз қайда? Әлемнің үлкен-үлкен ойшылдары Жеңіс тойын тойлау дегенді үлкен қателік деп біледі ғой! Неге десеңіз, сол жолда екі жақтан да миллиондаған бейкүнә адамдардың қаны төгілді. Ресейдің, яғни, Мәскеудің колониясында болған қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен, тәжік, татар, башқұрт және басқалары әскерге күштеп, зорлықпен алынды. Бармаймын дегендер атылды. Оны өтірік дей алмайсыз. Ал жүз мыңдап қырылған бейкүнә байғұстардың бірі – қазақ ер-азаматтары сол 1941-1945 жылдардағы соғысқа қалай барғанына, кейбіреулері не үшін жанын пида еткеніне  тоқталып көрейік. Бұл жерде сонау Ақпан, Қазан төңкерістері кезінде қазақты орыстың ақ гвардияшылары мен қызыл гвардияшылары кезекпен шыбындай қырғанын, одан кейінгі конфискациялау, қолдан жасалған ашаршылықтардан қазақтар миллиондап қырылып, тірі қалғаны жер аударылғанын, ұжымшарландырудың алуан қорлық-зорлығын көріп санасы сәбдіреп қалғанын айтып жатпай-ақ қоялық. Осы зобалаңдардан кейін 1930-шы жылдар қазақтың тағдырына жанашыр, қазаққа оңы мен солын, пайдалысы мен залалдысын  айтып жол көрсетіп отыратын, «қазақ үшін» десең кеудесіндегі жұдырықтай жұмыр етін жұлып беруге даяр көзі ашық, ойлы азаматтары түгел атып-асылған, тірісі түрмеге тығылып итжеккенге айдалған, сол арқылы қазақтың ұлттық намысы да, ұлттық санасы да тапталған жылдар болды. Көзі ашық, елді оятар сөз айтарлық сондай азаматтарынан айрылған қазақ сөйтіп саяси сауаты төмен, оң-солын, дұрысы мен бұрысын өзі шеше алмайтын қорқақ, жасық, әрі жер бетінде ең күшті халық орыс деп  ойлайтын жас сәби сияқты халге түсті. (Әттең, біз осы бір сәбилік, осы бір құлдық санадан әлі де толық арылдық дей алмаймыз). Оның үстіне сол дәуірде Мәскеу басқарған Кеңес Үкіметі бай және жарлы, ескішіл және жаңашыл, діндар соқыр және көзі ашық азамат деп бір қазақты екіге, үшке бөлу, қызды-анаға, ұлды-әкеге қарсы қою сияқты сайқали саясатты өте шебер жүргізді. Осының бәрін бастан өткерген қазақ әбден есеңгіреп жүнжіген, қорқақ, өмірге көзқарасы әртүрлі топқа бөлінген, ұлттық намыстан айрыла бастаған, орысты Құдайдан кем көрмейтін күймен «Отан соғысы» деп аталатын қанқасап қырғынға барып түсті. Айтпақшы, Мәскеудің әлгі сайқал саясаттары аз болғандай сол соғыстың алдында ғана бірі Жапонияның, бірі Американың тыңшысы, халық жауы деген сияқты «тазалауынан» өткен қазақ сәл қарсылық көрсетпек түгіл бір ауыз қарсы сөз айтса басына қара күн туатынын білетін  үргедек, үрейшіл күйге түскен еді. Осылайша өз елінде «қайда барсам да бір өлім» күйге ұшырап, амалсыздан «Отан үшін», «Москва үшін», «Сталин үшін!» деп жаңбырдай жауған оққа қарсы жүгірген шарасыз байғұстар аз болған жоқ. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген әрі орашолақ, әрі дарақы  мәтел де сол кездің «туындысы».

Иә, бірсыпыра қазекем әлі де «Ұлы Отан соғысы» деп жүрген сол соғыс кезінде большевиктік-коммунистік идеология жүргізген үгіт-насихат өте жойқын болды. Сол жойқын насихат пен үгіт  қазақтардың санасына жер бетіндегі жұмаққа жол көрсететін жалғыз да жарық жұлдыз –Мәскеу деген надандық нанымды, соқыр сезімді мықтап орнықтырды.

Сол жылдары адам баласының ақыл-ойы жетпейтін өтіріктер айтуда алдына жан салмайтын газеттер көптеп шығарылды. Адам нанғысыз өтірік ерліктер, ертектерде ғана болуы мүмкін көзсіз батырлықтар туралы мақалалардан көз сүрінетін болды. Кеудесін оққа тосушылар, пулеметтің оқ шашып тұрған аузын төсімен жауып қақалтып тастайтындар, өзі қанға бөгіп құлап бара жатып «Москва үшін жан пида», «Сталин үшін алға», «Отан үшін» деп айғайлап құлайтындар туралы лепірме, қобытпа материалдар жиі-жиі жарияланып жатты. Әр республикадан Мәскеуді, Ленинградты, Сталинді, орыс халқын мақтап жырлайтын қарт ақындар қолдан жасалды. Осы күні Алматыда 28 панфиловшылар паркі деп аталатын саяжайда ескерткіші тұрған панфиловшылардың ойдан шығарылған өтірік екені баспасөзде бірнеше мәрте жазылды. Ал біз сол кезеңнің осындай зымияндықтар мен сайқалдық үгіт-насихатының санамызға сіңген салдарынан әлі де арыла алмай келеміз. Бұны қазекем «Ауру батпандап кіріп, мысқылдай шығады» дейді.

Әрине, біз сол кезеңнің соқыр сенімінен арылғымыз келмеуіміздің реті де жоқ емес. Өйткені, бәріміздің де әкелеріміз бен аталарымыз, орыс мемлекеті мен неміс мемлекеті арасындағы  сол қанды қырғынға қатысқаны рас. Бірақ сол шаһид марқұмдардың көпшілігі оған қалай амалсыз баруына қандай себептер болғанын жоғарыда айттық. Иә, олардың көпшілігі өздері кім үшін, не үшін ажалға қарсы баратқанын ақыл-ой таразысына салуға саяси сана-сезімі, саяси білім-білігі жетпегендіктен барса, енді бір бөлігін өкімет зорлықпен қойша жинап апарып салды. Бұл соғыстың  жалпы қазақ ұлтына тікелей қатысы жоқ деп соғыстан қашқандар (дезертирлер) ұзақ жылға сотталды немесе атуға бұйырылды. Қазір сол соғыста жасалды деп газеттер жабыла жазған ерліктердің көбі өтірік екені де айтылуда. Қалай десеңізде бұл соғыс туралы пікір сонау кеңес заманында-ақ екіге айрылған-ды. Әнебір кезде қазекем тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрін түгел қалпына келтіріп енді тек Сабыр Рахимов деген генерал өзбек емес қазақ екенін дәлелдеу ғана қалғандай алдақашан мархұм болған адамның әруағын тебірентумен болды. Әшейінде де «Русия білән Германияның ұрышы бизгә немәга керәк?» дейтін өзбек ағайындар осыдан кейін сендерге керегі осы ма дегендей Ташкент метросындағы бір бекеттен де,  бір ауданнан да С.Рахимовтың есімін алды да тастады. Бізбен тілі, діні бір көрші елдер, Украина мен Грузия, Балтық елдері 9-Мамыр күнгі «Жеңіс тойы» дегенді мүлде атап өтпейді. Тек біз ғана Ресейге, Мәскеуге адал, шын жүректен берілгенімізді дәлелдейтін әр сәтті қалт жібермейміз. Осы «Жеңіс тойы» деп аталатын бір ғана мейрамсымақтың өзі-ақ бүгінгі  жас ұрпағының санасына кешегі де бүгінгі Ресейге табынушылықты, құлдық ұрушылықты сіңіруге молынан жететінін неге ойламаймыз? Осындай құлмінез біз Ресейден азаттық алдық деп жариялаған 1991 жылдан бермен туған жастар арасында да кездесетініне жаның күйеді. Әр жылы «Ұлы Отан соғысының пәленбай жылдығы» күні Қазақстан қалалары мен ауылдарында сарыала қоңыздың қабығынан айнымайтын  таспалар (ленталар) таратылады. Оны Ресейдің Қазақстандағы елшілігі таратады. Бұл – патшалы  Ресей заманында орыстар әулие деп атаған Георгий дегеннің құрметіне бекітілген марапат айқыштың (крестің) қара және сары түс аралас таспасы. Оны тәуелсіздік алған Қазақстанның қазағы түгіл о заманда да бір қазақ кеудесіне тақпақ тұрмақ қолына ұстамаған. Рас, орысқа тиген қазақ қызынан туған генерал Корнилов осы орденді тастамай тағып жүріпті. Құдай ісіне не шара, осы күні өзін «цивилизованный» деп білетін көзі ашық кейбір қазекем бұл Георгий лентасы Ресейдің империялық саясатының жалғасы екенін түсінбей бірсыпыра қазақ кеудесіне, бірсыпырасы көлігіне тағып желбіретіп баратқанда орыс ағайындар соларға қарап мырс-мырс күлетінін де аңғармайтын санасыздыққа жеттік пе, әлде? Бұл орденнің куәлігінде «Ресейге көрсеткен қызметі мен ерлігі үшін» деген жазу бар. Оның ең тұңғыш иегері М. Кутузов еді. Ұтыры келгенде айта кетейік, Кутузов керемет әскери қолбасшы емес еді, ол – Ресейдің үгіт-насихат құралы ретінде қолдан жасаған кемеңгері. Басқа уақытта жеңе алмағасын таңғы тәтті ұйқыда жатқан ноғайлардың қатын-баласын, кәрі-құртаңын, таң намазын оқып жатқан сарбаздарын шыбындай қырып салған Суворов та сол Кутузовтың аржақ-бержағы-тұғын. Ал әлгі Георгий лентасы мен орденін Кеңес өкіметі құлағасын әлі де Ресей империясын құрудан үміті мол бүгінгі Мәскеу 1992 жылы қайтадан марапат ретінде қалпына келтірді.

Иә, 1768-1774 жылдардағы орыс-түрік соғысы кезінде «дүниеге келген» бұл орденді патшалық Ресей де, Кеңестік Ресей де, бүгінгі Ресей де өзіне қызмет еткендерге беретін кәде ретінде пайдаланды. Ендеше біз қай Ресейдің де пиғылында империалистік, шовинистік жымысқылық жатқанын аңғармайтындай күйге түскеніміз бе? Әйтпесе, 1945 жылы Жеңіс тойын тойлап тост көтеріп жатқандар бірінен соң бірі «За победу русского оружия», «За русскую армию», «За товарища Сталина», «За русский народ» деп күркіреуінің аржағында ең ақымақ адамға да түсінікті пиғыл көрініп тұрған жоқ па еді?!

Иә, бұл соғыста екі жақтан да миллиондаған бейкүнә пенде опат болды. Олардың ешқайсысы, ана құрсағынан қанқұмар, қанішер боп туған жоқ. Олар адам қанын, адам өлігін соғысқа келіп көрді. Олар қарсы жақтың адамын бірінші болып өлтірмесе, ол өзін өлтіретінін білгендіктен әуелі амалсыз өлтіруді үйренді. Ал киелі де қасиетті ислам дінінде жеңіс тойын тойлау қанды қырғынды тойлау, мархұмдардың қаны төгілгенін тойлау деп есептеледі. Ресей 1812 жылғы француздармен болған соғысты да Ұлы Отан соғысы дейді. Оған ішінара қазақтар да қатысқан. Ендеше, кейбір желөкпе, тойқұмар қазақ оны да ата-бабамыз Отанын қорғаған соғыс десе не бетімізді айтамыз? Сонау жылдары Мәскеудің зорлығымен бейбіт жатқан Ауғанстанға барып қаншама боздақтарымыз қырылды?! Біз одан аман қайтқан жігіттерімізді «интернационалист жауынгер» деуді де тоқтату керек. Олар Ауғанстанға «Отан қорғауға» барған жоқ. Мәскеудің айдап салуымен барды. Бармаймын десе «Отанын сатқан сатқын» аталып түрмеге жабылар еді. Қысқасы, өткен ғасырдың 1941-1945 жылдар аралығында болған, бейкүнә миллиондаған адам опат болған соғысты біз де, яғни, қазақтар да «Ұлы Отан соғысы» деп тойлауымыз керек пе, жоқ па деген пікірлер екіге жарылғалы біраз болды. Ең абзалы біз қазақта қашаннан-ақ бір ғана Отан бар екенін, ол – тек Қазақ Елі екенін «Мәскеу – Отанымыздың жүрегі емес» екенін естен шығармауымыз керек.

Мырзан  КЕНЖЕБАЙ, ақын

ҚР Мәдениет қайраткері

Abai.kz

 

25 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610