Дүйсенбі, 25 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 8531. Жазылғандар — 4352. Қайтыс болғандар — 35
Айбын 4191 16 пікір 7 Шілде, 2017 сағат 16:44

ҰҚК ардагерлерімен сұхбат: Идеологияны тек идеология арқылы жеңуге болады

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына биыл  25 жыл болды. Сондай-ақ, ҰҚК жанынан құрылған "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің жасақталған күні - бүгін. Осы датаға орай, ҰҚК ардагерлері, ҰҚК полковниктері: Қабдолда Бекжанов пен Төлеухан Боқажанов өткен күндерді еске ала отырып, Abai.kz ақпараттық порталының тілшісіне сұқбат берді.

Басты мақсат – Тәуелсіздікті қорғау

Қабдолда Ешенұлы, биыл Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл. Сіз кешегі Кеңестік жүйе кезінде де, еліміз Тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет болып жатқан кезде де Қауіпсіздік қызметінде болдыңыз. Солай емес пе?

-Иә, солай. Міне биыл Қазақстанымызда ҰҚК-ның құрылғанына ширек ғасыр болыпты. Қазір қарап отырсақ, 25 жыл деген көп уақыт емес сияқты. Десе де біз осы уақыт ішінде бірталай белеске шықтық. Әскерімізді нығайттық. Мемлекетімізді әлемге мойындаттық. Орталық Азияда  ең қуатты елге айналдық. Рас, бірлі-жарым кем-кетіктер болды. Онсыз тағы болмайды. Енді біздің басты мақсатымыз – осы Тәуелсіздікті сақтап қалу. Бейбіт өміріміздің берекесін алғысы келетін ниеті теріс жандарды ішімізге кіргізбеу. Ел ішінен бүлік шығарғысы келетін залымдарды анықтап, түп-тамырымен жою. Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да бізге мықтап берген тапсырмасы. Қазаққа бүгін азаттық қымбат. Оны қорғауға барлығымыз мүдделіміз. Мен сонау Кеңес кезінде үлкен мектептен өтіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сапына қосылдым. Бүгін – ардагермін. Зейнетке шықсам да, осы жігіттердің жұмысына алаңдап отырамын. Тек мен емес, қай-қайсымыз болсақ та еліміздің тыныштығына, жеріміздің бүтіндігіне алаңдаймыз. Қолымыздан келсе, көмегімізді тигізсек жақсы емес пе?..

- Қабдолда Ешенұлы, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы айтсақ, бұның алдында КСРО-ның КГБ-сі болды. Сонда, біздің бүгінгі ҰҚК кешегі Кеңестер одағының мектебінен шыққан болып есептеле ме?

Қабдолда Ешенұлы: - Ол рас. Мына отырған Төлеухан Қадырұлы да, мен де кешегі Кеңестер одағында әскери салада, соның ішінде КГБ-ның барлау жасағында қызметте болдық. Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін Тәуелсіз еліміздің әскери құрылымына келіп,  Мемлекет басшысы жасақтап берген ҰҚК басшылығындағы қызметте жүрдік. Біздің кешегі КГБ-ның мектебінен өткеніміз өтірік емес қой. Оны несін жасырамыз? Айта берсек, КГБ-ның мектебі – Батыс пен АҚШ сескенетін өте қуатты мектеп болған. Бүгінде әлемдегі ең үздік компютерлік барлаушылар – Қытай мен Ресейде. Оған кешегі АҚШ-тағы сайлау дәлел бола алады.

Үрей болған, бар және бола да береді

-Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ең басты  міндеті – Қазақстан халқының қауіпсіздігін қорғау. Мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығына қатер төндіретін келеңсіз жайттардың алдын алу. Бұны, міне, өздеріңіз де айтып отырсыздар. Алайда, ел іші ҰҚК десе әлі де қорқып, үрейленетін сияқты. Осы стереотипті қалай өзгертуге болады?

Қабдолда Ешенұлы: - Иә, рас, біздің қоғам Ұлттық қауіпсіздік комитетіне әлі де қорқынышпен, үреймен қарайды. Бұның себебі бар. Өйткені, 1937-38 жылдары асыра сілтеулер болды. Респерссия болды. Қазір дүние өзгерді ғой.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жыл сайынғы жолдауында еліміздің ішкі және сыртқа қауіпсіздігі ең маңызды фактор екенін айтып келеді. Өкінішке қарай, қазір дүниежүзінде терроризм өршіп тұр. Кейбір радикалды топтар терракт ұйымдастырып, жарылыстар жасап, бейбіт тұрғындардың қанын төгуде. Оның кесірі жазықсыз адамдарға, мемлекетке тиетіні тағы рас. Бұл – бүгінгі әлемдік саясаттағы ең актуальды мәселе. Дәл осындай алағай да бұлағай кезеңде біздің ҰҚК-ның рөлі, маңызы, оның қызметінің жүйелілігі ең басты мәселе болып қала береді.

Саяси-қоғамдық тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл бірінші кезекте – біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі, біздің мемлекетіміздің бүтіндігі. Сондықтан, бұл жерде құқық қорғау органдары, ҰҚК ғана емес, бүкіл Қазақстан қоғамы болып бірігіп күрес жүргізуіміз керек. Халық бізге қандай да бір сезік тудыратын жайттарды хабарлап отырса, болуы ықтимал қатерлі әрекеттердің алдын алуға көмектескен болар еді. Террорзиммен немесе басқа да қауіптермен тек ҰҚК айналысады деуге болмайды. Профилактикалық жұмыстарға халықты жұмылдыру керектігін Елбасының өзі айтты.  Сондықтан халық белсенді болуы тиіс, және ҰҚК-нің бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қорғайтынын ұғынуы қажет.

Төлеухан Қадырұлы: -Менің бұл сөзге қосарым: ҰҚК, КГБ туралы стереотипті көзқарастар бұрын да болған, қазір де бар. Тіпті, бізді қойып Батыс елдерінде де КГБ туралы кереғар пікірлер айтылады. Жұрттың ойынша, ҰҚК қызметкері кез келген адамды бассалып алып кететін құбыжық іспетті бірдеңе. Бұл стериотип болған, бар және бола да береді.  Өйткені ҰҚК-нің ішкі функциясы туралы ешкім ешқандай ақпаратты білмейді. Бұл түсінікті жоюдың жалғыз жолы – кадрды ашық конкурс түрінде жинау. Яғни, жұрт кімдердің ҰҚК-ға қабылданып жатқанын, өздерінің қауіпсіздігін кімдердің қорғайтынын білуі керек.  Ал бізде кадрды жасырын түрде жинайды.

Совет одағы кезінде мемлекеттің шекараларын чекисттер күзететін. Ол кезде чекистер мен жергілікті халық етене, қоян-қолтық жұмыс жасады. Шекара маңындағы ауылдарда жасөспірім балалардан бастап, қойшыларға дейін КГБ-ға ақпарат жеткізіп отыратын болған. Себебі, ол кезде халыққа түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Сондай жүйелі жұмыстың нәтижесі шығар, жұрт өз қауіпсіздігі үшін, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін шекарада қандай да бір сезік тудыратын фактіні қалт жібермей КГБ қызметкерлеріне жеткізіп отырды. Өкінішке қарай, қазір бұл тәсіл істен шықты.

Баашар Асадтың әкесі КГБ офицері еді

- Бұл заманда дүниежүзін дүрліктіріп жатқан жайт – лаңкес, содырлардың әрекеті болып отыр. Соның шет жағын, өкінішке қарай, өзіміз де көріп үлгердік. Біздің ҰҚК қанша жерден қырағы десек те, өткен жылы Алматы мен Ақтөбеде шетін оқиғалар болды. Енді бізді алаңдататын сұрақ: Қазақстанның ҰҚК-сі терроризммен күресте қаншалықты қауқарлы? Немесе бұндай бүлікті болдырмаудың нақты шаралары деп нені айтуға болады?

Төлеухан Қадырұлы: -Терроризм дегенде қазіргі Сирияның жағдайын айтар болсақ, ол жақта не болып жатқанын ел іші анық білмейді. Тіпті, біздің мешіттерде де молдалар бұл жайлы нақты уағыз жасап жатыр деп айта алмаймын. Бізде неше түрлі саяси институттар бар, Үкіметтің аппараты бар, біз бармыз, сіздер бар, бәріміз жабылып жүріп халықты дұрыс діни, саяси ақпаратпен қамтамасыз етуіміз керек.

Мысалы, Сирияның қазіргі билігінде отырған топ мұсылман емес, алавиттер екенін ешбір БАҚ немесе саяси институт айтқан жоқ.  Башар Асад дегеніңіздің әулеті Кавказдан шыққан. Асадтың әкесі Мәскеудің барлау агентінде, КГБ-да болған. Ал орыстар сол билік басындағы 10 пайыз алавиттерді пайдаланып, әскери база ұстағысы келеді. Жүз мыңнан астам орыс келіншектері сириялықтарға байға тиген. Сосын Сириядағы билік әскерінің офицерлері мына Бішкекте оқыған. Осының барлығын жұрт білмейді. Білмеген соң содырлар бір-бірімен соғысып жатыр екен деген теріс ақпарат тарайды.

Саяси институттар мен мешіт молдалары бірлесе отырып, халыққа дұрыс насихат жасу керек. Әйтпесе, анау соғысқысы келіп сандалып жүргендердің білімі бар дейсіз бе?.. Білімі болса, соғысқа баратын ба еді?! Ал Ақтөбеде болған оқиға туралы айтсам, сол баяғы миы ашып жүрген қазақтың балалары. Білімдері де жоқ бейшаралардың. Қайдағы террорист?.. Террорист деген ондай болмайды. Ақтөбе жұртын дүрліктірген балалар қолдарына күрек ұстағандай далақтап жүгіріп жүр.

Бұларды дұрыс жолға түсіруге болады. Мешіттегі молдалар Сирия туралы не айтты? Тіпті, «алавит» деген сөз айтылды ма? Біздің халық әлі күнге дейін діни сауаты жоқ, қараңғы халық. Қоғамдық орталарда Сириядағы соғыс туралы дұрыс ақпарат таратылуы тиіс, ол жаққа баруға болмайтыны айтылуы керек. Әйтпесе жұрт ҰҚК-нің алдына уағыз тыңдауға келмейді ғой. Шен таққан әскери адам діни уағыз айта алмайды.

Сұрағыңа қатысты айтарым: иә, не істеу керек? Қоғамға қауіпті жайттардың алдын алатын үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуі керек. Оған мешіт молдаларынан бастап, Үкіметтік я үкіметтік емес саяси ұйымдар, БАҚ жұдырықтай жұмылуы керек. Телеарналарда қоғамық саясатты түсіндіретін, діни сауат ашатын бағдарламалар болуы керек. Гитлер секілді жұрттың миын уламай, күндіз-түні жыртыңдатпай, концертті азайту керек.

«Өлем» деген кісі бәрібір өледі» деген сөз бар. Бұл – фанатиктерге қатысты айтылған сөз. Ал фанатиктерді тек түсіндіру жұмыстары арқылы ғана жеңуге болады. Терроризмді тоқтата алмайсың. Тоқтату үшін жұмыс жүргізу керек. Әр салафиттің қасына бір-бірден әскер қою тиімсіз. Идеологияны тек идеологиямен жеңуге болады.

 Ғарыштан сіріңкенің қорабын да көре аламыз

Қабдолда Ешенұлы: -Ең бірінші кезекте халықтың материалдық жағдайын жақсарту маңызды. Көбіне көп кедей-кепшік, ақшасы жоқ, білімі жоқ адамдар жат ағымға бейім келеді. Біз Ауғанға барған кезеде көрдік қой бұны.  Кешегі Ақтөбеде де атыс жасап жүргендердің әлеуметтік тұрмыс-жағдайы төмен отбасыдан шыққандар.  Сондықтан бұл өте ауқымды мәселе.

-Қазір техникалық прогресс заманы. Жердегі тірлікті тіпті ғарыштағы Жер серіктері арқылы да қадағалап отыруға болады.Осындай мүмкіндікті Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті де игеріп алған шығар деп ойлаймыз.

Төлеухан Қадырұлы: - Қазақстан – Орталық Азияда қай жағынан болса да шетелдің кәсіби мамандары мойындаған ел. Сондықтан орта деңгейде дайындық жоғары деп айта аламын. Техникаға ілесу мүмкін емес қой. Бүгінгі ақпарат ертең актуальды болмай қалады. Десе де көштің соңында қалғанымыз жоқ. АҚШ-та не болып жатса, бізде де сол болып жатыр. ЦРУ жасап жатқан дүниені біз де жасап жатырмыз.

Қабдолда Ешенұлы: -Комитетте ЦРУ-дан кем түспейтін техника бар. Мысалы, АҚШ агенттері жердегі сіріңкенің қорабын ғарыштан анық көре алады. Бұл мүмкіндік бізде де бар. Ол дегеніңіз құпия мәлімет. Біз неше рет Халықаралық деңгейдегі жиындарды, Мемлекет басшыларының кездесуін өткіздік. Бірде-бір рет бүлік шыққан жоқ. Шабуыл жасалған жоқ. Құдайға тәуба. Осыдан-ақ, біздің Комитеттің дайындығы мен мүмкіндігін көре беріңіз.

«Агент» деген бар

- ВВС арнасы АҚШ-тың барлау қызметі қарапайым техникалық құралдар арқылы қоғамдық бақылау жасай алатындығы туралы деректі фильм көрсетті жуырда. Техникалық құралдарды біздің ҰҚК де пайдаланады екен деседі ұзынқұлақ...

Төлеухан Қадырұлы: -Өзің секілді журналистерді қызықтыратын мәселе осы: қарапайым техникалық құралдар арқылы қоғамдық бақылау жасаудың жай-жапсары. Бізді тыңдап отыр ма екен, көріп отыр ма екен дейсіздер. Мен сізге айтайын, сіз үйдегі теледидарыңызды токтан суырып тастаған күнде де сіздің сөзіңізді естіп отыруға мүмкіндік бар бізде.

- Ел ішінде «ҰҚК агенті» деген түсінік бар екені өтірік емес. Ұлттық қауіпсіздік комитеті белгілі топтар арасына өз агенттерін жіберетіні рас па?

Қабдолда Ешенұлы: -Біздің қызметкерлер нақты, керек нысандарға ғана кіре алады. ҰҚК-нің қоғамдық қызметкерлері қатарына тек білімді, ақыл-есі дұрыс адамдар  ғана алынады. ҰҚК әркімді қатарына тарта бермейді. Сосын, ҰҚК-нің қоғамдық қызметкерлері негізінен сала мамандары болуы тиіс. Мына түсініктен арылу керек: ҰҚК артымызға түсіп алады. Жоқ. ҰҚК егер сіз Заң бұзсаңыз және сіздің істі Прокуратура бізге өткізгеннен кейін ғана біз сізбен айналысуға құқылымыз. Бары – осы. Заңды бұзбай, түзу жүрсеңіз, сізде ҰҚК-нің шаруасы жоқ.

Қарапайым сұраққа оралайықшы. Қауіпті немесе қоғамдық ортада қолайсыз адам сіздер үшін қандай адам және ол кім?

Қабдолда Ешенұлы: -Бізде жағымды, жағымсыз деген типтер жоқ. Бізде тек Заңды бұзған адам және бұзбаған адам деген түсінік бар. Біз шам алып әркімнің ізіне түсіп жүрген жоқпыз. Бір адамды зерттеу үшін қаншама уақыт кетеді, қаншама шығын кетеді. Ол үшін жоғарғы жақтан санкция керек. Біз полиция секілді Заң бұзған кісімен алыса кетпейміз. Бір сөзбен айтсақ, біз деген ең тәртіпті, ең момын халықпыз (күлді).

«Мен оқыған КУОС-та Путин де оқыған»

Төлеухан Қадырұлы: -ҰҚК қызметкері болуы үшін адамға үлкен дайындық қажет. Мысалы мен бірнеше институт бітірдім. Барлығы бір-бірімен қабыспайтын әр түрлі сала. Қайталап айтайын, ҰҚК қатарына қосылу үшін үлкен дайындық керек. Бірінші – жоғары білім, физикалық дайындық, тағысын тағы бар. Біз Мәскеуде КУОС деген оқу орнын бітіріп шықтық. Ал КУОС-қа кез келген адам түсе алмайды. Қазақ ССР-нан сол кезде оншақты ғана адам КУОС-та оқыды. Бұл қазіргі ҰҚК-нің элиталары еді. Қабдолда 1979 жылы, мен 73 жылы КУОС-та болдық. РФ-ның бүгінгі Президенті Путин менен кейін бірнеше жылдан кейін КУОС-қа түскен болатын.

- Жаңылыспасам сіздер генерал-лейтенант Болат Байекеновтың тұсынан бастап ҰҚК қатарында қызмет еттіңіздер.ҰҚК-нің қазіргі басшысы Кәрім Мәсімов мырза. Осы байқағаным, ҰҚК төрағасы болу үшін қазір әскери адам болуы міндетті емес сияқты?..

Төлеухан Қадырұлы: -Бізде Тәжин де басшы болды, Әбіқаев та чекист емес. ҰҚК басшысының әскери адам болуы міндетті емес. ҰҚК-нің басшылығында жоғарыда лауазымды қызмет атқарған, саяси көзі ашық адам болғаны жөн. Өйткені біздің жұмыс көбіне-көп саясатпен байланысты. Мысалы, террорзим де – саясат. Діни ағым да – саясат. Мысалы, АҚШ-ты алып қарайық. АҚШ-тың экс-президенті Буштың әкесі  ЦРУ-дың директоры болған. Путин де барлау агенті болды.

Қабдолда Ешенұлы: -Комитеттің жұмысына келсек, тек саясат арқылы басқару қиын. Басшы профессионал болуы керек. Оның әмбебаб адам болғаны жөн.

«Ауғанстан Президентін күзеттім»

- Қазір ҰҚК жанынан құрылған «Сырбар» сыртқы барлау қызмет бар. Сіздер Кеңес одағы тұсында дәл осы сыртқа барлау қызметінде болдыңыздар ғой?..

Қабдолда Ешенұлы: -Біздің қазіргі «Сырбар» 2009 жылы 17 ақпанда қайта құрылды. Бұл – сыртқы барлау қызметі. Ол бұрын ҰҚК ішіндегі бөлімше ғана еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 1993 жылы арнайы барлау басқармасы құрылған-ды. 1997  жылы Елбасы біздің Барлау қызметін жасақтады. Мен ол кезде ҰҚК-нің арнайы десантты полкын басқардым. Біздің қазіргі Сырбардың ардагерлері Ауғанда болды. Интернационал әскерлер – өз міндеттерін абыроймен атқарған азаматтар.

Төлеухан Қадырұлы: -1980 жылы Совет өкіметі Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешім шығарды. Бұл дұрыс па, бұрыс па – әлі күнге дейін белгісіз. Біз өткен мектеп – бұл. Мынау отырған Қабдолда 1980 жылға Ауған соғысы кезінде Ауған Президентін күзетті. Ауғанстан Президенті резиденциясының ішінде болды. Ал резиденцияның сыртында соғыс жүріп жатқан.

1978 жылы Саур револьюциясы болды. Сол кезде Бабрах Кармаль деген ауған жазушысы өзінің партиясын құрды. Сөйтіп Чехословакияға жер ауып кеткен еді. 1979 жылы Ауғанстанның Премьер-министрі Таракидің көмекшісі болып жүрген Хафизолла Амин деген кісі Таракиді жастықпен тұншықтырып өлтіріп, бізден көмек сұрады. Ұзын-ырғасы Ауғанстаннан  КГБ-ге 20 хат келді, соның 17-сін Амин жазды. Әскери көмек сұрады. Кейін біз әлгі Аминнің көзін жойдық қой... Ол енді өз алдына бөлек әңгіме.

Қабдолда Ешенұлы: -Сөзді түйіндейік. Биыл 25 жыл толып отырған Ұлттық қауіпсіздік комитеті ең бірінші кезекте Қазақстан халқының тыныштығын, қауіпсіздігін қорғайтын ұйым. Оған үркіп-қорқып қарауға болмайды. Керісінше, бүкіл ел-жұрт болып  қауіпсіздігімізге барынша көңіл бөліп, арамыздағы жат ниетті адамдардың іріткі әрекеттеріне жол бермесек, террорлық немесе басқа да қауіп-қатердің алдын алуға әбден болады. Барлығымыз үшін ең басты құндылық – еліміздің, жеріміздің амандығы. Осыдан артық бақыт жоқ.

Сұхбаттасқан  Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

16 пікір