Сенбі, 1 Қазан 2022
Асқанға - тосқан 9894 50 пікір 11 Сәуір, 2017 сағат 17:46

«Правда» гәзеті: Мұстафа Шоқай – Фашист

Жақында орыстың «gazeta-pravda.ru» сайтында «Гитлердің сыбайласына ескерткіш ашылды» (Поставили памятник пособнику Гитлера) атты мақала жария болды.

Кремль пропогандасының иісі мүңкіп тұрған орыстың «Правда» гәзетінің Бішкектегі тілшісі Сергей Кожемякин өз мақаласында Алаш арысы, қазақ ұлтының қайраткер ұлы Мұстафа Шоқайды ашықтан ашық қаралап, «Қазақстан Украинаның кебін киеді» дегенді айтады.

 

Тәуелсіз Қазақстан Републикасының құзырлы органдарына құлаққағыс ету мақсатында біз «Правда» гәзетінің  №37-санына шыққан мақалаға қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.

«Мұстафа Шоқай – Фашист»

«Қазақстанда антисоветтік жүйені әм фашизмді қолдаған тұлғаға ұлықтап жатыр. Қызылордада Мұстафа Шоқайға ескерткіш ашылуы мифке негізделген псевдотарихқа жасаған кезекті қадам болды» (В Казахстане увековечивают память главарей антисоветского движения и приспешников фашизма. Открытый в Кызыл-Орде памятник Мустафе Шокаю стал очередным шагом на пути создания псевдоисторических мифов, на которые опирается официальная идеология страны), - деп жазады автор аталған мақаласының кіріспе сөзінде.

 

(Мұстафа Шоқайдың Қызылордада ашылған ескерткіші)

Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың кеңестік кер қоғамның езгісіне ынта-шынтасымен қарсы күрескені тарихтан белгілі. Ал Сергей Кожемякин өз контекстінде Мұстафа Шоқайды «фашист» деп қаралайды.

Тарихи деректерді ашықтан-ашық бұрмалап, Мұстафа Шоқайға көпе-көрнеу жала жапқан орыс журналисті Сергей Кожемякин өз мақаласында Орталық Азия елдерінің КСРО идеологиясының қалдықтарын күресінге ысырып, ұлттық, тарихи, мәдени әм рухани құндылықтарын жаңғыртв бастағанына ашынады.

Қазақстанды «социалистік жолдан айныған әм советтік құндылықтарды жоққа шығарушы» деп айыптай келіп, Қазақстанның Мемлекеттік құрылымындағы «Алтын дәуір» ретінде Қазақ хандығы құрылған кезең мен Алаш партиясының құрылған кезеңін айтады ( Эта тенденция затронула и Казахстан. Здесь для конструирования идеологической мифологии используются две эпохи. Первая — Казахское ханство (XV—XIX века), а вторая — период с 1917 по 1920 год, когда в Центральной Азии предпринимались попытки создать собственные, враждебные Советской власти государственные образования. Речь идёт об Алашской и Кокандской (или Туркестанской) автономиях).

Биыл жүз жылдығы тойланатын Алаш арыстарының аруағын қозғап, оларды фашистік жүйенің жандайшаптарына теліген Кожемякин мен оның мақаласын жария еткен орыстың «Правда» гәзеті мемлекетаралық қарым-қатынасқа қырсығын тигізіп, бүтін бір елдің тарихы мен тарихи тұлғасын қаралап отырғанын түсінбейді емес, түсінеді.

Сөйте тұра, «Биыл 100 жылдығы тойланғалы отырған Алашорда жоқтаушылары ұлтшыл-буржуаздар қозғалысын насихататуда.  Алайда атисәбеттік активистерді ұлықтаудың соңы – фашизмді қолдаушыларды насихаттауға ұласып кетті», - деп жазады. (Их столетие, отмечаемое в этом году, вызвало всплеск пропагандистской активности, направленной, в том числе на прославление лидеров буржуазно-националистического движения начала XX века. Но, как нередко бывает, начав с восхваления активистов антисоветского движения, современные идеологи постепенно скатываются к прославлению пособников фашизма…).

«ОДНИМ из таких событий стало открытие 28 марта в Кызыл-Орде 12-метрового памятника политическому деятелю Мустафе Шокаю. В тот же день в местном университете прошла международная научно-теоретическая конференция «Наследие Алаша и независимый Казахстан», посвящённая 100-летию образования партии «Алаш», - деп жазған автор Мұстафа Шоқай туралы бірді-екілі деректерді мысалға келтіреді.

Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайды – фашист, неміс бандеррасымен байланысқа түскен сәбеттік сатқын әрі болшевиктерге қарсы күрескен эммигрант деп сипаттайды (бұл туралы мына сілтемеден оқып танысуға әбден болады).

Ең бастысы – өз мақаласын түйіндей келе Сергей Кожемякин «Мұстафа Шоқай сынды азаматтарды ұлықтау – антисәбеттік қозғалысты насихаттау және КСРО-ны күйелеу» деп жазады.

Алашорда Сәбет Өкіметін жеңген

Тіпті Парламенттегі «Ақжол» партиясын да тілге тиек етіп, Перуашевтің «Қазақстанның бүгінгі Тәуелсіздігі – кешегі Алаш қайраткерлерінің арман мақсаты. Тарихи тұрғыдан алғанда – Сәбет Өкіметі жеңілді. Алаш жеңді» деген сөзіне де шүйлігеді.

Шүйлігеді де ашық қоқан-лоққы жасайды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының территориялық тыныштығын бұзуға, қос бірдей одақта ортақ қазаннан ас ішіп отырған Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына сызат түсіруді көздейді.

(Еуразиятанушы Сергей Кожемякин)

«Қазақстан Украинаның кебін киеді»

«Бұл тенденция бізді уайымдатпай қоймайды. Мысалы, Украинада да дәл осылай басталған. Бандерраны ұлықтауан басталған қадам қанды-қырғынға ұласты. Арты азаматтық соғысқа ұласты. Қазақстанды дәл осы жолға итермелеп отырған кім?» деп түйіндейді ол өз мақаласын (Эта тенденция не может не пугать. На Украине тоже всё начиналось с восхваления Петлюры, Бандеры и прочих одиозных фигур прошлого. Закончилось же кровавым переворотом, бесчеловечным режимом и гражданской войной. Неужели кто-то заинтересован в том, чтобы и Казахстан пошёл по тому же пути?).

Түйін. Біз жар астынан жау іздеп отырған жоқпыз. Айтқымыз келгені - қос бірдей одақтың аясында (Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ) ортақ экономикалық саясат жүргізіп отырған көрші Ресейдің псевдодемократтық сайттары мен журналистері Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, екі елді жауластыруды көздеп отырса керек.

ҚР Сыртқы Істер министрі Қайрат Әбдрахманов мырзаның,

ҚР ҰҚК басшысы Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтің,

ҚР Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың,

ҚР Парламенті Сенатының төрағысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның,

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин мырзаның назарына!

Бүгінгідей бейбіт күнде Тәуелсіз еліміздің тыныштығын бұзуды көздеген, Мемлекеттер арасына от салып, бүлік шақырған ресейлік басылымның арандатушы әрекетіне Ресейдің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі жауап беруі тиіс!

Бүгінде ел ішіне іріткі салып, түрлі идеологияны насихаттап жүрген шетелдік (оның ішінде дезинформаторлық саясатты нық ұстанатын ресейлік БАҚ) басылымдар, телеарналар мен ақпараттық сайттарға тосқауыл қойылуы тиіс!

Айтпақшы, 2010 жылы Париж қаласында  Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш ашылған болатын. Мұны Еуразиятанушы Сергей беле ме екен?..

(М.Шоқайдың Париж қаласындағы ескерткіш-бюсті)

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

50 пікір