Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 6486 1 пікір 6 Сәуір, 2017 сағат 15:49

Заманға сай жоғары оқу орны

Сәулет-құрылыс саласының қоғам өмірінде алатын орны өте ауқымды, ол біздің баспанамыздан бастап жалпы қалалық инфраструктураға дейін айналамыздағы кеңістікті ұйымдастырады. Сәулет-құрылыс мамандығы – құрметке бөленген әрі қоғам алдындағы жауапкершілігі мол мамандықтардың бірі. Бұл мамандық иелері белгілі бір нысанның ішкі, сыртқы көріністерімен қатар, ірі баспаналар немесе қоғамдық нысандарды жобалап, қала құрылысына қатысты маңызды міндеттерді шешуге атсалысады.   

Қазақстанда ХХ ғасырдың ортасында құрылысшы инженерлер мамандарды дайындау қолға алынып, еліміздегі белгілі сәулет-құрылыс нысандары бой көтеріп келеді. 1957 жылы Қазақ тау-металлургия институтына «Азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс» мамандығы бойынша оқыту ұйымдастыру туралы Үкімет шешімі қабылданған соң, алғаш елу студент осы мамандық бойынша отандық дәріс алып, бес жылдан кейін ел үшін  қызмет етті.

Елу жылдан астам тарихы бар құрылысшы мамандарды дайындау ісіне көптеген жоғары оқу орындары жұмылдырылды. Осы тұста еліміздегі қалақұрылысы дамуына, көрікті сәулеттік ғимараттардың бой көтеруіне зор үлес қосып отырған оқу орындардың бірегейі – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы. ҚазБСҚА сәулетші-құрылысшылар дайындайтын оқу орны болғандықтан, қоғам талабына сай жиырма жыл бұрын оның ішкі-сыртқы дизайн мәселесін жолға қойды. Осы бағытты дамыту мақсатында алғаш Дизайн мамандығы ашылды. Елімізде кенжелеп колға алынған мамандық иелері аз уақыт ішінде кәсіби жоғары мамандармен иық тіресетін деңгейге жетті десек артық айтпағанымыз болар. Олай деуге ҚазБСҚА дизайнерлерінің алыс-жақын елдерде жоғары бағасын алып жатқан түрлі жобалары дәлел.

Алматы сәулет-құрылыс институты (кейіннен ҚазБСҚА), Қазақ политехникалық институтынан еншілеп, 1980 жылы жеке жоғары оқу орны болып ашылды. Елу жылдан астам уақыт бойы өз ісінің қас шеберлері мен таланты асқан, шығармашылығы тасыған мамандарды ел игілігіне дайындауда. ҚазБСҚА көп деңгейлі оқу орны: кәсіптік білім беру лицейінен бастап, колледж (құрылыс, сәулет, дизайн мамандықтары бойынша), бакалавр, магистратура, PhD доктарантура бойынша сапалы білім беріледі. Академияда сәулет-құрылыс мамандықтарымен қоса, қазіргі таңда сұранысқа ие болып отырған дизайн мамандықтары (интерьер, костюм, ландшафт, т.б.) оқытылады.

ҚазБСҚА сәулет-құрылыс саласында жоғары білікті маман дайындаумен қатар, барлық деңгейде білім алуға, қоғамнан өз орнын таба білетін, жан-жақты, жоғары зияткер болуға мүмкіндік береді. Болашақ сәулетшілер мен құрылысшыларға терең білім беріп қана қоймай, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеп, елжандылық қасиеттерін қалыптастырып, ұлтаралық достықты дәріптеуге шақырады.

Академия президенті техника ғылымдарының докторы, профессор Ә.А.Құсайыновтың басшылығымен кейінгі он жылдан астам уақыт ішінде үлкен жетістіктер мен айтарлықтай табыстарға жетті. Атап айтсақ, ҚазБСҚА – Қазақстанда кредиттік оқу жүйесін енгізген алғашқы жоғары оқу орны. 2007 жылы дүние жүзінде бірінші болып «Сәулет» мамандығы ЮНЕСКО-Халықарлық сәулетшілер одағының халықарлық аккредитациясынан өтуі академияның білім беру сапасының жоғары екендігін әлемдік деңгейде дәлелдеді. 2011 жылы осы жетістікті қайтадан дәлелдеді, комиссия мүшелері студенттердің біліміне, тілдер білу деңгейіне қайтадан қайран қалды.

ҚазБСҚА әлемнің озық, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатты, әлі де жалғастыруда. Соның нәтижесінде  академия студенттері сәулет, құрылыс саласында алдыңғы қатарлы технологияларды үйрену мақсатында жазғы практикаларын АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Италия, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Германия, Франция, Испания, Түркия, БАӘ, Египет мемлекеттерінде өткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл академиямыздың теориялық біліммен практиканы қатар меңгерту мақсатында өндірістің озық үлгілерімен нәрлендіру мақсатынан туындаған үдеріс.

ҚазБСҚА-да 2008 жылы Орта Азия мемлекеттерінің сәулет-құрылыс мамандықтарының ассоциациясын (ЦАААСС) құрды. Бұл осы мемлекеттердегі сәулет-құрылыс мамандықтарын дайындайтын ЖОО арасында байланысты күшейтуге жол ашты және ортаазиялық  атақты ғалымдар, профессорлар шақырылып дәрістерін тыңдау әдетке айналды.

Сәулетшілер мен дизайн мамандықтарының студент жастары еліміздің алыс жақын шетелде болатын халықаралық байқауларға белсене қатысып, жыл сайын жүлделі орындарға ие болады. Осының бәрі ҚазБСҚА-да білім беру сапасының өте жоғары екендігінің бірден-бір дәлелі.

Академияның халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен қоса, ішкі әлеуметтік қолдауын сөз етпеуге болмас. Академияда үздік оқитын студенттерге арналған Қамқоршылар Кеңесінің арнайы гранттары бөлінеді. Құрылғанына он бір жыл болған бұл Кеңестің қолдауымен жүздеген студенттер тегін білім алуға мүмкіншілік алды.

Академия студенттердің жағдайына аса зор көңіл бөледі. Оларға арнап заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген Студенттер үйінен орын тегін беріледі. Студенттер үйінде сабаққа дайындалуға қажетті барлық ресурстар қамтылған: тамаша оқу залы, тегін интернет залы, ыңғайлы үстелдері бар сызба жұмыстарына арналған бөлме.

ҚазБСҚА – заман ағымымен, кейде оны да басып озып келе жатқан Қазақстандағы сәулет-құрылыс, дизайн саласында мамандар дайындайтын  жоғары оқу орны. Академия түлектері қазіргі таңда толыққанды жұмыспен қамтамасыз етілуі – біздің оқу орнымыздың тынымсыз еңбегі, халықаралық деңгейдегі көрінісіміз, білім сапасының биіктігі.

Егемен еліміздің дамуына қосар үлесі арта беріп, Тәуелсіз Қазақстанымыздың төріне қолтаңбасын қалдыра берсін демекпіз.

 

Ж.М. Жампейсова

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы,

ЖГДФ ассоц.профессоры, филология

ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3613