Жұма, 29 Наурыз 2024
Деп жатыр 5672 0 пікір 30 Наурыз, 2017 сағат 14:04

«Хабар» арнасы «Mен әншімін» жобасын көрсетеді

Қазақ жұрты Димаш Құдайбергеновтың Қытайдың «Хунан ТВ» телеарнасындағы «Мен әншімін» (Singer 2017) байқауына қатысып жатқанынан хабардар. Үздік әншіні анықтайтын музыкалық дода ең алғаш 2013 жылы эфирге шыққан. Осы жылы бесінші рет ұйымдастырылуда. Шоу аспан асты елінен өзге, Канада, Малайзия, Сингапур, Тайланд және Еуропа мемлекеттеріне тарайды. Ал, 1-сәуірден бастап Қазақ елінде де көрсетілмек.

Бұл жөнінде «Хабар» телеарнасының Бас продюсері Айдос Тұрысбек мәлімдеді. - Бұған дейін біз Димаштың халықаралық байқаудағы өнерін ғаламтордан үзік-үзік қана көрсек, енді сайыстың толық нұсқасын көрсету мүмкіндігі туып отыр. Музыкалық шоудың атмосферасын, ондағы көңіл-күй, өзге әншілердің бабын, сахна сыртындағы бәсеке – мұның барлығын «Мен әншімін» жобасынан тамашалай аласыздар. 22 сәуір соңғы сайыс күні. Финалдың өзі екі кезеңнен тұрады. Алғашқысында Димаш жеке орындаса, екінші кезеңде дуэтте ән айтады. Әншінің жанкүйерлері үшін осы сұрақ қызық болып тұр. Димаш бір сахнада кіммен ән айтуы мүмкін? Мұны дәл сол күні «Хабар» арнасынан көре аласыздар» - деді ол.

Естеріңізде болса Димаш Құдайбергенов алғаш рет 21 қаңтар күні француздың «SOS d'un terrien en détresse» әнін шырқап, қытайлық сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Кейбір Қытай басылымдары оны «Тәңір өзі назарына алған жас әнші» деп бағалаған еді. Талантты өнерпаз миллиардтаған көрерменнің алдында қытай, орыс, ағылшын тілдерінде, ал ең бастысы қазақ тілінде ән салып үлгерді.

Жас дарынның жетістіктерінен кейін аспан асты елінің Қазақстанға қызығушылығы арта түсті. Біздің музыкалық аспаптарымызға, тілімізге, тіпті қандай тағам жейтініміз көршілерге таңсық болып тұр.

- Димаштың жанкүйерлері күннен-күнге таңқалдыруларын қоймайды. Расымен, мақтанға салынбайықшы деп, көп тосын сыйларды жариялай бермейміз. Бірақ, бүгінгісі ерекше! Қытай фанаттары арнайы Қазақстанды зерттеп, виза ашып, елімізге барыпты. Димаштың қарны ашып қалмасын деп, қазақ ұлттық тағамдарын дайындап, бүгінгі түскі аста бізді таңқалдырды. Қазы-қарта, тары-талқан, құрт-май, жеміс-жидек бәрі бар! Жырақта жүрген жан үшін бұл тағамдардың орны ерекше екені сөзсіз! Қорап-қорап сыйлық. Әлі ашып та үлгермей жатырмыз! Барлығы әншісіне деген ниеті ғой жанкүйерлердің» - деп жазған еді Димаштың PR- менеджері Алпамыс Шаримов өзінің Инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.

Кіл мықтылар жиналған сахнада шын талантты анықтау киынның қиыны-ақ. Себебі Димаштың PR-менеджері айтып кеткендей бұл сайысқа қатысушылардың әрқайсы бірнеше додаларда бақ сынап, биіктерді бағындырып үлгерген, өз елдерінде танымал жұлдыздар. Байқауда қытай азаматтарынан өзге Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур және Қазақстаннан келген әншілер қатысуда. Жерлесіміз Орталық Азиядан қатысқан алғашқы өнерпаз.

Қазіргі уақытта Димаш он кезеңнен сүрінбей өтіп, финалға жолдама алды. Енді әнші сәуір айында итальяның ең әйгілі әнші һәм актері Адриано Челентаноның «Confessa» әнін орындайды деп күтілуде.

Сонымен, 1-сәуірден бастап әр сенбі сайын «Хабар» арнасынан «Мен әншімін» жобасын тамашалаңыздар!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616