Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 7069 0 пікір 24 Қаңтар, 2015 сағат 09:05

МЕЙІРІМДІ ҰСТАЗ, МЕРЕЙЛІ ҒАЛЫМ

Қазір қазақ журналистикасы ғажап өзгерген. Бүкіл әлем алақанда тұрғандай айқын көрінеді. Ақпарат тасқыны да толқын  -толқынымен, ақыл-ой, жүйке тамырдың жағалауын соққылап-ақ жатыр. Саралап тізіп, салмақтап сүзіп шығуға да уақыт шіркіннің жетпей қалатыны жасырын емес. Газет-журналдар мен телерадио компанияларында қаншама жүздеген қаламгер – әріптестер уақыт тынысымен жүзіп жүр. Бәрі де билік пен халықтың арасындағы алтын көпірді айналып өте алмайды. Аспандағыны аңсаса да, бәрібір жердегіні жазады.

Қазақ журналистикасының тұңғыш теоретигі Ахмет Байтұрсынов 1913 жылғы «Қазақ» газетін шығарғанда белгілеп берген ұлттық журналистиканың бес функциясы негізгі түп қазық болғанымен уақыт ұсынысына орай толықтырылып, өзгертулерді қажет етті. Бұл да бір заңдылық деп есептейміз. «Заманына қарай-  амалы» деп бабаларымыз тегін айтпаса керек.

Осы ғажайып өзгерген қазақ журналистикасының ортақ ошақтағы отын маздатып жүргендердің дені арнайы журналист деген дипломы бар машықтанған мамандар. Әсіресе тележурналистика ерекше қарқынмен дамып, қалың елдің көзайымына айналды. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін экранға көз тігеді. Естеріңізде болса, белгілі Ресей кинорежиссері Владимир Меньшовтың «Москва слезам не верит» атты екі сериялы фильмі заманында бүкіл одақты дүрліктірді. Сол қоғамдағы ең жаралы түйінді түйреді. Бір емес, бірнеше қайталап көрдік. Әлі күнге дейін тамашалай беруге әзірміз. Сол қасиетінен де болар, 1981 жылы ең мәртебелі «Оскар» сыйлығына лайық деп танылды. Осы кинофильмдегі белгілі кейіпкердің айтатын: «Келешекте кино да, театр да болмайды. Тек барлығын телевизия жаулап алады,» - деген сөзі расқа айнала жаздағанын көзіміз көріп отыр. Болашақты болжайтын осындай ойлар елеусіздеу ғана кейіпкер аузымен айтылып жататыны өнер туындыларының табиғатына тән қасиет. Көгілдір экранның жүректерді жаулап алғаны сонша, өзім дәріс оқып жүрген студенттердің бәрінің аңсары осы сиқырлы көк жәшікке ауады да тұрады. Жұлдыз болып жылдам танылып, аспанда жарқырап тұрғылары келеді-ақ. Жастыққа жарасымды да шығар. Бірақ жұлдыз болу үшін алдымен білім қажет екенін айтудай-ақ айтып келеміз. Ал осы жас талапкерлердің қанатын қатайтып, қаламын ұштайтын ғалым –оқытушылардың жауапкершілік жүгі мың батпан. «Журналист қателесуге болмайды» деген қағиданы қатаң ұстансақ, олардың да қақас басуға қақысы жоқ шығар. Жалпы журналистика деген ғылым болмаса да, барлық ғылымның негізінен хабардар, әр саланың түп төркінінен ой қорыта алатын кадр даярлау осы оқытушылардың маңдайына жазылған. Менің түсінігімде журналистиканың анасы – филология, әкесі мен ағасы – саясаттану және социология ғылымдары деп есептеймін. Айналып келгенде, сөз өнерінен өріп шығады, өркен жаяды.

 Ой түйіні осы жерге тірелгенде өз басым қарындасым деп қадірлейтін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Рамазан Айгүл Әмірғалиқызының (суретте) 20 жылдан аса жоғарғы оқу ордасындағы қызмет өтілінде ауыз толтырып айтарлықтай табыстары толағай теңіз. Қарындасым деп меншіктеп отырғаным,  бір топырақтан нәр алдық. Білім қайнарымен сусындаған бастау бұлағымыз да бір. Белгілі ғалым Бауыржан Омар жазғандай КазГУ-дің 5-жатақханасы ортақ бесігіміз болды. Тегеуріні мықты Темірбек Қожекеевтей декан әкеміз, Любовь Ивановна Шаламайдай комендант шешеміз тезге салып, шарболаттай сомдап шынықтырды. Қазір соған іштей алғыс айтып отырамыз. Ғылым докторлары Тауман Амандосов пен Файзолла Оразаев, Намазалы Омашов пен Дандай Ысқақов, Тұрсынбек Кәкішов пен Рымғали Нұрғалиевтей ұстаздар өнегесін көргенімізді мақтан тұтамыз.

Атасы мен әжесінің бауырында бұла өскен Айгүлдің бойында қазақ қыздарына тән қасиеттердің барлығы қалыптасқан. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін ұлттық менталитетіміздің ұшқындары жүзінен сәуле шашып тұрады. Сол мінезімен де күні бүгінге дейін қандай ортаға болмасын сиымды, өзін де сыйлата алатын өнеге қалыптастырып отыр. Жүріс-тұрысы мен қағілез қалпы гуманизм жолына түскен қыз-жігіттер үшін бір мектеп.

Өткен ғасырдың 70 жылдарының аяғын ала Абай аудандық «Совхоз туы» газетінің беттеріне мектеп хабарларын жазып жүретін Айгүл қазір еркін елдің ғылымында ойып орын алған тұлға болып қалыптасты.

Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдар тұсында журналистикаға жаңа бір үрдіс, жаңа бір тыныс келді. Ол – әр журналист қоғамдағы бар саланы қаузай жазуымен қоса, өзінің ыңғайына, жүрек қағысының қалауына орай, бір тақырыпты еншілеп алып, тереңдетіп бүге-шігесіне дейін тексере жазу болатын. Жаңалыққа жаны құмар Айгүл сахна өнері, кино саласына әбжіл бейімделді. Республикалық басылым беттерінде қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары жайлы жазған мақалалары бірінен соң бірі жарқырап шығып жатты. Сол қабілетін ескеріп республикалық «Өнер» баспасы қызыл дипломмен бітірген қызды қызметке шақырады. Бұл да болашақ маманға деген үлкен сенімді білдірсе керек. Сол сыннан сүрінбей өткен Айгүл Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасына түседі. Сөйтіп, ғарыш кеңістігіндей ғылым айдынына біржола бет бұрды. Ұлы Абай атасы ерекше ескертіп, өзгеше өрнектеп отыратын ең ауыр жолды таңдады. Бұл дегеніңіз бір күнде бүршік жарып, аз уақытта абыройға кенелтетін оңай олжа емес. Орталық кітапхана мен сарғайған мұрағат материалдары ұшы-қиырына жеткізе қойсашы. Қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Мағауиннің «Мұрагер» әңгімесінің кейіпкеріндей ала таңнан кешке дейін көз майын тауысты. Мұрағат материалдарын парақтаған сайын тылсым әлемнің тұңғиығына бойлай берді. Оның үстіне, таңдап алған кандидаттық дисертациясы - «Қазіргі қазақ повестеріндегі экология мәселесі». Адам мен табиғат егіз десек, ең бір жанға бататын, жүйкеңді қажап, жүрегіңді сыздататын жайлар еді бұл. Өзі сол қырық жылдай атом бомбасы сыналған аймақтың эпицентрінде өскен Айгүлге бұл тақырыптың оңай соқпағанын ішіміз сезеді. Оның үстіне, көп зерттеле қоймаған, жасырын жайларды жазушылар да ашық айта алмады. «Апам үйі қалай қарайды екен» деп орталықтың қабағын бағып, астарлап жеткізетін тұсаулы кезеңнен көп ұзай қоймағанбыз. Нақтылап айтсақ, 1993 жыл болатын. Тәуелсіздігін енді алып, жаңа мемлекет құруға қадам басып жатқан Қазақстанның ішкі саясаты мен экономикасы бұрынғы қалыптасқан дәстүрден бөлек, мүлде басқа арнаға бет бұрды. Мұның бәрі де сол кездегі ғылымға әсер етпей қойған жоқ. Жаңа жолдың қашан да қияметі көп, машақаты мол. Ұлы Мұхтар Әуезовтың әйгілі эпопеясында Абай аузымен айтылатын мына сөздерінің «... не қылса осы өздерің біліп, көріп тұрған дүние асты-үстіне келіп, астан-кестен бір өзгереді де жаңғырады. Одан арғы заман, сендердің ата-бабаң, арғы-бергі аруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше заман болады!» деген сәуегейлік ойларының орындалуына қадам басқан шағымыз еді.

Ауыртпалыққа алдырмайтын, ішкі рухани қайсарлығы мығым мінезінің арқасында бәрін жеңе білді. Өзі айтқан бір әңгіме әредігінде, аспирант кезіндегі жетекшісі Нығмет Ғабдуллиннің бойындағы нағыз ғалымға тән бекзадалықты үлгі тұтты. Мұны сонау Ахаңдар бастаған тектіліктің жалғасындай қабылдайтын.

Қашан да қыздың жолы жіңішке екендігін қазақтан артық айтқан ешкім жоқ. Сол тұста Айгүл үлкен бір өнегелі, өркенді әулеттің келіні атанып үлгерген еді. Өмірге өрімдей-өрімдей ұрпақ келіп жатты. Тағдыр табыстырған Шәкеңде ғылым жолына ғұмырын арнаған. Көңілдері жарасып, шаңырақ көтергендеріне тілеулес жандар ретінде сырттай қуанып жүруші едік. Ғылым айдынында бірін-бірі түсініп, қос кемедей қатар жүзді. Кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, өзі түлеп ұшқан КазГУ-іне оқытушы болып оралды.

Қарап отырсам, қарындасым кілең бір шиелі тақырыптарды таңдап алады. Докторлық диссертациясы - «Қазақстандағы тіл саясаты және баспасөз». Алаштың қадым заманынан бері қаншама айтып, оңалдыра алмай келе жатқан олқылығының бірі де осы тілі еді ғой. Арғы-бергі арыстарымыздың бұл төңіректе айтпағаны жоқ. Жаңалық ашып, елді елең еткізу ең бір түйінді түйіткіл. Бәрін саралап, салмақтап, салиқалы сөз, сарабдал пікір айту үлкен даярлықты керек етеді. Бетінен қалқып, берекесін кетірмей, арғы түбін қаузай қазуға бел байлады. Соның дәлеліндей елуге тарта ғылыми мақалалар, жиырмаға таяу публицистикалық жазбалар, екі-үш оқу құралы өмірге келді.

Елу жастың есігін енді қаққан ізденімпаз ғалым үшін айтуға тұрарлық еңбек. Отауындағы үш қарғасын аналық мейірімімен қанаттандыра жүріп өзі де қанына біткен қасиетімен қағаз кемірді. Туған бауыры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, талантты жазушы Думан Рамазан әпкесінің қабілеті мол екендігін меңзеп «жайбасарсың» деп қайраған сөзі де жарасып тұр. Меніңше,  жайбасарлық емес. Айгүлдің жазып жүргендері өзіне деген, ғылымға деген асқан жауапкершілікпен, сақтықпен қарайтын қатал талабының туындысы. Тарқатып айтсақ, «Тіл туралы тұңғыш кеңестің мәні мен маңызы», «Языковые реформы: ненужная латынь» Ресейден шыққан басылым, «Языковая политика в СССР как инструмент денационализации» Украинада жарық көрген. Сондай-ақ, өз еліміздегі «Ақиқат», «Жұлдыз», «Жалын», оқу ордаларындағы «Хабаршы» атты басылымдарда басылған еңбектерін айтпағанда, Орта Азия мемлекеттері журналдарының біраз бөлігінде мақалалары жоғары бағаға ие болды. Сол елдердің айтулы ғалымдары жылы пікір білдірді. Ғылыми оқу құралы ретінде студент кезіндегі ұстаздары С.Қозыбаев, Қ.Аллабергеновтермен бірігіп жазған «Әлем баспасөзі тарихынан», «Справочник журналиста Казахстана» атты еңбектері және өзі жазған  «Шетел журналистикасының тарихы» кітабы мен «Қазақ баспасөзі және Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасу, даму жолдары» атты монографиясы  болашақ қаламгерлер үшін таптырмайтын оқулыққа айналып отыр.

         Әлемдік өркениетке бет түзеген тәуелсіз ел журналистикасының бағбаны, жыл сайын ұядан ұшып шыққан жас мамандардың сүйікті ұстазы атанған қарапайым да қастерлі, мейірімді де мерейлі, білімді де білікті менің Айгүл қарындасым осындай қасиеттерімен аяулы.

 

МҰРАТБЕК ОСПАНОВ,

«Абай» журналының бас редакторы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Abai.kz 

0 пікір