Сенбі, 20 Сәуір 2024
Мәйекті 7437 0 пікір 27 Қаңтар, 2015 сағат 09:19

ХАНДЫҒЫМЫЗДЫҢ ҚАЙ ТОЙЫН, ҚАЛАЙ ӨТКІЗБЕКПІЗ?

 «Биыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін тойлаймыз» деген биліктің биік уәдесінің ойдағыдай орындалуын асыға күтіп жүрген алаш жұртының мен де бір алакөңіл азаматымын. Алакөңіл болуымның себебін де түсіндірейін. Өйткені, берідегі Қазақстанның, әрідегі қазақ жұртының, Алаш ұрпағының тарихын әр кезеңнің төбемізден төнген төрдегі төрелері өктемшіл қалау һәм қадағалауымен кесіп-пішіп, қырқып-қысқартып, өздерінің ыңғайына ғана жағатын тап-тар қуысқа сыналап апарып, сығыстыра салып келген-ді.

Кешегі Кеңес Одағының қарамағында кіріптар болып жүргенімізде, Кремльдің сызып берген жобасымен тарихымызға Қазан төңкерісінен бастау алғызып, «республикамыздың іргетасын лениндік-сталиндік социализмнің қып-қызыл кірпішімен қаладық» деп қалпағымызды шекірейте киіп, шірене басып келдік те.

Горбачев пен Ельциннің екі жақтап ырғаған  әрекеттерінің арқасында «мызғымас» дейтін сол одақ быт-шыт болғанда, Құдай жарылқап, өзгелердің ең соңында қалсақ та, тәуелсіз мемлекетіміздің туын көкке көтеріп едік. Көтеріп едік те, «Ұлттық мемлекетімізді енді ғана құрдық. Бұған дейін болмаған шекарамыздың шебін анықтап, шегендеп бекіттік. Ана тіліміздің қалыптасуына ықпал жасадық!» дейтін аса биік мінбердегі уәжбен тарихымыздың екінші бір «басталу» кезеңін белгілеген де едік.

Бірақ осынау тарихымыздың шеңбері Бальзактың шегірен былғарысындай тарыла берсе, бір күні әлдекімдердің әрекетімен тып-типыл боп жоғалып, мүлде өшіп кетер-ау дейтін қорқыныш кеудеме ұялайтын да тәрізді.

Ал осы қазақ атты халыққа, Алаш ұрпағы дейтін ұлтқа байланысты уақыт-құдіреттің қатпар-қатпарында қалған қолат-қойнауларға үңілсек, жоқтан бар болып жаралмай, бардан нәр алып өсіп-өрбіген түп-тегімізді байқар едік. Ширатпа шежірелердің табыстап кеткен із-таңбаларына көз жүгіртсек, сонау тылсымдай жұмбақ, аспандай алыс дүниеден үш мың жылдай бұрын өмір сүрген сақты (скифті) көрер едік. Яғни, біздің дәуірімізге дейінгі сегізінші-жетінші ғасырларда бүгінгі Қазақстан территориясында көшіп-қонып жүрген сақтардың Сырдария бойындағы массагет, Жамбыл, Алматы облыстары аумағындағы иссадон, Солтүстік-батыс өлкеміздегі агриппий тайпалары арғы, өте арғы ататек, түп негізіміз деуімізге көз алартатындар табыла қоймас-ау.

Қасиетті жерінің киелі топырағын жат табанына басқызбай, басқыншылық жасаған парсы патшасы Кирдің әскерін тас-талқан етіп жеңіп, Кирдің басын қан толы қапшыққа салған массагет патшайымы Тұмар (Томирис) ханымды ұрпақтық ізгі ниетпен ұлықтап, құрмет тұтатынымызды ұмыта алармыз ба?.. Ұмытпасақ, сол сақ тайпаларының үрім-бұтағы болып таралып, бүгініміздің шуағына бөленіп отырған қассақ-қазақ жұртшылығы өз тарихының 2800-3000 жылдығын тойласа қайтер еді дегім бар. Бұл бір.

«Әй, осы тым орасандау санға тарихымызды асығыстау тіркеп жібермедік пе?» дейтін үркекшіл қандастарыма қосылып, күдікке тірелердей болсақ, онда тағы бір сонау, сон-ау ғасырлар түнегінде қалдырған өмір өткелдерінің түкпіріне көңіл көзін қадай қоялық.

Біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырда осынау даламыздың қияны мен қиырында, ойы мен қырында жазын жазыла жайлап, қысын қыстырыла қыстаған арғын, үйсін, қаңлылардан құралған түрік тайпаларының тірлік кешкенін қираған шымнан, гүлзарды басқан құмнан табылған көне ширатпалардың меңіреуіне шым-шымдап енгізген көмбелері куә. Осы бір дерекке иек артып, қолдау таныта алсақ, тарихымыздың 2500 жылдық мерекесімен мерейленуімізге әбден болады екен, тектестерім.

Әрине, өз ішінің сергегін кекетіп, милысын мұқатып ұпай жинайтын кейбір қандасымның: «Ой, білгішім-ай! Ой, сезгішім-ай!» дейтін табалауынан қобалжыған көңілмен тарих жылнамасының жылдарын тағы біраз бері жылжытуға мәжбүрмін.

Сол себепті әлгі түрік тайпалары «тайраңдаған» заманынан арада жеті-сегіз ғасырды қалдырып, біздің дәуірдің төртінші жүзжылдығына секіріп түсейік. Бұл кезең – Алтайда түрік тайпалары барынша күшейіп, байтақ қазақ даласына ендей еніп, дүрілдеген де дүбірлеген Түрік қағанатын құрған берекелі кезең еді.

Әлгі арада қалған сегіз ғасырдай мерзімде қаңлылармен іргелес орналасып, Сырдың төменгі бойын, Арал төңірегін мекендеген алан тайпасына да тоқталмайын. (Осы аланнан кейін Қап тауының біраз ұлты бастау алғанын растауды тарихшылардың еншісіне қалдырдым).

Біздің дәуіріміздің екінші-үшінші ғасырларында Қытайдың Ганьсу аумағында өсіп-өнген ғұндар өздерінің айбынды мемлекетін құрған-ды. Сол ғұндардың Жетісу өңіріне лап қойып, үйсін мемлекетін бір ғасыр боданында ұстағанын, ақыры үйсіндер ғұндарға мықтап тойтарыс беріп, еркіндігі мен бостандығын қайтарғанын да құлақ-қағыс ете кетейін.

Енді Түрік қағанатына қайта оралайын.

Осы қағанаттың қысым көрсетуіне шыдамаған жергілікті халықтың 572 жылы Бұқардағы көтерілісінің нәтижесінде Түрік қағанаты Шығыс және Батыс атауларымен екіге бөлініп кеткен-ді. Жетісу өңіріндегі Сұяб қаласын астанасы еткен Батыс Түрік қағанаты қанатының астына бүгінгі қазақ тайпалары енгенін тілге тиек етсек, тарихымыздың 1450 жылдық ғұмыры көз алдымызға көлбеңдей қалатын тәрізді. Алайда күдікшілердің күңкілі көрпемнің астынан қуып шығарын сезіп, бұл санға да тұрақтай алмай, тарихымыздың келесі бір табалдырығынан  аттауды жөн көрдім.

Батыс Түрік қағанаты ыдырағаннан кейін, осы қағанаттың қарамағында болған Сұлу атты көсемі басқарған түргеш тайпасының дәуірлеуі басталады. Сұяб қаласын орталығы еткен Түргеш хандығы жарты ғасырдай билік құрған болатын. Бірақ аумалы-төкпелі заманның қытымыр уысынан шыға алмаған бұл хандық басқыншы қытайлықтардан ойсырай жеңілген соң ендігі тірлік пен биліктің аренасы батыс Алтайдан шыққан қарлұқ тайпасының еншісіне тиген еді. Асқар тауымыз бен салқар даламыздың 700-940 жылдар аралығында түргештер мен қарлұқтар иелігінде болғанын есепке алсақ, тарихымыздың қазық қаққан мезетіне 1300 жыл толыпты-ау деп марқаяр да едік.

Әйтсе де, осы мөлшерді де тақиямызға тар келтіретін тұстастарымның аз еместігінен жасқанып, осы мезетке тұрақтамай, бері қарай жылжи берейін.

Оныншы ғасырдың ортасында түріктің яғма дейтін тайпасы Шу алқабына басып кіріп, Баласағұн қаласын жаулап алған-ды. Осы тайпаға оғыздар мен қарлұқ, арғын мен түргеш, дулат һәм үйсіндер бас қосып, 999 жылы Сыр мен Әмудің арасындағы саманидтер билеген Мәуреннаһрға қарсы соғыс ашып, Бұқар қаласын тартып алады. Жаңа одақтың басшысы «Қара хан» деген атақты иемденеді. Сол себепті де бірнеше тайпаның басын қосқан бұл хандық Қараханидтер деп аталғаны көне күндерден белгілі. Қазақстан территориясында билік құрған осы қараханидтер әулетінің дәуірлейтін тұсын межелейтін болсақ, онда тарихымыздың жасын 1000 жылға толтырып, ұланғасыр тойымызды топырлаған дөңгелектермен домалата жөнелер ме едік.

Бәрібір сыбыр-күбірі көп сыншыларымның сыпсыңынан сақтанбақ ниетпен дәл осы межеге де тұрақтай алмай, XI-XII ғасырларда патшалық құрған Қыпшақ мемлекетіне қарай ойысуға бет бұрдым. Сырдағы астанасын Сығанақ еткен, Қырымдағы орталығын Судақ қаласы етіп бекіткен Қыпшақ хандығы Батыс пен Шығысты жалғаған керуен жолы болғанын ерекше атап өту ләзім.

Осы қыпшақ мемлекетінің дүрілдеу мезгілін тілге тиек етсек, тарихымыздың кіндігі кесілгеніне 900 жыл толғанын тамсана айтар ма едік. Айтқаныма қарсы сілтенер семсерлерден сескенем де, тарихымыздың бастау көзін іздеген сүрлеуімді бері қарай бүрісіп сүйрей түсем.

1219-1221 жылдарда ұзын аққан өлкеміздің Шыңғыс ханның иелігіне көшкенін, Орта Азия – қаһарлы қаһанның ұлы Шағатай ұлысы, қазақ даласы – Жошы ұлысы аталып тірлік кешкенін баршамыз білеміз. Шыңғыс ханға ілесіп келген найман және кереймен, қоңырат һәм қиятпен толысқан біздің бүкіл тайпаларымыздан іріктелген айбынды әскерімен әлемді жаулап алуды армандаған Темірші Русьті, Кавказды, Еуропаның біраз бөлігін тақымына қысып, жамбасына басып алғанын көйіте бермейін. Бақиға көшпейтін тірлік, мәңгілік өшпейтін бірлік болмайтыны хақ десек, мызғымас дейтін Шыңғыс хан империясының да ыдырар сәті жеткен-ді. 1246 жылғы құрылтайда Шыңғыстың немересі Күйік ұлы қаһанның тағына сайлана қалмай ма. Тақталастықтың бақталастықты шырқау шегіне жеткізе асқындырып жіберетін кеселі сонау ежелгі Эллада заманынан белгілі. Күншілдіктің дертімен өзегіне өрт түскен Шыңғыстың тағы бір Бату атты немересі Күйікке бағынуды қорлық тұтып, өз мемлекетін құрып ала қойған еді. Оны шығыс елдері – Көк Орда, батыс елдері – Алтын Орда деп атап кеткен болатын. Сол Алтын Орданың құрамына енген тайпаларымыздың уақытымен есептеп, тарихымыздың жасын 770 жылға тағы бір қосақтай салуға батылым бармай тұр-ау. Сол себеппен Алтын Орданың ішіндегі бұрқ-сарқ бүлкілдеген бүліктердің салдарынан 1310-1315 жылдары Алтын Ордадан бөлініп шығып астанасын Сығанақ қаласы етіп, өзі Ақ Орда аталып шаңырақ көтерген хандыққа ат басын тірейін. Тірейін де: «Әй, осы биыл хандығымыздың 700 жылдығын тойлауға әбден болады екен-ау!» деп тоқмейілсуіме болады екен, қадірменді қандастарым. Бірақ осы ыңғайға қасарысқан қаламым жүрмей қойса да, дәтке қуат етерім: Орыс ханның басқаруымен дәуірленген Ақ Орданың әлсіреген Алтын Орданы өзіне қосып алғаны. Амал нешік, Мәуреннаһр өлкесін басқарған барлас руынан шыққан Ақсақ Темірмен одақ құрған әмір Тоқтамыс 1377 жылы Орыс ханды өлтіріп, Сығанақты басып алмай ма. Ал енді осы Алтын Орда тағы үшін тайталасқан таласта Тоқтамысты ығыстырып, уақытша хан болып Мамай келмей ме. Біраз княздіктерінің басын қосқан орыстың Дмитрий Донскойынан Куликов шайқасында сол Мамай жеңіліп қалмай ма. Содан соң-ақ берекесі қашып, бірлігі ыдыраған Алтын Орданы әбден күшейіп айбыны асқан Әмір Темір иектеп ала қоймай ма. Хандықтан әлі де дәмелі Тоқтамыстың көзін жоймақ болып ақсақ жолбарыс тақталасын 200 мың әскерін жөңкілтіп Ұлытауға шейін қуып бармай ма.

1405 жылы Ақсақ Темір өлген соң Қазақстан территориясында Ноғай, Өзбек атауларымен екі хандық дүниеге келеді. Негізін маңғыт тайпасы құраған батыс өлкедегі Ноғай хандығын «ел қамын жеген» Едіге басқарған еді.

1425 жылы таққа отырған Орыс ханның немересі Барақ хан бүгінгі өзбек, қазақ тайпаларының басын қосқан иелігін Өзбек хандығы деп жариялаған болатын. Өйткені, сол кезде хан әскерін өзбек деп атайды екен. Енді осынау датаның жалына жармассақ, тарихымыздың 590 жылдығын атап өтер едік-ау.

1428 жылы құтырынған тақ таласының құрбаны болып Барақ Шайбани ұрпағы Әбілқайырдың (1428-1468) қолынан қаза тапқан еді. Әбілқайыр таққа қонған соң-ақ Жошыдан тараған сұлтандарға, сол сұлтандардың қарамағындағы қазақ тайпаларына қатты қысым көрсетуді  әдетіне айналдырған-ды. Осынау өктемдікке шыдамаған Керей, Жәнібек бастаған сұлтандар әділдік-адалдығымен, туралық-тазалығымен Ақжол би атанып, халқының жүрегіне жол таба білген Әбілқайырдың уәзірі – арғын Дайырқожаның төңірегіне топтаса бастайды. Ел құлағы – елу емес пе? Күбір-сыбырды естіген бойда-ақ Әбілқайыр хан әртүрлі арбау-алдауымен мықтап қолына түсірген аңғал батыр Қобыландыны Ақжол биге айдап салады ғой. Аңда жүрген бидің кеудесіне қапыда қанды жебесін қадап алған Қобыландының қан жоса болған құрдасын құшақтап отырып, зар еңірегенін былайғы жұрттың біле бермеуі де мүмкін...

Ақжол бидің әкесі Қодан жыраудың:

 

Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным,

Сексен асып таянғанда тоқсанға

Тұра алмастай үзілді ғой жұлыным.

Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының, –

дейтін жоқтауы сол кезде айтылған.

Әбілқайырдың осы қанқұйлы әрекетін бетіне салық еткен арғын мен үйсін, найман мен керей жұрты Жәнібек пен Керейдің басшылығымен Моғолстан хандығының аумағына аударыла көше жөнеледі. Моғолстан ханы Есенбұғы осынау мол жұртшылыққа арқа сүйемек ниетпен батысындағы Шу мен Талас өңірін, қыстауына Қозыбасты бөліп береді. Жасы біразға жеткен Керей өз қолымен Барақ ұлы Жәнібекті ресми түрде алғаш құрылған Қазақ хандығының алтын тағына отырғызады. Бұл жыл – шамамен 1455 жыл еді. Енді біз осы дәйекке сүйеніп, биыл хандығымыздың 550 жылдығын емес, 560 жасын тойлайтынымызды пайымдасақ, нақтылықтың тізгініне саусақ іліндірер едік.

1480 жылға дейін Қазақ хандығының іргесін кеңейтіп, тұс-тұсынан төнген азулы көршілерінің аранына түсірмей аман сақтап келген ханының кемелдігі мен кемеңгерлігіне халқының оны Әз Жәнібек деп құрметтеп атауы куә. Бауырмал ұлттық қасиетімізді әркездегі жақсымызды көреалмаушылық дейтін қасіретіміздің көміп кетіп отыратынын тағы көлденең тартпақпын. Сол 1480 жылы орыс-қазақ арасында өткен бір айқастың тұсында өз ішіміздің сатқындары бейқам жатқан Әз Жәнібектің шатырына орыстарды бастап келіп, ұлт көсемін қарап еткізген ғой...

«Бұғаудан босап, азаттық жолын тапқанда,

Азаптың сұғын көкірекке неге қақты Алла?

Жәнібектей асыл оғланын байтақ алаштың

Түсірді неге қапыда ажал-қақпанға?»

дейтін күңірену қазақ даласында көше бастаған желдің суылымен, бүгінгі кеудемізден өше бастаған сестің уілімен анда-санда ғана әлсіз жаңғыруда.

Әз Жәнібектен кейін хандығымызды басқарған Керей ұлы Бұрындық туралы да, Бұрындықты алмастырған, хандықтың шекарасын шарықтатқан Жәнібек оғланы Қасым ханды да дәріптемейін. XVI ғасырдың елуінші жылдары орыстың Қаһарлы Иваны басқарған Мәскеу патшалығы Астраханьді жаулап алған соң қатты күйзеліске ұшыраған қандас, мұңдас ноғайлықтарды Қасымның ұлы Хақназардың қоластына қосып алып, мемлекетіміздің шебін сонау Ақ Жайық, Еділге дейін жеткізгенін де жіпке тізе бермейін.

Өйткені: «Керей мен Жәнібекті соншама мадақтай берудің қажеті жоқ. Олар ауыл аймағындай ғана төңірекке билігін жүргізсе, біз бүгінде мынау шетсіз, шексіз далақтай даламызды илеп, билеп, төстеп отырмыз ғой!» деп көкірегін даңғойлық кернегендерге дау тауып берем бе деп сескенетінім де рас. Ал осы шетсіз, шексіз ұланғайыр даламызды найзаның ұшы, білектің күшімен көз алартқан қандықол көршілерінің жамбастарынан жұлып алып, барынша ұлғайтып, «жерімді бергенше – жанымды берейін!» дейтін атақты хандарымыздың жансебіл тілекпен мына біз сияқты көп нәрсенің қадір-қасиетіне мән беріп, ұғына қоймайтын ұрпақтарына сақтап келгенін әлгі күмпілдегіш «білгіштер» біле бере ме екен? Білсе, ата-бабаларымыздың сауылдап төгілген терімен, сарылдап аққан қанымен көздің қарашығындай қорғалған анау Құлынды даласы мен Омбы қаласын, сонау ұлы күйшіміз Құрманғазының сүйегі жатқан Астрахань өңірін, мынау кеше ғана алғашқы астанамыз болған Орынборды, сонымен іргелес Сарытауды (Саратов), Сарысуды (Царицын) көзден бұлбұл ұшырып алғанымызды жеткіншектеріміздің құлағына құйып, кеуделеріне сіңіре алып жүр ме?

Қайдағы! Күні кеше ғана тәуелсіздік тізгініне саусақ іліндірген бойда қанға бөгіп, термен суарылған қасиетті жеріміздің шет пұшпағын Қытайға, Ресейге, тіпті өзбек пен қырғызға да беріп жібергенімізге ішіміз удай ашымай ма?

«Мемлекетіміздің іргесін енді ғана қалап, шекарамызды шегендеп алдық!» деп артықтау өрекпуімізді сәл тыя тұрсақ, бүгінімізден әлдеқайда бұрын шекарамыздың шебін 1921 жылы Ленинмен біраз арбасып қалып, мызғымастай етіп бекіттіріп алған Әлімхан Ермеков пен Әлихан Бөкейхановтың рухтарына мәңгілік табынып өтпес пе едік.

Жә, өткеннің өкінішімен бүгіннің өксігін қабаттастыра бермей, осынау дүбірлетіп жеткелі тұрған тойымызды діттеуге қандай себептер болғанына және бұл тойды қалай өткізуге болатынына өз пікірімді білдіре кетейін.

Біз «өзімізге» дегенде өкіреңдеп, өзекті жұлып алардай ұмтылатынымыз көп те, «өзгеге» келгенде көткеншектеп кежегеміз кейін тарта беруіміз мол ұлт болып барамыз. Әсіресе, жұрттың наразылығын әбден күшейтіп барып, мерзімінен екі жыл өткен соң жетім қыздың тойындай етіп, Алматы мен Астананың біреуін де қимай, мемлекетімізді нық орнатып, шекарамыздың шебін анықтап берген ұлы Абылайдың 300 жылдық тойының ырымын ғана Көкшетауда жасап едік қой.

Ал мына Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау қажеттігін ұлтжанды азаматтарымыздың он шақты жыл бойы сыбырлап та, самбырлап та айтып келе жатқанына төбедегілерді білмеймін, төмендегілердің баршасы куә.  Қараша халықтың күбір-сыбыры құлақтарына жетті ме, әлде басқаша амалсыздығы еріксіз мәжбүр етті ме, биліктің осы датаны аяқ астынан өткізе қоюға құлшынуының біраз себебін өз түйсігіммен жобалап көрейін.

Біріншіден, санкциялармен тұралап қалған Ресейге 1 қаңтардан одақ болып қосақталған Қазақстанға биылғы жыл – дағдарыс жылы болып жетуі кәдік. Сондықтан да бұл дүбірлету – қалт-құлт етер тіршілігінен халықты сәл де болса алдандырып әкетудің далбаса әрекеті тәрізді;

Екіншіден, «биіктегі биліктілердің өз тарихымызға өгейлік танытып, түп-тұқиянымызға үңілуге кеңес кезіндегідей тыйым салуға бет ала бастаған сияқты» дейтін көпшіліктің күңкіл сөздерінен қаймыққан үкіметтің өзін өзі ақтауға тырысқан жасандылау тірлігіне саяды;

Үшіншіден, Путиннің, сондай-ақ путиншілердің: «Қазақтарда күні кешеге дейін мемлекеті болмаған. Ұлттық тілі қалыптаспаған. Шекарасы айқындалмаған» деп мағынасыз маңырағандарына халқымыздың наразылығы бұрқ-сарқ атылып кетер ме деп үрейленген жоғарыдағылардың кештеу қозғалса да, «шекарамыз бекітіліп, хандығымыз әлдеқашан орнаған» деуді көршілеріне айбат ете көрсете қоямыз іспетті күлдібадам тілегінен туындаған-ау демеске әддім жоқ.

Ал енді ұлық мерекемізді дұрыстап өткізу үшін не істеу керек деген сауалға ойыссам:

– Тойды төрдегілердің асығыс жоспарлағанындай Шу өңірінде ғана өткіземіз деуі – оның мән-мағынасын әлден-ақ құлдыратудың басы деп қарауымыз керек. Сондықтан да ұзын аққан өлкеміздің тауы мен даласында ұлтымыздың ерлігі мен өрлігінің ат-атауымен андағайлап тұрған тарихымыздың қадау-қадау нысандарына жол түсіріп, тәу етіп, өткенімізді өткел сала жаңғыртып, жабыла бастаған жадымызды бір тірілтіп алсақ;

− Тарихымыздың тарыдай дәнін де көкірегіне сіңірмес «қымбат бағалы» әнші, биші, әртістерді дүбірлетіп, дабырлатып жан-жақтан шақырмай, өз күшімізбен-ақ дүркіретіп өткізсек;

− Той дақпыртына сәйкестендіріп қаптата қоятын (билік төңірегіндегілерге ғана бұйыратын) ат-атақ, сый-сияпат дегендерді мүлде азайтып, жақсылық атаулыны, құрмет-қошеметті қарапайым халыққа көрсетсек;

− Алдағы кезекте тұрған Қазақ хандығының тарихына арналған көп сериялы кино түсіруді бүгін емес, бұрын қарастыру керек еді. Әлбетте ештен де кеш жақсыға сүйенсек, осы киноға кетер қыруар қаржыны ұрламай, жырламай, «Көшпенділердің» кебіне ұрындырмай, өзіміздің білімді де білікті, татымды да талғамды мамандарға сеніп тапсырсақ;

− «Қасым ханның қасқа жолындағы», «Есім ханның секі жолындағы», «Тәуке ханның жеті жарғысындағы» адалдық пен әділдікті, тазалық пен туралықты діттейтін қазақ даласындағы заңдылықтарға ғасырлар бойы бас ұрып келген алаш жұрты мынау әзірше халқының жүрегіне ене қоймаған, бірақ шенеуніктердің «шешендігімен» шебімізге ендей бастаған «Нұрсұлтанның нұрлы жолына» ұлтына деген жарасымды жақсылығымен табыла қалар болса, той кезінде де, келешекте де көңіліміз толып, бас шұлғырдай болсақ;

дейтін ойларымды ілгері тартамын.

Тойымыздың дұрыс өту-өтпеуіне байланысты ендігі бір күдік-күмәнімді де сездірте кетейін.

Осы біз шуылдақ һәм дуылдақ жеңіл-желпіге құмар болып бара жатқан тәріздіміз. Сөзімді дәлелмен тұздықтар болсам, біз тіпті тәуелсіз күніміздің өзін Христостың туған күнінің астарының астында тұншықтырып, талдырудан әлі бір жаңылған емеспіз. Содан да ма, мына айтулы ұлттық мерекеміз Жеңістің 70 жылдығына, халықтар Ассамблеясының 20 жылдығына, елбасының туғанына 75 жыл толуына арналған қызу-қырғын тойлардың тасасында көміліп қалмас па екен дейтін баршамызда қауіп мол. Әрине, соғыс ардаргерлеріне тиесі үлесі мен еншісін оқ пен түтін иісін иіскемегендердің төсіне қадап, қалтасына салып бермей, күн өткен сайын азайып бара жатқан майдангерлердің көңіліне қондырып, қолына ұстатқанымыз абзал-ау.

Шынымды айтам деп сырымды ашып алғанымды айыпқа бұйырмаңыздар, ағайын. Ұлы тойымыз барлық ұлттарға ортақ болсын.

 

Софы Сматаев.

Abai.kz

0 пікір