Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 9444 0 пікір 1 Ақпан, 2015 сағат 10:37

2015: ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫ ОН ОҚИҒА

Халықаралық жағдайдың қазіргідей құбылмалы кезеңінде пайда болатын жаһандық, аймақтық сынақтар мен қауіп-қатерлер сияқты тенденциялар саяси-экономикалық проблемаларды шешуде маңызды факторға айналады. Қазір жыл бойы болуы мүмкін оқиғаларға болжам жасап, оны жариялау дәстүрі бар. Әлемдік сараптамалық құрылымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2015 жылы Орталық Азияның саяси және экономикалық күн тәртібін қалыптастыруға ықпал ететін аймақтық маңызды оқиғаларға өзінің шолуын ұсынады.  

1. Жаһандық экономикалық рецессия

2015 жылы әлемдегі ең ірі экономикалардың (ІЖӨ көрсеткіші екі немесе одан да көп кварталдар бойы нашарлауы) оның ішінде Еуропалық Одақ, Жапония, Ресей сияқты елдердің экономикасы рецессияға ұрыну қаупі бар. Сондай-ақ, ҚХР мен АҚШ экономикасында да даму ырғағы баяулайды. Әлемдік нарықтардағы дағдарыс ғаламдық экономиканың дамуын тежеп, Орталық Азияның да экономикасына кесірін тигізбей қоймайды. Яғни, аймақтың өнімдеріне аталған мемлекеттерден және ең негізгі сауда әріптестері Еуропалық Одақ, Ресей және Қытай тарапынан сұраныс азаяды.

2. Энергия көздері мен басқа да шикізат ресурстарына деген бағаның тұрақсыздығы

2015 жылы әлемдік тауар нарығындағы жайсыздық Орталық Азия елдерінің басты экспорты – мұнай, газ, металл және ауылшаруашылығы шикізат өнімдерін құнсыздандыра түседі. Ал экспорттық тауарлар бағасының төмендеуі экономикалық дамуға кедергі келтіріп, өңір экономикасын құлдыратуы мүмкін. Және экономикалық қолайсыз жағдайлар қалыптастуы кәдік.

3. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО): одан әрі дамуы

2015 жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды жұмыс істей бастауы және оның Орталық Азия бағытына қарай кеңеюі. Сонымен қатар, бірігуге ғаламдық экономикалық қиын жағдайдың да әсері болуы мүмкін.

Интеграциялық процестің маңызды кезеңі ретінде ЕАЭО-ға Қырғызстанның (Қырғызстанның экономикалық одаққа кіру жөніндегі келісім 2015 жылдың 1 мамырында күшіне енеді) кіретінін атауға болады. Сондай-ақ, ЕАЭО-ның Тәжікстанмен өзара қарым-қатынасының форматын анықтау күн тәртібіне шығуы мүмкін.

Болуы мүмкін тағы бір өте маңызды оқиға - Өзбекстанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі консультативті процестің басталуы. Мұны ЕАЭО-тың аймақта ықпал ету аумағын кеңейтуінің бір көрсеткіші деп атауға болады.   

 4. Украина: дағдарыстан шығудың ауыр жолдары

Украина дағдарысының жақын болашақта халықаралық қауіпсіздікке тікелей ықпалы жалғаса береді. Шамасы, қақтығыс сусымалы формаға ұласып, созылмалы сипатқа ие болады. Сәйкесінше украин дағдарысы Орталық Азиядағы ахуалға ықпал ететін негізгі фактор болып қала береді. Аймақтағы елдер үшін Ресей мен Батыс арасындағы шиеленіс өз әсерін тигізбей қоймайды.

Дәл осы жағдайда қазақстандық тараптың посткеңестік кеңістіктегі ең үлкен дағдарысты шешу жолындағы бітімгершілік әрекеті аса маңызды болмақ. 

5. Орталық Азия елдеріндегі сайлау науқаны: Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстандағы сайлаулар

2015 жыл - Орталық Азия елдерінің саяси дамуындағы маңызды кезең. Тәжікстан парламентінің төменгі палатасына (1 наурыз) және жоғарғы палатасына (27 наурыз), Өзбекстанда президенттік орынға (29 наурыз), Қырғызстанда парламенттік (1 қараша) сайлау өтеді. 

Алдағы сайлаулар аймақтағы республикалардың саяси өмірін жандандыратын болады. Бұл тұрғыда саяси жүйесінде партия мен парламент ерекше орын алатын Қырғызстандағы сайлау ерекше қызығушылық тудырады.   

6. Ауғанстандағы жаңа саяси кезең

Аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздік саласында Ауғанстандағы қазіргі жағдай өте маңызды. Ауған факторының ықпалы биыл екі жағдайға байланысты. Олар - ISAF әскери миссиясының аяқталуы мен жаңа саяси биліктің қалыптасуы.

Әскери-саяси жағдайдағы қиын кезеңде елде ұлттық үкімет өзінің іскерлік қызметін көрсетуі керек. Тағы бір маңызды міндет алдағы уақытта болатын парламенттік және жергілікті билік органдарына сайлау өткізу. Ауғанстанның ішкі саяси тұрақтылығы ғана емес, тұтас аймақтың жағдайы дәл осы мәселелерде саяси ымырашылдық орнатуға тікелей байланысты. 

7. Таяу Шығыс: террористік (лаңкестік) қауіптің күшеюі

2015 жылы экстремистік және террористік ұйымдардың белсенді әрекеттері өзекті мәселе болып қала береді. ИШИМ-нің нығайып, белсенді әрекеттерін тек Таяу Шығыста жүргізіп қана қоймай, таралу аймағын одан әрі кеңейту мүмкіндігі жоғары. Сирия мен Ирак аумағы әлем бойынша радикалдардың шоғырланатын орталығы болып қалады. 

Сондықтан биыл да бұл қауіпті залалсыздандыруға, сондай-ақ, Орталық Азия өңірден шыққандардың Таяу Шығыстағы террористік топтардың қатарына қосылуына тосқауыл қою үшін әдіс-тәсілдер қолданылады.

8. Транзитті-көліктік әлеуеттің артуы

2015 жыл Орталық Азияның дамуына серпін беретін транзитті-көліктік әлеуетін жүзеге асыруының жаңа кезеңі болмақ.

Көліктік коммуникацияны әртараптандыруда «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолының толыққанды жүзеге асуы маңызды жоба болып табылады. Аталған жоба транзиттік пойыздардың  «Солтүстік-Оңтүстік» бағытындағы қозғалысын жандандырып, Ресей, ҚХР, Орталық Азия және Таяу Шығыс нарықтарын байланыстырады. Сонымен қатар Қазақстандағы «Жезқазған-Бейнеу» мен «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа теміржол желілерінде де жүк және жолаушы тасымалы артатын болады.

2015 жыл «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізіндегі қазақстандық аумақ үшін маңызды кезең. Негізгі бөлігі жасалды, жақын арада даңғыл жол толықтай ашылады.

Тағы бір айтулы оқиға, Ашхабадтың хабарлауы бойынша, Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан газ құбыры құрылысының басталуы.

9. Аймаққа Қытайдың экономикалық ықпалының артуы

Аймаққа Қытайдың экономикалық ықпалы артып келеді. Бейжің кең ауқымды инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруды үздіксіз жалғастырып, аймақтың басты серіктес мемлекеті ұстанымын нығайтып отыр.

ҚХР негізгі басымдықты «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасына беруде. Ол үшін Қытай Жібек жолы қорына 40 млрд доллар бөлуді жоспарлап отыр.

Аталған стратегия Орталық Азияны кең ауқымды Азия-Тынық мұхит еркін сауда аймағын құру бастамасына тартуды көздейді.

10. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелерді шешу перспективалары

2015 жыл Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің шешуші кезеңі болуы мүмкін. Аймақтық қауіпсіздік және толыққанды мемлекетаралық инфрақұрылымды жобаларды жүзеге асырудың бәрі осы келіссөздерге байланысты болмақ. 

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер оң шешімін тауып, санкциялар алынып тасталса, Орталық Азияның сауда-экономикалық, көліктік-транзиттік әлеуеті арта түспек.

 

Абай.kz

 

0 пікір