Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 7807 0 пікір 1 Ақпан, 2015 сағат 10:57

ҚЫТАЙ ЭКСПАНСИЯСЫ ҚАУІПТІ ЕМЕС ПЕ?

Елімізде Константин СЫРОЕЖКИН деген қытайтанушы ғалым кісі бар. Қытайға байланысты кез келген проблемаға үн қатып, өзінің нақпа-нақ сараптамаларын жариялап жатады. Айтқандарының көпшілігі әдетте... дұп-дұрыс. Бірақ осы кісі кеше ғана қазақ елінің ішінен Америка ашып тастады – «...біздегі мұнай-газ саласындағы қытайлықтар экспансиясының масштабы өте төмен, сондықтан одан (яғни экспансиядан) қауіптенудің еш қисыны жоқ» деп. Қытайтанушы профессордың айтуына қарағанда, қазақ елінің аумағы бойынша мұнай-газ саласындағы қытай компанияларының үлесі небәрі 23-24 (?) пайыздай ғана екен. Оның өзінде де осынау компаниялар мұнайы мен газы таусылуға (?) жақындап қалған кеніштерде ғана жұмыс істеп жатқан көрінеді, сондықтан бұл саладағы қытайлықтардан «қорқудың» қажеті шамалы. Оның үстіне, қытайлықтарға бөлінген еңбек квотасы жылына... бес-ақ (?) мың адам екен!

Ой-пырмай, ә! КОНСТАНТИН мырзаның сеп-сенімді сөздеріне сенетін болсақ, қытайлықтарға қатысты біздегі жағдай осындай болғандықтан «құмырсқадай қаптап кетеді» деп қытай экспансиясына да, басқасына да ми қатырып керек емес екен. Ау, шынымен де экспансия дегеннен ертерек аяқ тарту керек емес болса, онда біз несіне екі күннің бірінде еліміздің шығысы мен батысына, оңтүстігіне қытайлықтар қаптап барады деп жарапазандап жүрміз? Жер бетіндегі жалпы саны бір жарым миллиардқа жақындап қалған қытекеңдердің «өте өсімтал деген ұлттар сортынан» екенін ескеретін болсақ, қытайтанушы профессор айтып отырған «бес-ақ мың» қытайлық бес жылға жетер-жетпесте бес жүз мыңға жетіп бір-ақ жығылады, бұған күмән жоқ. Ал енді, бүкпесіз айтатын болсақ, дәл қазіргі кезде қазақ елінде ресмиі бар, ресми емесі бар - қаптап жүрген қытайлықтар санын дөп басып ешкім айтып бере алмайды. Олардың қазақ қыздарына үйленіп алып, еліміздің АТПАЛДАЙ АЗАМАТЫ атанып алғандарының өзі елу мыңнан асып кеткен дейді бейресми дерек көздері. Және бұлардың көпшілігі - «еңбек квотасы деген жеңілдікпен» елімізге еніп, сосын «күйеу бала» болып қалып кеткендер. Мұны енді көпшілігіміз жақсы білеміз. Бірақ жақсы білсек те, «күйеу – дұшпан» деген қазекеңнің сөзін құлағымызға қыстырмаймыз. ХОШ дейік. Біз енді қытайтанушы Константин мырзаның «Қытай экспансиясынан қауіп жоқ» дегеніне бір ғана қарсы мысал келтірейік: алпауыт Америка дегенде, рас, көпшілігіміз көзімізді жұмып, аузымызды ашамыз ғой - «керемет ел» деп. Осы «керемет елді» қытай экспансиясы азғана уақыт ішінде Африкадан ығыстырып шығарды. Тыржалаңаш! Мұның жанында он жеті-ақ миллион тұрғыны бар қазақ елі туралы әңгіме қозғаудың өзі ұят нәрсе. Міне, осыдан артық қандай мысал керек? «Қытайлықтар соғыспайды, олар қонаққа келеді де, соғыссыз-ақ жаулап алады» деген сөз тіркестерін еріккеннен есімізге түсіріп отырған жоқпыз. Мұны – біріншіден десек, екіншіден – әне-міне іске қосылады деп жылдар бойына жарнамаланып келе жатқан атақты «ҚАШАҒАН» жобасында да бірнеше қытайлық компанияның үлесі бар. Сатып алып қойған. Ал Сіз айтасыз, құрметті Константин мырза, «Қытай экспансиясынан қауіптенудің қажеті жоқ» деп.

Марат МАДАЛИМОВ.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618