Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 13561 0 пікір 2 Ақпан, 2015 сағат 11:00

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: АТАҚТЫ «АВАНС» РЕТІНДЕ АЛДЫМ...

«Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабекпен сұхбат.

– Мұхамеджан, Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атандыңыз. Құтты болсын! 

– Рахмет! Әсілі, еңбегіміз сіңді деп ауыз толтырып айта қоюға әлі ерте. Ел-жұртпен қатар қал-қадірімізше қарекеттеміз. Бұл да бір Құдайдың бұйрығы: әрі игілік, әрі сын. Атақтың пайдалы тұсы сол – мотивация. Ақиқаттың өлшемі болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі ізгілікті жеткізу жолында ақындарды жігерлендіру үшін иығындағы шапанын Хасан ибн Сәбиттің арқасына жапқан. Сондықтан, адамға көркем  істерін одан әрі жақсырақ атқаруы үшін кей-кейде бір кеу-кеудің, жылы сөздің де қажеттілігі боп жатады. Бірақ, «сондай екенмін» деп қолпашқа сеніп қалып, ғұмырының мәнін датталу мен даңққа бөленудің арасынан ғана іздеп жүрген адам қаншама? «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайданы» Абай хакім біздерге арнап жазған-ау.

Содан да, «қайраткерлікті» келешекте жасайтын қызметіме алдын ала аванс ретінде қарастырып тұрмын.

– Бұл енді сіздің жағдай. Ал жалпы қоғамның шеңберінде қарасаңыз, атақ алу, оған талпыну, сол үшін өмірін тәрк ету індетке айналып тұр емес пе?

– Дәл байқадыңыз! Әсіресе, мына әлеуметтік желілерде мұны қатты сезесің. Танымалдылыққа немесе елеп-ескерілуге деген не қылған жанкешті құштарлық деп ойлайсың да қорқасың. 

Әсіресе, жастардың адамгершілігі болмаса да атағы бар адамға еліктеуі немесе атағын шығару үшін өзіне жараспайтын әрекетке баруы жиі. Тіпті әлі мектеп қабырғасындағы қыздардың әлеуметтік желіде әдеттегі, күндегі түскен фотосына лайк басуын әркімнен бір сұрап, қайыршылық сипатта өтініп жатқанын көресің. Қаршадайынан атаққа деген құлшынысы осындай болса, онда ертең алдынан бір атақты адам кездесіп, тағдырын бұзатын ұсыныс жасап жатса, бас тартпайтын сияқты.

– Бірақ, сол ауру жастарда өз-өзінен пайда болмағаны анық.

Аға буынға ата буыннан ауысып дегендей, заманамен бірге көшіп келеді. Қай замандағы адам болсын, өзін-өзі естілікпен қадағаламаса, атақ дегеннің қатері басым. Осыған байланысты бір-екі мысал есіме түсіп отыр.

Тарихқа қарасақ, мысалы Александр Македонскийдің түбіне не жетіп еді? Өзі Балқан түбегіндегі Македонияда туғанмен, қазіргі Ирақ жеріндегі Вавилонда (Бабыл) қайтыс болды. Өз Отанына ешқандай жау төніп тұрмаса да, «Үндістанды бағындырамын» деген атақ үшін атқа қонып, күтімі келмей, жорықтан қалжырап, 33 жасында өмірден өтіп кетті. Македонский өлімінің түп сыры атаққа құштарлық десек те, қатты қателесе қоймаймыз.

Атақ кейде шектен шығарады. Түркіменстанның алғашқы басшысы болған Сапармұрат Ниязов өзінің атағына сенгені соншалық, жылдағы айдың аттарын ауыстырып тастады. Қаңтарды «Түркіменбашы», сәуірді өз анасының атымен «Құрбансұлтан әже» дегізсе, қыркүйек айын «Рухнама» деп ауыстырды. Адам жасын 12 жылдық циклдерге бөлгені, әр адамға бет-бейнесі бедерленген сағат үлестіргені, ел бойынша 3000-дай ескерткішін салдырғанын да білеміз. Міне, атақ адамды осылай да адастырады екен. Сондықтан, беріліп жатқан атақты Алла-Тағала дүние-ақыретімізге қайырлы етсін. 

– Қазіргі атақты дегеннің бұрынғы зиялымен мағынасы өте жақындау болушы еді. Шын зиялы сіздің ұғымыңызда кім? Қазақ зиялысының бүгінгі беталысы жайлы не ойлайсыз? 

– «Зиялылық» араб тіліндегі «зия» деген түбір сөзден шығады. Мағынасы «өзінен жарық таратушы», «нұр шығарушы» дегенге келеді. Зиялы жүрген жерінде жарығын түсіріп, жақсылықтарды туындатып отырады. Мұны күн мен айдың мысалында қарастырсам, күн, рас, ол өзінен жарық бөледі, нұр шығарады, жылуын төгеді. Ал ай өздігінен жарық шығармайды, күннің нұрына шағылысып, айна секілді сәуле таратады. Сондықтан, зиялылықтың осы күн мен айға ұқсайтын түрлері болады. Шын мәнінде, өзі жақсы адам күн сияқты жақсылық қылмай жүре алмайды, ізгілігін таратпай тұра алмайды. Екінші жағынан, жұрт көзіне зиялы боп көрінгенімен, ай сияқты біреудің жақсылығын өзіне жапсырып, сол арқылы жақсы боп көрінетін де зиялылар бар. Сол себепті осы екеуін ажыратып қарауымыз керек шығар деген ойдамын. Әрі тәуелсіз елдің зиялысының бет-бейнесінің бар болмысымен айқындалатын кезі әлі алда деп ойлаймын. 

– Мұның себебі не? Неге бүгін емес?

– Қазақ зиялысы бар. Ел ер туғызбай тұра алмайды. Бірақ қатары өте аз деп ойлаймын. Олар көптің ішінде көрінбеуі, біз оны танымауымыз да мүмкін. Менің ұғымымда, зиялы, Абай айтқандай – единица. Абай «единица болмаса, не болады өңшең нөл» демей ме?

Мысалы, есімі елге белгілі адам қазақ қызымен оңаша қалғанда, оған қарындасым деп қарай алмаса, ұлт мүддесі сынға түскен сәтте «нанын жеп жүрген жұртының қамын жей алмаса» (Б.Тілеухан) , оның зиялылығы – қағаздағы зиялылық қана. Жұрт қазақ болудан қашып жатқанда, қазақ мектептерін ашуға жанын салған Шона Смаханұлындағы кесектік өткен ғасырмен тұйықталмауы керек қой. Шын зиялының бекзат тұлғасы, дегдар үлгісі «кеңестік түрмеде де», «тәуелсіз мінбеде де»  өз бояуын жоғалтпай көзге түседі. Адам әділдік пен тазалықты өзінен бастамаса, аузының дуасы, ісінің берекесі бола ма?

 Зиялылықты екіге бөліп тастадық, олай болса енді оны қандай үлгілерімен тануға болады?

– Зиялылықтың жалпы идеал пошымына, қандай болуы керектігіне мысалдар тарихымыздан көптеп табылады. Бертіндегі Алаш арыстарының өзін алып қарайықшы. Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда «Қазақ» газетін шығарып тұрған кезде, патша үкіметінің жандайшаптары келіп: «Не мына газетті жабасың, не түрмеге кетесің» деп шарт қояды. Сонда Ахмет атамыз абақтыны таңдаған. Ал «Қазақ» газеті ең керемет таралды деген жылдың өзінде үш мың данамен шыққанын ескерсек, Ахмет Байтұрсынұлы «қалың ұйқыда жатқан» қазақ даласындағы сол санаулы адамның санасын ашу үшін тар қапастың сыз еденінде бүргеге тәнін талатып, жан тыныштығын тастап, әйелін қалдырып, түрмені таңдады. Аз мүмкіндік үшін өзіне зиян келетін қадамға барды. Зиялыға үлгі ме? Үлгі!

Сәкен Сейфуллин қолында сәбет билігі тұрғанда, Семейдегі кірпіш зауытына бөлініп тұрған ақшаны Александр Затаевичтің қалтасына салады. «Мә, сен барып, ауылдарды аралап, қазақтың ән-күйін жинап қайт» деп қоя береді. Сол кездің де, бүгінгінің де заңына салсаң, зауыттың ақшасын талан-таражға салу нағыз жемқорлық еді. Алайда, олар келер ұрпақтың қамын, қазақ мәдениетінің ертеңін ойлап, қолда бар мүмкіндікті сарқа пайдаланды. Басын бәйгеге тікті. 

Кешегі Жұмабек Тәшеновтың солтүстік облыстарды Ресейдің қайшысына түсіп кетуден қалай сақтап қалғанын тарих әлі күнге дейін айтады. Ендеше, зиялылықтың ең биік шыңы – пайда-зиянды таразылай отырып, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қою, ұлтының игілігі үшін құрбандыққа бару.

– Зиялылық қазір елдің ұғымында мәдениет саласының өкілі немесе ғылым-білім, өнер саласының адамы сияқты боп көрінеді. Оның үстіне сіз мұнда «планканы» кәдімгідей жоғары көтеріп тастадыңыз. Сонда қарапайым адам зиялы бола алмай ма?

– Асылында, зиялылықтың бастауы қарапайым адамда жатыр. Мысалы, олар отының басынан ұл-қызын өрбіткен, ауыр бейнетке көндіккен, ешкімнің ала жібін аттамайтын, туысқа кек сақтамайтын, алдына барып ақыл сұрасаң, аптығыңды басатын, жәрдем сұрасаң, қажетіңді ашатын, үйіне түссең қойын соятын, үш күн қап кетсең тайын соятын ақжүрек ауылдағы қариялар болуы мүмкін. Баянауылда тұратын Төлеген Оқасов деген аңшы ақсақалды білеміз. Өзінің немересіне: «Болашаққа» оқуға түс! Мына бір салада маман жетпей жатыр екен. Сен, балам, осыған өзіңді көндіріп, мемлекеттің қажетіне жара», ‒ деп, насихаттап жатқанын әрдайым естиміз. Немесе Жетісайда Қуатбек деген ағам бар. Мың шаршы метр үйі, 500-600 қойы бар, пәлен гектар мақтасы бар. Бірақ бала-шағасын Алматыда оқыту, соларға бас-көз болу үшін ғана қалаға келіп, таксист боп, күнделікті тамағын тауып беріп жүр. Мысалға, Қуатбек не үшін тәтті өмірін қиып, қаладағы балаларын бөгде көздерге тапсырып қойып жүре бермеді? Жоқ, ол баласы оның болашағы екенін, ертең елдің қажетіне жарайтын есті адам болуы үшін көз алдында жүруі керек деп білді. Қарапайым таксист болғанмен, ұрпағының қамын шын ойлағандықтан, ол да бір зиялылықтың белгісі деп есептеймін.  

Қысқасы, хадисте келген «Пайдалы мұсылман ‒ ең жақсы мұсылманның» мысалында, өзгеге пайдасы тигеннің бәрін зиялы деуге келеді. Оны Абай атам да айтады: «Толық мұсылман ‒ толық адам, жартылай мұсылман ‒ жарты адам». Алламен байланысы дұрыс болған, өзінің хақысын, сол арқылы өзгелердің де хақысын дұрыс сақтаған адамды толық мұсылман десе, ендеше оның синонимі - зиялы адам.

– Герольд Бельгер "1960-1970 жылдарға дейін қазақ зиялысы мен қазақ билігінің ара-жігі бөлінбеген болатын. Қазір халықтың сөзін сөйлеуді зиялы өз міндетіне алды, билік қалтарыста қалды" дейді. Сіз осы пікірге келісесіз бе? 

– Әрине, ол кісілердің қасында жүргеніміз жоқ, әйтсе де, жазған-сызғандарынан, сол кезең жайлы жазылғандардан түсінгеніміз бар сияқты. Біріншіден, тас-түйін саясат. Кремльдің талабына көгенделген рухани көш, құндақтан шықпай жатып құрсауланған идеялар. Екіншіден, Алаш алыптарының көзін көрген аксақалдар болды. Қанша жерден егелік қылушыларға есесі кетіп бара жатқанын білсе де, кеше ғана алдыңғы толқын ағаларын келмеске жіберген «қанды қылыш» төбесінде тұрғанын ұмытпаған еді. Ұлт бақыты жолындағы ұлы армандарын жүзеге асырмақ түгілі, жүрегінен сыртқа шығарудың өзі үлкен қатер болатын. 

Үлкен жазушы Төлен Әбдіков ағамыз айтады: «Кешегі зұлмат замандарда қарсылықты ашық таныту – басыңды балтаға өзің барып тосумен бірдей болған, мұның зардабы күні кешеге дейін сақталып қалды» деп. Алдыңа сап айдасаң, алты үйір жылқы да бірігіп жосылады, ал, жайбарақат кезде әр үйір бет-бетімен жайылады емес пе? Сол сияқты Кеңестің қайыс ноқтасы қысып, қыл бұрауы қылқындырған кезде билік басындағы азғантай ұлт жанашырлары мен зиялы қауым иық тіресіп ымыраласпағанда не қылмақ? Сосын, 60-70-жылдардағы зиялылардың дені – соғысты өткергендер. Ал, соғыс қиындығы адамды төзімділікке, бір-бірінің кемшілігін кешіруге үйретті. От кешкен адамдар бір-бірінің ғана емес, әрбір тыныш күннің қадірін білді. Соғыс көрген адамдар кең келеді, сондықтан пендешіліктен биік тұрып, әркім қолынан келер шаруамен айналысты. Бір адым артқа, екі адым алға жүрсе де, оларда соғыс азабы мен бейбіт күннің қиындығын салыстыру мүмкіндігі болды. Әрі сөз бостандығы мен демократияны желеулеткен кері ауыз, кесірлі идеологиядан олар аман еді. 

– 60-70 жылдардағы зиялылардың толқынынан кейінгі қазіргі біз сынап жүрген зиялылар қауымы қалай пайда болды? Арасы аз-ақ уақыт емес пе? 

– Тарихи заңдылықтар бойынша, репрессиядан кейінгі үрей мен сатқындық «вирустарды» соғыс оты барынша тазартты. Қандай бір соғыс адам бойындағы пендешіліктерді сылып алады. Ал, біз ұлт ретінде жиырмасыншы ғасырдағы зұлматтарды бастан өткеру арқылы талай пендешіліктерге тәубе етіп, кісілік тұлға тұрғысынан тазарып шыққан едік. Өкінішке қарай, құдайсыздыққа құрылған қоғам, керілсек кеудемізді қысып, жүгірсек соңымызга түсіп, қадамымызды аштырмай қойған жоқ  па? «...Қауырсыны қырқылып қанатымның, қу тірлікке құл болып баратырмын...» демей ме Мұқағали атамыз. Қымызы – шарап, құбыласы – Мәскеу, шекесіне жұлдыз тағып, шежіресін маймылдан таратқысы келген қоғамда кімге, не деп, ренжігендейміз? Керісінше, кеңестік кезеңдегі ұлт жанашырларын сынай бергенше, кейбір жанқиярлықтарынан үлгі алуымыз керек сияқты. Елдің ойында жоқ кез де «ов»-тан құтылған Момышұлы, жердің кені ғана емес, жырдың кенін де қатар қазған Сәтбаевтар қай кезде де қазақ тегінің өлшемі емес пе? Тарихымыз 1917 жылғы төңкерістен басталмайтынын Мағауиннің «Бес ғасыр жырлайдысын» оқығанда-ақ түсінгенбіз. Есенберлиннің есепсіз еңбегі арқылы тұғырсыз ел емес екендігімізді, бүгінгі биліктің бастауы қайда жатқанын аңғардық. Сол аққан тер, атқарылған шаруалар азаттық алғаннан кейін де қажетімізге жарап, әсіресе, «Қазақ хандығының 550 жылдығын» тойларда мойнымызды қайта бұрғызып жатқан жоқ па? Сондықтан, тарих әркімді орынына қояды ғой. Абай аталарымыздан алыстаған сайын, айтқаны жанымызға жақын болып, кей пенденің қоғамдағы көлеңкесі зорайғанмен, тұлғалық тұрқы аласарып бара жатыр. Қалай болғанда да, әуелі  Алланың ұлы мейірімімен, сосын бабаларымыздың дұғасы, кеңестік кезеңдегі кесек зиялыларымыздың майда қадамымен Тәуелсіздікке жетіп, еркін күндердің есігін аштық. 

– Жарайды, солай-ақ болсын, сіздің пікіріңізге келістік делік. Сонда Бельгердің пікірінің екінші жартысына келіспейсіз бе?   

– Билік деген кім? Кез келген атқамінердің түбін қазып келсең, зиялы қауымға келіп тіреледі, не сол зиялылардың тәрбиелеп шығарған ұрпағы боп шығады. Қараңыз, Тоқаевтың әкесі кешегі Кемел атамыз еді, Ыдырысовтың әкесі кешегі жазушы Әбілфайыз атамыз еді, Келімбетовтың әкесі кешегі ғалым-жазушы Немат атамыз еді. Бейнелі түрде айтсаң, билік пен зиялы қауым деген ет пен тырнақтай  біртұтас емес пе? Менің ойымша, билік арбасын өз заңдылықтарына сай сүйретіп бара жатыр. Зиялы қауым өз шамасы жеткенінше өз жүгін арқалап бара жатыр. Халық өзінің тарихи миссиясына сәйкес, осы кезеңдегі ұлдарын туғызып жатыр. Сондықтан, халық, интеллигенция және билік - бірінен-бірін ажыратып алып қарай алмайтын қазандағы ет, тұз, су сияқты құндылықтар.

– Сонда халық, билік, зиялыларға байланысты көзқарасты сырттан таңа ма? Кім таңады?

– Атаңның емес, ақпараттың аузы дуалы боп тұрған заман емес пе? Семьяның мәселесінен сериалдың сюжеті қызық боп, бабаңның бұлақ-дәстүрін Голливудтың блокбастері ұмыттырып, жетімнің басын сипайтын қолдар смартфонның бетін сипап кеткен жоқ па? «Жынды әкесін байлап баққан» ел едік, қазір сау әкесін «өкіметтің үйіне» апара жатқанды көрдік, «Ақтабан шұбырындыда» бір жастыққа сыйған бастардың, азаттық алғанда бір үйге сыймай, отау құрғандардың үштен бірі ажырасқанын көрдік. Демек, ата-анасынан жеріп, жанындағы жарынан безіп жүрген жүгенсіздері бар қоғамға билігі мен зиялысын қарсы қою қиын дейсіз бе? Дұрыс айтасыз. Бізге тіпті қалай ойлау керек екенін де үйретеді. Әсіресе бізді дамыған елдермен салыстырып дамыл таппайтындарға таңғалам. Бодандықтан босап шығып, тәуекелмен мемлекет құрған Қазақстанмен билеуші елдер жанын салып тұрғызған АҚШ-тың қалыптасуы арасында қаншама бөлек бағыт, ұқсамайтын заңдылықтар бар. Әлемдік қауымдастыққа жаңа түскен келіндейміз. Бәрі ақыл айтқысы келеді. Сондықтан, біз сияқты енді ғана еңсесін тіктеп, тамырын тауып, тарихын жазып жатқан халыққа ауызбірлік, ішкі тұтастық ауадай қажет. Ал сол ішкі бірлік болмасы үшін бізге халықты организмдегі «көз», билікті бөлек тұрған «без» секілді көрсеткісі келеді. Жоқ, бұлай емес. Біз Шалкиіз бабамыздың би Темірге айтқанындай орнымызды біліп, «Ақ Орданың» арқа сүйеуіне жарауымыз керек. Оңаша қалғанда ойындағысын бүкпесіз жеткізіп, сыпайылап болса да сын айтатын бабамыз жеме-жемге келгенде билік иесіне: 

«Сен – жібексің, мен – жүнмін,

Сен – сұлтансың, мен – құлмын,

Сен – сұңқарсың, мен – қумын,

Жемсауыңа келгенде,

Сұлтан ием, сом жүрегім аяман!

Саған дұспан – маған жау,

Керекті күні алдыңда

Ғазизленген сұлтан, жаным аяман!» - деп, ел тұтастығы үшін тұрып беретіндігін жеткізген. 

– Демек, осы тұрғыдан алғанда, зиялылардың әлі нағыз тарихи тапсырмасын табанын нық қойып тұрып атқаратын шоғыры алдағы уақыттарда дүниеге келеді дегіңіз келеді ме?

– Ия, аттың үзеңгісін, арбаның дөңгелегін ойлап тауып, адамзат өркениетіне үлес қоспаса да, сыраханада тұрып өлең оқығанын мақтан көрмейтін, жесір әйелге түнеп шыққанын олжа санамайтын, мақталмай қалса мазасы қашып, «ұлылығын» елге ұғындыра бермейтін, мінберге шықса ұлттық деңгейде, қонаққа барса рулық деңгейде, үйге келгенде әйелдік деңгейге түсіп, әбігер болмайтын әлі талай тұлғалар туар. Елім деп, ер жетер. Көптің қамын жеп, көштің тізгінін ұстар. 

– Сіздің пайымыңызға салсақ, бізде әл-әзір үлкен қоғамдық дүрбелең бола қоюы неғайбыл. Халық та, билік те, зиялы да разы дегенге әкеле жатырсыз... 

– Лениннің ойлап шығарған революциялық принципі бар: «Верхи не могут, низы не хотят». Биліктің талабын халық мойындамайды, халықтың талабын билік орындай алмайды. Осы теңсіздік орын алса ғана революция болады деген еді Ленин. Ал Қазақстанда дәл сондай жағдай, Құдайға шүкір, қалыптасып отырған жоқ. Кемшілік кімде болмайды? Тарихта патша түгіл пайғамбарға риза емес жандар өткен. Қазіргі жағдайды қараңыз, билік қоғамның дамуы үшін, айталық, «Қазақстан-2030», одан кейін «Қазақстан-2050», болмаса «ал ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеміз, сосын Ислам елдері кеңесі, енді міне ЭКСПО» дегендей үлкен идеологиялық бағыттар беріп отыр. Зиялылар оған дем беріп, бұқарасы қолдап келеді. Демек, 23 жыл бойғы тыныштық пен татулықтың сақталуының бір кілті – халық пен биліктің арасында қоғамдық келісім бар. Мәселе қандай көзбен қарағаныңызда ғой. Мемлекет түгілі, отбасыңыздың өзінде, жарыңызға өкпелеп қалсаңыз үйге кіргіңіз келмейді, түсіністікпен қарасаңыз тысқа шыққыңыз келмейді.

– Қазір заман тыныш, қарын тоқ. Ендеше зиялыларымыз бар әлеуетімен неге жарқырып көрінбейді, неге бір-бірінің немесе әйелінің етегіне тығылып қалуға бейіл тұрады? Ешкім тұншықтырып жатқан жоқ, жат көзге жәутең болып отырған жоқ... 

– «Қазанына қарай қақпағы, қазығына қарай тоқпағы», «Көтерем биеден көркем құлын тумайды». Осындай сұрақ қойғанда, қай қоғамнан шығып, қай толқынның ұрпағы екенімізді ұмытып кететін сияқтымыз. Мемлекетшілдікті «мемлекеттік сыйлық» алғаннан кейін ғана түсінетін, жеке басының бұйымтайы орындалмаса, «көптің көші тоқтап қалғандай» байбалам салып, шу шығаратын адамдары бар қоғам аяқ астынан пайда болған жоқ қой. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтпақшы, тәуелсіздік қалыптастырған жаңа тұрпатты азаматтың бет-бейнесі енді қалыптасып келе жатыр. Бұйыртса, тәуелсіздік тұсында тәлімді тәрбиеден өткен, бірнеше тіл біліп, талай жұрттың жақсысын үйренген, даладай кең пейілмен дария-дәстүрін игерген, көк көздің тізесі батпаған, көк туын ешкімге сатпаған зиялыларымыздың жарқырып көрінетін кезі әлі алда. Өйткені, үш ғасыр тізгініміз тілерсегімізге байланып, қанымызға харам су араласса да, «миллиард қауымынан» шықпаған от жүректі Олимпиада чемпиондары ат төбеліндей бізден шығуы, ғылымға жетік, тұрмысы тұмса алпауыт елдердің «текті жетім» іздесе де біздің елді төңіректеуі негізіміздің қандай мықты, сақтай алсақ келешегіміздің қандай жарқын екенін көрсетеді ғой.

Алайда, ғасырлар бойы жұқтырып алған жұқсыздықтардан, сүйекке сүйел боп біткен сатқындықтан құтылмай құлдан бекзаттық, ұлдан ұлағат шыға ма? Ұзақ жаншылғанымыздың жамандығы да сол, тақта отырып сапырып-төккен, атта отырып ақырып, тепкен кей ағаларымыздан, құлдармен бірге сатылып кеткен Бейбарыстың болмысы табылмай отырған жоқ па? 

– Соңғы кезде қоғамда ұлттық зиялы билікпен қайшыласып жүру керек деген пікір қалыптасып қалған. Бұл пікірді жақтайтындар қазаққа жаны ашитындар ма?

Бір ағам бала кездегі басынан өткен оқиғасын айтып беріп еді. «Үйдің үлкендері: «Ой, біздің бәленше, қарынға салған сары майды жемейді. Неге екенін білмейміз, бұл бала өзі сондай» деп, қонақтардың алдында мақтағандай боп айта берді, айта берді. Содан аузымнан суым ағып тұрса да үйдегілердің айтқанына иланып, жемедім. Тіпті, көтермелеп, көңіл қалауынан қайтарғанына қатты сеніп қалсам керек, зиянсыз екенін білсем де қарынға сақтаған майды әлі күнге татып алмаймын» деп.

Тәуелсіздік пен тыныштыққа кеше ғана қол жеткізіп, одан қайта айырылып қалғанның қандай қасірет екенін бастан өткеріп көрмеген буынбыз ғой. Кім не айтса да сенеміз. Сары майдан бас тартқан әлгі баладай, кейде, болмағыр грант, оңбағыр мақтау үшін өзімізді нұқып, көзімізді шұқып беруге даярмыз. Билікке кім келіп, кім кетсе де жорғасынан жаңылмайтын, жүйесі жүздеген жылдармен шегенделген даңқты мемлекеттердің заңдылығын әпіл-тәпіл көшін түзей бастаған әлжуаз елден талап етеміз. «Атаң жақсы ма? Апаң жақсы ма?» деп, баланың басын қатырғандай, ұлт зиялыларын жақтайсың ба, билікті ме? Халық жағындасың ба?» деп, екіұдай күйге түсіреміз. «Аттыға ілесіп, жаяудың таңы айырылыпты» дейді ғой.

Отырықшы болғасын мінезі мен дәстүрі, тарихы мен талғамы бөлек, дамыған елдердің «демократиясы» далалық дархандықты шығыстың нәзіктігіне кіріктіре білген көшпелілердің ұрпағына бірден дари қояр ма екен? Жасына қарамай жұдырық түйіп, жағдайды білмесе де жаны күйіп, билікке дегенін бір сәтте істету қазақтың қай дәстүрінде бар еді?

Кісінің қызын алу үшін, кұдаласып барғанда әңгімені алыстан бастап, сөз тізгінін көпті көрген, көнекөз қарияға ұстатып, жауабын жыл күткен сабырлы қазақ емес пе едік. Аяулы адамға жақынының қазасын естірткенде де, төбеден түскендей дүңк еткізбей, жолын тауып, жанын ауыртпай жеткізетін дана қазақтың ұрпағы емес пе едік. Ханға сөзін өткізу үшін де қадірлісін жұмсап, алдына барған абыройлымыз: «Алдияр тақсыр, дат!» - деп, тізесін бүгіп, қолын кеудесіне қойып, сөзге қонақ берген көшелі қазақтың мұрагері болғанымыз осы ма?

Билік пен зиялы қайшыласып жүру берекелі елдің бейнесі ме? Қайта қасірет емес пе? Мысалы, Қырғызстанда сәл алдын, бір жылда 700-750 ереуіл-шеру өтіпті. Күніне екі рет сонда. Бұның себебі, халық пен билік арасындағы байланыс үзілген, қоғамдық қатынас бұзылған. «Алтын аралық» болуға тиісті зиялылар «бас-басына би болған өңкей қиқымдай» жеке-жеке партия құрып, бір елді оңтүстік пен солтүстікке бөліп тынуға үлесін қосты. Негізі, теорияға салсақ, нағыз зиялы деген билікпен текетіреске де түспейді, одан жәрдем де күтпейді. Өйткені, тарих таразысында ел басқарушы мен ұлт зиялылары бірдей жауапкер. Біріне билік, біріне бедел берілген. Бұған сол бағана айтқан Алаш арыстарының әрекетін мысал етуге болады. Қазір де осындай зиялылықтың үлгілері жастарда бар. Айталық, мынау бәріміз қолданып жүрген Фейсбукті осыдан екі-үш жыл бұрын бес-алты адам үкіметтен жәрдем алмай, қолдау күтпей, алаңға шықпай, үндеу тастамай-ақ, қазақшаға аудара бастады. Сөйтіп, өткен жылы Фейсбукті 97 пайызға қазақшалап тастады.

Сонда билікке сөзді қалай өткізуіміз керек? Не істеу керек дегенге жауабыңыз бар ма?

– Тарихқа қарайықшы. Қарашаның сөзін ханға жеткізу үлкен дәстүрді, ғылыми негізді талап еткен. Бұл сөздің аманатын алғандар биліктің психологиясын терең зерттеп түсінген және ханның алдында қадір-қасиеті бар, жақсылығы өткен адамдар болатын. Олар бір ауыз сөз айтса да, біліп айтатын. Сөзі қабылданатынын алдын ала сезіп және оның нәтижесіне дейін болжай алатын еді. Бұлай етпеген жағдайда, бұқараның тынышын кетіріп, билік пен қарашаны қырылыстыратын сөзді айтпай, барынша бейтараптық ұстануға тырысатын. Сондықтан, елдің басында ынтымақ пен татулық салтанат құрып тұратын.  

Ал енді кеше Отырардың кітапханасы өртенгендей, қаншама рухани орталықтарымыз күйреп, үлгі қалдырар көсемдеріміздің орынын сипап қалған жоқпыз ба? Соның арқасында біліп айтып, билікке сөз өткізбек түгілі, туған балаң тіліңді алмай, туған қызың үйде болғанмен, қылығы интернетте боп тұрғанын кімнен жасырамыз? Билік егелеріне ақиқатты жеткізу, әділдікке шақыру мәдениетінің тетіктерін жоғалтпақ түгілі, ұлт ретінде жойылып кете жаздаған жоқпыз ба? 

Өтпелі кезеңнің өз заңдылығы бар. Асау өзеннен арғы бетке атпен өтпек болған адам, тебініп, қамшы тарта беруге болмайды. Тізгінді бостау ұстап, астындағы арғымаққа еркіндік береді. Шамасы жетсе, жал-жал толқынды жарып шығады, қара су қапы бермесе, тебінгеннен пайда жоқ, тереңге бірге кетесің. Болжап болмайтын бұлыңғыр кезде де ұлт тізгінін ұстаған ұлдың жағдайы осындай. Жау жағадан алғанда етектен тартпай, ішкі бірлікті сақтай алсақ, жиырма жылдан астам жылғадан жол тапқан басшымыз, инша Алла, ары қарай адастырмайтынына жүрегім сенеді. Ортаңқол шенеунік, әкім, министрлердің қателіктерін ынсаппен көрсетіп, шешуші орындарға арыздануды дініміз де, діліміз де қолдайды. Ал, ел тағдырын сеніп тапсырған адамға Алладан дұға қылғаннан артық амал жоқ. 

– Билікке сөзін өткізу туралы айтқанда, Бұқар жырау мен Абылай ханның мысалын ешкім айналып өтпейді. Сіз ше? Неге бізден Бұқар шықпай жатыр?

– Даналық берілген адамдар ханға сөз айтар алдын оның салдарын өлшеп, түпкі нәтижеге жұмыс жасайтын. Х-XIX ғасырларда өмір сүрген бабаларымыздың рухани деңгейіне маңайлай алмай жатқанымызға жаным ауырады. Біз соларды зерделемегендіктен, Бұқар болғымыз келеді, Абайдың шалғайына жармасқымыз келеді. Кезінде Асқар Тоқпанов өзін «зиялымын» деп кеудесін ұрып отырған бір кісіге «Сен Бұхар емес, буқариксің» деген екен. Бұқар жырау Абылайға жұмсақ та, қатты да айтып, халықтың үнін жеткізіп отырды. Сабырға шақырды немесе қайратын жанып, жігерлендірді. Бірақ, Бұқар осы тарихи миссиясын атқару үшін қаншама өткелекті басынан кешірді. Абылай ханмен жорыққа бірге шықты. Қиын-қыстау кезеңде қасында болды. Аты сүрініп болғанша, ақыл тауып, өзінің қадір-қасиетін дәлелдеп шықты. «Ей, Абылай, сен кім едің? Тұрымтайдай ұл едің!» деген сөзді айтудың ар жағында қаншама еңбек жатыр, қаншама бедел, абырой жатыр. Қаншама жерде хан үшін басын бәйгеге тігіп, қаншама жұрттың алдында абыройын сақтауға атқарылған шаруалар жатыр. 

Ал енді қазір кез келген қалам ұстаған шөпжелке немесе сарыауыз балапан журналист билікке өктем сөйлеп және оны орындай қоймадың деп, халыққа мұңын шағып, екі ортада от тұтандыруға дайын тұрады. Сондықтан, сол мәдениеттерді қалпына келтірмейінше, хан мен қарашаның ортасындағы зиялы қауымның қалпын орнына келтірмейінше, нәтижеге жету емес, керісінше барымыздан айрылып қалуымыз мүмкін. 

Естілерден қалған ескі дәстүр бойынша патшаға насихат жұрт көзінше айтылмайды. Ал жеке айтқан күннің өзінде де, айттым, деп, ағайынды құлағдар етпеген. Біздің естімегеніміз насихат айтылмады деген сөз емес. Ақорданың ашылуында шапан киіп, бата берген Мырзатай, Әбіш, Ақселеу ағаларымыз сол құрметке бекер еге болмаған шығар. Елбасының алдында еркін сөйлеп жүрген Шерхан, Дулат ағаларымыздың да не жайлы толғағанын біреу білсе, біреу білмес. 

– Сонда біздегі беделділердің өз билігінің балағына жармасып, артына ерген бұқарасын айдап салуы секілді түсініктер қалай қалыптасып жатыр? 

– Біздің қоғамдық деңгейдегі қарым-қатынас - отбасылық деңгейдегі қарым-қатынастың үлкейтілген моделі. Мысалы, бір ер кісі отбасында әйелімен дауыс көтермей-ақ тату-тәтті өмір сүреді делік. Жарасымдылық, үйлесімділік бар. Соны көріп тұрған көршісі «мынау әйелінен қорқады, әйелінен айбынын асыра алмайды екен» деп, оны әйеліне қарсы айдап салуы мүмкін. Себебі, оның ұғымында еркектің мықтылығы әйелін қабағымен ықтырып, жұдырығымен жым қылып отыратындығында. Енді дәл осы ойдың көрінісі біздің қоғамда орныққан. Билікке қарсы шығу, Елбасына сыртынан жұдырық түйгендерді батыл адам ғып көрсетуді қалыптастырып отырғандар бар. «Қортық қошқар қой бұзар» дейді.

Елдің берекесін кетірудің одан артық жолы жоқ. Қазір ілім бар, ақпарат бар. Бірақ, қорыта алатын ми аз. Себебі, негіз бен тұғыр жоқ. Жаңғақты тасқа лақтырып жару керек екенін қарға да біледі. Ал, біздің дұшпандарымыз қарғадан ақылды. Төңіректегі көрініп тұрған кемшіліктерді төндіріп айтып, БАҚ арқылы байбалам салған кезде, билік түгілі, бұл дүниеден безіп кеткің келеді. Жақында бір жағдай болды. Жемқорлықпен аяусыз күресіп, күндіз-түні күрсініп жүретін беделді бір ағам бар еді. Аяқ астынан кенже қызы тұрмысқа шығатын болды. «Құдалар кім екен?» деп, сұрап жатырмыз. Білсек, бас құда білдей бір кеденнің басшысы екен. Інісі де кара жаяу емес, құқық саласының құрығы ұзын құрметтілерінен боп шықты. «Қап, ағам мұндайларды жақтырмаушы еді, жағдайы не болар екен?» деп, уайымдап қалдым. Бекер уайымдаппын. Аздан соң ағамның сөзін естіп айран-асыр болдым. Ағам ақылдасуға жиналған ағайынға: «Болашақ құдам бекер адам емес екен. Текті жерден шыққан, бақандай бір басқарманың бастығы екен. Өсіп-өнген ел ғой, інісі де елдің елеулі азаматы екен», - деп, куанып, мәз болғаннан жүзі бал-бұл жанып тұр екен. Үнсіз қалдым, ойландым. «Е, е, бұрын джип мінгендердің бәрі – жегіш, шенділердің бәрі – шөміш, байлық калқитын» деп, ағамның айтатыны өзінде болмаған соң екен ғой», - деп, бас шайқадым. Ауқатты адам ауласына келіп еді, «жемқор», «парақор» дегеннің бәрі ұмытылды. Жақсылап ойлансақ, жатыпішерлік, жемқорлық аз мөлшерде болса да, әрқайсымыздың қанымызда бар екен. «Жеміс ағашынан алысқа түспейді». Осы қоғамның жемісіміз ғой. Қазанда не болса шөмішке сол ілінеді.

Сондықтан, билікке есесі кетіп бара жатқан адам сияқты боп жүрген бәзбіреулерді «Маған көлік мінгізе алмасаң, КИМЭП-ке түсіре алмасаң, несіне туғыздың?» деп, әкесін бұрышқа тақап, лажсыз жағдайға тастап қоятын ерке перзенттер сияқты көремін. Биліктің жағдайына кіріп көрмеуді, қоғамның ахуалына сараптап қарамауды дәл бір анасына «мені асырай алмасаң, неге тудың?» деп міндет артатын баланың ісіне ұқсатамын.

– Сүбелі сұхбат бергеніңізге рахмет!

 Гүлбаршын САБАЕВА.

 

 Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551