Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7337 0 пікір 2 Ақпан, 2015 сағат 11:15

БҮГІН - МҰХТАР МАҒАУИННІҢ ТУҒАН КҮНІ

Бүгін - Мұхтар Мағауиннің туған күні. Қазақ халқының маңдайына біткен бірегей жазушы жетпіс бес жастың биігіне шығып отыр.

Егер біздің елде Ұлт руханиятының шежіресін түзу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп отырған болса, оның Мұхтар Мағауинге қатысты тарауы қалың да мазмұнды болып шығар еді. Жазушылығы бір төбе, ғалым ретіндегі еңбегі ұшан теңіз, азаматтығы керуенге жүк боларлықтай Алаш азаматының атына айтылар мадақ аз болмаса керек.

Бүгіндері Прага қаласында тұрып жатқан жазушы шығармашылық қарыштаудың шыңына шыққандай болып көрінеді. Соңғы кезеңде жазылған туындылары - соның айғағы.

Ата жасына алмас қылыштай жарқылдап жеткен Ұлт жазушысына телегей тілек арнай отырып, Мұқаңа деген туған халқының махаббатындай болып оқылатын оқырман хаттарының алғашқы легіне кезек беріп отырмыз. Сондай-ақ, әр жылдары жазушы қаламынан туған толымды туындыларды да қайталап оқуды ниет еттік. Және жазушының мерейтойының құрметіне орай «Мағауин - 75» атты арнайы айдар ашып, оны жыл бойына жүргізіп отыруды мақсат қылдық.

Абай.kz порталының редакциясы.

0 пікір