Жұма, 29 Наурыз 2024
Күбіртке 9653 0 пікір 6 Ақпан, 2015 сағат 11:00

ГАСТАРБАЙТЕР КЕЛЕ ЖАТЫР...

Ақпанның арқыраған аязы сынып, наурыздың жанға жайлы самалы соғар-соқпастан жылы жаққа асыққан жыл құстарындай елімізге алыс-жақын шетелдерден гастарбайтерлар ағыла бастайды. Әрине, бұл - барлық елдердің басынан кешіп жатқан жағдайы. Өз елінде жұмыс таба алмағандар алыс-жақын шет елдерге барып нәпақасын айыратыны белгілі. Статистикалық деректерге жүгінсек, БҰҰ-ның мәліметі бойынша, орта есеппен әлемдегі мигранттар саны 230 миллионның төңірегінде екен. Олардың басым көпшілігі АҚШ пен Ресейде тұрады. Дәлірек айтқанда, АҚШ-та 46 миллиондай мигрант бар көрінеді. Ал жақын көршіміз Ресейдегі мигранттар саны – 11 млн үстінде. Содан кейінгі "құдайы қонақтары" көп елдер қатарында Германия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Ұлыбритания еншілейді екен. "Құдайы қонақ" демекші, «гастарбайтер» ­– неміс сөзі, «гастар» – «қонақ», «байтер» – «жұмысшы» деген мағынаны береді, демек, уақытша жұмыс істеуге басқа елден келген азаматтарға қатысты атау бұл.

Ал өзіміздегі жағдайға келсек, Дүниежүзілік Банктің есебі бойынша Қазақстан – әлемдегі мигранттар көп ұмтылатын тоғызыншы ел екен. Бұл дегеніңіз еліміздің миллиондаған қаржысы шет ел асып жатыр деген сөз. Жарайды "бізден басқа елдер де осындай жағдайда ғой" деп жылы жауып қоя салуға болар еді. Алайда, өзгесін айтпағанда, 150 млн астам халқы бар Ресеймен өзімізді салыстыра алмасымыз белгілі. Біз небары 17 млнға жаңа ғана толып отырмыз. Солай бола тұра біздің елімізге жыл сайын 700 мыңнан астам "жұмысшы-қонақтар" келіп-кетеді, дейді ақпарат көздері. Ал, олардың небары 40 мыңдай ғана арнайы уақытша тіркеуде тұрып, табыс салығын төлейтін көрінеді. Қалған 660 мыңнан астам «көлеңкеде» көрінбей жүрген   гастарбайтерлерден бізге көк тиын пайда болмай тұр, керісінше, жоғарыда айтқанымыздай, теңгеміздің қызығын солар көруде. Осы арада мына қызық та әрі "шыжықты" деректі келтіре кетсек, артық болмас. БҰҰ-ның мәліметінше, әлемнің әр түпкіріндегі гастарбайтерлер жыл сайын атажұрттарына 400 миллиард доллар апарады екен. Ал осының тек 50 миллиард доллары Ресейдің қазанынан алынатын көрінеді. Оны қойшы, өзіміздің қаны бір көршіміз қырғыз гастарбайтерлерінің еліне аударған табысы Қырғызстанның ішкі жалпы өнімінің 29 пайызын құрайды екен. Бұл банктік операцияларды тіркеудің нәтижесінде ғана мәлім болғаны. Мұның сыртында қолма-қол жеткізілетін ақшаны ескеріп көріңіз. Сол сияқты, Тәжікстанға еңбек мигранттары тарапынан сырттан құйылатын қаржы көлемі 3 миллиард долларға жетіпті. Ал біздің елімізден сыртқа кетіп жатқан қаржыны есептеп көрген жан бар ма екен? Сірә да жоқ шығар. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында өткен 2013 жылы "Еңбек көші-қоны туралы" заңға  өзгерістер енгізіліп, осыған  сәйкес  2014 жылғы ақпанның 1-інен бастап шетелдік еңбек мигранттарын тек жеке тұлғалар жалдай алуына мүмкіндік берілген болатын. Заң бойынша мигрант патент алып, жергілікті банк есеп-шотын ашып, жеке тұлғамен еңбек келісім-шартын бекітіп, үкіметке ай сайын 23 АҚШ доллары шамасында баж салығын төлеп тұруы міндеттелген. Оның үстіне патент үш айға беріліп, одан әрі бір жылға дейін созуға болады деп көрсетілген. Дегенмен, бұл талаптың орындалуын да қадағалап жатқан тағы ешкім көрінбейді. Естіп жүргеніміздей, аракідік арнаулы шаралар (рейдтер) жүргізіліп, онда да «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріліп жататыны белгілі. Болмаса бір ғана Алматы қаласындағы базарлар мен  құрылыстарда жүрген гастарбайтерлердің бәрі біздегі заңды сақтап жұмыс істеп жүр деп айта алмассыз. Осы саладағы жемқорлық жағдайы да көпшілікті алаңдатып жүргені өтірік емес.

Заң демекші, жуырда ғана Ресей билігі еңбек мигрантары жөнінде жаңа Заң қабылдады. Енді бұдан былай Ресейде жұмыс істегісі келген адам міндетті түрде орыс тілін, онымен қоса тарихы мен заңдарын білуге міндетті. Әрі көршілес елге жұмыс істеуге барған гастарбайтер орыс тілі мен Ресей тарихынан емтихан тапсыруы тиіс. Сондай-ақ, осы елдің заңдарын да жаттау қажеттігі талап етіледі.  Ал, ендеше! Ресей бұл қадамға неге барып отыр дейсіздер ғой. Шамасы, өздеріне жыл сайын ағылатын "жұмысшы-қонақтардың" жолына осылай тосқауыл қойғысы келгендіктен болар. Екіншіден, сол елдің заңын, тілін құрметтеуге міндеттеп отырса керек.

Ойды ой қозғайды деген. Ресейдің осы бастамасын гастарбайтерлерге емес, өзіміздегі тәуелсіздік алған 20 жылдан бері ана тілімізді үйрене алмай жүрген шенеуніктерімізге қолдансақ қой деген ой бой көтереді. Ресей 1 қаңтардан бастап орыс тілін білмегендерді "есігінен" сығалатпаса, біз ана тілін білмеген шенеуніктерімізді шет ел асырып жіберсек шіркін, дейсің іштей.

Екіншіден, осынау жақын көршіміздегі өзгерістер біздің еліміздегі ахуалға әсер ететіні жасырын емес. Олардың бұл заңы да елімізге "ат басын бұратын" гастарбайтерлердің қатарын арттыра түсетін сыңайлы. Неге десеңіз, біріншіден, жоғарыдағы талапқа шыдай алмаған гастарбайтерлер Ресейден кете бастайды. Екіншіден, Ресей қазір экономикалық санкцияның астында қалды. Олардың рублі күн санап девальвацияға ұшырап, құлдырап барады. Сарапшылардың болжауынша, Ресейден «қуылған» миллиондаған гастарбайтерлер енді Қазақстанға ағылмақ. Бұл болжамда негіз бар секілді. Десек те, алыс-жақын шет елдерден "ағылған" гастарбайтерлерді тоқтата алмасымыз белгілі, тек олардың еліміздегі заң талаптарын қатаң орындалуын талап етуіміз керек-ақ. Неге десеңіз, олардың еліміздегі кримогендік жағдайды күрделендіріп жіберетіні жасырын емес. Осыдан 2 жыл бұрын шамасында Алматы қаласында әлдебір «жұмысшы-қонақтардың» қолымен жасалған жауыздық әрекетті ешкім ұмыта қоймаған болар. Үшіншіден, елге келген еңбек мигранттары өзінің тілін, салт-дәстүрін, ділін де бірге алып келетіні алаңдатады. Расында да, бізде олардың қазақ тілінде сөйлеуді талап етудің орнына өзі шүйіркелесіп, өзбек болса өзбекше, қырғыз болса қырғызша сөйлесетін "жалпақшешейлік" мінезіміз тағы бар. Міне, осыдан-ақ тілдік талап жоқ екенін түсінген гастарбайтерлер қазақ жерінде емін-еркін нәпақасын тауып жүре беруді дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, шеттен келген еңбек мигранттарымен бірге олар­дың діни ұстанымы, салт-дәстүрі, наным-сенімдері келеді. Соңғы кездері елімізде діни-экстремистік бағыттағы топтар пайда бола бастады. Бұл да шеттен келген мигранттардан туатын тағы бір қауіп десек қателеспейміз. Осындай келімсектердің етегінен ұстап, жатжұрттық ұрпақ өсіріп жатқан қыздарымыздың әрекеті де - ұлтымыз үшін қатердің бірі. Сонымен қатар, олар арзан жұмыс күші болғандықтан еліміздегі жұмыссыздық көрсеткішінің артыратыны да айтпаса да түсінікті.

Түйіндей айтқанда, еліміздің билік орындары гастарбайтерлерге қойылатын талапты күшейтетін жаңа заңдық күші бар өзгерістерді тез арада қабылдауы керек-ақ. Онсыз кердеңдеген келімсектерден аяқ алып жүре алмай қалумыз бек мүмкін.

 

Серікжан ҚАЖИ,

журналист.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2271
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584