Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 5639 0 пікір 7 Ақпан, 2015 сағат 12:07

«КӨКМҰНАР» ЕНДІ ЖАЛҒЫЗСЫРАМАЙДЫ...

Екі жыл бұрын әр жерде шет жағалап қиқалататып жариялаған туындымыздың бір үзігінде Мұхтар Мағауин ағаның кітаптары туралы айтпақ болыппыз:

...Сөйтіп жүргенде үшінші рет белгі беріліпті. Семей жаққа жиенімізді шығарып салмаққа ауылымызға жақын «Бірінші Алматы» теміржол бекетіне келгенбіз. Дәл кесте бойынша ішке кірсек, бекет қаңғырлағы «Екінші Алматыдан» шыққан пойыздың «Бірінші Алматыға» жиырма минут кешігіп келетінін хабарлап жатыр. «Өз елінің азаматтарын сыйламайтын екі ұлттық компания болса, бірі: - «Эйр Қазақстан», екіншісі мына – «Қазақстан темір жолы» ғой» деп тұжырдық та, 20 минутты бірдеңе етіп өткізу үшін кітап, баспасөз өнімдерін сататын дүңгіршектің біріне үңілдік.

Көзімізге Мұхтар Мағауиннің «Атамұра» баспасынан басылған «Қыпшақ аруы» оттай басылды. Алғаш шыққан 2007 жылы сатып алып, құныға оқығанбыз. Енді кейбірі бейәдепке жуық, көбі шикі, шалағай кітап пен кітапшалар ортасына «Қыпшақ аруын» қор еткіміз келмеді. Жауһардың топан мен топырақта жатқаны көрер көзге қиын екен. Қайта сатып алдық.

Айтпақшы, манағы кітап ұрлату мен жоғалту жайында айтпақ сөзіміздің кезегі келді. Жеке кітапханамызда жолы болмаған жазушы – Мағауин. «Сары қазақты» тоқсаныншы жылдар басында ауылдан келген ініміз қолқалап сұраған соң қиып бергенбіз. «Шақан шеріні» «біздің елдің батыры екен» деп Шарын өзенінің бір кезде жолбарыс жортқан жағасында тұратын бажамыз қалап алған. Екеуі екі қоржынды толтыратын қос кітап «Аласапыранды» кім әкеткенін ішіміз сезеді. Сыйлас бауырымыз. «Көкбалақты» ағамыздың қонаққа келген қызы оқып жүрген. Семейге сұрамастан ала кетсе керек. Біз де ізін індетпедік. Ең қиыны – бір мұқаба ішіндегі қос кітап «Мен» болды. Мұхаңа сәлем бере барып, қалап алғанбыз. Қолтаңбасымен. Оны ортаншы журналист ұл «керек болып қалды» деп, бірер күнге алып кеткен. Тура осы «Мен» кітабында жазушы «балаңның үлкейген сайын күйігі қиын болады» деп еді. Айна-қатесіз рас екен. Содан қайтпады. Бірер рет сыпайылап: ұлың болса да – өзіңдей журналист қой, соңынан дауыс қатайтып: қанша жерден журналист болса да – туған балаң ғой, сұрадық. Ол да ұрлатып алыпты. Осылай жоғалғанның ішінде «Қыпшақ аруы» да кеткен. Үйде қалғаны – жалғыз «Көкмұнар». Мағауин бір запыранында «көзімнің тірісінде «Көкмұнардың» қайта басылғанын көрмеспін» деп жазған. Тәубе, «Атамұра» баспасы қайтадан басып берді. Бұл туралы айтқанымызда жазушы ағамыз «арық сөйлеп, семіз шыққан дұрыс қой» деген сонау сексенінші жылдардағы шопандардың тілімен.

«Көкмұнар» енді жалғызсырамайды. Мына жерде «Қыпшақ аруы» жетімсіремейді. Екеуі төрімізде қатар тұрады.

Сонымен не керек, «Қазақстан темір жолының» жамандатқыр пойызы Алматының екі бекетінің арасында малтығып жатқанда кезінде құныға оқыған «Қыпшақ аруының» біраз бетін қайта талмап тастадық. Қаншама ғасыр бұрын қашалған тас мүсін Айсұлуға жан бітіп, керісінше, жиырмасыншы ғасырдағы мүсінші Саржанның тасқа қашалатыны, бір-бірін сүйгендіктен бірде тірі адамдар, бірде тас мүсіндер болатыны туралы таңдай қақтырарлық шеберлікпен жазылған көркем хикаяға ұқсас кепке түсерімізді онда білмегенбіз. Бірақ, «Қыпшақ аруын» әлдебір түйсікпен сатып алғанымыз талассыз екен.

Осы кітаптағы «Қисық ағаш» аталатын келесі хикаяттың да бізге қатысты болып шықты. Реті бойынша төртінші белгі. Отыз жетінші жылы сүйген қызы екеуі театрдан ыстық әсермен шыға «халық жауы» болып тұтқындалатын қазақ студентінің басындағы кеп. Хикаяны талдау міндетімізге жатпас. Тек, театр ішіндегі үзілісте жігіт қызға шоколод алып береді. Спектакль жалғасқанда қыз бір тістеп, жігітіне береді. Жігіті бір тістеп қызына ұсынады. Өстіп қана өбіскен екі жастың жолы театрдан шыққан соң екіге айрылмақ. Бұл да – берілген нышан екен. Шоколад арқылы сүйіскен жан толқытарлық эпизодқа ұқсас оқиғаны аз күннен соң «екеулеп еске аласыңдар» десе нанар ма едік?!

Қаперімізде түк жоқ, екі хикаяны қайталап оқыған соң бірнеше жыл бұрын бастап, тісіміз батпай, көңіліміз дауалмай қаңтарып қойған Мұхтар Мағауин туралы жазбамызды жалғастырсақ деп қиялдадық. Аз күннен соң Мұқановтың, Нұршайықовтың, Мағауиннің шығармалары туралы жазу жайына қалып, өзіміздің бастағы кепті термелеп кетерімізді қайдан білейік. Мына жазушылардың: Бүркіті мен Сәлимасы, Асқары мен Ботагөзі, Ерболы мен Меңтайы, Танасы мен Заманы, Айсұлуы мен Саржаны, Қызы мен Жігіті кітапта бастан кешкен оқиғалар өз өмірімізде жалғасарын қайдан білейік?!.

...Бұл аға туралы үлкен мақала бастап, бірақ соны жалғастыруға жүрегіміз дауаламай жүргені рас. Өзі елеулі туындыларының қатарына қоспайтын «Қара қызын» тура әжеміз қайтыс болып жатқан, ел-жұрт жерлеуге жиналған қаралы түні кәресін шамның жарығымен тауысып едік. Онда шамамен тоғыз-он жаста екенбіз. Содан бері талмай, тынбай оқып келе жатқанынымызға мына үзінді куә шығар.

 

Құрметпен,

Қайнар ОЛЖАЙ.

 

Абай.kz

0 пікір