Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 22684 1 пікір 9 Ақпан, 2015 сағат 10:29

28 ПАНФИЛОВШЫЛАР ЕРЛІГІ: АҚИҚАТ ПА, АҢЫЗ БА?

Таяуда ақпарат ағынында Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толуына байланысты Қазақстан мен Ресей бірлесіп, «28 панфиловшылар» деген атаумен фильм түсіреді, оның шығынын да екі ел көтеріп алады деген мазмұнда хабар тараған еді. Сондағы ҚазТАГ-тың хабары бойынша, Ресейдің мәдениет министрі В.Мединский фильм түсіру үшін белсенді топ өкілдері миллиондап қаржы жинап үлгергенін де айтқан еді.

Ресей министрінің айтуына қарағанда, бұл фильм анығында екі елдің мемлекеттік қазынасы есебінен емес, қоғам өкілдерінен «жылу» жинау арқылы түсірілетін сияқты. Әлемдік аренада империалистік пиғылын танытып үлгерген Ресей үшін орыс халқының патриоттық сезімін ұштауға түрткі болатын фильмді халықтан қаржы жинап түсіру – олардың өз әуресі болса керек-ті. Ал терең экономикалық дағдарыс жағдайында үнемге көшкен Қазақстан үшін «белсенді топ өкілдері» қажетті қаржыны қайдан жинамақ? Және Кремльдің жетегіне ерген ұлыорыстық шовинизм саясаты өршіп тұрған кезде біздің елге Мәскеуді қорғаған-мыс панфиловшы 28 жауынгер жайлы аңызды ақиқатқа айналдыру қаншалықты қажет?

Мәскеу түбіндегі Дубосеково теміржол бекеті маңында болған-мыс «аңыз» Ресейдің өз ішінде сонау 70-жылдардан бері дауға айналған әңгіме. Панфиловшылар ерлігіне қатысты зерттеу Ресей тарихшылары арасында әлдеқашан екіге жарылғаны белгілі. Солай бола тұра, біз ақиқаты дүдәмәл «ерлікті» елге, әсіресе өскелең ұрпаққа үлгі етуге асығыстық жасағанымыз жөн бе?

Сөйте тұра, «28 панфиловшылар ерлігін қазақстандықтар аса жоғары бағалайды» деген ҚР мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тіпті бұл фильм «киношедевр» болады деп, «арбаның алдында» жүгіре жөнелген екен. Бүгінде біздің елдің ғалымдары мен тарихшылары өз еліміздің мемлекеттігі қай жылдан басталады деген сұрақты үлкен пікірталастық тақырыбына айналдырған кезде бөтен елдің бүліндісін тықпалаудың қажеті қанша?

Рас, қыруар қаржы жұмсалып түсірілетін шығарманың «шедевр» болуына момын қазақ қарсы болмас, бірақ фильмге желеу болар тақырыптың құндылығы және оның кешегі тарихтағы ақиқаты мен орнын анықтап алу әлдеқайда маңызды мәселе болса керек. Одан бұрын советтік идеологияның итермелеуімен түсірілген «За нами Москва» фильмін, оның басты кейіпкері Бауыржан Момышұлының тарих мойындаған ерлігін жаңаша дәріптеу әлдеқайда маңызды болар еді.

Бауыржан демекші, қазақтың хас батыры, сол соғыста даңқы жайылған қолбасшы осы Панфилов дивизиясында рота, батальон, полк басқарса да, 28 панфиловшының ерлігі туралы неге тіс жармай кетті? Бұл да біз үшін түйіні шешілмеген сұрақ.

Ал сол Бауыржанның Мәскеу түбінен кейінгі майдан жолы, оның атақты Ржев шайқасындағы ерлігі, дивизия командирі болған кездегі қолбасшылық соғыс қимылы жөнінде біздің жас ұрпақ дәнеңе білмейді. Соғыстан кейін КСРО Қарулы Күштерінің Бас штабында жаяу әскердің соғыс тактикасы курсы бойынша сабақ берген полковник Момышұлы туралы біз не білеміз?

Міне, ұлтқа ұлағат боларлық осындай есімді дәріптеудің орнына біздің елдің билігі дақпырты мен дабырасы көп тарихқа тәнтілік танытуда. «Дақпырт пен дабыра» дейтін себебіміз – әсіресе өткен ғасырдың 80–90-жылдары аралығында Ресей тарихшылары мен журналистері баспасөз беттерінде панфиловшыларға қатысты дүрліккен айтыс тудырды: 28 батыр болған жоқ, ол соғыс жылдарғы патриоттық идеядан туған аңыз еді деген тақырып төңірегінде көп дау-дамай болды.

Сонымен, Мәскеу түбіндегі шайқастың тарихтағы фабуласы қалай өрбіді?

...1942 жылдың 22 қаңтарында «Красная Звезда» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі Александр Кривицкийдің «28 батыр туралы» очеркі жарық көреді. Онда 1941 жылдың күзінде Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизисының 28 панфиловшы-батырларының соғыстағы ерлігі, газет тілшісі өз көзімен көріп тұрғандай, егжей-тегжейлі жазылады.

«Елуден астам жау танкісі Панфилов басқаратын дивизияның жиырма тоғыз советтік гвардияшылары қорғаған шепке жылжып келеді... (Солдаттардың біреуі кейіннен қорқақ болып шығады – Ред.). Соғыс төрт сағаттан астамға созылды. Бұл кезде жаудың 14 танкі майдан даласында қимылсыз қалған еді. Сержант Добробабин мерт болды, қызыл әскер Шемякин де қаза тапты... Конкин, Шадрин, Тимофеев және Трофимовтар да жан тапсырды... Көзі қызарып кеткен Клочков жолдастарына қарап: «Достар, отыз танкі екен, бізге осы жерде өлуге тура келетін шығар. Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва...» – деді.

Екі қолын кеудесіне айқастырып алған Қожабергенов сақылдап тұрған жау пулеметінің аузына барып құлады... Барлық жиырма сегіз адам жан тапсырды».

Рас, егер соғыс алаңындағы оқиға осылай болғанда, бұл – жанкешті ерліктің көрінісі. Десек те, арада көп жылдар өткенде, Ресей тарихшыларын бұл ерліктің тарихы неге дүрліктіріп отыр? Сол тұстағы саяси жүйенің беделді әскери басылымындағы очерк майдандағы тілші Василий Коротеевтің 1941 жылдың 27 қарашада шыққан «Мерт болған 28 батырдың өсиеті» атты мақаласының ізімен жазылған көрінеді. Бірақ, Кривицкий мен Коротеевтің жазғандарында толып жатқан сәйкессіздіктер бар екенін айтып, ақиқатты анықтамақ болған Ресей тарихшылары дабыл қақты: «бұл насихаттық қиял», «шындыққа сай келмейді» деп, аңызды әшкере ету үшін жар салды.

Өкінішке қарай, бұл шайқастың анық-қанығы бүгін емес, сол соғыс кезінің өзінде-ақ тиісті орындардың күмәнін туғызып, көңілін аударғаны бүгінгі күні белгілі болып отыр. Ресей басылымдарында әр кезде жарияланған әшкере мақалаларда келтірілген деректер бойынша, 28 панфиловшының бәрі бірдей қаза болмаған.

Мәселен, соңғы жылдары белгілі болған мынандай бірнеше дерек бар. 1942 жылы-ақ «айырықша бөлім» чекистері фашистерге өз еркімен тұтқынға түскен Данил Қожабергеновті (А.Кривицкий «жау пулеметінің аузына барып құлады...» деген) тұтқындаған. Ол жауап алу кезінде өзінің Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизияның жауынгері екенін мойындаған. Саяси жетекші Василий Клочковтың байланысшысы болған Қожабергенов Дубосековоға ақпарат әкеле жатып, қолға түскенін айтады. Яғни, ол 17 қараша күнгі «қырғын шайқас болған» разъезге жетіп үлгермеген.

16 қараша күні ол әлдебір жағдайда тұтқыннан сытылып шығып, орманға сіңіп кетеді. Содан Қожабергенов орман арасында Лев Доватордың атты әскеріне тап болады...

Осы жерде тағы бір адам сенгісіз оқиға (дұрысы – екіжүзділік) болады. «Қаза болған» жауынгер «тіріліп кеткен соң», полк командирі 1942 жылы Панфилов дивизиясына келе салып, «қаза тапқан» Асқар Қожабергеновтың аты «қате жазылғанын», яғни «Данил» болып кеткенін, шын мәнінде оның тірі екенін жоғарыға хабарлайды. Нәтижесінде Асқар Қожабергеновке «Совет Одағының Батыры» атағы беріледі. Бірақ өзара аттас екі жігіттің ешбірі де Дубосеково түбіндегі шайқасқа қатысы болмай шығады.

Данил Қожабергенов болса, «тіріліп» келген соң, бірден майданға жіберіледі. Ауыр жараланып, елге қайтады. От жағушы болып жұмыс істеп, 1976 жылы Алматыда қайтыс болады.

Майданда «қаза тапқан» соң марапатталғандардың тізімінде бірінші болып тұрған Иван Добробабиннің тағдыры одан да қиындау. Ол 1947 жылы қарашада Украинада тұтқындалып, «мемлекетке опасыздық жасаған» деп айыпталады. Ол кезде өз еркіңмен емес, жараланып, есіңнен танып қалып, жау қолына тұтқынға түссең де, соның өзі ату жазасына немесе Қиыр Шығысқа 10–15 жылға жер аударып жіберуге жеткілікті болатын. Бірақ Иван Добробабин 1942 жылы қарашада Мәскеу түбінде өлмегенін, тек жараланып, тұтқынға түскенін мойындайды.

Немістерден қашып шыққан ол Харьков облысындағы Перекоп деревнясындағы туыстарына келеді. Сол жерде Добробабин немістерге полицай болып қызмет етеді.

28 панфиловшылар туралы зерттеу жүргізген Артем Платонов бұл жайында былай деп жазады: «1942 жылдың тамыз айында мамандарды Германияға жұмысқа жіберу туралы немістердің бұйрығы шығады. Добробабинге өзінің туған селосында полицай болуға тура келеді. Бұл жерде екінің бірін таңдауға тура келген еді: не Перекопта полицай боласың, болмаса Германияға айдаласың. Бұның мәжбүрліктен болғанын, Иванның өз Отанын сатпағандығын мына бір фактілер дәлелдейді. Добробабиннің кезінде деревняда бірде-бір коммунист дарға асылмаған, селоға келіп тығылған бірде-бір совет жауынгері немістерге берілмеген».

Алайда әскери чекистер оның өткен-кеткенін 1947 жылы анықтайды. Бұл туралы Артем Платонов былай деп жазады: «Әскери трибунал бұрынғы взвод командирінің орынбасарын 15 жыл лагерьге жіберіп, жазасын өтеуге үкім етеді. О баста «Отанына опасыздық жасағаны үшін» 25 жыл бермек болады. Бірақ қанша дегенмен де, «әйгілі 28-дің» бірі емес пе, сол себепті мерзімін аздау береді. Ол бостандыққа мерзімінен бұрын, жеті жылдан соң шығады».

Сондай-ақ Ларион Васильев, Григорий Шемякин, Иван Шадрин және Дмитрий Тимофеев өздерінің сол «атақты шайқасқа» қатысып, тірі қалғандарын дәлелдейді. Сөйтіп, оларға да «Совет Одағы Батырының» алтын жұлдызы беріледі, бірақ бұл туралы көпшілік жұртқа басы артық әңгіме айтылмайды.

Шын мәнінде, тірі қалған соң да, яғни соғыстан кейін олардың тағдыры оңай болмаған. Мысалы, Иван Шадрин әйгілі шайқаста тұтқынға түсіп, одан 1945 жылы ғана босады. Мұнан соң советтік концлагерьлердің бірінде бұрынғы тұтқындарына арналған фильтрациялық електе екі жылын өткереді. 1947 жылы Алтай өлкесіндегі үйіне оралғанда, жұрт оған көктен түскендей қарайды. Себебі, ол «майданда ерлікпен қаза болған» еді.

Алғаш Александр Кривицкийдің «қиялдағы батырларына» сенбеген, панфиловшылардың тарихына жария түрде күмән келтірген әдеби сыншы, прозашы Эмиль Кардин болды. Оның зерттеуі нәтижесінде «панфиловшылар құпиясы» 1966 жылы ашылады. 1948 жылы прокуратура жүргізген тергеу құжаттары бойынша майдангер жазушы, әдебиет сыншысы Эмиль Кардин «Новый мир» журналына «Аңыздар мен фактілер» атты мақала жариялайды.

Ол қолына түскен құжаттар негізінде келтірген деректер бойынша, 1075-атқыштар полкінің бұрынғы командирі, куәгер Илья Карповтың сөзін келтіреді: «1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково разъезі маңында 28 панфиловшының неміс танктерімен шайқасы болған жоқ, мұның барлығы ойдан шығарылған. Бұл күні Дубосеково разъезі маңында 2-батальонның құрамында 4-рота соғысты. Олар шынында да батырлықпен шайқасты. Мәселе осы батырлар туралы болуы керек еді ғой?! Бұған не нәрсе кедергі болған? Әлде панфиловшылардың атыста өлгені – өліп, қашқаны – қашып, немістерге берілгені қол көтеріп кеткен соң, мұның артын жабу керек болды ма? Ал 4-ротада 100-ден аса адам мерт болды, газетте жазғандағыдай, 28 адам емес. Бұл кезеңде менімен ешқандай тілші сөйлескен жоқ. Ешкімге ешқандай 28 панфиловшы туралы айтқан емеспін, мұндай соғыс болмағандықтан, ол жайында айтуым да мүмкін емес», – деген екен полковник Карпов.

Арада 30 жылдан астам уақыт өткенде, яғни 1997 жылы, тағы сол «Новый Мир» журналында тарихшылар Никита Петров пен Ольга Эдельман анықтама-баяндаманың толық мәтінін және оның басты қорытындысын жариялайды:

«Тексеру-тергеу бойынша белгілі болғандай, баспасөзде жазылған 28 гвардияшы-панфиловшының ерлігі – әскери тілші Коротеевтің, «Красная Звезда» газетінің редакторы Ортенбергтің және әсіресе газеттің әдеби хатшысы Кривицкийдің ойдан шығарған, қияли дүниесі. Бұл қияли дүние кейінірек жазушылар Тихоновтың, Ставскийдің, Бектің, Кузнецовтың, Липконың, Светловтың және өзгелердің шығармаларында қайталанып, Совет Одағы халқының арасында кеңінен таралды».

Бұл - әлдебір журналист немесе тарихшы емес, Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің Бас прокуроры, юстиция генерал-лейтенанты Н.Афанасьев шығарған қорытынды. Әскери прокурор аңызға осылай өлімші етіп, үкім шығарып, оны елдің бас прокуроры Г.Сафоновқа жолдайды. Ал Сафонов өз кезегінде ВКП Орталық Комитетіне жөнелтеді.

Бірақ Орталық Комитеттің Саяси Бюро мүшелері мұны талқылады ма, жоқ па деген мәселе құпия күйінде қалады. Талқылау болған күннің өзінде жабық есік жағдайында қабылданған шешім бойынша, 28 панфиловшылардың «ерлігі» елдің патриоттық сезіміне қызмет ету үшін жылы жауып қалдырылуы әбден мүмкін.

Ақиқатқа айналған аңызға қатысты күдіктің біразын кейіннен Александр Кривицкийдің өзі сейілткен. Оның өз сөзі бойынша, очерк жарияланысымен, оны Кеңес Армиясы Саяси Бас басқармасының бастығы генерал-полковник Александр Щербаков шақыртып алады.

«Аздаған әңгімеден соң, Щербаков күтпеген жерден:

– Жолдас Кривицкий, сіз очеркте 28 панфиловшы түгел қаза болғанын жазасыз. Сонда сізге Клочковтың «...Россия ұлан-байтақ... Бірақ артымызда Москва – шегінерге жер жоқ!» деген сөзін кім жеткізді? – деп сұрайды.

Кривицкий:

– Мен осындай сәтте Клочков осыған тектес сөз айтуы мүмкін-ау деген оймен оның аузына бұл сөзді өзім салдым, – деп, турасынан жауап береді.

Щербаков Кривицкийге ұзақ уақыт үнсіз қарап тұрып:

– Сіз өте дұрыс істегенсіз, жолдас Кривицкий, – деген...».

Щербаковтың осындай қолдауынан болса керек, Кривицкий әбден еркінсиді. Ол кейіннен: «28 батырдың сезімі мен әрекетіне келсек, бұлардың барлығы – менің әдеби қиялым. Мен жараланған немесе тірі қалған гвардияшылардың ешқайсысымен сөйлескен емеспін. Жергілікті тұрғын халықтан мен тек Клочковтың жерленген бейітін көрсеткен 14–15 жасар баламен ғана сөйлестім», – дегенді ашық айтып жүреді.

Кейін 60-жылдары Мәскеу түбіндегі соғыстың аңызы мен ақиқатын жазып жүрген тарихшы Эмиль Кардин 28 панфиловшы туралы аңызды құжаттарға сүйене отырып, соңына дейін әшкерелеген тұста, оған сонау жоғарыдан Брежневтің өзі қатты ескерту жасап, басып тастайды.

Кривицкий болса, кез келген дау-дамайда: «Сендер не десеңдер, ол деңдер, менің мақалам тарихи құжат болып қалады!» – деп, ешкімге дес бермейді. Міне, аңызды ақиқатқа айналдырған автордың өзі осылай мойындап отырған жағдайда «28 панфиловшылар ерлігін» одан әрі дабыра етіп, ұлт ұрпағын жалғандыққа мойынсұндыру әділетсіздіктің әкесі болмай ма?

Бір көңіл аударатын мәселе – соғыстан аман қалған панфиловшылардың бірде-бірі бұл пікірталасқа араласпаған, өздерін қорғап, уәж айтқан ешкім болмаған. Соған қарағанда, бұл «ерліктің» көлеңкелі тұстары көп болғанын «тарихи куәгерлер» де үнсіз мойындаған сыңайлы. Себебі, Кеңес Одағының бұқаралық сананы бағындыруға бағытталған алып идеологиялық машинасы болмаса, өлім мен өмір арасындағы адамдардың тағдыры бұлайша бұрмаланып, осыншама дабырамен насихатталмаған болар еді!

Сондай-ақ бүгінгі күні Қазақстанда қоғамдық құрылым өзгеріп, тәуелсіз елдің тарихы жасалып жатқан кезде, кеңестік саяси насихат ақиқаттың мысын басқан коммунистік идея өзгермей келе жатқанына, жалғандықтың жаны мұнша сірі болатынына да қайран қаласыз. Көршілес Өзбекстанда советтік мұра мен оның насихаттық негіздері қиратылды. Грузия «Ұлы Отан соғысы» деген тарихты қайтадан саралау үстінде. Балтық жағалауы елдері бұл соғысты «большевизмнен азат ету соғысы» деп жариялады. Украина ресейлік мұраны ғана емес, тұтас православие дүниесін ұлттық ұжданмен қайтадан қарауда. Ал біздің ел Ресейдің «ұлыорыстық» шовинизм идеясын қайтадан «тірілтуге» жан-дәрменімен жәрдем жасауда.

Осы орайда «28 панфиловшылар» оқиғасына қатысты кеңестік кезде қалыптасқан ресми тарихты қайта қарап, оған ақиқат деректер негізінде жаңаша баға беру қажеттілігі «өтірік» кино түсіруден әлдеқайда маңызды болса керек. Рас, біз Панфилов дивизиясының Екінші дүниежүзілік соғыстағы батырлығына шек келтіре алмаймыз. Бірақ сол соғыстың ақиқаты мен аңызын айырып алатын уақыт әлдеқашан жетті.

Кейіннен 8-гвардиялық генерал Панфилов атындағы дивизия аталған әскери құраманың 1077-полкінде командир болған Зиновий Шехтман өз естеліктерінде: «...Тек екі күнгі ұрыстың өзінде полктің 400 адамы мерт болып, 100 адамы жараланып, 600 адамы із-түзсіз кетті. Дубосеково разъезін қорғаған 4-ротаның бестен бір бөлігі ғана аман қалып, 5- және 6-роталардың шығындары одан да көп болды...» – деп жазды. Сондықтан біздің мақсатымыз – ерлікті жоққа шығару емес, ақиқатты жарыққа шығару.

Бір кездері кеңестік әскердің рухын көтеруге қажет болған ұрандар мен идеялар бүгінгі Қазақстан үшін ұлттық ұлағат бола ала ма? Айталық, «Московский комсомолец» газетінің шолушысы Александр Минкин 28 панфиловшының тарихына түсініктеме бере келіп, 2009 жылы мамыр айында «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының орыс қызметінің хабарында былай деп мәлімдеді:

«Бұл бұрмалау (!) бүгін жасалған жоқ. Ол соғыс уақытында әскери рухты көтеру үшін жасалды. Мен бұл жайтты айыптауға асықпас едім. Сарбаздардың рухын көтеруге тырысты. Майдан даласында тауымыз шағылып, біз жылдам шегініп бара жаттық. Тұтас армиялар қоршауда қалып, құрып кетіп жатты. Қалай болғанда да, әскери рухты көтеру керек еді».

Ал әйгілі тарихшы әрі публицист Рой Медведев бұл бұрмалаудың себептерін айта келіп, ойдан шығарылған қияли дүниеге былай деп түсініктеме берді: «Тарих дегеніңіз – өте күрделі ғылым және онымен өте байыпты түрде айналысу керек. Бұл өте қиын дүние, пікірталастыру керек, кез келген шынайы түсіндірмеге мүмкіндік беру керек. Бірақ бұрмалау – бұл шынында да саяси дүние, көп жағдайда ол «арамниетті өтірік», – деді.

Сондықтан да бүгінгі қазақ жастарын «28 панфиловшылар» деп аталатын фильмнің желісімен «арамниетті өтірікке» баулу бізге қажет пе?

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА.

 

Абай.kz

 

ДЕРЕККӨЗІ: «Общественная позиция» газеті, (проект «DAT» №05 (276) от 05 февраля 2015 г). 

1 пікір