Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 15916 0 пікір 17 Ақпан, 2015 сағат 10:20

РАДИКАЛДЫ ИДЕОЛОГИЯ ҚОҒАМ ҮШІН ҚАУІПТІ

Радикалды діни ағымдар идеологиясының таралуы бүгінгі таңда жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Нигерия елінде «Боко Харам» лаңкестік ұйым мүшелері тарапынан әйел адамдар мен жас жеткіншектердің жиі қолды болуы, Сирия мен Ирак аймақтарында «қасиетті соғыс» ұранын ту етіп көтерген «жиһадшы» «ИГИШ» ұйымының террорлық актілері сынды ақпараттар легі күнделікті баспа және телевизиялық БАҚ-та, ақпараттық-агенттіктер мен интернет-ресурстарында жиі жариялануда. Аталмыш діни-экстремистік, террорлық ұйым мүшелерінің өмірлік ұстанымына қолдау білдірген Түркия, Пәкістан, Ауғанстан, Еуропа, ТМД және тағы басқа сексеннен астам мемлекеттердің кейбір азаматтарының «жиһадқа» аттану фактілерінің жиі көрініс беруі – бұл феноменді терең де жан-жақты зерттеуді қажет етуде.

Радикализм (лат. radix – түбір, түп, тамыр) – белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстану, тек соны жақтау деген мағынаны білдіреді. Радикализм ұстанымы қалыптасқан қоғамдық дәстүр мен үрдістерді, көзқарас пен институтты өз идеологиясына қарай өзгертуге бағытталады. Зерттеушілердің пікірінше, тарихтың ауыспалы кезеңдерінде пайда болатын бұл феномен қоғамның саяси-әлеуметтік саласында жиі көрініс беріп жатады. Радикализм сипаты мен ұстанымына қарай саяси, діни және философиялық деп бөлінеді.

Бүгінгі таңда Таяу Шығыс елдерінде, яғни мұсылман әлемінде орын алған лаңкестік ұйымдар тарапынан жасалып жатқан қақтығыстар мен кескілескен ұрыстар негізінде діни радикалдық және саяси себептер де жоқ емес. Діни радикалдық идеология экстремистік, террорлық ұйымдарды қалыптастырудың негізгі «құнарлы топырағы» болса, діни экстремистік және террорлық актілердің жиі орын алуы өз кезегінде әлемде «исламофобия» түсінігін қалыптастырды. Бір феноменнің пайда болуы екінші бір феноменнің кең қанат жаюына түрткі болуда.

Кез келген дінді бір қырынан ғана танып, қатаң түрде ұстану салдарынан діни радикалдық көзқарастың пайда болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Мысалы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде радикалды буддистер тарапынан басқа дін өкілдерін қыспаққа алу, әсіресе мұсылман қауымының мешіттерін, үй-жайларын өртеп, өздерін шет қақпайлау оқиғалары шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жариялануда. АҚШ елінде христиан дінінің бір тармағы болған протестанттық радикалды идеология әрекет етсе, Батыс Еуропа елдерінде католиктік радикалды көзқарастар да жоқ емес. Қай дінде болсын діни радикалды идеологияның кез келген елдің қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, моральдық-рухани құндылықтарына, жалпы алғанда қоғамның бірлігі мен ынтымағына төндірер қауіпі зор.

Ислам діні – барша халықты бірлікке, ынтымаққа шақырушы бейбітшілік діні. Өкінішке қарай, әлем сахнасында ислам, мұсылман атын жамылған лаңкестік ұйымдар мен топтар ислам дінін қол шоқпарға айналдыру үрдісі көрініс берді. 2014 жылдың қараша айында Астанада өткен қауіпсіздік органдары жетекшілері мен ТМД-ның арнайы қызметтері Кеңесінің 37-отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың «Ислам мемлекеті» ұйымындағы қазақстандықтардың саны 300 адамнан асады және оның жартысы – әйелдер» деген мәлімдемесі діни радикалды ағымдардың арбауына түскен отандастарымыздың аз емес екендігін көрсетеді.

Елімізде діни радикалды көзқарасты ұстанушылар тобының пайда болуының бір-бірінен ажырамас бірнеше сыртқы және ішкі факторлары бар. Жетпіс жыл бойы Ресейдің бодандық саясаты салдарынан діни сауаты таязданған халқымыздың мәдени және діни, жалпы алғанда рухани құндылықтарға деген сұранысының артуы елімізде діни радикалды көзқарасты ұстанушы адамдар тобының қалыптасуына қолайлы жағдай тудырды. Бұл ішкі фактор – еліміз өз алдына тәуелсіздігін алғаннан кейін, белгілі бір жастар тобының өз беттерінше Пәкістан, Сауд Арабиясы және т.б. елдерде діни білім алып отанымызға оралуы, сонымен қатар діни сұрақтар мен мәселелерге жауап іздеушілердің радикалды идеологияны насихаттаушы интернет-сайттар мен бейне роликтердің арбауына түсуі сынды бірнеше сыртқы фактордың пайда болуына түрткі болды.

Ислам дінінің парыздарын орындауға шын ықыласымен ниетті кейбір мұсылман бауырларымыз өздерінің теріс ағым жолына қалай кетіп қалғандарын аңғара алмай жатады.

Қазақстан Республикасының аумағында соттың шешімімен тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдар қатарынан елімізде кеңінен танымал «Таблиғи жамағат» пен «Ат-такфир уәл-Хиджра» ұйымдары орын алады. Кейбір ислами радикалды ағымдардың өз иделогиясын насихаттау жолында бірнеше сатылы әдіс-тәсілдеріне тоқталып өтсек:

Бірінші сатыда, ислам дінінде белгіленген құлшылықты орындауды мақсат еткен адам қалыптасқан белгілі бір «жамағат» қатарына ақырындап тартыла бастайды. Көбіне көп мұндай «жамағаттар» қақпандарына жаңадан намаз оқуды бастаған, діннен тек үстірт қана хабары бар адамдар түсіп жатады. Қармағына бір ілінген адамды уағыздар арқылы айналасына топтастыра бастайды.Уағыздардың басым көпшілігі о дүниенің бар жақсылықтарына арналған және сол бақытқа кедергі болатын бұл дүниеде көп нәрсені тәрк ету қажет. Мысалы, музыка тыңдамау, теледидар көрмеу деген ұстанымдар жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю принципіне айнала бастайды.

Екінші сатыда, күнделікті өмірде «анау болмайды», «мынау болмайды», «ол дұрыс емес», «мынау дұрыс» деген сынды тыйымдар мен сындардың көбеюі қоршаған ортада, яғни отбасы, туыстары, достары, таныстары арасында түсініспеушіліктерге бой алдыра бастайды. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының шариғатқа мүлдем сай келмейтіндігі сөз болады. Бұл сатыда дінді ұстану мен оның шарттарын орындау барысында агрессиялық қысым басымдылық танытып, көбінесе ислам дінінің ішкі терең мазмұнынан гөрі атрибутикалық әрекетке көп көңіл бөлінеді. Мысалы, балақ қысқарту, сақал қою (бұл жерде жас мөлшері, жарасу немесе жараспау мәселесі назардан тыс қалады), діни құқықтық мәселелерді ескерместен «сүннет» деген желеумен екінші, үшінші, төртінші әйел алу және қалаған уақытта талақ қылу, яғни отбасылық құндылықтардың сақталмау мәселесі қоғамда үлкен резонанс тудыруда. Жоғарыда аталып өткен мысалдар салдарынан сол адамның немесе адамдар тобының қоғамнан оқшаулану үрдісі орын алады. Өздерінің «таза ислами» әрекетін қолдамаған ортаға, зайырлы мемлекет принципін ұстанған билік органдарына деген өшпенділік сезімін тұтатып, оларды «кәпірге» шығару түсінігі қалыптасады.

Үшінші сатыда қоғамнан оқшаулану әрекеті өзінің шырқау шегіне жетіп, өз елінен басқа шариғатпен амал етуші мемлекетке қоныс аудару, дін жолында аянбай күресу мәселесі мақсат болып алға қойылады. Ендігі кезекте ол адам өзі сіңірген діни радикалдық иделогиясын таратуға барынша ат салады. Осындай әрекеттер салдарын Таяу Шығыс елдерінен көріп отырмыз.

Радикалдық идеологияның кез келген түрі қоғам үшін аса қауіпті. Ол қоғамда ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздырып, бірлік пен ынтымаққа нұқсан келтіреді. Рухани құндылықтар шетке ысырыла бастайды.

Б.Алмурзаева,

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг бөлімінің жетекші сарапшы қызметкері.

 

Абай.kz

0 пікір