Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 6205 0 пікір 21 Ақпан, 2015 сағат 12:38

ГЕРМАНИЯДА ӘЛИЯ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП БОЛҒАН!

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы мақала жазбас бұрын музей құжаттарына тағы бір көз салуды ұйғардым. Өйткені, ол туралы сан мыңдаған шығармалар, мақалалар жазылды. Батырдың туғанына 90 жыл толуына орай, қандай да бір тың нәрсе жазғым келді.
Осылайша, қор құжаттарын парақтап отырып, сарғайған қағазға көзім түсті. Көптеген сары қағаздың ішінен өзіне көңіл аудартқаны — қағаздың неміс тілінде жазылғандығы. Сыртында «Deutsche demokratische republic» деген жазуы бар екі маркі жапсырылған конвертте «Oberschule Borna» деген жазуы бар екен.
Хат Әлияны кезінде 54-атқыштар дивизиясының құрамына қабылдаған дивизия командирі Николай Уральскийге жолданған. Мені таңғалдырғаны — оның мазмұны. Әлия фашистік Германияға қарсы қару кезеніп, батыр атағын алса, немістер 1975 жылы батырдың туғанына 50 жыл толу қарсаңында оның атын мектепке беріпті.
Толығырақ айтсақ, Германияның Борн қаласындағы мектеп басшылығы 1969 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы №11 мектеппен тығыз байланыс орнатқан. Осы өзара достықтың тіні Борндағы мектепке батыр атын берумен нығая түскен.
Мектеп директоры мен пионер жетекшісінің қолы қойылған хатта Н.Уральскийді осы шараға, яғни Борн қаласындағы мектепке Әлия есімін беру салтанатына шақырғаны жазылған. Сонымен бірге, ол шараға №11 мектептен 3 адам келетіні көрсетіліпті.
Осы ақпараттың анық-қанығын анықтау үшін Ақтөбедегі №11 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Инна Волошинаға хабарластым. Ол кісі өзі де кезінде осы мектепті бітіргенін, оқып жүргенде Алмания жеріне мектептен делегация барғанын, тіпті қазірдің өзінде ол елге тәжірибе алмасу мақсатында барып тұратындықтарын айтты.
Ал Лейпциг түбіндегі шағын Борн қаласындағы мектеп пен ақтөбелік мектеп арасындағы ынтымақтастық өткен ғасырдың 70-80 жылдарында өзара хат жазысу арқылы басталған. Борн қаласының оқушылары ақтөбелік оқушылар арқылы қазақтың қаһарман қызы Әлияның ерлігі туралы біліп, қаламызға қыдырып келіп, батырымызды қалай қастерлейтінімізді көзімен көрген. Қазақтың қонақжайлығына тәнті болып, осылайша екі арада достық көпірі орнапты.
Неміс оқушылары фашистерді жеңген батыр қызымыздың есімін өздері оқитын мектепке беруге ұсыныс білдіріп, бұл ұсыныс қолдау тапқан көрінеді. Осылайша 12 жылдық орта мектеп «Alija-Moldagulova-Obershule Borna» деп аталған. Мектеп алдында Әлияның бейнесі бар картина мен батырымыздың туған жылы мен қаза тапқан жылы жазылған белгі тақтайша тұрған. Тіпті болашақта мектептің алдына Ақтөбе қаласындағы қазіргі Шернияз көшесінде тұрған Е.Штамм мен Л.Рапутовтың қолынан шыққан Әлия бюстінің көшірмесін қою жоспарланған, алайда, ол жүзеге аспады. Өйткені, 1989 жылы Берлин қамалы құлап, екі Германия қосылып, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, герман мектептерінде балаларды басқа идеологиямен оқыта бастады. Олар Гитлер мен оның жақтастарын жеңген — кеңес өкіметінің жауынгерлері емес, АҚШ пен Ұлыбритания, ал кеңес әскерлері тек қосымша рөл атқарды деп оқытатын болды. Осыған орай мектептің атауы өз маңыздылығын жойды.
Дегенмен Борн қаласының қасындағы 17 мың тұрғыны бар Ошаце қаласында Германиядағы кеңес әскері топтарының 175-ракета бригадасы мен кеңес офицерлерінің гарнизон үйі тұрғанша мектеп Әлияның атында болды. Ал кеңес әскерлері Ресей жеріне көшірілгеннен кейінгі мектеп тағдыры беймәлім. Дегенмен бұл - кезінде Әлияға көрсетілген тағы бір құрметтің көрінісі.
Шетелдегі мектептер ішінде Әлия атында Санкт-Петербургте де оқу орны бар. Ақтөбе облыстық мұрағаттағы мәлімет бойынша, Әлия апамыз оқыған Ленинградтағы №9 мектеп 1898 жылы Нева өзенінен өтетін көпір маңында салынған. 1948 жылы мектепке Әлия есімі беріліпті. Кейін ол мектепті ысырып, 1963 жылы орнына жаңа №140 мектеп салынады. Мектептегі батыр қызымызға арналған музей 1965 жылы жасақталған. 2003 жылы Ресейдегі Қазақстан жылына байланысты аталған мектепке Әлия есімі берілді.
1980 жылы 29 желтоқсандағы Ленинград атқарушы комитетінің шешімімен батырымыз тұрған №46 балалар үйі орналасқан Красногвардейская ауданындағы Гурдина көшесі Ә.Молдағұлова атындағы көше деп өзгертіледі.
Мәскеуде 1935-38 жылдар аралығында Әлия апамыз оқыған №35 мектеп ысырып тасталынды. Ал 1970 жылы аталған мектеп орналасқан көшеге Әлия Молдағұлова есімі берілді. 1975 жылдан бастап №891 мектепте Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлова атындағы «Даңқ» музейі жұмыс жасай бастады. 1998 жылы осы мектепке батыр аты берілді. 2013 жылы 26 маусымда жергілікті әкімшіліктің №287 бұйрығы бойынша №891, 402, 761, 856, 880 мектептер қосылып, ол Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектеп гимназия болып қайта құрылды. Ал көше атауы қазірде батыр апамыздың есімімен емес, Вишняки көшесі болып өзгертілгенін де айта кеткеніміз жөн. Мектепте 2005 жылы Әлияның 80 жылдығына орай Б.Әбішев жасаған батырдың бюсті орналасқан.
Әлия өзіне ешқашан өшпейтін ескерткіш орнатып кетті!

 

Толқын ЖАҢАБЕРГЕНОВА,
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы.

Ақтөбе облысы.

 

Абай.kz

 

Дереккөз: www.aktobegazeti.kz

0 пікір