Сенбі, 24 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110250. Жазылғандар — 105566. Қайтыс болғандар — 1796
Көкмұнар 7972 1 пікір 24 Ақпан, 2015 сағат 01:36

МЕНІҢ ӘЖЕМ

Менің әжем - дүниедегі асыл әжелердің ішіндегі ең ғажабы. Әжемнің бауырына басымды тығып алып маужыраймын-ай келіп. Оның жан жадыратар күнсіңді исі танауымды қытықтап, өне бойымды балбыратады-ай келіп. Әжем менің…

Тынысыңды тіліп ашатын таң самалын даладан жетектеп ерте келген қалпы маңдайымнан майдалай сипалап, аялап оятады. Жып-жылы сумен беті-қолымды «әке-көкелеп» жүріп әрең шайындырады. Оянғым келіп тұрса да жалындырған үстіне жалындырып кергимін-ай келіп. Әжемнің қай уақытта тұрып қашан тамақ пісіріп қоятыны маған белгісіз. Тіпті сол мәселеге бас қатырып та көрмеппін. Өйткені, қашанда нән сары мыс самауырын екі иінінен дем алып мені күтіп тұратын. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын кезім, алашапқын той болды. Оны ұйымдастырған баяғы менің әжем ғой. Ауыл жұртын түгел шақырды-ау шамасы. Даурығып жүр. "Қарақтарымнан бәрі садаға" дейді.

Мектепке өзі ертіп апарған. Кездескен жанға мені көрсетіп немерем «өлебайға» барады дейді. Өзі де «былай-былай» шыққанда үстіне ілетін шәлеңке көйлегі мен зерлі кимешегін киіп алыпты. Қолтығында кіл жаңа дәптер мен оншақты қаламсап салынған менің сөмкем.
Бүкіл мектеп оқушыларының ішінде әжесімен бірге келе жатқан мен ғана шығармын. Қолынан тас қып  ұстаған қалпы танауымды делдитіп қоямын. Әжем барда мәртебемнің қашанда биік екенін ішім құрғыр сезеді. Қорғаным менің…

Алғашқы қоңыраудан кейін де әжем мені мектепке жалғыз жіберген емес. Немересін, тұңғыш немересін, жан дегенде жалғыз ұлының жалғасын мектепке өз қолымен жетектеп апарып, алып келетініне шат-шадыман. «Жақсы оқы, - дейді маған, - жақсы оқысаң мұғалімің сияқты оқымысты боласың. «Опырап» сияқты бастық боласың. Сонда маған «індінскиий» шәй әпересің», - дейді. Дейді де, «сол күнге жете алар ма екенмін» деп қараптан-қарап тұрып көз жасын сығып-сығып алады. Немересі үшін күніне қырық күліп, қырық жылайтын әжем менің…

Ақ пейіл әжемнің мен дегенде шығарда жаны бөлек екенін біліп алған соң жорта қиғылықты салудай-ақ саламын-ау. «Ақша бермесең мектепке бармаймын» деп әжемнің зәресін алатыным бар. Ондайда толғанып жүріп қолыма сары қағаздан біреуін ұстатып жібереді. Сосын: «ақшаға жақын болма, жарқыным, ақшаға жақын болғандарды дүниеқор дейді. Ондай адамдар жаман болады», - дейді. Білмейтіні жоқ әжем менің...

Пошташы қыз зейнетақы тарата келгенде «дөкіментке» маған қол қойдырады. Өзі сосын соған мәз. Ақша тарататын қызға бір «көк қағаз» ұстатып жібереді. Немеремнің қол қойғаны үшін деп. Кең қолтық әжем менің…

Әжем қандай зат алса да қос-қостан алатын. «Өлебайдағы» алғашқы жаңа жылды қарсы алу кешіне әжем маған бір өлшемді, бір түсті бес жейдені қабаттап, оның сыртынан жемпір, қалың пальто кигізіп ертіп барғаны бар. Сонда үлкен сыныптың қыздары тегін күлкіге қарық болды-ау. Алаңғасарлау әжем менің…

Әжем ешқашан ашуланбайтын. Ең жаман сөзі «тұқымың өскір» еді. Әжемнің көзі дейтін сары сандықтан сарғыш тартқан зерлі кимешекті алып бауырыма аялап басып тұрмын. Жан-дүнием езіліп бара жатыр. Жұпарыңды аңсадым, әже! Таусылмас сағынышым менің…

Кимешектің де өзіндік қасиеті болады екен-ау. Кимешек жоғалғалы бері келіндер де кесірленіп кеткендей. Кимешегімен айбынды еді Әжем менің…

Ерғазы МАНАПҰЛЫ.

Талдықорған.

Абай.kz

1 пікір