Бейсенбі, 2 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 402. Жазылғандар — 27. Қайтыс болғандар — 3
46 - сөз 3422 0 пікір 24 Ақпан, 2015 сағат 10:02

Дина ТӨЛЕКОВА. МЕН ҮН ҚАТТЫМ...

Желіде желікпегендердің бірі едім... Өмірде де аса қатты пысықай емес-тұғынмын... Өтірік "ұлтым" деп ұрандату арқылы халықты арандатып қойып, арзан атақ іздеп, азаматтық ұстанымымды саудалап, биліктен нəпақамды тапқан арамтамақ тағы мен емес екем...
Мұның бəрі - менің табиғатыма жат дүниелер... Иə, соңғы 1 жарым жылда əлеуметтік желіде "дауысы қаттырақ шығып кеткен" қарындастардың қатарынан табылдым. Тіпті осы жердегі халқым маған батыр атағын беріп тастады. Шын күрескер, шын батыр болу қайда??? Əлеуметтік шырғалаңнан шыға алмаған мынау заманда Жанна д' Арктай күрескер болу қайдан қолдан келсін?!
Сұмдық адам көргісіз қиянатымен менің сүйегіме таңба түсірген көршімді кешіре алмадым. Бойымды аулақ ұстағым келді. Пүтекемді қолдаған бүгінгі Рашаны айтам-ау... Саясатты жіті қадағалап қана қоймай, іштей салмақтап отыратын мен үшін олардың шовинистік сасық саясаты бесенеден белгілі ғой. Өткен жылы дауысымның қатты шығып кетуіне себеп болған субъективті фактор, осы ішкі қарсылық еді. Биыл сылаң етіп сайлау келе қалды емес пе? Бір адамның өмір бақи билеп-төстеуінен, елде белең алған əлеуметтік қайшылықтан, заңсыздықтан, авторитарлы жүйеден тағы да толып жатқан "ивті" себептерден мезі болған мен жуырда өз ойымды желі бетіне төгіп тастадым. Сөйтсем, мен белсенсігенде қылаң ете қалатын ақыл айтқыштарым "қойсайш" дегендей қылды. Əлбетте, "кесірі тиер" деп, менің тағдырыма алаңдаған шын жанашырларым да жоқ емес... Елді əбігерге салатындай не жазыппын деп жазғандарымды тағы бір шолып шықтым. Қарасам, қорқынышты түк те жоқ! Мынау билікті төңкеріп-құлатайық, алаңға шығып, қызыл-қырғын болайық деген революциялық ұран атымен жоқ. Тұңғышты атына теріс жетектетіп мінгізіп жіберетіндей мəтін тағы жоқ. Бір партия құрып, оппозицияның соңында улап-шулап жүрген мен жоқ. Ақорданың жанына барып, аштық жариялап, аузымнан ақ көбігім атып, қолыма қылыш ұстап, аттандап жүрген тағы мен емес. Сонда бұлардың бойын билеген не үрей? Неден қорқады? Соншама не боп қалды? 
Өткенде Айдос Сарым: "Экономика, бизнес тыныштығы тұрақты елде дамитыны айтылып жүр ғой, ал бүгінгі тұрақтылық саясаты шын мəніндегі саясат емес, ол бүгінгі билеушілердің саяси жағдайын сақтап қалу үшін жүргізіліп отыр, шынайы тұрақтылыққа қатысы жоқ ұғым" деп сұхбат беріп еді...
Еех, бұлардың көкейін тескен көптің қамы емес, биліктегі ат төбеліндей топтың "бағы" екен ғой... Қорыққанға қос көрінеді... Үнсіздіктің ішінде сəл ғана сыбдыр ете қалған дауыс - ол қарақтарыма - шыңғырып жатқандай естіледі екен ғой... Ал мен үн қаттым, құлақтарыңды басып ап қашыңдар!!!

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды)

0 пікір