Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4964 0 пікір 24 Ақпан, 2015 сағат 14:34

КӨРМЕГЕ КЕЛ, ТАРИХЫҢДЫ ТАНЫ!

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының «Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты қор көрмесі өтеді. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Экспозиция алғаш рет дәстүрлі қазақ қоғамының тарихи және мәдени мұраларын айғақтайтын бірнеше музейлік жинақтарды ұсынып отыр. Көрменің мақсаты қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюында маңызды орын алған, Қазақ хандығы тарихындағы айтулы оқиғалар мен жарқын тұлғаларды көрсету.

Қазақ хандығының кең байтақ кескіндемелі бейнесін танымал қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, зергерлер, жаңғыртушылар туындылары көз алдымызға елестетеді. Экспозицияда бірқатар тарихи жәдігерліктер - Ресей патшайымы І Елизаветаның атынан Абылай ханға тарту етілген атақты қылыштың бөлігі, Бөлек батырдың дулығасы, сонымен қатар Қ.Алтынбековтың тарихи дәлдікпен орындаған қазақ хандарының мөр-жүзіктері мен А.Абдубаиттің алтын зерлі жіппен кестеленген көркем паннолары маңызды орын алады. Көптеген жәдігерлер көпшілік қауымға алғаш рет ұсынылып отыр. Осылардың қатарында Қытайлық Цин династиясының кезеңіне жататын бірегей паннолар маңызды орын алады. Оларда қытай императорларының әртүрлі мемлекет өкілдерімен дипломатиялық сыйлық алмасу рәсімі бейнеленген. Осы дипломаттар қатарында Қазақ хандығының да өкілдері бар. Осындай бірегей, мұрағаттық-бейнелеу дереккөздері ҚХР мұрағаттарынан табылған, ал олардың дәл көшірмелері ҚХР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, қазіргі кезде Президенттің Көмекшісі-ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Н.Б.Ермекбаевтың бастамасымен жасалған болатын.

«Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты көрме 28 қыркүйекке дейін жалғасады.

Абай-ақпарат.

0 пікір