Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәйекті 7072 0 пікір 25 Ақпан, 2015 сағат 15:45

ДОЛЛАРДАН БАС ТАРТУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

Мәжілістің жалпы отырысында өткен бюджет өзгерістерін талқылау барысында депутат Айгүл Соловьева Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовке қарата экономиканы долларсыздандыру мәселесін көтерді. Депутат ханым «Елбасы осыдан бес жыл бұрын экономиканы долларсыздандыру туралы идеясын айтқан еді. Бұл ретте әлемдік валюта елдер арасындағы келісімшарт бойынша жүзеге асуы керектігіне назар аударылған болатын. Осы бағыттағы жұмыс белсенділігін арттыру туралы Президент жақындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Осыған орай, Ұлттық банк теңгенің экономикадағы рөлін нығайтып, доллардан кету үшін қандай шаралар қабылдайды?» - деп сұрады.

Өз жауабында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов: «Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкіметпен бірлесе отырып, экономиканы долларсыздандырудың 2015-2016 жылдарға арналған арнайы шаралары қабылданып жатыр. Жоспар басты үш бағытқа негізделеді. Бірінші бағыт - макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл негізінен Үкімет және Ұлттық банкпен жүргізілетін барлық макроэкономикалық саясатқа арналады. Оның аясында инфляция үдерісін ырықтандыру, экономиканы әртараптандыру шаралары арқылы жүзеге асады. Екінші бағыт - қолма-қол ақша операцияларын азайтып, көлеңкелі айналымды төмендету. Мұнда қандай да бір шетелдік валютаның айналымына тыйым салу емес, ұлттық валютаның рөлін арттыру туралы сөз болып отыр. Соның ішінде қолма-қол ақша айналымын төмендету бойынша шаралар көзделеді, жеке тұлғалар арасында жылжымайтын, жылжымалы мүлікті сатып алу-сату барысында осы мәселелерді реттеу қарастырылады. Әрине, бұған уақыт керек. Дегенмен, әлемнің барлық елдерінде әртүрлі транзакцияларда қолма-қол ақшасыз операциялар айналымы артып отыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмайды, алдағы уақытта кезең-кезеңімен заңнамалық өзгерістер енгізбекпіз. Үшінші бағыт - ұлттық валютаның шетелдік валютаға қарағанда басымдығын көтеру. Бұл үшін ең алдымен тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бағасын шетелдік валютада көрсетуге тыйым салынатын болады. Соның ішінде «шартты бірлік» деген секілді атауларға да тыйым салу қарастырылған. Теңге бойынша депозиттерге кепілдендіру көлемін 5-тен 10 млн. теңгеге дейін арттыру қарастырылады. Керісінше, шетелдік валютадағы депозиттерге ставкаларды 3 пайызға дейін төмендету көзделеді», - деп жауап берді.

Елімізде кеңінен әңгіме болып отырған ұлттық экономиканы долларсыздандырудың басты міндеті — отандық қаржы-банк секторын дамытуға серпін беру болып табылады.

Абай-ақпарат.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3528