Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 20082 2 пікір 26 Ақпан, 2015 сағат 01:08

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ НЕ ҮШІН ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы елдердің бірі болып КСРО елдеріндегі жүргізілген жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту мақсатын көздеді. Ол үшін ең алдымен барлық тауарлар мен қызметтердің бағасын либерализациялау мен мемлекеттің меншігін жекешелендіру қажет еді. Ал нарықтық экономикада еркін баға мен жекеменшіксіз даму қиын процесс екені белгілі. Нарықтық экономикада маңызды орын алатын мәселе мүлікті, ақшаны бизнес көздерін «жекешелендіру» болғандықтан, осы ұғымға тоқталып кетсек.

Жекешелендіру дегеніміз — азаматтардың және заңды тұлғалардың мемлекеттік меншік объектілерін немесе мемлекеттік акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу деген сөз. Немесе меншік қатынастарын реформалау арқылы мемлекеттік меншікті меншіктің басқа нысандарына айналдыру процесі. Жекешелендірудің басты мақсаты — жекешелендірілген кәсіпорындарда экономикалық өсуі арқасында ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, мемлекетік бюджет тапшылығын азайту. Яғни, ол — нарықтық экономикаға көшудің өзекті шарты. Бұл саясат, біріншіден, шаруашылық субъектілерінің іс белсенділіктерін арттыру үшін, екіншіден, экономикалық бәсекелестікті жандандыру үшін жүргізіледі. Қазақстанның экономикасы қазіргі таңда экономикалық модернизацияның алғашқы сатысынан өтті. ҚР Президенті Н.Назарбаев 2007 жылы 28 ақпанда «Жаңа Әлемдегі – Жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында: «Еліміз ауыспалы кезеңді сәтті аяқтап, өзінің дамуының жаңа кезеңіне нық басып келеді» деп көрсеткен болатын. Міне, осы дамудың жаңа кезеңі нарықтағы өзіндік жолды анықтаудың бірден-бір көрінісі — өндіріс саласын жекешелендіру. Мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіру күрделі мәселе, сондықтан оны қысқа мерзімде жүзеге асыру қиын процесс. Жекешелендіру халық арасында түрлі пікірлер туындататыны сөзсіз. Сондықтан жекешелендіру процесін ашық түрде, халықты барынша толықтай ақпараттандыру арқылы жүргізу механизмдерін жетілдіру қажет. Тоқсаныншы жылдары жекешелендірудің бірінші кезеңі қарапайым халыққа хаос болып көрінді. Оның да өзіндік себептері де болды: біріншіден, халық жекешелендірудің нақты мәнін түсінбеді, екіншіден, жекешелендірудің заңдылықтары мен ережелері толық жетілмеді, яғни қазіргідей тәжірибе бойынша ашық, жариялы түрде жүргізілмеді. Қазақстанда жекешелендірудің алғашқы кезеңі «кіші жекешелендіру» деп аталды, онда мемлекеттік сауда және қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үйлер жекешелендіріліп, еңбек ұжымдарына берілді. Келесі кезеңі — «жаппай жекешелендіру» кезінде шағын, ірі кәсіпорындар, зауыттар мен фабикалар инвестициялық купондарға сатылды, осы кезде ел экономикасына шетел инвесторлары келді, ауыл шаруашылығы, бұрынғы колхоз, совхоздардың мал-мүліктері үлескерлерге бөлініп берілді. 1997 жылдан бастап жекешелендіру отын-энергетикасы, денсаулық сақтау, білім, ғылым салаларында өтті. Бұл процесс тек қана экономика саласына ғана емес, білім, ғылым, медицина салаларына көптеген жаңалықтар әкелді. Бірақ кейбір стратегиялық маңызды салалар — білім, мәдениет, медицина, әскер, т.б. салалар нарыққа көшуге негіз болмаған жағдайда жекешелендірілмей, мемлекеттің меншігінде қала берген дұрыс еді. Кез келген реформа мемлекетке бірден жағымды нәтижелер бермеуі мүмкін. Қазіргі таңда жекешелендірудің барлық механизмдері жетілдірілді, халықтың экономикалық білімі, мамандардың біліктіліктері, кәсіпкерлердің дайындықтары жоғарылады. Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, «бүгінгі Қазақ, кешегі Қазақ емес». Сонымен қатар мемлекет жекешелендіруді өткізу технологияларын өзгертті, электронды сауда алаңы арқылы ұйымдастыруды тәжірибеге енгізді. Оған «Халыққа қызмет көрсету орталықтары», «Egov.kz» сайттары, «Халықтық ІРО» бағдарламалары тиімді, «Электронды үкімет» жүйесі сенімді жұмыстар жүргізу арқылы осы жұмыстарды жетілдірді. Жоғарыда айтылған қызмет көрсету жүйелері алдымен мемлекет билігінің тиімді жүргізіліп келе жатқан саясатының көрінісі және қоғамның талабы. Бұл жүйелер, біріншіден, азаматтардың уақытын үнемдейді, қағазбастылықты жояды, екіншіден, халықтың билікпен байланысы орнайды, жемқорлық көрсеткіштерін азайтады, үшіншіден, азаматтардың билікке деген сенімі артады. Саясатта ең алдымен халықтың мінез-құлқын ескеру керек, яғни бихевиористік әдісті қолдану маңызды. («Бихевиоризм», ағыл. Behaviour — мінез, жүріс-тұрыс). Жеке тұлғалардың саяси ұстанымдарын, саяси оқиғаларды бағалауын, көзқарастарын, көңіл-күйін, ең бастысы, сенімдерін қалыптастыру. Себебі, 1990 жылдары халық көптеген салаларға қаржы салып, акциялар сатып алып, кейін қаржысын қайтара алмаған жағдайлар болған. Қазіргі жекешелендіру процесіндегі акцияларды сату мемлекет тарапынан қадағаланады және механизмдері жетілдірілген. Қазақстандағы жекешелендірудің қазіргі тетіктері Сингапур, АҚШ, Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып жасалған. Әлемдік тәжірибеде жекеменшік сектор мемлекеттік мекемелерге қарағанда анағұрлым сәтті басқарушы деп есептеледі. Кәсіпкер жаңа жағдайларға жылдам бейімделіп, өндіріске жаңа технологияларды жылдам енгізе алады деп есептейді. Неміс ғалымы Карл Маркс «Мемлекеттің пайда болуына тікелей әсер еткен жекеменшік» деді, себебі, меншік жеке болса, адам оны барын салып қорғайды, көбейтеді деген тұжырымдамасы дамыған елдердің тәртіптеріне енген. Біздің еліміздегі жекешелендірудің екінші толқыны мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, жаңа салаларда жеке бизнеске жағдайлар жасауға бағытталған. Дегенмен өзіндік қиындықтар мен ерекшеліктер де бар, көптеген елдерде жекешелендірудің басты мақсаты мемлекеттің қорына ақша жинауды көздесе, ал біздің елде басты ұстаным — шағын орта бизнестің және халықтың өндірістегі үлесін кеңейту, мемлекетте өндіріс көздерін заңды тіркеуден өткізу, мемлекет балансындағы нысандарды жекеменшік қолына өткізу арқылы өндірісті дамыту, көлеңкелі экономиканың алдын алу, салық жүйесі арқылы мемлекет қорын арттыру. ҚР Президенті «Қазақстан 2050 даму стратегиясында» шағын орта бизнестің экономикадағы үлесін 50%-ға жеткізу мақсатын қойса, 2014 жылы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауының екінші бағытында орта және шағын бизнесті дамыту механизмдерін жетілдіруді үкіметке тапсырған болатын. Міне, бұл — еліміздегі жекешелендірудің басты еркешелігі, яғни үкімет заңды құжаттарды дайындаумен қатар, оның заңды жүзеге асуына кепілдік береді. Жекеменшік нысандар мемлекеттік мекемелерге қарағанда тиімді жұмыс жүргізетіні белгілі, өйткені, нарықтық қатынастарға тез бейімделе алады, ішкі менеджментті дамытады, ал мемлекеттік мекемелер белгілі бір ережелер, бюрократиялық заңдарға бағынышты. Неміс ғалымы Макс Вебер «Шенеуніктер диктатурасы келе жатыр» деген мақаласында бюрократизмнен шығудың бес жолын көрсеткен болатын, егер қоғамда бюрократизмнің ықпалы азайса, мемлекет дамиды деп тұжырымдады. Президент Қазақстанда «меритократиялық элита жасау керек, ақылды, білімді, дарындылардың қоғамын құру керек» деп, осы бюрократиялық тежеулер мен қағазбастылықты азайту мәселесін жиі айтып келеді. Осы тежелулер еліміздегі жекешелендірудің бір бөлігі «Халықтық ІPO» шеңберінде болмауы керек, себебі, көптеген компаниялардың акцияларын сату осы жүйе арқылы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жекешелендірудің елімізде екі әдісі таңдап алынған: бірі — халықтық ІРО және аукциондар. Мемлекеттік бағдарламалар негізінде, азаматтар елдегі ірі ұлттық компаниялар акцияларын сатып алуға мүмкіндік алады. Бұл компаниялардың нарықтағы табыстары жоғары, әлемдік және ішкі дағдарыстарға тәуелділігі аз. Мысалы, «КЕGOC», «Қазтрансойл», «Қазмұнайгаз», «Қазатомпром», «ҚазТемірЖолы», т.б. компаниялардың үлескері болу шарттары «Халықтық ІРО» бағдарламасының негізінде жүргізіледі. «Халықтық ІРО» бағдарламасының мақсаты — халықты табысты жетекші ұлттық компаниялардың үлескері болуды қамтамасыз ету және баламалы жинақтау құралдарын ұсына отырып, нақты қатысу жолдарын түсіндіру. Қазірдің өзінде, нақты деректерге сүйенсек, еліміздің 30 мыңнан астам азаматы, жеке тұлғалар «ҚазТрансОйл» компаниясы акцияларынның иесі. Қазір азаматтар белгілі бір деңгейде қаржы табу, оны жұмсаудың жолдарын біледі, дегенмен нарықтық экономиканың заңдылықтарын ескеріп, табыс көзін нақты білумен қатар, үнемдеу жолдарын игеруге дағдылану — уақыт талабы. Қазақстан Республикасы дамыған отыз мемлекеттің деңгейіне жету үшін дамыған елдермен экономикасы, ғылымы, техникасы, медицинасы, адами капиталы бәсекеге қабілетті болу керек, ол үшін капиталистік елдердің заңдарын қабылдап, талаптарына бейімделу мақұл іс, бұл — қазіргі қоғамның заңдылығы. Мемлекетіміз алыс, жақын шетелдермен саяси, экономикалық, мәдени байланыстар орнатқан, көпвекторлы ел. Соның бір көрінісі — дамыған мемлекеттерде азаматтарымыз білім алу, біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндік алған «Болашақ» бағдарламасының қазір он мыңнан астам түлектері мемлекетіміздің түрлі құрылымдарында қызмет етіп жүргені. Бір бағдарламаның өзі еліміздің экономикалық күш-қуатын арттыруға, халықтың әл-ауқатының жақсаруына үлес қосып жатыр. Жоғарыда аталған жекешелендіру процесінің дұрыс жүріп, жүйелі жұмыс жасауы да мемлекеттік бағдарламалардың және халықтың белсенді қатысуының негізінде болады. Бұл процесс жеке тұлғаларды үлкен компаниялардың үлескеріне айналдырады, түпкілікті мақсат — шетелдердегі отандық ірі кәсіпкерлердің қаржысын елге қайтару, мемлекеттің қор нарығын дамыту. Жекешелендіру түрлі құрылымдардың қызметтерін өзгертеді, халық жеке секторлардың қызметтерін пайдалану арқылы нарыққа бейімделеді. Бірақ Қазақстан әлеуметтік мемлекет болғандықтан, кейбір әлеуметтік салалар (мектеп, балабақша, қарттар үйі, балалар үйі, т.б) мемлекеттік болып қала беруі керек. Жекешелендіруге акцияларды шығару олардың шарттарын түсіндіру негізінен «Самұрық Қазына» қорына берілген бұл саланың мамандары нысандар бойынша түсіндіру жұмыстарын, ірі инвесторлар үшін семинарлар өткізіп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары жарнама, конференциялар жасау арқылы қаржысы бар, бірақ оны пайда табу көзіне дұрыс орналастыру үшін тиімді, түсінікті шараларды көбірек жасау қажет. Жекешелендіруден нарықта туындайтын тағы бір мәселе, кедендік одаққа мүше мемлекеттер Ресей мен Белоруссияның кәсіпкерлері біздің елдегі өндірістердің акцияларын сатып алуы мүмкін, өйткені, үш мемлекетте бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптасқан. Шетел инвесторларын, компанияларды ішкі нарыққа араластыру барысында дұрыстап зерттеп талдаулар жасау маңызды. Сондықтан халық, елдегі ірі кәсіпкерлер жекешелендіру процесіне белсенді араласып, өндірістегі өз үлестерін көбейтіп, қаржысын пайдалы, тиімді экономикалық салаларға салуы қажет. Ел өндірістерінің үлесі өз азаматтарымызға тиесілі болса, біріншіден, шағын және орта бизнес дамып, жұмыс орындары көбейіп, халықтың әл-ауқаты жақсарады, екіншіден, қаржы өз нарығымызда қалады. Қазақстан дамушы мемлекет ретінде, дамыған капиталистік елдердің заңдылықтарына бейімделіп ішкі нарықты дамытады, ішкі өнім дамыса, сырттан келетін тауардың үлесі азаяды және сыртқы нарықта отандық өнімдердің көрсеткіші жоғарылайды. Сырттан келетін тауарлардың үлесі қысқарса, мемлекеттің нарығында басқа мемлекеттерге деген экономикалық тәуелділік болмайды, отандық өндіріс қарқынды дамиды. Саяси экономиканың атасы Адам Смит мемлекет даму үшін оның ішкі өнімі 50%-ға жету керек деген болатын. Ұлттық ішкі өнімді дамыту — негізінен, мемлекеттің бақылауындағы шағын және орта бизнестің қолында, шағын және орта бизнес — кәсіпкерліктің негізгі үлесі жекеменшіктің қолында. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, нарықтық экономиканы жедел әрі тиімді дамытатын — жекеменшік секторлар. Қазақстанда билік тарапынан шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалған, ендігі кәсіпкерлердің, өндірушілердің міндеті — сапалы, ішкі сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер шығару. Ал халық елдегі жекешелендіру процесіне белсенді қатысып, ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосуы керек. Ол үшін мемлекетте жекешелендіруді жүргізу механизмдері жетілген, халықтың қатысуына ашық демократиялық принциптерге негізделген мүмкіндіктер жасалған.

Бекзат МОЛДИН,
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы.

Abai.kz

Дереккөз: www. aktobegazeti.kz

2 пікір