Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 7130 0 пікір 3 Наурыз, 2015 сағат 10:55

«ШЕГЕ ҚАҚСА ДА МАМАН ҚАҚСЫН...»

Гуманитарлық факультеттер орналасқан екінші қабаттағы 230 аудитория. Көлемді дөңгелек үстелді жағалай қойылған орындықтар бос емес. Барлығына жас-кәрісі бар профессор, доцент, оқытушылар жайғасқан. Төрде орта бойлы, ақ-сары өңді, ат жақты, қыр мұрынды келген, жасы алпысты алқымдаған азамат екі қолын кезек-кезек сермеп сөйлеп тұр. Бірде қабағын түйіңкіреп, біресе сұрланып, біресе қызарды. Есікті жәймен ашып, рұқсат сұраған ишарат білдіріп, босағадағы бос орындыққа отыра кеттім. Дәрістен шыққан бетім де сол еді. Бұл қай білім ордасы демеңіз. Бұл - күллі бұқаралақ ақпарат құралдарының мамандары, журналистер қанат қаққан алтын ұя, киелі қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің журналистика факультетінің профессор Темірбек Қожакеев атындағы аудиториясы еді. Мен жоғарыда сипаттаған жан осыдан бір-ақ жыл бұрынғы декан, профессор Өмірхан Әбдиманұлы. Декан ұжымның ынтымағы мен ауызбірлігі жайлы әңгімелеп жатқанын: «Алтындарым-ай, біріңді-бірің жамандағандарыңды қойсаңдаршы!» деп күйіне айтқан әңгіме төркінінен аңғардым. Жас-кәріні «Алтыным» дейтін Өмағаң «бас-басына би болып» берекесі қаша бастаған ұжымды бір-екі айдың ішінде жұдырықтай жұмылдырып алды. Ол өз сөзінде де «Ылдидан салса — төске озған»» деген нақыл сөзді жиі айтады. Себебі, өзі де сондай маман екенін журналистика факультетінің ұжымына айқайламай-ақ, аттандамай-ақ, «Алтындарым» деп жүріп дәлелдеді. Білікті кафедра меңгерушілерін тағайындап, орынбасарларын да жұмысқа жұмылдырып, оқу-тәрбие ісін де, халықаралық байланысты да, теле-радио кешен жұмысын да, студенттердің шығармашылығын да жетілдіріп, екі жыл ішінде факультеттің рейтингісін көтеріп тастады. Ұжымның жетістікке жетіп, биіктерден көрінуінің басты себебі, деканның ұжымды өзінің адамгершілігімен басқара білуінде деп ұқтық. «Алтындарым» деп жас мамандарды айналып-толғанып, алдыңғы буын ағаларды, замандастарын да қолдап, «Осы кісілерді сыйлаңдар, дәстүр сабақтастығы үзілмесін» деп ақылын айтты. Студенттерді «таланттарды аялаймыз» деп қанаттандырып, деканаттағы қыздардан да «қарындастарым» деп қамқорлығын аямады. Ұжымда қандай жағдай орын алса да ақты - ақ, қараны - қара деп, тек әділдігін айтып, қара қылды қақ жара жүріп әріптестерінің ыстық ықыласына бөленді. Факультетте тек жұмысқа, еңбекке бағытталған орта қалыптастыра алды. Соңғы жылдары ауызбірлігіне селкеу түсіп, берекесі қаша бастаған журналистика факультеті Өмағаңның азаматтығының арқасында сергіп, ізденіске бет бұрып, серпіліп қалды.

Бұл факультетті басқару да оңай шаруа емес. Республиканың түкпір-түкпірінен «журналист» болсам деген аппақ арманын арқалап, кіл жүйріктен, мың жүйрік келетін алтын ұя. Ауыздығымен арпалысқан қас тұлпар таланттарға да дәріс берушілер де оңайдан емес. Қалижан Бекхожин, Тауман Амандосов секілді алыптар негізін қалаған факультетті қырық жылдай декан болып профессор Темірбек Қожакеев «дүрілдетті». Аты аңызға айналған ұстаз Темірбек Қожакеев шын таланттарды шыңдап, тек білікті мамандар дайындаумен қазақ журналистикасының аңыз адамына, атасына айналды. Бүгінгі қазақ журналистикасы мен ақпараттық өрісінің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосып жүрген М.Құл-Мұхаммед, С.Абдрахманов, Ж.Аупбаев, Ж.Кенжалин, А.Әлім, Н.Жүсіп, Ш.Паттеев, Б. Жақып, М.Тоқашбаев, С.Жанболат, Е.Бекхожин, А.Байтасов, Қ.Сәрсенбай, Қ.Олжай сынды алдыңғы буын көсемсөздің тарланбоздарын, кейінгі буын Бейсен Құранбек, Есей Жеңісұлы, Алмат Исәділ, Қанағат Әбілқайыр, Дәурен Қуат, Жұлдыз Әбділда сынды дарынды қаламгерлерді шыңдады. 86 жылы қудаланып, жұмыстан шығып қалса да ақтаңдақ сара сөздің сардарларының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, сүбелі еңбектер жазды. Қожакеевтің темірдей тәртібі мен тегеурінді талабының нәжижесінде жүзден жүйрік мыңнан тұлпарлар журналистика саласының көшін ілгерілетті. Абыз ұстаз Темірбек Қожакеевтен кейін журфактың тізгінін шәкірті профессор Намазалы Омашев алды. Профессор журналистика ғылымының көшін алға сүйреген ғалымдардың бірегейі. «Журналистика ғылым емес, тіл білімінің бір саласы ғана» деген пікірді теріске шығарып, диссертациялық кеңес ашып, жиырмадан астам ғылым кандидатын, оннан астам ғылым докторын дайындады. Намазалы Омашұлы кезінде факультет ұстаздарының көпшілігі диссертация қорғап, ғылыми дәреже алды. Намазалы аға магистратураға да өте сергек қарады. Ғылымға бейімі бар, зерттеу еңбектері бар бакалаврларды қабылдады. Өзі де журналистиканың ғылыми сала ретінде дамуына зор үлесін қосқан ғалым ретінде шәкірттерінің құрметіне бөленді. Намазалы Омашұлы Астанаға кеткен соң факультет тізгінін көрнекті ақын, профессор Бауырған Жақып алды. «Ақын жаны бірде қарт, бірде сәби» деп Мұқағали жырлағандай, Бауыржан аға декан болған кезде факультетте керемет шығармашылық орта қалыптасты. Адам баласына қиянат жасамайтын Бауыржан аға ешкімді шен-шекпеніне қарап алалап, бөле-жармады. Оқытушылардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік туғызып, барынша жағдай жасады. Студенттер де ашық-жарқын, емін-еркін сабағын да оқыды, БАҚ-тарда жұмыстарын да істеді. Бауыржан Жақып өзінің таза адами, адамгершілік болмысымен әріптестерінің құрметіне бөленді. Жаны нәзік Бәукеңе жас мамандар жағдайын айтып кірсе «жоқ» деген жауап алмайтын. Олардың мақаласын көзі шалса «Бүгін сенің мақалаң шығыпты» деп жымиып тұратын Бәукең оларға «Кең болса, кем болмайтынын» өнегелі ісімен, сыпайы жымиысымен-ақ ұғындырды. Журналистикада тәжірибенің маңызды екенін ескеріп Бәукең аудиторияларға практик мамандарды жиі шақыратын. Біздің курсқа белгілі журналист-жазушы Марат Қабанбайды дәріс оқуға тартты. Ол кездері (1995-1997 жылдар) Марат Қабанбай «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары еді. Бәукеңнің жақсылығын сол тұста жалақысы мардымсыздығына қарамай, машақаты мол ғылым жолын таңдаған жас мамандар көп көрдік. Олардың ішінде өзім де бармын. Оқытушылыққа келген соң шетімізден тұрмысқа шығып, сәбилі болдық. Біздердің қуанышымызға қуанып, ағалық қамқорлығын аяған емес. Бала күтіміне демалысқа кетеміз, жұмысқа қашан шығамыз десек те өз еркіміз. Бәукең қандай шешіміміз болса да қолдады. «Күте тұр, күзде кел, көктемде кел» деп сағызша созып, әурелемейтін. Бәукеңнің кеңдігінің арқасында балаларымызды да өсірдік, жұмысымызды істедік. Азамат үшін жас аналардың алғысына бөленуден артық не бар. Бауыржан Жақып басқарған жеті жылда (2001-2008) бірқатар жас ғалымдар кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады, қызмет етті. Факультетте әдемі, жарасымды сыйластық салтанат құрып, рухани-шығармашылық орта қалыптасып, жайдары-жайсаң мамандар қызмет етті. Ақын декан үлкенмен де кішімен де сыйласты, студенттермен достасып кетті. Міне, Бауыржан Жақып осындай басшы болып, ұжымның ықыласына кенелді. Ақын деканнан кейін факультетті басқару ісі профессор Ғалия Жүнісқызына тапсырылды. Тұңғыш әйел декан ерекше ұмтылыспен, айрықша ықыласпен жұмысқа білек сыбана кірісті. Ғалия Жүнісқызының халықаралық деңгейдегі ғалым екенін факультетте тындырған шаруаларымен аңғартты. Сөйтсек, Ғалия Жүнісқызы Си-эн-эн, Би-би-си, ОАНА секілді шетелдік мүйізі қарағайдай ұйымдармен, АҚШ, Италия, Грекия, Ұлыбритания, Германия, Малайзия, секілді алпауыт елдердегі журналистика жоғарғы мектептерімен халықаралық байланыс орнатып, АҚШ-тың белді университеттерінде ағылшын тілінде дәріс оқып, Еуразиялық Кеңес сарапшысы болған маман екен. Ғалия Жүнісқызының қажыр-қайраты мен білімі факультеттегі әсіресе жас қыз-келіншектерді тәнті етті. Ағылшын тілін үйреніп, шетелдік іргелі ЖОО-да ғылыми тәжірибеден өтуге деген құлшыныстарын арттырды. Әйел-ана басшы профессор Ғалия Жүнісқызының қолдауымен жас оқытушы қыздардың бірқатары ағылшын тілін үйреніп, Американың іргелі университеттерінен тағлымдамадан өтті. Жас мамандарды шақырып алып «ағылшын тілі үйрен, өзіңді-өзің дамыт, ізден, ұмтыл» деп қанаттандырып жүрді. Мен профессор Ғалия Жүнісқызын «Инновациялық декан» дер едім. Ғалия апайдың факультетке шынымен үлкен серпін, серпіліс әкелгенін мойындамасқа болмайды. Ақын деканнан кейін «инновациялық декан» келіп, етек-жеңімізді жиып, заман талабына сай алға ұмтылу қажеттігін ұғындық. Ғалия Жүнісқызын «орыс тілді» деп айыптады. Профессор ағылшын тілін де терең меңгерген. Неге «ағылшын тілді» деп айыптамады? Орыс тілді болғанымен жаны қазақ, қаны қазақ. Америкада баяндама жасағанда олар оны «орыс тілді» профессор деп таныстырмайтын болар. Оны «қазақтың ғалым қызы» деп мәлімдейді. Осындайда Абай бабамыздың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген жыр жолдары оралады ойға. Адам ретінде Ғалия Жүнісқызы үлкен профессорларды да сыйлап, жастардан да қамқорлығын аяған жоқ. Факультеттің дамуы мен өркендеуін ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимегенін көріп жүріп айтпасақ, онда біздің адамшылығымыздың құны жоқ болар еді. Ғалия Жүнісқызы аз уақыттың ішінде ұжымға үлкен серпіліс әкелген декан ретінде ілтипатқа лайық жан.

Инновациялық деканнан кейін факультетке заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Оразұлы Алауханов келді. Есберген Оразұлы факультет дәлізіне бүгінде журналистиканың жілігін шағып, майын ішіп жүрген майталмал журналисттердің суреттерін ілдірді. Студенттер журналистиканың марғасқаларына қарап бой түзеп, тәлім алсын, «ұқсап бақсын» деген ізгі ниетін мүлтіксіз жүзеге асырды. Суреттерін іліп қана қоймады, тәжірибелі журналисттер мен редакция ұжымын шақырып тартымды кездесулер өткізді. Оқытушылардың шығармашылықпен айналысуларына, мақала жазуларына мән беріп, назар аударып отырды. Тәрбие жұмысына да салғырт қарамай, жатақханадағы тәртіп пен тиянақтылыққа да заңгерлік тұрғыдан қарады. Факультет мамандарын байқаудан өткізгенде де адамгершілікпен ұжым құрамын сақтауға тырысты. Сонымен факультеттен заңгер декан кетіп, «алтын декан» келді. Өмағаң жайлы жалықпай айта беруге болады, әзілдеп айтсақ, ұжымды «Алтындарым» деп жүріп арбап алған декан. Алтынды қолдан бере ме,  «Алтын» деканды филология факультеті өздері аттай қалап шақыртып алды. Журфак тағы жетімсіреп қала ма деп ойлап едік. Әлгі «алтын декан» журналистер «өз қотырларын өзі қасысын» деп орнына бергілі публицист-қаламгер, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлын тағайындады. Сағатбек Медеубекұлын білмейтін қазақ кемде-кем. Қазақ ән-күйлерін түгендеп, терме туралы ғылыми еңбек жазып, «тастан тарих іздеп» қазақ руханиятының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген аяулы азаматты жиі-жиі телебағдарламаларда да көреміз, қазақ радиосынан салиқалы ойларын тыңдаймыз, беделді басылымдардан көсемсөз, замансөз, терминология мәселелері туралы жазған салмақты мақалаларын да жиі оқимыз. «Өнер» баспасында, «Жетісу», «Ана тілі» газеттерінде қызмет істеген ақын ағамыз Алатауды әнге қосып асқақтатып, қазақ оюының да қыр-сырына да үңілген. 1997 жылдан бастап журфакта сабақ берген Сәкең факультеттегі Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби шығармашылық бірлестіктің жетекшісі болып студенттер шығармашылығын шыңдаған. Факультетте Сәкеңнің жетекшілігімен «Ұшқын» студенттік қабырға газеті ай сайын шығып тұрды. Қолына жаңа ғана қалам алған жас қаламгерлер тырнақалды шығармаларын осы газетке жариялап, мақала жазуға машықтанды. Сағатбек Медеубекұлы осындай тың идеяларымен, тартымды ойларымен студент жастарды шығармашылыққа баулитын ұстаз. 2008 жылдан бастап факультеттегі баспа ісі кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Журналистерге қарағанда баспагерлер сан жағынан да аз, балалардың баспа ісіне де қызығушылықтары төмен болатын. Сағатбек Медеубекұлы кафедраны қолға алысымен қазақ руханиятының қайнары – кітаптың кем-кетігін түгендей бастады. Қазақ баспагерлерінің басын қосып қазақ кітабының бүгіні мен болашағы жайлы алқасөз, конференциялар ұйымдастырды. Тәжірибелі баспагерлердің шеберлік сағаттар өткізуіне мүмкіндік жасап, ай сайын баспаларды шақырып, факультетте кітап көрмесін көрсетіп, саудасын жасатып, көркін қыздырды. Қазақ баспаларын, кітабын сөзбен ғана емес, іспен қолдап, насихаттады. Көктем шыға салысымен Сағатбек Медеубекұлының жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Республикалық «Болашақ баспагер-редактор» байқауын өткізеді. Жазу-сызуға бейімі бар балаларды еліміздің түкпір-түкпірінен жинап алып, бағын сынатып, бабын байқайды. Журналистиканың тасасында қалып қоя беретін «Баспа ісі» мамандығын оқушыға таныстырып, ұңғыл-шұңғылына дейін ұғындырды. Балаға «Баспагер болсаң, бай боласың» деп түсіндірді. Кітап саласының «баспагері бар, редакторы бар, енді дизайнері керек қой» деп екі жылдай құжаттарын жинап, табанынан тозып жүріп «Дизайн» мамандығын ашты.

Сағатбек Медеубекұлы факультеттің 75-80 жылдық мерейтойларында «Ұшқан ұя» жинағын шығарды. Бұл енді қыруар еңбек. Аталған жинақта сонау 1934 жылы қабылданған түлектерден бастап 2014 жылға дейінгі түлектердің атын атап, түсін түстеп, түгендеген. 80 жыл ішінде журналистика факультетінде білім алған шәкірттердің барлығын тізіп шығу, өте ауқымды жұмыс. Ана жинақты алып қарасаңыз қай жылы оқысаңыз да өзіңізді, тобыңызды, басқа курста оқыған танысыңызды, журфакта оқыған туған-туыс, жекжат-жұратыңызды да табасыз. Журналистика факультетінің шежіресін жасаған Сағатбек Медеубекұлына қаламгерлер де риза шығар... Сағатбек Медеубекұлының танымал әнші, журналист-жазушылармен жатақханада өткізген қызықты кештері өз алдына бөлек әңгіме. «Жігіттің түсін айтпа, ісін айт» демекші, Сағатбек Медеубекұлы қазір осы киелі алтын ұяның деканы. Қаламгер ұстаздың әлі де алар асуы, бағындырар биіктері мол екеніне сеніміміз кәміл.

Соңғы кезде «Қазір журфакта ешкім қалмапты» деген әңгімелер естіп қаламыз. Сағымбай Қозыбаев, Ғалия Жүнісқызы, Кәкен Хамзин, Аманқос Мектеп, Жетпісбай Бекболатұлы, Ләйлә Сейсенбекова, Сәуле Барлыбаева, Гулмира Сұлтанбаева, Назгул Шыңғысова, Қарлыға Мысаева, Айгерім Әлжанова, Ғалия Майкотова, Орынтай Ошанова сынды халықаралық деңгейдегі оқытушы-ғалымдардың студенттерге берер танымы да тағлымы да мол.

Факультеттің ғылым және инновация саласын ұршықша иіріп отырған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мысаева Қарлыға Нақысбекқызы өзі Американың беделді университетінен бір жыл ғылыми тағлымдамадан өтіп келді. Казірде магистранттарды шетелге ғылыми тағлымдамаға жіберіп, халықаралық конференциялар ұйымдастырып, пәндік олимпиадалар өткізіп, ғылыми басылым шығарып, қыруар шаруа тындырып отыр. Ал, оқу және тәрбие жұмысын филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айгерім Әлжанова тап-тұйнақтай етіп жолға қойып, оқу-тәрбие жұмысын аса ыждаһатпен ұқыпты атқаруда. Шеге қақса да маман қақсын демекші, қандай шаруа болсын нағыз маман қолына түссе «қыздың жиған жүгіндей» болып шығары хақ.

«Мақтады» деп сөге көрмеңіздер, аты аталған жандардың қазақ журналистикасы мен руханиятына сіңірген еңбектері өлшеусіз. «Болар елдің баласындай», естігенімді емес, көргенімді ғана жаздым, «Алтындарым»!

Мәрия МАЙЛЫҚҰТОВА,

журналист.

Abai. kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3523