Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5643 0 пікір 26 Наурыз, 2015 сағат 05:42

ЖҮРЕКПЕН ҮНДЕСУ, ТІЛЕКПЕН ТОҒЫСУ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Бақытбек СМАҒҰЛ қарсаңында қоғам, ел дамуы, алда тұрған белестер жөнінде өз ойларымен бөліседі. 

Бақытбек мырза, бүгінгі таңдағы жетістіктеріміз, елдік мәселелер туралы қандай ой айтар едіңіз?

- Тәуелсіздікті, бостандықты, азаттықты, егемен ел болуды аңсап өткен ата-бабаларымыз қаншама?! Бодандықтың теңсіздігін көріп, әділетсіздікке ұшырап, қорлық көргендері қаншама? Небір жаугершілік замандарды бастан кешті. Сондай кездерде ата-бабаларымыз «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болғай» деп тіледі. Міне, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, ел қатарлы өмір сүруіміздің өзі бақыт емес пе? Елде жаманшылық болмай, халықтың бәрі жақсылық жолында талаптанып, өзінің ынтымағын жарастырып отырғаны бірлік пен тұрақтылықтың арқасы деп білемін.

Қазақстанның бүкіл халқы бір жүрекпен үндесіп, арман-мұраты бір тілекке тоғысып жатыр. Сондықтан мақтанышымызбен бірге сақтану қабілетімізден де айырылмауымыз қажет. Өйткені, мынау мазасыз әлемнің әр түкпірінде, жан-жақта болып жатқан жағдайлар әсер етуі мүмкін. Біз тек өз елімізде ғана береке мен бірлікті сақтаумен шектелмей, көршілес елдердің, ТМД құрамындағы елдердің, яғни араздасқан бауырларды татулыққа шақырып, күпірлікте жүргендерді шүкірлікке, әуреде жүргендерді тәубеге шақырып жүрген Елбасымыздың алға қойған мақсат-мүдделерімен бірге өсіп-өркендеп келе жатырмыз.

Биыл ел болып атап өткелі тұрған мерейлі белестеріміз - Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы ортақ мақсаттан туындаған мерейтойлар. Отанын сүйген саналы азаматтың бәрі де елдің бүгінгі жетістігі кейінгі ұрпаққа қалсын деген ізгі тілекпен еңбек ететіні анық. Бөгет, кедергілер де жоқ емес. Елдің мерейін өсіретін де, табысын арттыратын да өзіміз. Кейде Ассамблеяның бағыт-бағдарын көп адамдар түсіне бермеді. Ал шын мәніне келгенде ол бір үй ішінен үй тігу емес, Қазақстан деген ортақ шаңырағымыздың мүддесі үшін бір ортаға біріктірілген ұйым. Яғни, іргесі, керегесі мықты Қазақ елінің шаңырағына тігілген уықтар іспеттес.

Халқымыз үшін Наурыз мейрамының мәні мен маңызы зор. Мереке қарсаңында өрелі ойларыңызбен бөліссеңіз?

- Наурыз мерекесіне келетін болсақ, бұл - табиғаттың айрықша кезеңі. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын, біз үшін қай уақытта да ұлттық құндылық болып саналатын, елімізде ұдайы мерекеленетін төл мейрамымыз Наурыздың біз үшін мәні өте зор.

Наурыз мейрамы - Жер-Ананың бусанып, табиғаттың түлеген сәті. Ауыр қыстан шығып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген кезі. Сол кезде Табиғаттың өзі адамға да, барлық тіршілік иелеріне де қуат беріп, күннің шуағын сыйлап, жанын жадырататын шақ. Адам болған соң, сөзге келіп қалатындар болады, сондай араздасқан ағайынның татуласатын тұсы. Соған ықпал еткен адамдар сауапты іс атқарған болып есептеледі. Бұл жақсының шарапаты көрінетін мейрам емес пе? Сондықтан отандық берекенің барлығын да біз бағалай білуіміз қажет.

Біз құлдық психологиядан арылып, өткенге құрмет көрсетіп, тәуелсіздік таңында келген, ата-бабаларымыз аңсаған отандық мерекелердің қадір-қасиетімен жастарды сусындатуымыз керек. Оның мәні тек тойлап қана қоймай, Ұлыстың ұлы күнінің мағынасына терең бойлауда жатыр деп білеміз. Ауылды, қаланы көгалдандырып, барлық жердің таза, көрікті болып тұруына атсалысып, жасыл-желек қорын молайту үшін жас талдарды егіп, бәріміз де үлес қосқанымыз абзал. Жер-Ананың жіпсіген кезінде өзінің қысқы тонын тастап, бәйшешек бүршік жарып шыққанда тіршілік атаулының қайта түлеуі - табиғат заңдылығы. Тас жүрек болмаса, адамның да жүрегі елжіреп, көңілі таситын шағы осы кез. Бір-біріне бауырмал болу, адамды жақсы көру қасиеттерінен артқан құндылық бар ма?! Сондықтан да жеріміздің, тіліміздің, дініміздің тұтастығын сақтау - Қазақстанның барша азаматының Отан алдындағы парызы. Мемлекеттік санада, Мәңгілік Елді орнату жолында өзіміздің айқындап алған бағытымыз бойынша ел дамуына үлес қосу - азаматтық борышымыз. Кезінде 50 елдің қатарына қосылу деген жай ғана сөз болған жоқ. Елу ел бостан-босқа жатқан ел емес. Әр секунд сайын ғаламдық жаңалықтар болып жатқан кезде қатардан қалып қоймау - елдігімізге сын. Енді міне дамыған отыз елдің қатарына ену мақсатымыз біздерден үлкен аңсаған арманмен, мол күш-жігермен бағыт алуды талап етеді.

Әйтеке бидің: «Өз білімің - сәулетің, өз беделің - дәулетің» деген сөзі бүгінгі жастардың ізденіс жолындағы ұранына айналған кезде ғана, дамудың даңғыл жолының сан тарабы ашылады.

Шынында да, осы 23 жылдың ішінде экономикасы жыл сайын еселенген мемлекетке айналдық деп анық айта аламыз. Бардың қадірін білу, бабаларымыздың басынан өткізген қиындықтарды саралай білу, қолымыздағы игілікке шүкіршілік ету, жастардың бойына қанағатшылық сезімін сіңіре беруіміз қажет. Өйткені аспаннан түскен Тәуелсіздік жоқ. Жоғары өрлеген сайын жүк те, жауапкершілік те ауырлай түседі. Көршілес алпауыт мемлекеттермен ынтымақтастық қарым-қатынас жасай отырып, нар көтеретін жүкті абыроймен көтеріп, биік белестерге шығару - барша азаматтың, жастардың міндеті. Елбасының алға қойған бағыт-бағдарларында оған қалай қол жеткізудің жолдары анық айтылған. Кездесуі мүмкін қандай қиындықтар болса да, елдің бірлігімен жеңіп шығуға болады. Біздің қоғамда әрбір азаматтың өз орны, өз рөлі бар.

Алдағы болатын сайлау еліміз үшін үлкен бір сын. Барша адам белсене араласуы керек. Ол - елдің келешектегі тағдыры, халықтың таңдау жасайтын күні. Алға қойған мақсаттарға жету үшін халық өз таңдауын жасайды деп ойлаймын.

Тәуелсіздік жылдарында біз халықаралық демократиялық құндылықтардың барлығын да Қазақстанға енгіздік. Адам құқығы, экономикалық, экологиялық, бейбітшілікті қорғау және басқа да мәселелер бойынша конвенцияларға қосылдық. Адамды нәсіліне, тегіне, дініне және басқа қасиеттеріне қарай кемсітушілік жоқ. Мен еліміздің кемел келешегіне сенемін.

Жаңа басталған қой жылында халыққа айтар тілегіңіз?

- Еліміздің ертеңіне елеңдейтін азаматтарымыздың денсаулығы мықты болсын! Алты құрлықтың ішінде алаш аты аспандай берсін! Қыздарымыз ибалы, инабатты, ұлттық тәрбиенің қорғаушысы болса, жігіттеріміз абыройлы, текті, ар мен намысқа шыңдалған азаматтар болсын!

Мәңгілік Қазақ Елінің еңсесі биік, мақсаты айқын, келешегі кемел болсын! Барша қазақстандықтарға айтарым, уыздай ұйыған ынтымағымыз жарасып, бір шаңырақтың астында бір кісінің баласындай болып, мәңгі Қазақ елі үшін еселі еңбек ете берейік. Халқымызға ынтымақ, бірлік тілеймін!

 

(Дереккөз: http://www.inform.kz/kaz/article/2757955)

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610