Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 11798 0 пікір 26 Наурыз, 2015 сағат 05:47

ҚАЗАҚЫ НАУРЫЗДЫҢ МӘНДІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Наурыз – табиғат үйлесімінің символы, күн мен түн теңелетін мезет. Адамзат қоғамының идеалы да – бірлік, ортақ тіл табысу. Әр ұлт өзінше тойлайтын Наурыздың мазмұны бір. Ол – материя мен рух бірлігі деген мағынаға саяды. Сондықтан күллі мейрам композициясы осы философиялық тұжырымға қызмет етеді.

Қазақы Наурыздың бір ерекшелігі – мейрам күні бір-бірімізді құттықтағанда «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» дейміз. Мұның себебі неде? Осыған Ахат ақсақалдың «Менің әкем, халықтың ұлы – Шәкәрім» деген естелігінен бір үзінді алайық.

«Бір күні әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-наурыз, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал, жаңа жылдың бұрынғы аты Наурыз – бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын – Ұлыс күні дегізіп жіберген».

Бұл жерде Шәкәрім Шыңғысханға дейін-ақ барша түрік, оның ішінде арғы қазақ наурыз айының басын «Ұлыстың ұлы күні» деп тойлап келгенін ескертіп отыр. Мәселе сонда, парсы мен арабта бұл мейрам жоқ, тек түркілер ғана ежелгі Ергенеқон аңызына сәйкес бұл күнді ұлыс болған, яғни азаттық алған, дербес ел болған күн деп есептеген. Оның түгел түркіге ортақ кезден екенін Абай да жазады: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы (ежелгі қазақтың - А.О.) болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады, ол уақытта жаңа дінге кірген соң...».

Сөйтіп, «Ұлыстың ұлы күні» мен «Ел тәуелсіздігі» деген бір сөз, бір ұғым болып табылады. Жоғарыдағы Ахатқа айтқан әңгімесінде Шәкәрім «Ұлыстың ұлы күні» деген байырғы мейрам екеніне қазақ тұрмысынан көп дәлелдер алады. Мысалы «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген тіпті ескі мақал», - дейді.

Қазақы Наурыздың келесі ерекшелігі – көшпелі дәуірде ол жарты ай, тіпті бір айға дейін жалғасып отырған. «Абай жолы» романында «наурыз» деп аты аталмаса да, ұлыстың ұлы күні ретінде тойланатын мерекенің салт-дәстүрі суреттеліп отырады. Мысалы: «Бел-белесте» тарауында: «...Көл-көсір қонағасы, ұзақ жиын, жағалай сатылып жатқан ақсарбас, көкқасқалар құр ғана келіс қуанышы емес. Бұның ішінде, шеп жию, батамен табысу, ыдырағанды қайта құру, құрсауын бүтіндеу – қысқасы  мерейін тағы аспандатып асыру бар. Осындай сыртқа айбын, ішке медеу болған тойлар жарты айдай айықпады. Бұл кезде ел-елдің бәрі де қыстауларынан көшіп, көктеуге ойға қарай жөңкілген» дейді.

Байқайтынымыз– қазақы Наурыз елдің қыстаудан жайлауға көшетін мезгілімен байланыстырылып отырған.

Айта кетер ендігі бір жайт, қазіргі таңда наурыз көже «жоқтықтан кедей-кепшікке берілетін ас» деген сыңаржақ пікірлерестіліп қалады. Бұл жаңсақтық.

Қазақ халқы наурыз көжені жеті түрлі дәмнен әзірлейді. Өйткені, жеті қасиетті – киелі сан. Киелілікке үлкен мән берген қазақтың наурыз көжеге су қосқаны  – өмір-өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тассын дегені. Тұз қосқаны: Қазақтың мәдениеті – сөз. Қашаннан сөзді қадірлеген қазақ ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. Сондықтан да, «Тұз – астың дәмін келтірер, мақал – сөздің мәнін келтірер» деп мағыналы мақал айтқан.

Сүт немесе ақ құйғаны «сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса денсаулыққа да кепіл» дегені. «Көңіліміз де ақ болсын» деген таза ниет. «Ақ мол болсын» десіп, «Ағы бардың  – бағы бар» деп түсінетін қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген. Қазақта ертеден пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамдардың түрлері сүттен жасалады, мысалы, қымыз, шұбат, т.с.с.

Наурыз көжеге құрт қосатын себебі – құрт күшті ас. Әртүрлі тамаққа пайдаланады. Әсіресе, жазғытұрым уақытта пайдасы мол. Әлсіз, аурушаң адамдарға қуат береді. Бұл асты «қуаттың көзі болсын, ел қуаты нығайсын, денсаулығы берік болсын» деген ырымға негіздесе керек.

Сол сияқты наурыз көжеге қазақтың ең жақсы көретін негізгі ас дәмдерінің бірі – ет те қосылады. Қазақтың табиғаты малмен біте қайнасқан болса, ет – қазақтың төл асы. Қазан толсын, асар мол болсын деген мақсатта «ұзынсарыға» сақтаған сүрі етті тұтастай наурыз көжеге салып қайнатады.

Көжеге алтыншы дәм – арпаны қосады. Арпа дәрілікке ем. Білетіндердің айтуынша арпаны жиі пайдаланатындардың қаны бұзылмайды. Арпа себіліп жатқан кезде ай дөңгеленіп Зухар жұлдызына қарама-қарсы тұрса, арық-тұрық мал оңалып, қоң жинайды. Жылдың жақсы немесе жаман келуі арпаға қарап анықталады.

Жетінші дәм – күріш. Күріште денсаулыққа шипалы, ішкі құрылысты тазартатын табиғи элементтерге бай дәнді дақыл. Жалпы наурыз көжеге дәмді дақыл пайдаланатыны – бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек. Наурызда берілетін бата нышаны осы наурыз көжеде де сайрап тұр.

Сонымен, наурыз көже  наурыз айында кедейлерге тарату үшін әзірленбейді, ол – символикалық мәнге ие арнайытағам. «Наурыз ырысты, құтты болсын, өскін мол болсын» деген қазақ ырымының басты көзі наурыз көже болса керек.

Жинақтап айтқанда, биыл Қазақ хандығына 550 жыл толатын мерейлі жыл.  Демек, Наурыз мейрамын атап өту кезінде біз азды-көпті шолу жасаған және басқа да қазақы ерекшеліктер ескерілсе, мен мұндалап тұрса құба-құп.

 

А.ОМАРОВ,

философия ғылымдарының кандидаты,

ҚР МСМ Дін мәселелері жөніндегі ғылыми- зерттеу және талдау

орталығының ғылыми хатшысы.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606