Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4401 0 пікір 27 Наурыз, 2015 сағат 18:20

ҚҰСАЙЫНОВ КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСШЫЛАРЫМЕН ЖОЛЫҚТЫ

ҚР президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Алматыда бірқатар кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу өткізді.

Алғашқы кезесу «ОБИС» Компания» ЖШС-ында өтті. Ә.Құсайынов экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесін көтерді.

«Бүгінде ғаламшарды айналған озон қабатының бұзылуы, Әлем мұхиттарындағы судың ластануы, жердің ластануы, топырақтың құнарсыздануы, биологиялық тіршіліктің азуы және т.б. мәселелер өзекті болып табылады. Қазіргі уақытта экология биологияның шеңберінен шығып, адамзаттың қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін пәнаралық ғылымға айналды. Экология «адам – табиғат» проблемасын зерттеуде күрделі әрі ұзақ жолдан өтті. Адам мен Табиғат арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшелігі бар. Адамға сана берілді, сол арқылы ол табиғатта алатын орнын айқындап, Жер жүзінде өз жаратылысының мәнін түсінуге мүмкіндік алды. Қазірде экологияны «адамзаттың жеке үйі» – биосфера туралы, оның ерекшеліктері, адаммен қарым-қатынасы және байланысы, ал адамның жалпы қоғаммен байланысы туралы ғылым деп те атап жүр. Биология шеңберіндегі дербессіз пәннен экология кешенді пәнаралық ғылымға – айқын дүниетанымдық мазмұны бар заманауи экологияға айналды.

Бүгінгі күні экология тірі организмдердің қоршаған ортамен байланысы туралы биологиялық ғылым деген бастапқы түсінігінен алшақ бірнеше ғылыми салаларға және пәндерге бөлінеді. Қазіргі заманғы экология тек биологияның ғана емес, жалпы жаратылыстану ғылымдарының шеңберінен дараланып шықты. Заманауи экологияның идеялары мен принциптері дүниетанымдық мазмұнға ие, соның негізінде экология адамзат және мәдениет туралы ғылымдармен ғана емес, сондай-ақ философиямен де тығыз байланыста. Жүз жылдан астам тарихы бар ғылымның осыншалықты өзгеріске ұшырауына қарап, заманауи экология серпінді дамушы ғылым деген қорытынды жасауға болады», - деді Ә.Құсайынов.

Жалпы алғанда, Әбілғазы Құсайынов пен жұмысшылар арасындағы кездесу мазмұнды әрі қызықты өтті.

Абай-ақпарат.

0 пікір