Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4907 0 пікір 29 Наурыз, 2015 сағат 18:17

«НҰРЛЫ ЖОЛ» БАҒДАРЛАМАСЫ ТАБЫСТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына сапары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» форумына қатысты» деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Жамбыл облысы бүгінде 80-нен астам этностың достығы мен тату тіршілігінің бесігіне айналғанын атап өтті.

– Екі мың жылдан астам уақыттан бері жасап келе жатқан Тараз қаласы еліміздің тарихи орталығының бірі болып саналады. Облыс пен қаланың тарихи орындары ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Осынау қасиетті жерде біз күзде қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетін боламыз. Бұл – бірлігіміз бен берекемізді паш ететін маңызды шара, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына да назар аударды.

– Мен ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Жаңа индустрияландыру аясында 116 миллиард теңгенің 33 жобасы іске қосылды. Құны шамамен 600 миллиард теңге болатын тағы 23 жобаны іске қосу кезек күтіп тұр. Соның ішінде «Тараз Химпарк» арнайы экономикалық аймағының базасында химия кластерін, каустикалық сода мен хлор өндірісін жолға қою, Ақбақай алтын өндіру комбинатын жаңғырту шаралары бар. Жалпы, осы нысандардың барлығында 11 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті өңірде туризм саласы жақсы дамып келе жатқанына тоқталды.

– Үш ірі туристік нысанның – «Көксай» тау шаңғысы базасының, «Тау самалы» және «Киіз үй отелі» кешенінің құрылыстары жүріп жатыр, –  деді Мемлекет басшысы.

Елбасы барша Қазақстан халқының күш-жігері арқасында татулық пен тыныштық ХХІ ғасырдағы ел дамуының іргетасына айналғанын атап өтті.

– Биыл мен Қазақстанды одан әрі дамытуға бағытталған бес халықтық реформаны жүзеге асыру бастамасын көтердім. Біз заманауи мемлекеттік қызметті, әділетті сотты, жаңа индустрияны, болашағы біртұтас ұлтты және есеп беруші мемлекетті қалыптастырып жатырмыз. Осының бәрін біз азаматтарымыз үшін, еңбек адамдары үшін жасап келеміз, – деді  Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқандары үшін форумға қатысушыларға ризашылық білдіріп, барша қазақстандықтарға татулық пен бақ-береке тіледі.

Абай-ақпарат.

0 пікір