Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 5869 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 10:30

ШУВАЛОВ «ШУ-ШҰРҚАН БОЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ» ДЕЙДІ

Путиннің өткендегі Астанаға келіп қайтқан сапарынан кейін ресейлік сарапшы-мамандар: «Алдағы сәуір айындағы сайлаудан соң Қазақстанда девальвация болып, теңге құнсызданады», - дегенді ашық айтуда. Ал, әлгіндей болжамның арғы жағында ВВП-ның аузымен айтылған, ресми Астана да қолдаудан бас тартпайтын, ортақ валютаны айналымға енгізіп жіберудің қарекеті жатыр.

Кедендік одақ күшіне мініп, Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастағалы бері РФ саясаткерлерінің жиі қозғайтын тақырыбы осы – ортақ валютаның әңгімесі болып алған. Екі тарап бас қоса қалса (Қазақстан-РФ), немесе «үшемнің» (Қазақстан-Ресей-Беларусь) әдепкі бір жиыны болса, бітті, ресейлік белсенділер доллардан кетіп ортақ валюта аясанда өмір сүрудің қажеттілігі пісіп-жетілгені туралы сөз қыстырып үлгереді. Ресейге жақындай түскен сайын кәрі Кремльдің бұрынғы ызбарын барынша сезініп, саяси ықпалға түсе бастаған Астана қазіргі жағдайында ортақ валютадан бас тарта алмайды. Алайда, араға уақыт салып, бұл мәселеде асықпауды жақтайды. Ресми Астананың ойынша, ортақ ақшаны 2025 жылдарға қарай қолға алу керек. Ілгеріде РФ да соны құп көргендей сыңай танытатын. Енді асығулы. Путин Астана басқосуынан соң РФ Үкіметіне қыркүйек айына дейін ЕАЭО-ға мүше елдердің төл валютасын бір жақты етіп шешу қажет екенін ескертті.

 

Әйткенмен де, РФ Үкіметі басшысының бірінші орынбасары, яғни бірінші вице-премьері Игорь Шувалов мырза «ортақ валютаға асығудың, шу-шұрқан болудың қажеттігі жоқ» деп отыр. «Инфляцияның өлшемдері мен экономикадағы тұрақтылық өлшемдері үш елдің арасында, содан соң ЕАОЭ-ға мүше болуға ынталы Армения мен Қырғызстанның арасында тепе-теңдік күйін таппай жатып біздің одақ көлемінде монетарлы-валюта нарығын қалыптастыруға асығуымыз дұрыс емес. Жақсылап ойланып, бәрін есепке алуымыз керек» деді ол Ресейдің 24-ші арнасына берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетейік, экономикалық санкциялардың қыспағандағы РФ-да рубль барынша құнсызданған. Соған қарамастан Кремль Украинадағы сепаратистік күштердің қолтығына дым бүркуде. Қазақстанда да Ресейге салынған санкциялардың салқыны байқалады. Расында, Президент сайлауынан кейін теңге кезекті рет девальвацияға ұшырауы мүмкін. Ең басты қауіп, бірақ, бұл емес. Ең басты қауіп – доллардың шеңберінен шығуға деген ұмтылыс. Экономикасы заманауи реңк тауып шалқыған Еуроодақтың да қазіргі басты проблемасы доллардан тыс өмір сүру болып отыр. Әйтсе де, кәрі құрлық ЕО-ға ортақ валюта – еуроны күшейтуге тырысқан сайын доллардың алдындағы дәрменсіздігін сезіне түсуде. Ал, осындай ортақ валюта жасауға әрекеттеніп көрген Таяу Шығыс аймағындағы араб елдері көсемдерінен айрылып, саяси тұрақсыздық жағадайында өмір сүруде.

Abai.kz

0 пікір