Жұма, 19 Сәуір 2024
Өзбектің өз дегені бар 5213 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 16:28

КАРИМОВ ҚАЙТА САЙЛАНА МА?

Көрші Өзбек елі басты саяси таңдауын жасап үлгерді. Ала тақиялы ағайын Президент сайлауына бір кісідей дауыс беруді аяқтап, ендігі қорытынды шешімнің жария болуын күтіп отыр...

Өзбекстанның ОСК-сі «Науқан ешқандай заң бұзушылықсыз, заң талаптарына сай өтті» деп кесіп айтуда. Сырт көз де бас жарып, көз шығаратындай мәлімдеме жасап жатқан жоқ. Жалпы, үлкен саясатта ішкі сырын алдырмайтын, әкімшілік басқаруда да әккі жол ұстанатын қазіргі ел басшысы Ислам Каримовтың 25 жылға жуық билігі тұсында бұл елдегі кез келген сайлау туралы ақпараттан ащымал иіс шыққан емес... Һәм бұған дейінгі додаларда шашасына шаң жұқпай оза шапқан жалғыз жеңіс иесі... Каримовтың кандидатурасы ғана болатын.

Осы жолы да солай болуы бек мүмкін. Өйткені, Каримовпен тақ таласына барған үміткерлер арасында билікті бірден жұлып әкететін салмақты саясаткер жоққа тән. Қазіргі дауысқа түскендердің арасында (Өзбекстан халықтық-демократиялық партия басшысы Хатамжан Кетмонов, «Адолат» социал-демократиялық партиясы атынан Наримон Умаров және «Қайта өрлеу» демократиялық-ұлтшыл партиясынан таласқа түсуші Акмал Саидов) лайықты кандидаттың жоқтығын өзбек саясаткерлерінің өздері айтып жүрген еді. Тіпті, аты аталған партиялар ресми биліктің қолынан жем жеп отырған ұйымдар деген пікірлер де жоқ емес. Демек, бұл сайлауда Ислам аканың жұлдызды сәті тағы да туып тұрғанға ұқсайды!

Қалай болғанда да, Өзбекстанның саяси билігі алдағы 7 жыл бойына салмақты әрі сенімді адамның қолына көшкені аймақтағы елдер үшін аса маңызды. Әсіресе, іргедегі түбі бір ағайын саналатын біз үшін Өзбекстанның тыныштықта және табысты болуы екі бастан қолайлы. «Өзбектің де өз дегені бар...» бірақ, Шығыста құмырсқадай қытай, Солтүстікте ормандай орыс отырғанда Каримовтың Қазақстанға қатысты саясаты қайта қарауға жатпайтын таңдау болып қала беруі тиіс.

Abai.kz  

0 пікір