Жұма, 29 Наурыз 2024
Қайраткер 6042 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 20:41

ҚАППАРОВТЫҢ БЕЙЖІҢДЕГІ СОҢҒЫ САҒАТЫ

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом Компаниясы АҚ Басқарма басшысы Нұрлан Қаппаровтың кенеттен келген қазасының жай-жапсары туралы өз дереккөздеріне сілтеме жасап zakon.kz сайты  жазды.

Қаппаров Дубайдан СА942 рейсімен 26 наурыз күні 13.40-та Бейжіңге келген. Оны аталған кәсіпорынның Бейжіңдегі филиалының директоры Ашықбаев пен Бейсенов есімді азамат қарсы алған. Қонақүйге барар жолда түскі ас үшін олар Цзинбао ресторанына тоқтаған. Дастарханға отырар алдында «Қазатомөнеркәсіп» басшысы әжетханаға шыққан. Оны техникалық қызметкерлер 14.20 уақытында  байқап медициналық қызметті шақыртады. 14.27 минутта медициналық қызметкерлер оған  жүрек кардиограммасын жасап, жүрегінің тоқтап қалғаны туралы хабарлаған. Жүрекке массаж жасап, түрлі шаралар қабылдағанмен нәтиже бермеген. 14.33 уақытында аймақтық Чаоянг емханасына жеткізілген Қаппаровтың 14.50 минутта қайтыс болғаны туралы хабарланған.

Қаппаров мырза шетелге сапарларында жеке күзетсіз жүре берген екен. Бұл сапарында ол Бейжіңге Қазақстанның ресми делегациясы қатарында келген.

Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы Жоғары басқару мектебін бітірген, мамандығы бойынша инженер-экономист, мемлекеттік басқару магистрі Нұрлан Қаппаров өткен жылдың тамыз айында «Қазатомөнеркәсіп» басшысы болып тағайындалған еді. Бұл қызметіне дейін ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі(2012 жылдың қаңтарынан 2014 тамызына дейін) болған ол бүгін 45 жасқа толуы тиіс еді.

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ (Қазақстанның ұлттық атом компаниясы) — Қазақстанның уран және өзге металдарды экспорттау жөніндегі ұлттық операторы. 1997 ж. 14 шілдеде құрылған компанияның 100% акциясы мемлекетке тиесілі. Бүгінде әлемдегі уран қажеттілігінің 38% ін қамтамасыз ететін ірі өнеркәсіп болып саналады.  «Қазатомөнеркәсіп» жарғысына сай Акционерлік қоғамның Директорлар кеңесінің шешімдері басқарма басшысынан биік тұрады. 2009 жылы 22 мамырдан бастап былтыр Энергетика министрі қызметіне тағайындалғанға дейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басшысы болған Владимир Школьник қазіргі күнде аталған кәсіпорынның директорлар кеңесінің төрағасы.

«Қазатомөнеркәсіп» десе елдің есіне алдымен оралатын есім Мұхтар Жәкішев. Бүгінде түрмеде отырған экс-басшы алғаш рет 1998 жылы кампанияға басшы болып тағайындалған. «Мүлікті иемденіп, пара алғаны үшін» 2010 жылы 14 жылға сотталған ол, 2012 жылы екінші қылмыстық іс бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қамауға алынған мерзімде жұбайының тұтқындалуы, өзіңнің түрмеде соққыға жығылуы туралы ақпаратпен қатар, былтыр қайын атасына қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы да ақпараттар таралған болатын.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610