Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4467 0 пікір 31 Наурыз, 2015 сағат 07:54

СЫЗДЫҚОВ БАТЫСТАН БАС ТАРТУҒА ШАҚЫРАДЫ

Журналистер Тұрғын Сыздықовтың Қызылорда қаласындағы сайлауалды штабының жұмысымен танысты.

 

Кеше Қызылорда қаласында Тұрғын Сыздықовтың аймақтық сайлауалды шатыбының таныстырылымы өтті.

Қызылорда облысы бойынша аймақтық штабтың жетекшісі болып Талғат Телубаев тағайындалды.

Талғат Телубаев партияда 4 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Мамандығы журналист, біраз уақыт мұғалім болып қызмет атқарған.

«Бір ай көлемінде штаб Т.И.Сыздықовтың кандидатурасын қолдау аясында бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

Штаб құрамында 5 сенімді тұлға жұмыс істейді. Насихат материалдары алынды, қазір оларды тарату жұмыстарымен айналысып жатырмыз», - деді таныстырылым барысында Т.Телубаев.

Ол сондай-ақ кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды үгіт-насихатының негізгі бағыттары жайында қысқаша әңгімелеп берді.

«Бүгінде батыс қоғамы жасанды және негізгі құндылықтардың өзара арпалысқа түскен күрделі кезеңін, моральдік қағидаттар мен рухани құндылықтардың дағдарысын бастан кешіп отыр. Сол себепті, біздің кандидатымыз, Тұрғын Сыздықов, бұл мәселелерге үлкен маңыз беріп отыр.

Жаңғырған жарнамалар, жылтырақ журналдар адамның санасын улауда.

Адам құқығы мен еркіндікті көксеген ұрандардың астарында қантөгіс фильмдер мен эротика насихатталып жатыр. Бірақ, еркіндік әрбір әрекет үшін бірнеше еселенген жауапкершілікті талап ететінін ұмытпау керек», - дейді Т.Телубаев.

Штаб жетекшісі Т.Телубаев батыстық тамақтану мәдениетінің зияны Т.Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасының басты тақырыптарының бірі екенін де еске салды.

Т.Телубаевтың айтуынша, батыстық тамақтану үлгісі – гамбургер, хот-дог, қуырылған картоп, газдалған сусындар мен басқа да азық-түліктер – аса калориялы, құрамында май мен қант көп.

Сондықтан да батыстық фаст-фуд алыптары жедел тамақтанудың рецепттерін үлкен құпияда сақтауда.

Себебі, қарапайым тұтынушы оның өндірісінде қандай тыйым салынған әдістер пайдаланылып, көп жағдайда, жеуге келмейтін ақыз-түліктер қосылатынын білсе, одан үзілді-кесілді бас тартар еді.

Abai.Kz

0 пікір