Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Осы ғой енді... 14985 2 пікір 1 Сәуір, 2015 сағат 15:02

АҚЫЛ ТІСТІ АҚЫЛЫ БАР АДАМ ЖҰЛА МА?

Барлығы да ойламаған жерден басталды. Түстеніп алайық деген оймен әріптесім Асқар екеуміз Пушкин көшесінің бойымен «Саяхат» автобекетінің жанындағы асханаға қарай аяңдап келе жатқанбыз. Райымбек бабамыздың ескерткішінің тұсына жете бергенде жарнама қағазын таратып тұрған бір бойжеткен Асқардың қолына әлгісін ұста салды. Әріптесім қағазға бір қарады да, тастауға ыңғайлана бергенде, неге екенін қайдам (әдетте мұндай түрлі буклеттерді, басқа да жарнамалық үлгідегі газеттер таратып тұрғандардан айналып өтетінмін), Асқардан әлгі визитканы сұрап алып, көз жүгірттім. Сөйтсем, ол жаңадан ашылған «ПРИМА-ДЕНТ» атты стоматологиялық клиниканың жарнамалық визиткасы болып шықты (Алматы қаласы, Абылайхан мен М.Мәметова көшелерінің қиылысында). Барлық қызметтеріне 50 пайыздық жеңілдік бар, 24 сағат жұмыс істейді екен. «Тәулік бойы қызмет көрсететін болса өте ыңғайлы екен, бір керегіме жарап қалар», – деген оймен әлгі жарнамалық визитканы төс қалтама сүңгіте салдым.

Араға бірнеше күн салып, 28 наурыз күні үйге қарындасым Гүлжанат келді. Тісі ауырып, қиналып жүр екен. «Іздегенге - сұраған» деген, әй-шайға қарамай түнделетіп, келіншегімді де қосақтап, Абылайхан мен Мәметова көшелерінің қиылысындағы стоматология қайдасың деп тартып тұрдық. Бізді Орынбасар Ғұланбайұлы Тұрғынбаев (Оринбасар Гуланбаевич Тургинбаев) деген жігіт жылы қарсы алды. Ол бізге: «Сіздерге әріптесім қызмет көрсетеді, сәл күте тұрыңыздар» деген соң ол нұсқаған орындыққа жайғаса бергенімізде, сырттан бір жас жігіт кіріп келді. «Дәу де болса осы дәрігер шығар» деп топшыладым. Жорамалым дұрыс шықты. «Өзі арзан әрі тәулік бойы жұмыс істесе, үшеуміз де тістерімізді бір емдетіп алайық» деген оймен қарала бастадық. Әлгі Руслан Боровский есімді дәрігер келіншегім екеуімізді бір қарап шыққаннан соң, кезек қарындасыма келді. Қарындасымның ең соңғы азу тісі ауырып жатқаны айқындалған соң, не істеуге болатынын сұрадық. Орынбасар екеуі біраз ақылдасты да, бізге қарап: «Бұл тіс медицина тілінде сегіздік (восьмерка) деп аталады. Оны емдеуге келмейді. Сондықтан жұлып алып тастау керек» деген соң қарындасымның жаны қиналып тұрғандықтан, амалсыздан келістік. Жұлар алдында тістің жағдайын анықтап алу үшін ешқандай рентген қондырғысына да түсірген жоқ. «Е, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ғой» деп ойлап, зайыбым екеуміз кабинеттен шықтық. Бір уақытта қарындасым Гүлжанаттың жанұшыра айқайлап, жылаған дауысы шықты. Бауырыма жаным ашып, кабинеттерінің есігін жайлап сығалап ашсам, екеулеп (Орынбасар мен Руслан) тісті суырып жатыр екен. Жұмыстарын аяқтаған соң, бөлмесіне қайта кірдік. Суырылған тісті көріп, жүрегім зірк ете қалды. Тістің тек бет жағы аздап шірігені болмаса, қалған бөлігі, тұқылы дін аман! Қарындасымның тісі қатты ауырып тұрған соң, оның Русланды тыңдауға зауқы соқпады білем, ол қандай ем қолдану керектігін тәптіштеп, түсіргендей болды. Сонымен не керек, барлығы жақсы болар деген оймен үйімізге оралдық. Бірақ «қызықтың» бәрі үйге келгеннен кейін басталды. Қарындасым түнімен аһ ұрып дөңбекшіп (осылайша үш күн ауырды), таңға дейін көз ілмей, жаны қиналды. Оны көріп, менің де жаным жай таппай, көрер таңды көзбен атырдық. Ертеңіне ертемен өзіміз бұрыннан барып жүрген «Ақсай-1» ықшамауданында орналасқан «Миромед» стоматологиясына барып, мән-жайды баяндадық. Ондағы білікті дәрігерлердің сөзінен ұққанымыз: сегізінші (қазақтар оны ақыл тісі деп атайды) азу тісті емдеуге әбден болады екен. Алдын ала тісті рентген жасамағанына олар да түсінбей қайран қалды. Дереу Алматы қаласындағы 5-ші клиникалық қалалық аурухананың бет-жақ бөліміне жолдама беріп, тездетіп сонда баруымызды өтінді. Жол жөнекей Руслан Боровскийге соғып, болған оқиғаны баяндап, ауруханаға бара жатқанымызды: «Болар істің болып, бояуы сіңгенін, егер емделуге кеткен бүкіл шығындарын өтеп берсе ешқандай дауымыз жоқ» екенін ескерттік. Ол келісіп, бар материалдық жауапкершіілікті мойнына алатынына сендірді. Құдайға шүкір, 5-ші клиникалық ауруханадағы білікті дәрігерлердің көмегімен (олардың айтуынша, мұндай үлкен тістерді адамға наркоз беріп, операциялық жолмен ғана алуға рұқсат етіледі екен. Тіпті, ең болмағанда пломбысын ашып көруге дәрігер міндетті екен. Руслан мұның бірін де істеген жоқ ) науқастың беті бері қарады.

Қарындасымды үйге апарып тастаған соң, кешқұрым жұмыстан кейін, Русланға қайта соқтым. Бүкіл кеткен шығынды (қарындасымның бір апта бойы жұмыстан қалғанын, түрлі дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер, жұлынған сау тістің орнына жасанды тіс орнату, т.б.) айтып, түсіндірдім де, өтеуін талап еттім. Ол кешке дейін мұрсат беруімді сұраған соң, келіскендей сыңай танытып, шығып кеттім. Міне, содан бері әрнәрсені желеу етіп, берген уәдесін ұмытып, созбақтап келеді. Өзім емдетіп, басқа тіс дәрігерлеріне қаратамын дейді. Бірақ, менің бұған ешқандай зауқым жоқ. Өз мамандығын жетік меңгерген болса, әу баста неге олай жасамады? Ай-күннің аманында қарап отырып, Руслан сияқты сауатсыз дәрігерлердің кесірінен (ақ халатты абзал жан деуге аузым бармайды) сау тісімізден айырырыл қалдық...

Кеулімжай ҚҰТТЫ.

 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3515