Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 6067 0 пікір 2 Сәуір, 2015 сағат 08:24

ҚАЖЫМАС ҚАЙРАТКЕР-ҚАЛАМГЕР

Еліміз Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге дайындалып жатқан  биылғы жыл басында мерзімдік баспасөзде әйгілі соғыс қаһарманы жайында «Сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов» атты мақала жарияланды. Авторы белгілі қарт қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі, Жамбыл облысының құрметті азаматы, ақын және журналист Сағат Арынұлы.

Ыбырайым Сүлейменов мергеннің майдандағы ерлігі жайында С.Арынұлы 1954 жылдан жазып келеді. Бүгінде осынау соғыс қаһарманының Сарысу ауданынан шыққанын, майданда 280 фашисті жер жастандырғанын, көзі тірісінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын, бірақ белгісіз себептермен батыр атағының берілмегенін, Невель қаласы үшін шайқаста Мәншүк Мәметовамен бір шепте 1943 жылғы 15 қазанда қаза тапқанын (Невельдегі бейіттерінің басына: «Пулеметші Мәншүк Мәметова (1922–1943)»; «Снайпер Ыбырайым Сүлейменов (1911–1943)» деп жазылған) жұртшылық біледі. Сағат аға бала кезінде ауылдас Ыбырайымды соғысқа аттанғанына дейін көріп жүрген екен. Бертінде, батырдың өмір жолын журналист ретінде зерттеуге кіріскенінде, оның сол шақта жасы сексеннен асқан ақ шашты қарт анасы Тынышбала шешейдің әңгімесін тыңдап, қолындағы түрлі құжаттармен, газеттер қиындыларымен, баласының майданнан жолдаған хаттарымен танысқан. «Басқа алты ұлым бір төбе, Ыбырайым қарашығым бір төбе болатын», – деп күрсінген қария. Ыбырайымның өлеңдетіп жазған хатындағы: «Қабырғалы қалың ел, Алыста жатқан қазағым. Елдігің үшін болашақ, Соғыстың көрдің азабын. Өлімге де бас идік, Көрмеуге фашист мазағын. Отан үшін тоқтаттық Жігіттіктің базарын!» – деген жолдарды жатқа айтып берген. Ұлының ерлігін дәріптеген еліне разылығын, қабырғасын қайыстырған қайғы бұлтын баласының аты өшпегені сергітетінін, соны медет тұтатынын әңгімелеген. Бірде көрші кемпір: «Балам батыр деп мақтанасың. Барған жерде төрге шығасың, жұрт жапырыла құрметтеп жатқаны. Егерде балаң шын батыр болса, алтын медалі қайда? Соны көрсетші маған?» депті. Сонда оған Тынышбала шешей: «Қимаса да соларың бұл атақты, Ұлымның ерлікпенен даңқы шықты. Ұмытпас Ыбырайымды елім менің, Көрсеткен қан майданда батырлықты. Сен-дағы іші тар сорлы екенсің, Күнәһар, мазалама әруақты», – деген екен.  

Қарт ананың немересі, Ыбырайымның артында қалған жалғыз қызы Алмагүл әкесі жайында Мәскеуден сұрастырғанында, оған КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас кадрлар басқармасынан полковник Колесников 1958 жылғы 5 сәуірде мынандай жауап қайтарыпты: «Сіздің КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы К.Е.Ворошилов жолдасқа жолдаған хатыңыз мұқият тексерілді. Армияның Әскери Кеңесі старшина Сүлейменов Ыбырайымды 1943 жылдың шілдесінде Кеңес Одағының Батырлығына ұсынғаны анықталды. Бірақ, ол Калинин майданының Әскери Кеңесі тарапынан қолдау таппаған, мергенді Ленин орденімен марапаттауға ұйғарылған. Сол бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 4 маусымдағы указымен старшина Сүлейменов Ыбырайымға Ленин ордені берілген. Сондықтан бұрынғы шешімді қайта қарауға мүмкіндік жоқ. Мұнымен қатар Сүлейменов Ыбырайым ерлігі мен сіңірген еңбегі үшін бұдан бұрын «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған».

С.Арынұлы Ыбырайымның жаумен жан аямай шайқасып көрсеткен теңдесі жоқ, Жеңіс күнін жақындату жолындағы ерлігін тарихи құжаттар мен майдандастарының естеліктері арқылы жаңғыртады. Мерген Сүлейменов фашистердің 281 солдаты мен офицерін жер құштырған (яғни жаудың атқыштар батальонының тең жартысын жалғыз өзі жойған) делінетін ресми мәліметті талдай отырып, бұл көрсеткіштің  әлі де толық еместігіне назар аударады. Қолында бар құжаттарды салыстыра зерттегенінде Ыбырайым сұлатқан басқыншылардың саны 300-ден әлдеқайда көп болғанына көз жеткізеді. Тек Невель қаласын екінші рет жаудан азат еткен 6 қазандағы ұрыстарда мерген Ыбырайымның 60 фашисті жойғаны белгісіз себеппен есепке алынбай қалған. Сонымен, атақты мергеннің қолынан оққа ұшқан фашист солдаты мен офицерінің нақты саны 341 болады. Осынша жауды бесатармен жайратқан Сүлейменовке Батыр атағын қимаудан  өткен әділетсіздік бола ма деп қынжылады қаламгер. Сол орайда кезінде Әзілхан Нұршайықовтың күйінішпен айтқан сөздерін де еске түсіреді: «Қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменов 239 фашисті жойған кездің өзінде-ақ сөзсіз Кеңес Одағының Батыры болуға лайық еді. Бірақ сәті түспеді. Ал 300-ден астам жауды жайпап, ер өліммен өлгеннен кейін де ол Батыр атағын алуға лайық еді. Ұсынылып, әлдекімдердің қазақтардан батырларды көбейте беріп қайтеміз деген арам ниетімен өтпей қалды ма, білмеймін… Бар білетінім, Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен есіл ер Ыбырайым Сүлейменов Батыр атағына ілінбей қалды. Мұндай жауынгердің Батыр атағын алмағанына қалай өкінбессің?!». «Жасыратыны жоқ, соғыс кезінде аз ұлттардың өкілдерін кемсітуге жол берілді, – дейді С.Арынұлы. – Кемсіткендер өздерінің түймедейін түйедей етіп көрсетуді мақсат тұтты. Бұл тоталитаризмнің солақай саясатының салдары еді. Славян нәсілділерден басқалардың майдандағы көзсіз ерліктеріне күдікпен қарау, менсінбеу орын алды. Кезінде Бауыржан Момышұлына, Рахымжан Қошқарбаевқа және басқа бауырларымызға Батыр атағының берілмей қалғаны осындай келеңсіздіктің кесапатынан болғаны белгілі».

Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін, 1995 жылы Ы.Сүлейменовке Қазақстан Республикасының «Халық Қаһарманы» атағын бергізуге ұсыныс жасалған, бірақ шенеуніктер тарапынан жіберілген біліксіздік, қарадүрсіндік салдарынан ұсыныс өтпей қалған. Бұл әділетсіздікті кеш болса да түзету үшін пәрменді шаралар қолданылуы тиіс деп есептейді автор. Батыр әруағын қастерлеудің тағы бір жолы шешілмей тұрған. Ұлы Отан соғысының ел таныған батыры, даңқты мерген Ыбырайым Сүлейменовке ескерткіш орнату қажетін С.Арынұлы алғаш кеңес билігі кезінде көтерген еді. Алайда бұл  мәселе ондаған жылдар бойы сөзбұйдаға салынуда. Бұл жөнінде арнайы шешім де қабылданған. Қаржы жоқ деп айтуға ешқандай қисын жоқ. Құлақ сарсытқан құрғақ уәде ғана бар. Тәуелсіздік орнағалы мәселені ол республикалық баспасөзде тағы бірнеше рет көтерді. Ақыры 2013 жылы ҚР Премьер-министріне арнайы хат жазып, Ұлы Отан соғысы кезіндегі асқан ерлігі үшін Ыбырайым Сүлейменовке кеш те болса тәуелсіз еліміздің «Халық Қаһарманы» атағын беру, Тараздағы сұрмерген көшесі қапталында жатқан аллеяға зәулім ескерткішін тұрғызу жайында ұсыныс жасады. Ұсыныстарды орынды деп тапқан Үкіметтің Жамбыл облысы әкімдігіне берген тапсырмасы оң шешімін табатын сияқты. Жақында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев атақты мергенге Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Тараз қаласында ескерткіш салуға қатысты мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданғанын облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумында жария етті. Автор абыройлы мәселені өстіп жеріне жеткізе тиянақтады.

Сағат Арынұлы қазақ журналистикасының туын биік ұстап, әрдайым абыройын көтере түсуге өзіндік үлесін  қосып келе жатқан, республикамызға көптен танымал журналист. Ол  тәуелсіздік дәуірінде жастарға тән шабытпен қалам тербеп жүрген ересек буын ішінен әрдайым өткір пікірлерімен ерекше көзге түсетін. Біз бұл кісінің түрлі кемшіліктерді – еліміздің абыройына нұқсан келтіретін келеңсіздіктерді, рынок желеуімен жалпыхалықтық байлығымызды талан-таражға салған сыбайлас жемқорларды, құлқынның құлына айналған шенеуніктерді, билік буындарындағы түрлі тұтқаға ие болып алып, қилы қисық тірліктерімен бірлігімізге іріткі салып жүрген рушылдар мен топшылдарды әшкерелеген мақалалары оқырманды ризашылыққа бөлейтін. Оқыған сайын тағы сондай кемшіліктерді батыл көрсетіп, өткір пікірлерін білдіруіне іштей әркім тілектес болатын. Жарияланымдарының жоғарыда аталған бірімен аталмыш жеңіске жетуі сексеннің бесінші басқышына көтерілген ақсақал қаламгердің қалам-қаруын тастамай, жемісті шығармашылық жұмыстарымен жауынгерлік сапта нық басып келе жатқанын көрсетеді.

Ол Жамбыл облысында туып-өсті. Күллі өмір жолы, журналистік қызметі де осы облыспен тығыз байланыста өтуде. Облыстық газетте, радиокомитетте қызмет атқарып, қатардағы тілшіден басшы қызметкерге дейін көтерілді. «Шұғыла–Радуга» атты Жамбыл аудандық газетінің алғашқы бас редакторы болды. Жаңа шығармашылық ұжым  қалыптастырып, бір шоғыр жас журналистерді тәрбиеледі.  Баспасөз бен радиода жарты ғасырдан астам үзбей еңбек етті. Қарымды қаламгер «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Еңбек туы», «Ақ жол», «Оңтүстік Қазақстан», «Тың өлкесі», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Ана тілі» және заманауи өзгерістерге орай шаңырақ көтерген басқа да республикалық басылымдарда жарияланған көсемсөз, очерк, сын және проблемалық мақалаларында еліміздің экономикасына, әдебиеті мен өнеріне қатысты сан түрлі мәселелер көтерді.  Маңызды журналистік жұмыстарын  топтастырған бес кітабы жеке басылымдар ретінде жарық көрді.  Ол тек Жамбыл облысына ғана емес, бүкіл республикамызға танымал қаламгер.

С.Арынұлының бүкіл журналистік қызметінің өрісі де, қайнар бұлағы да кәдімгі қазақ ауылы болды. Ауыл тіршілігі кеңес заманында оның басты тақырыбына айналған. Ол қазақ шаруасының – малшының, диқанның  ерлікке парапар еңбегі мен оны жақсарту жолдары жайында жазды. Әділетсіздікке ұшырағандарға араша түсті. Тауқыметті тіршілікте мойымай, ел дәулетін асыруға үлес қосушыларды дәріптеді. Баспасөздің ауыл тұрғындарымен байланысын нығайту, қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеру, оларды еліміздің басты тірегі, негізі ретінде насихаттау, халық дәстүрлерінің өркен жаюы, ана тіліміздің өміршеңдігін қамтамасыз ету, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ел өмірімен біте қайнасып жатуы  жолында кеңес заманында да, бергі тәуелсіздік дәуірінде де жан аямай тер төкті. Ұзақ жылғы журналистік қызметінде ол Жамбыл облысын түгел аралап, ел тыныс-тіршілігімен етене танысты. Әр ауданның хал-ахуалын тікелей еңбекшілермен араласа жүріп танып-білді. Шу өзенінің төменгі ағысындағы алқапты, Мойынқұмды, Бетпақдаланы, Сарыарқаны мекендеген жұрт өмірін, жер жағдайын жақсы танып-біліп, көрген-білгенін, ойға түйгенін облыстық және республикалық баспасөз беттерінде оқырманмен бөлісіп отырды. 

Сағат ағаның әдебиет пен өнер тарихын толықтырудағы еңбегі де зор. 50–60-жылдары Шу бойындағы шаруашылықтарды аралай жүріп, адамдармен кездесу сәттерінде әлемдік музыка мәдениеті тарихында өз орыны бар атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлының бейітін тапты. Басына белгі қоюға мұрындық болды. Халқымыздың мақтанышына айналған әйгілі композитор және орындаушы Ықаңның сол жылдары көзі тірі жақын туысқандарымен сұхбаттасты. Даңқты өнерпаз жайындағы естеліктерді жазып алып,  қобыз күйлерімен бірге радио арқылы күллі Қазақ еліне таратты. Республикалық әдеби газетке әрі танымды, әрі проблемалы материал жариялады. Жергілікті музыкант Сәбит Нұркеевтің  Сарысу ауданында музыка мектебін ашуына қолдау көрсетті. Мектепке ұлы қобызшы Ықыластың есімін бергізу, одан, мектепке жаңа ғимарат салғызу үшін түрлі мекемелер табалдырығын тоздырып жүрген директор Нұркеевтің оң нәтижеге қол жеткізуіне жәрдемдесті. Ықаңның туыстарынан, өзге де тікелей көрген адамдардан бет-бейне ерекшеліктерін ауызша сұрастыру арқылы, ұлы композитордың суретін қылқаламмен салғызу жөніндегі ізденістеріне ақыл-кеңесін беріп, ұдайы моральдық көмегін тигізіп тұрды. Сонымен қатар, «халық жауы» атты қара таңбадан 50-жылдарғы алғашқы лекте ақталған қазақ әдебиеті классиктерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің өміріне байланысты ел ішінде сақталған мәліметтерді және оның біраз өлеңдерін жұрт аузынан жазып алып, жұртшылық игілігіне ұсынды. Сәкеннің қиырдағы лагерь қапасынан жолдаған өлеңі жайында жақында жариялаған мақаласы жұртшылықты ойға қалдырды.

Сағат Арынұлының өзі де поэзияны жанына жақын тұтқан. Майталман қаламгердің «Ақиқаттың жолы алыс» атты кітабына жазған алғысөзінде профессор Әбдеш Қалмырзаев оның журналистігімен қатар, ақындығы хақында да жылы пікір білдірген болатын. Сағат аға өлеңді мектеп қабырғасында жаза бастаған. Есейген сайын өлеңінің өрісі күрделілене түскен. «Өлеңге бар әркімнің таласы...» деген поэзиялық туындысында (1980): «Жазған емен өлеңді өзім үшін,  Әлдеқандай ала құйын сезім үшін», – деп сырын ашып, «Бір терең ой жаныңды тебірентпесе – Өлең емес, ұқсаса да сыртқы пішін», – деген жолдармен ақындық мақсаты жәй ұйқас құру емес екенін білдіреді. Оның кемел шағындағы қалам тербесі, шынында, тек қана жанын тебіренткен  терең ойдан туындап жатқанын көресің. Мұны өлең, дастандары ғана емес, күнделікті тыныс-тіршілікке сергек үн қатып отырған публицистикалық мақалалары да танытады. «Әділетті аттағанды көрсем егер, Қаным шапшып басыма, қайнар ішім. Шенеуге мұндайларды тырп еткізбей, Жұмсаймын құдіретті сөздің күшін», – деген өлең жолдарында қаламгерлік және азаматтық ұстанымы түйінделген.

Тәуелсіздік жылдары Сағат аға оқырмандарын қазақтың ұлттық рухын қорлап жүрген мәңгүрттерді әшкерелеудегі  батылдығымен және қайрат-қарымымен қайран қалдырып келеді. Мәдениет мұраларын сақтау, тарихты бұрмалауға  жол бермеу мәселелеріне өте кірпияз қарайтынын көрсетті. Баспасөзде әрдайым әділдік үшін шайқасып, шындықты бет-жүзге қарамай тура айтып келеді. «Опасызды омақа асырып, өткір тіл – Бет қаратпай, турашыл айтар шешім. Біреуге ол жаға ма, жақпайды ма, Менің онда болмайды ешбір ісім», – дейді ақын-журналист. Өлең тілімен ағынан жарылу дегеніңіз осындай-ақ болар. Онысының хақтығына күллі жарияланымдары куә. Оны оқырмандары өмір бойы ақиқаттың ақ жолынан айнымаған қаламгер ретінде біледі. Ол қиындықтан қорықпай, әділет туын ұдайы жоғары ұстауда. Шығармашылығы айқайлап айтып тұр – ол әрқашан турашыл болып келе жатқан қаламгер. Тек шындықты жазды, көлгірсуге ешқашан жол бермей, әділ сөйлеуді әрдайым мұрат тұтты. Бұл жастарға өнеге боларлық қасиет, мұны өскелең ұрпаққа  қашанда үлгі етіп тартуға тұрады.

Адалдық пен азаматтықты серік еткен  журналистика ардагері бүгінде айтулы жасқа – сексеннің бесеуіне көтерілді. Қаламы әлі қолында, айтары да мол. Барша күш-жігерін, қаламының қарымын өз елінің рухын көтеруге жұмсап, әр салада еңбек ететін ұл-қыздарының, немерелерінің ортасында Қанай жеңгемізбен бірге бақытты өмір сүріп келе жатқан қаламгер ағамыз Сағат Арынұлын ақсақалдық белесімен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, шығармашылық жеміс тілейміз.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ.

 

Abai.kz 

0 пікір