Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 6546 0 пікір 2 Сәуір, 2015 сағат 08:34

«КӨЗ ТИМЕСIН» ДЕП ЕДІ...

(Бекзатжанның да туған күні келіп қалыпты -ау! Ертеректе жазылған дүние еді...)

Сол күні Бекзатты "Хабарлықтар" алдынан шығып қарсы алдық. Әуежайдан түскен бетте оны Тілеуқабыл ағамыз іліп кетіп, біздің тікелей эфирге алып ұшып жеткен. Ұзын бойлы, ақсары жігіт арсалаңдап келіп бәрімізбен құшақтасып амандасты. Құшақтағанда қабырғаны қаусатардай қысып-ақ жіберді. Қызы бар, жігіті бар, артынан қалмадық. Жалғыз емес екен. Жанында әке - шешесі бар. Әкесі мен Бекзат студияға кіріп кетті де, біз сырттан бақылап тұрдық. Сол күнгі тікелей эфирдегі сұхбат сұмдық болды. Шырылдаған телефонда маза жоқ. Қазақ жерінің барлық түкпірiнен көрермен ыстық лебіздерін батыр ұлдарына аямай төкті-ау келіп... Олимпиада чемпионы атанғанына апта да өтпеген жиырма жастағы балаң жігітке бұл да күтпеген құбылыс болғаны байқалып тұр. Өзіне деген миллиондардың ықыласын алғаш рет сезінгендіктен бе, әйтеуір жымиып күле берді. Оған қарағанда әкей тіс қаққан екен. Көп сауалдарға өзі жауап беріп отырды. Манадан бері қалай байқамағанмын, Бекзаттың анасы менің жанымда, елеусіздеу бұрышта отыр екен. Көзінен тарам-тарам жас ағып, саусақтарын шытырлатып отырғандай болды. Қатты толқығаны байқалады. Күбірлеп сөйлегені анық естілді: 
- Жаным-ай, көз тиіп кетпесе екен! Көз тиіп кетпесе екен... Аман болшы!
...Бұл сурет кейін Бекзаттан абайсызда айрылып қалғанда көз алдыма талай мәрте келгенін несін жасырайын. Ана жүрегі сезімтал деген осы да. Айқайлап қуанбады. Астамсынбады. Тек, Бекзатжанның амандығын ғана тілеп еді....

Арман СҚАБЫЛҰЛЫ

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды).

0 пікір