Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 10700 0 пікір 16 Сәуір, 2015 сағат 13:14

АБАЙ МҰРАЖАЙЫ: ҚОЛӨНЕР ТУЫНДЫЛАРЫ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ (фото)

Абай мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында 2015 жылдың сәуір айының 15 күні №4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатымен бірлескен «Мерейлі белестер және рухани құндылық» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 170 және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай қала тұрғындары мен қала қонақтарының назарына №4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаты оқушыларының қолөнер туындыларын ұсыну, жас шеберлердің жұмысын насихаттау, өскелең ұрпаққа үлгі ету - көрменің негізгі мақсаты болды.

Мәдени шара Абай мұражайының жетекші ғылыми қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері Ибраева Үмітқайша Ахметқалиқызының алғы сөзімен ашылды. Барысында екі мекеме арасындағы шығармашылық байланысына, тыныс-тіршілігіне тоқталып, алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім білдіріп, №4 мектеп-интернат ұжымын алғыс хатпен марапаттады.

№4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатының директорының тәрбие ісінің меңгерушісі Индира Тұрсынбековна аталмыш мекеменің ауқымды іс-шараларына, көрменің ашылу мақсатына тоқталды.

Жарыссөзде Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессорлары, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері, ҚР Мәдениет қайраткері Өтепбаев Нұрбұлан Нұғыманұлының, Макаров Құмар Ескендірұлының пікірлері тыңдалды.

Салтанатты ашылу барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Берік Омаров, Ә.Қашаубаев атындағы филормонияның әншісі Еруова Гүлшаттың орындауында Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Татьянаның хаты» әндері айтылды. №4 мектеп-интернатының домбыра ансамблінің «Бастау» күйі мен «Қазақ биі»көрермендер назарына ұсынылды.

Көрмені Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, Мәдениет бөлімінің қызметкерлері, ұстаздар мен бұқаралық ақпарат құралдары және №4 мектеп-интернат ұстаздары мен оқушылары тамашалады. БАҚ-ы өкілдеріне көрме жөнінде сұхбаттар берілді.

Абай қорық-мұражайының ғылыми хатшысы С.А.МҰҚАТАЕВА

Abai.kz

0 пікір