Жұма, 5 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 12312. Жазылғандар — 6903. Қайтыс болғандар — 52
Жаңалықтар 3414 0 пікір 29 Қыркүйек, 2010 сағат 22:01

Ардақ БЕРКІМБАЙ. ШЫҢҒЫСТАУ КӨТЕРІЛІСІ

Кеңес үкіметінің колхоздастыру саясатына қарсы шыққан Шыңғыстаудағы көтеріліс Қазақстанның басқа да аудандарында болып жатқан көтерілістермен үндес еді. Тіршіліктің тірегі, күнкөрістің көзі тек мал ғана болған қазақ ауылы үшін бұдан өткен қысым-қианат болмас. Жұрт жаппай аштыққа ұшырай бастады. Оның үстіне, жұртқа түсініксіз әрі ешқандай экономикалық, материалдық негізі жоқ жерде коллективтендіру ісі мәжбүрлеумен жүргізіле бастады.

Қазақ өлкелік партия комитетінің басшысы П.И.Голощекин Қазақстанда «Кіші қазан» төңкерісін жасаймын деп, қазақ халқын жойып жіберуге шақ қалды. Ел аузында: «Коллективтендіру байды батпаққа батырып, орташаны орға жығып, кедейді кеңірдегінен алды» деген сөз бекер айтылмаған-ды.

Үлкен үміт артқан қоғамға да, оны басқарушыларға да елдің сенімі шайқалды. Тұралап отырған жұртты мал, жан, жер үшін жиналатын ет, май, жүн, тері алым-салығы бас көтертпеді. Ірі байлар ғана емес, құлатөбел тұрмысы бар орта шаруалар мен жалғызілікті кедейге де «жете», «құлақ» деген айдармен «нық міндеттеме» деген салық түрі салынды. Астық бере алмағандар оны етпен, жүнмен өтеуге тиіс болды. Жүн таба алмағандар сыр­мақ, текемет, киіздерін, арқан жіптерін тарқатып салуға мәжбүр болды. Елге үрей туғызу үшін «салық төлемеді» деген сылтаумен 1931 жылы Ырғызбайдың 18 адамын Итжеккенге айдады.

Кеңес үкіметінің колхоздастыру саясатына қарсы шыққан Шыңғыстаудағы көтеріліс Қазақстанның басқа да аудандарында болып жатқан көтерілістермен үндес еді. Тіршіліктің тірегі, күнкөрістің көзі тек мал ғана болған қазақ ауылы үшін бұдан өткен қысым-қианат болмас. Жұрт жаппай аштыққа ұшырай бастады. Оның үстіне, жұртқа түсініксіз әрі ешқандай экономикалық, материалдық негізі жоқ жерде коллективтендіру ісі мәжбүрлеумен жүргізіле бастады.

Қазақ өлкелік партия комитетінің басшысы П.И.Голощекин Қазақстанда «Кіші қазан» төңкерісін жасаймын деп, қазақ халқын жойып жіберуге шақ қалды. Ел аузында: «Коллективтендіру байды батпаққа батырып, орташаны орға жығып, кедейді кеңірдегінен алды» деген сөз бекер айтылмаған-ды.

Үлкен үміт артқан қоғамға да, оны басқарушыларға да елдің сенімі шайқалды. Тұралап отырған жұртты мал, жан, жер үшін жиналатын ет, май, жүн, тері алым-салығы бас көтертпеді. Ірі байлар ғана емес, құлатөбел тұрмысы бар орта шаруалар мен жалғызілікті кедейге де «жете», «құлақ» деген айдармен «нық міндеттеме» деген салық түрі салынды. Астық бере алмағандар оны етпен, жүнмен өтеуге тиіс болды. Жүн таба алмағандар сыр­мақ, текемет, киіздерін, арқан жіптерін тарқатып салуға мәжбүр болды. Елге үрей туғызу үшін «салық төлемеді» деген сылтаумен 1931 жылы Ырғызбайдың 18 адамын Итжеккенге айдады.

Заем сатуды еріксіз жүзеге асыру­шылардың қысымына шыдамаған Шаған өңірінің тұрғындары оған ашық қарсылық жасады. Қақтығыс кезінде екі салық жинаушы мерт болады. Соны сылтау еткен ауданның әпербақан басшылары қаладан әскер шақыртады. Олар жазықты, жазықсыз демей «ақ сиыр көтерілісі» деген желеумен бірнеше ондаған азаматты жазықсыз жазалайды.

Жалпы, халықтың шолақ белсен­ділердің іс-әрекетіне деген наразылығы 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанынан кейін-ақ басталған еді. Осыған байланысты нақты деректер «Тобықты - Шыңғыстау шежіресі» атты еңбекте және «Алаш» тарихи-зерттеу орталығынан жарық көріп жатқан қазақ ру-тайпаларының тарихы жөніндегі еңбектерде берілген. Онда Шыңғыс­тауда қалыптасқан ахуал төмендегіше баяндалған : «1926 жылдың желтоқсан айында Алтыбаев, Елбосынов деген адамдар Шыңғыстауға астыртын келіп, ауыл кеңестерінен өте асқан қаракөк, шонжар байлар мен оған тете бай құлаққа жататын 17 адамды тізімдеп алып кетеді.

1928 жылы 27 тамызда Халық комиссарлары Кеңесі мен Қазақстан Орталық атқару комитетінің деректері бойынша осы жылдың 3 - 17 қараша аралығында олардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылады.

Семей мұрағаттар қорының «ф-74, опись - 4, 40» іс қағаздары топтама­сын-дағы қаулысында:

В соответствии с решениями собрания бедноты и батрачества и других трудящихся масс аулов, районный бедняцко-батрацкой конфискации районной комиссии по проведению Декрета Казахского Правительства от 27 августа с\г в виду их усиленного ходатайства выдвинуть перед правительством к дополнительному включению в список выселяемых по Чингизскому району:

1.Халиля Габбасова,

2.Турагула Ибрагимова (он же Кунанбаев),

3.Мусатая Молдабаева,  характерезуемых как известные руководители группировок, хотя первые два из них имеют незначительное количество скота, а последний - бывший волоуправитель. Находится в административной ссылке в Рубцовском округе Сибирского края. Настоящее решение окружной комиссии по телеграфу представитель на рассмотрение «КазЦИКа», - делінген.

Жоғары жақтағы іс тез қаралып «оң» шешілсе керек. 1928 жылғы 19 қарашадағы № 27-хаттамада:

«В соответствии с решением Окр. Ком. от 8 окт. Протоколом №14, телеграммой КЦИК НР 16881\5 выселить Ибрагимова (он же Кунанбаев) с членами семьи:

Первая жена - Сахибжамал - 53 лет, сын - Жебраил - 25 лет, сын - Зубаир - 23 лет, сноха - Рахия - 18 лет, сноха - Канагат - 25 лет, сын - Алпарыстан - 5 лет, внук - Кенесары - 3 года с конфескацией 36,9 голов (в переводе на крупн.), дома из 6-7 комнат с надворными постройками и шестиканатной кибитки, 1 корову, и с оставлением Ибрагимову и его семье 16 голов крупного рогатого скота (7 лошадей, 6 кулун, 2 взрослых верблюда и 25 баранов)», -  делінген.

Осындай қаулы қалғандарына да жеке-жеке алынған. Бұндай қайта қарауға деген құлшыныс күн асқан са-йын еселене түссе керек. Тәркілеуге жатып, арнайы құжат алынған отбасы Шыңғыстаудан 29 болған. Одан кейінгілерге қаулы-қарар алудың да қажеті болмаған болуы керек. Өйткені бай, феодалды тәркілеу «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген саясатпен жалғасып кете берген.

Аудан құрылып, тәркілеудің алғашқы толқыны жүріп өтіп, халықты тонаудың келесі кезегі кедей-кепшікке келгенде, Шыңғыстауға Қазақстан мемлекетінің басшысы Елтай Ерназаров келеді.

Ол келер қарсаңда «қазақ мемлекетінің басшысы» халықтың жағдайын көзімен көрейін деген ғой, ел өмірінде, халық тұрмысында бір тәуір өзгеріс болар деген үміт оты оянады. Бірақ көлеңкелеп жатқан жетім бұзауды, ауылда қалған ақсақ ешкіні көріп: «Белдеуде бұзау, белде мал қалыпты ғой», -  деп қатты ренжіген басшыдан қай­мығып, ешкім батып ештеңе сұрай алмайды. Мемлекет басшысы келді деген­ді естіген Шәкәрім қажы таудан келіп, әрқайсысының алдында қырағы сақшы тұрған бірнеше есіктен өтіп, Ерназаров­қа жолығады. Бір сағаттай ел басшысымен оңаша сөйлесіп шығады. Жақсы хабар естігісі келіп анталап, тосып тұрған жұртқа Қажы ештеңе демей, берік дуалдың сыртында қалған атына қарай аяңдайды. Ең соңында қолты­ғынан демеп атына мінгізіп жатқан адамдарға:

Түк те емес. Көр-жер.

Басшыларың весьма тупой,

Бұлғары ерін, құл қарын.

Әлі-ақ ертең көрерсіңдер,

Бұл қарынның бұлғарын! -

депті де, Шыңғыстың сыртындағы Құралайқұрдағы саят қорасына қарай жүріп кетіпті. Шыңғыс өңірінде одан кейінгі үміті үзілген елдің «көрген күні қараң, тұзы сор» болғанын мына нақты деректерден аңғару қиын емес.

Шыңғыс өңірінде: 1.01.1928 жылы 54141 жылқы, 36135 ірі қара, 362007 қой-ешкі, 12925 түйе болған болса, 1.07.1933 жылы небары 747 жылқы , 241 ірі-қара, 6102 қой-ешкі, 186 түйе қалған екен (Семей. Ф- 409, опись - 1, іс - 743).

Күшпен кәмпескелеудің бай-құлақтарды тәркілеуге ұласуы, бұл науқанның ет дайындау, зорлап отырық­шыландыру тәрізді зомбылықтарға жалғасуы, жоғарыда атап кеткеніміздей, қуғын-сүргіннің бір толастамауы -  халықтың ашу-ызасын өршіте түсті.

Осынау ауыр кезеңді ғұлама абайтанушы Қайым Мұхамедханов төмендегіше баяндаған екен: «Аузы ашылмаған бітеу жарадай сыздап, елдің зығырданын қайнатқан, өзі де «шығайын деп тұрған көзіне қамшы ұрған» содырлардың бұл қылығына төзбейтін­дігін білдіріп жұрт «Абылайлап» ұран шақырып, ақ ту көтеріп, әділет тілеп, аудан орталығына бет алады.

Аттанар алдында Шыңғыстың сыр­тын­дағы оқшау тау Шақпақтағы «шошаласында» жатқан Шәкәрім қажыдан барып, оның басшылары бата сұрайды. Оларды ақылмен де, ашумен де райларынан қайтара алмаған қажы:

- Кеңес үкіметі жапанға біткен жал­ғыз бәйтеректей. Әзірше ол бұтақ шығып бүрленіп, жапырақ жайып гүл­деніп келеді. Қанша жасайтыны бір құдайға аян. Ал дәл қазір оны құлату, құрту сендердің қолдарыңнан келмейді. Елді бүлдіріп, нақақ қан төкпеңдер. Ертең пілге үрген қанден құсап қал­масыңа кім кепіл, - деп түсіндіреді.

Бірақ ашынған жұрттың алған бетінен қайтпайтынын сезген қажы дін, шариғат жолымен оларды тоқтатпақ болып:

- Мұхаммед ғалиассаламның хадис­терінде үш жағдайда адамға иман бұйырмайды. Өз Отанына қарсы соғы­сып қаза тапса, ұрлық жасау әрекетінде жүріп өлсе, өзін-өзі өлтірсе. Сондықтан құдай алдында күнәһар болу жарамайды. Қазақтың ашуының алдында аттаны тұрады деген, «ашу - дұшпан, ақыл - дос», босқа жазым боласыңдар, тараң­дар, - дейді.

Бірақ аштықтан күйзеліп, ашудан әбден ашынған қалың нөпір ашық талабымызды білдірейік, болмаса «аштан өлгенше, алысып өлейік» десіп, қолында бар 3-4 шиті мылтық, балта, шоқпар, аша-күректі қаруым деп сайланып, аудан орталығына 1931 жылы 3 қыркүйекте аттанады.

Олар жол-жөнекей Бақанастағы ауыл мектебіне «мұғалім» деп әкелінген ГПУ-дың тыңшысы Рамазан Әбішев пен оның әйелі Рәпішті, Ақжардағы қазақ үйінде жолдан келіп тынығып жатқан РКИ-дің (Жұмысшы-шаруа инспекция­сының) төрағасы Олжабай Шалабаевты өлтіреді. Саржал, Машан, Бақанас және Жидебайдағы «Өркенді» кооперативтері таланады. Оның бәрінен хабардар болып отырған аудан басшылары шие­леністің түйінін қан төгіссіз шешуді мүлде ойға да алмайды.

Қайта жазық­сыз жандарды жазалауға бұл таптырмайтын сылтау болады. Тұрмыстық талабын білдіру үшін келе жатқан 150 - 200 шамалы қарусыз адамға арнайы дайындалған әскер тасадан оқ жаудырады. Ат-көлігі әлсіз, қорғанар қаруы жоқ қауымды қаладан шыққан жазалаушы әскер арнайы пулемет орнатқан машинамен келіп қынадай қырады.

Көтерілісті ұйымдастырушылар деп есептелген Қасымбек Солтабаевтан өзге Санияқас, Қыдыш, Қарабала, Ташмұхамбет, Алатай деген 5 адам ұсталып, сол жерде атылып, НКВД- ның ауласындағы құдыққа тасталады. Қарауыл өзенінің жылға-жылғасы сотсыз, тергеусіз, үкімсіз атылған адам­дардың өлігіне толып кетеді.

Біраздан соң «... осы көтерілісті ұйымдастырушы болыпты, қашып жүр екен, Қытайға кетпек көрінеді», - деген жалған лақап таратып, ГПУ-дың началь­нигі Абзал Қарасартовтың өзі бас­тап шыққан жасақ «Саят қорасында» бейқам жатып, аң аулауға шыққан жерін­де Шәкәрім қажыны атып өлтіріп, құдыққа көмусіз тастап кетеді.

Тарихта «Шыңғыстау көтерілісі» деп аталып қалған бұл қимылға қатыс­қандар шетінен «халық жаулары» деп жарияланып, олардың ағайын-туыстары қатаң жазаланады, көп қуғын көреді.

... «Абай елінің көп адамдарымен бірге әкем түрмеге қамалды. Түрмеге жабылғандардың ішінде Абайдың баласы Мәкәйіл, Шәкәрімнің баласы Ғафур, Оразбайдың баласы Медеу, Медеудің балалары Мәукіл, Санияз (Тұрағұлдың Ақылия (Ақыш) деген қызының күйеуі) бар, барлығы 72 адам екен. Бұлардың ішінде әйгілі ақын Нұрлыбек Баймұратов та бар еді. Абайдың баласы Мәкәйіл бастатқан Тобықтының 70 адамы түгел атылды. Атылудан аман қалған әкем мен Нұрлыбек ақын ғана», - деп жазды Қайым Мұхамедханов.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат­тарын­дағы деректер төмендегідей мәлімет­терді береді.

Абыралы ауданы тәрізді оған көрші орналасқан Шыңғыстау ауданының жерінде (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) де 1931 жылы ақпанда кеңес үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы халық толқулары болды. Көтерілісті Медеуов Санияз және Торайғыров Емілжан басқарып, оған барлығы 200-ден астам адам қатынасқан. Көтерісшілер ақ жалау көтеріп, халықты аудандағы кеңес үкіметін құлатуға шақырған. Көтерісшілер көрші Қу және Абыралы аудандарымен байланыс орнатып, оларды көтеруге әрекеттенеді. Бірақ Қызыл Армияның тұрақты бөлімдері бұған кедергі жасады, көтеріліс кең тарап үлгермей жатып-ақ ақпан айында күшпен басып тасталынды.

Тұтқындалғандардың жалпы саны -189 адам. Олардың ішінен ОГПУ-дің «ерекше үштігінің» 1931 жылғы 15 мамырдағы шешімімен 47 адам ату жазасына кесілді, ал 105 адам еңбек түзету лагерьлеріне қамалды, Қазақстанның өз ішіндегі аудандарға 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге 13 адам жер аударылды, шартты түрде 23 адам тағы сотталды.

Әсіресе осы көтеріліс кезінде Құнанбай Өскенбайұлының ұрпақтары қатты қудалауға ұшырады. Абайдың баласы Мәкәйіл, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғафур Шәкәрімұлы жазықсыз атылған соң, Зият Шәкәрімұлы, Бердеш Әзімбайұлы, Мәнәкеш Әзімбайұлы Тәкежановтар Қытайға өтіп кетеді. Әуелі Тарбағатайға, одан соң Алтайға қашып барады. Құнанбай бабамыз аға сұлтан болып тұрған заманда Алтайды жайлаған керейлер еліне барып: «Қазақтың ендігі тиянағы осылар болар», - деген екен. Қажы ұрпақтары ол жақта да тыныштық таба алмай, құрығы ұзын кеңес өкіметі қолынан мерт болды.

Кеңес өкіметіне қарсы болған көтерілістердің қайсысы болса да, өзінің әділ бағасын алды деп айта алмаймыз. Соның қатарында осы Шың­ғыстау көтерілісі де бар. «Басқа түскен баспақшыл» деп қалың ұйқыда жата бермей, тоталитарлық жүйеге қарсы көтерілудің өзі үлкен батылдық болатын.

«Общественная позиция» газеті

 

0 пікір