Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 10834 0 пікір 23 Сәуір, 2015 сағат 15:30

ІІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС. ОҒАН ЖАҢА КӨЗҚАРАС КЕРЕК

Қазір әлемнің көптеген елдері ІІ Дүниежүзілік соғыстың тарихына қайта үңілуде. Бұл процесс бүгін басталған жоқ, КСРО құлағалы жалғасып келе жатқан үрдіс. Жасыратыны жоқ, ІІ Дүниежүзілік соғыс Кеңестік Ресейдің ең мықты идеологиялық құралдарының бірі және бірегейі болған. Дәл сол КСРО-ның қамытынан құтылған елдер ең бірінші болып ІІ Дүниежүзілік соғысқа қайта баға бере бастады. Алайда,  бұл мәселені қазақ қоғамы шындап талқылаған емес. Бірақ дәл қазір соның уақыты келген сияқты. Төңірегіне ықпал етуге ұмтылып, агрессорлық пиғылы өршіп бара жатқан Ресей баспасөзі бүгін ІІ жаһан соғысын өзінің идеологиялық құралы ретінде пайдалануда. Аталған соғыс аясында көрші елде жүздеген фильмдер түсіріліп, іс жүзінде бұл соғысқа қайта баға берілуде. Нәтижесінде ІІ Дүниежүзілік соғыстың басты қаһарманына орыс халқы айналды. Егер КСРО заманында «Ұлы Отан соғысы» ұлттар достығын нығайтушы күш болса, қазір Ресейде орыс ұлтын ұлықтайтын құралға айналды. Себебі, түсірілген фильмдердің 99%-ында тек орыс ұлтының өкілі түсіріліп, соның ғана ерлігі дәріптеледі. Әрине, бұл Ресейдің ішкі саясаты және біздің оған қатысымыз жоқ, бірақ егер қатысымыз жоқ болса, неге біз ІІ Дүниежүзі соғысына Ресеймен үндес баға беруге тиіспіз?!.  

Қазір тәуелсіз Қазақстан аталған соғысты идеологиялық құрал ретінде жастар тәрбиесінде пайдаланбайды. Бірақ, әрбір жылдың 9 мамыр күні біздің елдің басшысы Мәскеудің парадына қатысуға міндетті секілді. Бұл да болса Ресейдің империялық саясатының бір көрінісі.

Тарихқа үңілсек, І Дүниежүзілік соғысқа қалың қазақ Ресей жағында қатыспаймыз деп көтеріліске шыққан екен. Соның салдарынан қазақ 100 мыңдап қырылды. Кейін КСРО құрамында болып 1917-1921 жылғы қырғында 1,5 млн, 1928-1933 жылғы ашаршылықта мөлшермен 40%-60%, 1937-38 жылғы зобалаңда 100 мыңға жуық халқынан айырылған қазақ содан кейінгі ІІ жаһан соғысына «отан қорғаймын» деп өлең айтып қатысты деген өтірік болар.

Жан басына шаққанда ІІ Дүниежүзілік соғыста ең көп қырғынға ұшырағандардың қатарындағы қазақ халқы, әрине, бұл соғысты ешқашан ұмытпайды. Мыңдаған қазақ батырлары көрсеткен ерен ерлік ешқашан ұмытылмайды және қазақтың жүрегінде мәңгіге қалмақ. Кешегі Бауыржан батыр, Талғат батыр, Әлия мен Мәншүк апаларымыздың қазақ деп соққан жүрегі, еткен еңбектері қазақ арасында мың жылдан кейін де дәріптелуі керек. Бірақ ол Ресейдің саясатымен емес, қазақтың жеке ұлттық көзқарасы мен мүддесі тұрғысында дәріптелуі қажет.

Қысқасы, Тәуелсіз Қазақстанда  ІІ Дүниежүзілік соғысқа өзіндік баға беріп, ұлттық мүдде тұрғысынан оның тарихын қайта қарайтын уақыт келді. Ресеймен, тіпті алыстан сыйласудың өзі қауіпті болып тұрған заманда онымен үндес идеологиялық көзқарас ұстану – енді қазақтың мүддесіне қайшы болып табылады.

«Жастар үні» дискуссиялық клубы   

P.S. Жоғарыдағы тақырып бойынша, «Жастар үні» дискуссиялық клубында алқалы жиын болады.

Клубтың мекен-жайы:

Алматы қ, Абай даңғылы 52В, 324 офис(бұрынғы КазГЮА)

Басталу уақыты: 24 сәуір, жұма күні сағат 11:00 де.

Байланыс үшін: 87022910272;  8(727) 392 13 34;

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621