Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 18524 1 пікір 24 Сәуір, 2015 сағат 14:20

САЛТ-ДӘСТҮРДІ БҰЗАТЫН - ӨЗІМІЗ!

 

Қайбір жолы салтқа қатысты әлдебір бағдарламаларға шақырылғанымды да, не себепті қатыспай бас тартқанымды да жазып едім... Инстаграмдағы Сәкен бауырымыздың (әнші Сәкен Майғазиевті айтады - ред.) тұсау кескені жайлы видеосындағы пікірлерді оқы-ы-ып...  Видеода баланың тұсауы артынан кесілген екен. Білместік шығар. "Артынан кес" деген дауыс анық естіледі. Сәкен соны орындаған тек қана. Әйтпесе, о заман да бұ заман, баланың тұсауын ешкім артынан кеспеген! Қазақ баласының жолы ашылсын деп - алдынан, қадамы қайшыланбасын деп қайшымен емес (қайшыда екі жүз бар) - өткір пышақпен, жүрісі ширақ болсын деп ұл баланы ауыл-аймағына елеулі - ер-азаматқа, қыз баланы жүрісі жылдам, қимылы шапшаң пысық келіншекке (тұрмыс құрмаған қызға емес!!!) кестірген екен. Менің бір нәрсеге, апам айтпақшы, шолақ миым жетпейді. Кешегі "саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған" Кеңес Одағы кезінде өзінің дәстүр-салтынан оншалық алшақ кетіп, қателесе қоймаған қазақты Тәуелсіздік алған кейінгі жиырма жылда не қара басып жүр? Тұсауды артынан кеседі деген "данышпандар" қайдан шықты? Неге дүмшелер шығарған дүние тез тарайды? Осыдан қазақтың ұтары бар ма? Қазақ қазақтың қазынасына ие болудың орнына бұрмалайтыны қалай? Тіпті базбіреулер: "Қарияларды қойып, тұсауды әншілерге кестіре бастадық", - деп Сәкенді шымшып өтіпті. Қисын қайда? Баланың тәй-тәй басқан алғашқы қадамын өздері әрең жүрген, сүйретіліп жүрісінен жаңылған ата мен әже қалай кеседі? Шындап келгенде шал-кемпірге тұсау кестіру қазақта болмаған. Қариялар тек батасын берген ғой... Ары қарай әнші кесе ме, суретші кесе ме, тіпті отырған жерін думанға бөлеп, "өзі жарқырап, айналасын жадыратып жүретін" тракторшы кесе ме - ата-ананың өз қалауы, өз таңдауы. Ал әлгі бала Сәкендей жанашыр, Сәкендей әнші, Сәкендей елгезек, Сәкендей намысшыл болса жаман ба? Қазақтың ырымы әлдеқашан энергетикалық жол тауып кеткенін, қазақтың ырымының тек қазаққа жұғысты екенін апам үнемі құлағыма құйып келеді. Әйтпесе, білгішсініп те, көсемсіп те отырғам жоқ. Менікі - түсінгенімді айту. Ары қарай әркім өзі білсін...

Екінші бір мәселе - жасы бар, жасамысы бар танымал адамдардың жазбасының астына мақтауды жаңбырша жаудыру. Ойпырым-ай, біреу тіпті Сәкенге қарай бағыштап "ұлы адам, кессе несі бар" дегенге сай пікір қалдырыпты. Па шіркін! "Ұлы" деген сөздің мағынасын біле ме екен сол? Біз осы орынды-орынсыз көлгірсіп, жағымпазданып, жалпақшешейленіп, ел алдында жүрген азаматтарымызды шектен тыс дандайсытып жүрген жоқпыз ба? Осындай мақтау-қолпаштауды кітап оқитын, саңылауы бар Сәкен көтерер! Ал оқудан мақұрым басқалары (әншілер, ақындар) ше? "Шынымен сондай екенмін" деп сеніп қалғандары қаншама!

Тағы да апамның айтқанын есіме алайыншы. Дәл маған апамнан асырып кім ақыл айтушы еді. Қажетке жарар, сіз де оқыңыз, оқырман... Апа былай дейді:

"Әсілі, адам мақтау сөзге үйренбегені жөн. Мақтауды алғаш естіген адам бірінші жолы қызарақтайды. Екінші жолы оған еті үйренеді. Үшінші ретте "мені тағы мақтаса екен" деп іштей тілеп отырады. Төртінші жолы "қашан мені мақтайды екен" деп күтеді. Ал бесіншісіндееееее... "Мені неге мақтамайды" деп ренжиді...".

Зейнеп апам (Зейнеп Ахметова - ред.) мақтау сөздің бәрін "Бұл атаға, атаның арқасы" деп басынан асырып жіберіп, өзі қарапайым қалпында қалды. Аллаға шүкір, апамның арқасында мен де мақтаудан кенде емеспін. Күнара естимін. "Зейнеп апамның арқасы! Мақтаудың бәрі апама!" - деп басымнан асырып жіберіп, өз қалпымда қалуды үйреніп келем. Мен апа емеспін, менікі - ұқсап бағу. Менен орамалды да, басқаны да орынсыз талап ететін адамдарға айтарым: кемшілігім жетеді, оны түзеп әуре болмаймын да. Өйткені, әр адам - өзінше әлем. Апа жердің бетінде біреу ғана, біреу болып қалмақ...

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

(Жазба автордың фейсбуктағы парақшасынан алынды).

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610