Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 6332 0 пікір 18 Мамыр, 2015 сағат 12:23

«ӨНЕР» ДЕГЕН ҚАЗАНДА ӘРКІМНІҢ «ҚАЙНАУҒА» ҚАҚЫСЫ БАР

Өмірқұл АЙНИЯЗОВ:

«ӨНЕР» ДЕГЕН ҚАЗАНДА ӘРКІМНІҢ

«ҚАЙНАУҒА» ҚАҚЫСЫ БАР

 

Қазақ ән өнеріндегі жыраулық дәстүрді эстрада арқылы дәріптеп, халыққа танымал болған бірегей әнші – Өмірқұл Айниязов.Оның кең диапазондағы дауысынан қазақтың кең даласының лебі, өрлік пен ерліктің сазы сезіліп тұрады. Жуықта біз «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдары аясында танымал әншімен сұхбаттасқан едік.

 

Өмірқұл мырза, жуықта Қызылорда, Ақтөбе өңірін аралап қайтқаныңызды білеміз. Бұл президенттік сайлаудың қамындағы насихаттық сапар болды ма, жоқ әлде жоспарлы гастроль ма еді?

Жалпы, соңғы кездері Қазақстанның біраз жерін аралап, концерт бергенім рас. Өткен жылы ғана Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында концерт беріп қайтсам да, араға жыл жетпей, бұл аймақты тағы бір аралап шықтым. Жергілікті халықтың сұранысы мен ұйымдастырушылардың қызығушылығы солай болған сияқты. Қызылорданың теледидарының залында екі бірдей концерт қойдым, халық зор қошеметін білдірді. Ал Ақтөбе қаласы мәдениет басқармасының ұсынысы бойынша Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияның әртістерімен бірігіп, жоспарлы түрде қаланың өзіңде және сегіз ауданында концерт бердік.Бұл концерттердің өткен сайлауға еш қатысы болған жоқ.

Сайлау демекші, осы науқан барысында «Менің Қазақстаным» пойызымен насихаттық сапарда болған танымал әншіміз Алтынай Жорабаева президентті қолдаймын деп, көпшіліктің сөзіне қалғанын естіп жатқан шығарсыз?..

Анық естімесем де, инстаграм парақшасына керағар пікірлер жазылған екен. Бірақ елбасыны қолдаймын деп, көптің сөзіне қалғанын естімеппін. Негізі, бұл жолы президентке қарсы шығар ешкімнің болмағаны рас қой...

Сіз өзіңізді қалың қазақтың құрметіне бөленген сал-серілердің бүгінгі жұрнағымын деп санай аласыз ба?

Шындығын айту керек, салт-дәстүріміз болсын немесе сал-серілік дәстүр болсын – бүгінгі күні заманауи бағытта форматталған, өзгеше күйге енген ежелгі өнердің соңында жүргенімді білем. Бұл – заңдылық та шығар. Қазір «шоу» деген ұғымды әркім әрқалай түсінеді. Өзім оны басқаша елестетемін: шоу-думан бізге дейін де және кейін де бола беретін әлемдік үрдіс. Оның жазылмаған заңына қарсы шығу мүмкін емес. Тіпті Алтынбек Қоразбаев ағамыздың кешегі «Қара пимасы» мен «Қара шалы» жұртты жылатқаны «шоу» емес деп кім айта алады? Сол сияқты халық әндері мен термелерін жаңаша форматта орындап жүруім – сол шоу-думанның бір элементі. Ақан сері, Біржан салдың әндері де қазақы ортаға арналып айтылған. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауап өзіңе қайтарамын» дегендей, халықтың өз әнін жаңаша үлгіде орындап, халықтың алғысын алып жүрген жайым бар. Соған қарағанда, өзімді бүгінгі заманның сал-серісімін деп санаймын.

Тағы да бір жаңалық естіп жатырмыз: «Өмір» деп аталатын шығармашылық орталық ашқан екенсіз. Ол орталық мән-мақсатына байланысты қызметін бастады ма?

Журналистер қауымы сәл жаңалық естісе, оны кішкене бұрмалап қоятын әдеті бар. Орталықтың негізгі алдына қойған екі мақсатының бірі – дыбыс жазу орталығының жұмысын жандандыру, екіншісі – 10–15 жас аралығындағы 5–6 шәкірттің болашағына жәрдем жасау. Олар оқу бітірген соң, өнерге бет бұратын болса, колледжге я университетке түсуге жағдай жасасам деймін. Жуық арада кастинг жариялаймыз. Әзірше сол іріктеуден өткен 5–6 баламен жұмыс жасаймын. Уақыт өте келе, бәрі бір жүйемен реттелсе, бала санын көбейтерміз. Мұның бәрі – алдағы уақыттың еншісінде.

Айтпақшы, ол шығармашылық орталықтың атауын неге «Өмір» деп қойдыңыз?

Бұл орталықтың жетекшісі – Аслан есімді бауырым. Ал өзімді осы орталықтың қолдаушысы ретінде сезінемін. Орталықтың атын Өмірқұл есімінен алшақтамай, алыстан іздемей, бастапқы буындардағы «Өмір» сөзімен атауды Аслан інім ұйғарыпты. Атауы маған да, халыққа да ұнап жатыр. Жалпы «өмір» деген ұғым жаман емес сияқты.

Қалыптасқан дәстүрлі әншілердің өздері табысы мол эстрадаға кетіп жатқанда, бұл мектепте тәлім алуға талпынысы бар жастарды жинау қиын болмай ма?

Тәлім алғысы келетін таланттар жетерлік. Әсіресе колледж, ЖОО-ның студенттері «шәкіртіңіз болайын» деп, ұсыныстарын айтып жатады. Олар мені басқа қырымнан, яғни продюсер ретінде көргісі келеді. Бірақ мен продюсер болатын жағдайда емеспін. Алдымен домбырамен дәстүрлі әнді еркін айтуға, дыбыс жазу студиясында балаларды эстрада жанрына бағыттап, екі стильде ән шырқайтындай етіп икемдеу. Мектеп-студия ашып жатқанымды естіп, жан-жақтан хабарласқан қауым бар. Қызығушылық танытатындар әлі де көп болады деп ойлаймын.

Ал сіздің термешілік дәстүрді эстрадаға шығарудағы мақсатыңыз не еді: ол табысты кәсіптің көзін қуу қамы ғана ма?

Иә, жасыратыны жоқ, әндерім эстрадаға икемделген. Бұл үлкен аудиторияға жұмыс жасауға жол ашады. Консерваторияға түскендегі көздеген мақсатым да термелік әндерді эстрадаға өңдеу болатын. Стадион мен концерттік залдарда барабан, гитара секілді аспаптармен эстрадаға бағытталған ән айту – үлкен аудиториямен жұмыс жасауға мүмкіндік туғызады. Яғни, қазақтың термесіне тәнтілік аудиториясы да кеңи түседі деген сөз. Содан соң, жасыратыны жоқ: тіршіліктің қамы ғой – ақша табуға да болады.

Ал, мысалы, сіздің жаңадан ашылып жатқан мектебіңіз түгілі, мемлекеттік консерваторияны бітіретіндер тіршіліктің қамымен жүргенде, классикалық өнердің ертеңгі жолы қалай болмақ?

Жыл сайын консерваторияны бітіретін түлектердің тойда я сахнада, жоқ әлде басқалай тіршілік етіп жүргені маған беймәлім. Ал өзім қызмет жасайтын филармонияға 5–6 жылда бір-екі адам қызметке алынуы мүмкін. Консерваторияны бірге бітірген қыздар қазір мектептерде сабақ береді. Менің жарым музыкалық мектепте кішкентайларды оқытады. Сондықтан дәстүрлі өнер ешқашан өлмейді.

Бәрі керемет табыс тауып, шалқып өмір сүруде демеймін. Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері 70–80 мың теңге аралығында болса, осы орташа ақыны әртістер тірнектеп жинап жүр. Өзімнің филармонияда алатын айлық ақым – 60 мың теңге.

Осы тұрғыдан алғанда, біздің еліміздегі мәдениеттің саясаты дұрыс бағытта кетіп бара жатқанына сенімдісіз бе?

Елдегі мәдениеттің саясаты қандай бағытта екенін уақыт көрсетеді. Мәдениеттің саясаты туралы бір жерде отырып, дұрыс немесе бұрыс деп айтқаным жарамас. Барлығын жақсы деп, жабулы күйінде қалдыруға тағы болмайды.

Бір көзбен қарағанда, өнер өзімен-өзі дамып келеді. Оған үкіметтің еш қатысы жоқ. Сөйте тұра, сол үкімет әншілерге салық төлеу керектігін айтады. Әйтпесе әртіс жігіттердің біразы жұмыссыз, бос жүр.

Жоғарыдағылардың «байып кетті», «салық төлеуі керек» деп жүргені – табысы бір басынан асатын әншісі 20–30 шақты ғана шығар: «МузАрт», Қайрат Нұртас, Алтынай Жорабаева немесе «Нұр-Мұқасан»... Салыстырмалы түрде айтсақ, қалған әншілер шалқып жүрген жоқ. Өз күнін өздері көріп жүрген әншілер үкіметтің жыртығын қалай жамайды?

«Өнер» деген үлкен қазанда әркімнің де «қайнауға» қақысы бар. Эстрадада жүргендер көбі талпынып, клип түсіруге бар ақшасын жұмсайды. Ол еңбегі ақтала ма, жоқ па – өздері де білмейді. Кейде көгілдір экранға бір әнші жарқ етіп шыға қалса, тележәшіктің алдындағы халық: «Мынау керемет болып кетіпті» дейді. Керемет түгі жоқ. Бәлкім, біреуден қарызға ақша алып, клип түсіріп, киім тіккізген шығар... Оның үстіне эстарадаға «чип-чип», «аспанға қараймын» дейтін жеңіл-желпі әндер қосылып жатыр...

Айтпақшы, президенттік сайлаудан кейін Кәрім Мәсімовтің қайтадан премьер-министр болып тағайындалуы сізге қандай ой салады: қазақта Кәрім-акадан басқа үкімет басқаруға лайық тұлға болмағаны ма?

Қайта айналып, саясатқа келдік пе (күліп)?! Қазақта ел мақтаған ағаларымыз көп-ақ. Айталық, Иманғали Тасмағамбетов, Қасым-Жомарт Тоқаев сынды нар тұлғалы азаматтар бар. Біз билікте қызмет етпеген соң, саясатпен етене араласпаған соң, дөп басарлық пікір айта алмаймыз. Бәлкім, патшаның көзімен қарасақ, Мәсімов мырзаның лайықты болғаны шығар...

Бұны сұрап отырғаным: ел-жұрт сайлаудан кейін бір өзгеріс-жаңалық болады деп дәмеленген еді... Сол елге қызмет қылып жүрген әнші-жыршы қауым да бір жаңалық күткен шығар дегенім ғой...

Үкіметке қарап отырған қауымның жақсы жаңалық күтуі заңдылық қой. Мүмкін, айлығымыз көбейер, әлеуметтік жағдайымыз жақсарар деп үміттенер. Ал эстрада әртістері үкіметтен ешнәрсені күтпейтіні белгілі. Себебі олар өз күндерін өздері көріп жүр, оларға үкімет бірдеңе бөліп бергенін көрген емеспін.

Дегенмен, өзім жұмыс жасайтын Алматы облыстық филармониясына үкімет жақсы көңіл бөледі.Бір кездері концерт бергенімде, қаржылай көмек көрсетті, сахналық киімдерімнің біразын тігіп берді. Барды – бар деу керек қой...

Жә, саясатты қоялық. Ал елдің батыс өңіріне арнаған шығармашылық сапарыңыз шығыс жақта жалғаспай ма? Ол жақтағы сізді күткен жұртшылыққа не дейік?

Әрине, шығыстан сұраныс түсіп, шақырып жатса, домбырамды арқалап, оларға да баруға дайынмын.

Сұхбаттасқан –

Жансая ЕРТАЙ,

Дерек көзі

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №19 (290) от 14 мая 2015 г.

0 пікір