Жұма, 29 Наурыз 2024
Әттең... 6069 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 14:32

АБАЙДЫҢ ӘЛЕМДІК ТОЙЫНАН БЕЙНЕЖАЗБА ҚАЙДА?

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала сала, ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толу мерейтойы аталған болатын. Естеліктер оның кеңестік кезеңде қазақ рухын алғаш рет аспандатқан тарихи оқиға болғанын паш етеді. Тойдың бүкілодақтық биік деңгейде, сән-салтанатпен өтуі ғұлама Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің арқасы десек артық айтқандық бола қоймас. Мұхаң бәрін өзі ойластырған, мәселен, Алматыдағы ең шебер кино операторды (еврей азаматы Ефим Арон ба, басқа кісі ме, нақты ойыма түспей отыр) көндіріп, оған тойды әдемілеп түсіруді аманаттаған. Бірақ ол түсірілім бүгінгі күнге жеткен жоқ. Неге? Әуелі осыған тоқталайын.

Ертіс өзеніне көпір әлі салынбаған, Семей жұртшылығы сол жағалаудан оң жағалауға пароммен өтетін. Әдетте паромның аядай алаңына ат-арба дейсіз бе, мал жетелеген, жүк көтерген жолаушы дейсіз бе, бәрі иін тіресе толады. Паром аузында қашанда айғай-шу, кезек күткен жұрт азан-қазан. Сол 1945 жылғы тамыздың ортасында Абай тойында болып, Қарауыл селосынан қайтқан тойшыл қауым нөпірі де паромға таласа-тармаса қалай мінгенін көзге елестету қиынға соқпас. Ақыры, кабинасына әйгілі палуан Қажымұқан, оның әйелі, баласы жайғасқан жалғыз жүк мәшинесі – «Студебекер» де паромға ырғала-жырғала кіріпті. Тойдың рухы, қымыз бен арақтың буы ғой, дарияның тап орта тұсында паромда төбелес басталып-ақ кетеді. Студебекердің борты ашылып кетіп, онда жәшікте салынған 15-ке таяу кино таспасы сау ете түсіпті. Ертіс толқыны оның бірін де қалдырмай жалмап алыпты. Мұны естігенде қайран Мұхаң: «Пәлі, тойдың ең құнды дүниесі сол таспалар еді, қазағым-ай, тайқы маңдай!» деп көзіне жас ала жабырқаған еді дейді көзі көргендер.

Хош деп, 50 жыл кейін өткен Абайдың 150 жылдық дүбірлі тойына келейік. Біріншісі - қазақтың тұңғыш бүкілодақтық тойы болса, екіншісі - тұңғыш әлемдік тойы болғаны аян. Япырым-ай, соңғы тойдың кино түсірілімі қайда? Әлде ол да 1945 жылғы кепті киді ме екен? Егер сақталған болса, қазақ телеарналары ертелі-кеш концерт тықпалағанша, сол керемет болып өткен той көріністерін неге көрсетпей келеді? Мемлекеттің емес, елдің өз күшімен тігілген 1100 қазақ үйлі қалашықта екі күн ертегідей өткенінің куәсіміз. Сонан бейне жазба қалмағанына ішің удай ашиды екен. Өйткені, экономика ойран-ботқасы шығып күйреген кездегі сол той қазақ тәуелсіздікке жеткенінің, рухы шат-шадыман болғанының айқын куәсітұғын. Оның бейне таспасы жастарды патриоттық рухта тәрбилеудің таптырмас құралы есебінде әрбір мектепке таратылып берілуге тиісті еді.

Олай болмады. Естіген құлақта жазық жоқ, тойды түсіру құқы (баяғы әсіре сақтық қой) тек қана Семей телекомпаниясына беріліпті, оның басшылығы (Мұрат Әлин деген азамат) бір тексеріс кезінде сасқалақтап, той таспаларын «списать» етіп, байқамай жойып жіберіпті-міс. Бұл қате сөз болса, шындықты кім білсе, сол айтсын...

Айтпақшы, 1995 жылдың қыркүйек айында «Абай» журналын жаздырту қамында Шымкент шаһарына жолым түскенінде, облыстық редакцияда істейтін журналистің бірі, өкінішке қарай, аты-жөнін ұмыттым, Абай тойына қатысып, оны видикке өзі түсіріп алдым деді. Әлі есімде, сол редакция кабинетінде бейне жазбаны бір сағаттай көріп, тамашаладық. Шіркін, мәдениет министрлігі, я болмаса, жеке азаматтар жер-жерде сақталған әуесқой таспаларды іздеп тауып, қазақтың әлемдік тойын қайта тірілтсе ғой. Бұл, әсіресе, болашақ үшін қарызды міндет. Ал біздер, бүгінгі ұрпақ, Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында сол қайталанбас күндерді еске түсіріп мәз-мәйрам болып қалар едік-ау.

 

Асан Омаров,

абайтанушы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616