Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7791 0 пікір 28 Қыркүйек, 2010 сағат 23:52

Шериаздан Елеукенов. Тәуелсіздік тауқыметі

Тәуелсіздік арманы!

Бұл киелі биік сөз «Көшпенділермен» жарыса 70-жылдардың басында жарық көрген, орыс тілінде, ұлт-азаттық идеясын Одақ көлемінде көтеру мақсатында жазылған, сол кездегі қоғамдық пікірдің серкесі,  ноян публицист, әлемге әйгілі жазушы Әнуар Әлімжановтың қаламынан туған  «Жаушы» романының да алтын арқауына айналды.

«Жаушы» - көлемі шағын болғанымен ағыны күшті шығарма. Есенберлин трилогиясынан  ерекшелігі -  жеке адамдардың тағдырына қүрылған тұтас сюжетті  туынды. Дауылды оқиғалар көбіне жаушылардың хабары не сюжет барысында әлсін-әлі естілетін  авторлық арынды сөз  арқылы жеткізіледі.

Романның бірінші бөлімі жоңғар басқыншыларының елге кенеттен басып кіріп, тып-тыныш қаперсіз жатқан қазақты бесіктегі баласынан бастап қарттарына дейін қынадай қырған, қыздарын ат көтіне салып күң еткен жан түршігерлік ойранын суреттейді.  Бұдан әрі қарай екінші бөлімнен  - халық басына күн туған алмағайып кезең аяқталып, ел ес жинай бастағанын оқимыз. Сылдырап аққан бұлақтардан бара-бара айдын шалқар дария пайда болатыны сияқты, Малайсары, Саңырақ, Тайлақ, тағы да басқа батырлар бастаған қарулы топтардан бірте-бірте жүздік, мыңдық жасақтары бас құрайды.  Ел бірлігіне шақырған үндеу Қазақ руларының ортақ ұранына айналады.   Ордабасыдағы кеңестен соң үш жүздің біріккен күштері жоңғарға алғаш рет күйрете соққы береді.

Тәуелсіздік арманы!

Бұл киелі биік сөз «Көшпенділермен» жарыса 70-жылдардың басында жарық көрген, орыс тілінде, ұлт-азаттық идеясын Одақ көлемінде көтеру мақсатында жазылған, сол кездегі қоғамдық пікірдің серкесі,  ноян публицист, әлемге әйгілі жазушы Әнуар Әлімжановтың қаламынан туған  «Жаушы» романының да алтын арқауына айналды.

«Жаушы» - көлемі шағын болғанымен ағыны күшті шығарма. Есенберлин трилогиясынан  ерекшелігі -  жеке адамдардың тағдырына қүрылған тұтас сюжетті  туынды. Дауылды оқиғалар көбіне жаушылардың хабары не сюжет барысында әлсін-әлі естілетін  авторлық арынды сөз  арқылы жеткізіледі.

Романның бірінші бөлімі жоңғар басқыншыларының елге кенеттен басып кіріп, тып-тыныш қаперсіз жатқан қазақты бесіктегі баласынан бастап қарттарына дейін қынадай қырған, қыздарын ат көтіне салып күң еткен жан түршігерлік ойранын суреттейді.  Бұдан әрі қарай екінші бөлімнен  - халық басына күн туған алмағайып кезең аяқталып, ел ес жинай бастағанын оқимыз. Сылдырап аққан бұлақтардан бара-бара айдын шалқар дария пайда болатыны сияқты, Малайсары, Саңырақ, Тайлақ, тағы да басқа батырлар бастаған қарулы топтардан бірте-бірте жүздік, мыңдық жасақтары бас құрайды.  Ел бірлігіне шақырған үндеу Қазақ руларының ортақ ұранына айналады.   Ордабасыдағы кеңестен соң үш жүздің біріккен күштері жоңғарға алғаш рет күйрете соққы береді.

Ол шайқас романда тікелей суреттелмеген. Жаудың ойсырай жеңілгені шығарманың басты кейіпкерлері Кенже батыр мен Сәнияның  әсері арқылы беріледі. Соңында Кенже батыр  жаушы рөлін атқарады. Ол  қазақ елшілігінің құрамында Петербургқа  аттанады. Әнуар Әлімжановтың романында тарихи оқиға әдейі жақсы мағынада  бұрмаланған. Тарихи дерек бойынша қазақ елшілігі Петрбургке ақ патшадан Кіші жүзді қол астына алуды сұрану үшін жіберілмей ме? «Жаушы» романының авторы бұл оқиғаға мүлде басқа сипат берген.  Бөгенбай батыр орыс патшасының елшісі Тевкелевке сұрақ қояды.

- Ресейге Қазақия не үшін керек болды?

- Орыстар қайсақ даласымен бейбітшілікте тұрғысы келеді, - деп жауап қайтарады орыс елшісі.

Келесі күні, 1731 жылғы 10 қазанда Абылхайыр хан мен Тевкелевті ортаға алып халық Ордабасыдағыдай той жасайды. Ол Әнуар романында Ресеймен одақтасу тойы деп аталған. Ресейдің қол астына кіру емес, осы елмен одақ құру тойы болғаны авторлық қорытындыда былайша сипатталады.

«Вслед за Богенбаем, Абулхаиром и батырами на верность союзу с Россией присягнули тридцать старейшин и поставили свою тамгу под священным Договором, где обязались «содержать себя всегда в постоянной верности русско-казахскому союзу», «...совместно охранять земли от врагов», жить «бессорно», обеспечить безопасность русских караванов, проходящих через казахские степи, вернуть всех пленных и «впредь отнюдь не брать».

«Орыс-қазақ одағы»...

«Қасиетті Келісімді» бұлайша таразылауға жазушының не үшін барғанын түсіну қиын емес. Ол кезде Қазақстан Кеңес Одағының құрамындағы одақтас республикалардың бірі атанғанымен, шет елмен байланыс жасауға хұқы жоқ екенін былай қойғанда, өзінің негізгі өндірістік күштеріне иелік ете алмай отырған бодан ел болатын.  Революциядан бұрын Ахмет Байтұрсынов: «Осы кезде қазақтың өзін өзі билеп отырған бір ісі жоқ»[1][1] депті. Басқа одақтас республикалармен, оның ішінде Ресей Кеңестік Федеративтік социалистік республикасымен терезесі тең  саналатын Қазақ КСР-і, шыны керек, Мәскеудің аузына қараған, мемлекеттік ахуалы  Ахаң айтқан қолжаулықтың о жақ, бұ жағындағы ғана басыбайлы  ел еді ғой.

Осы ақиқатты көзімен көріп, күнделікті бастан кешіп жүрген көкірек көзі ояу, елінің кешегісі, бүгінгісі, ертеңін бір жүйеде ойлайтын Әнуардың сауалы, орыс-қазақ одағына адалдық кімнің тарапынан бұзылды? - деген ойынан туындаса керек. Турасынан кетеді. Бұл жағынан батырлығы Есенберлиннен асып түспесе, кем соқпайды.

Әнуардың тағы бір жаңалығы, Қазақстан деген сөзді қолданудан қашқақтайтыны.  Қазақ елін романында иесінің атымен ұдайы «Қазақия» деп атайтындығы... Әнуар «стан» деген сөздің мағынасы «ел» екенін білмеді десек, білімі, оқу-тоқуы жағынан қай ғұламадан да кем емес Әлімжановтың үздік талантынан бейхабар болып шығар едік, Әнуар «Қазақстанымыздың»  тілі жағынан да,  жосындысы (менталитеті) жағынан да орыстанып бара жатқанын көріп сезіп жүрді.  «Қазақия» деген ұғымды тілдік қорымызға енгізуге талпынғанына соның да әсері тиюі мүмкін. Бір ойың айтады: Әнуардың ел елдігін көтеруге бағытталған ұсынысы Ата Заңымыздан орын ала қалса, бүгіндер  «қазақстандық ұлт» деген терминге байланысты дау-дамай туар ма еді, тумас па еді, - деген.

ХХ ғасырдың 70-90 жылдары тарихи романның бірінен соң бірі жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысы тақырыбын көтеріп сап түзеуі тіпті қайсыбір туындының сол кездегі кеңестік идеология диірменіне су құйды дегеннің өзінде де айналып келгенде ұлттың болашағын ойлаудан туғандығы еш күмән келтірмейді.

Жаңадан шыққан он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабында жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң»  роман-дилогиясы жанры жағынан саяси философиялық роман»[2][2] деп анықталған.

Шығарманың сол кездегі саяси идеологиямен  санаса жазылғандығы 1981 жылы жарық көрген «Үркер» романының аннотациясында ашық айтылған.

«Әбіш Кекілбаевтың бұл кітабы Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығына орай жазылған... Шығарма халық тағдырының алды үмітсіздеу, белгісіз бір кезеңінде Әбілқайыр ханның орыс патшасына бодан болуға рұқсат сұрап, елші жіберіп, соның жауабын сарыла күткен күпті күйін суреттеуден басталған.

...Романда Қазақстанның Россияға қосылуының табиғи заңдылығы шынайы көрініс тапқан».

Роман-дилогияның екінші кітабы «Елең-алаңға»   берілген қысқа аңғартуда да шығарманың негізгі желісіне  «Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуы кезеңіндегі оқиғалар өзек болған.» - делінеді.

Тарих доңғалағы кері айналмайды. Қазақ елінің үш жүзі бірінен соң бірі ғасырға жуық мерзім ішінде Ресейге қосылғаны - бұлжымас факт. Ал, оның көркем шығармалардағы бағалануы  әрқилы болғаны мәлім. Жоғарыда аталған тарихи романдарда, одан   бері жазылған Софы Сматаевтың  «Елім-ай», кейіндері жарық көрген Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясында басқасын қойып, бір Әбілқайыр хан Әбіш Кекілбаев романындағыдай  жағымды кейіпкер емес, жағымсыз кейіпкер ретінде  мүлде өзгеше бейнеленеді.

Бұндай алақұлалықтар сын мен әдебиеттану ғылымында да байқалады. Қайсыбірінде Әбілқайыр ханды даттаушылар мінеледі. Оны мадақшылар жақсы атайды.

Неге бұлай?

Біздіңше, қайшылықтың объективтік һәм субъективтік себептері бар. Қазақстанның Ресейге қосылуының пайдасы да, зияны да болды. Және бүгінгі тәуелсіздік мұнарасынан көзқарас  кеңес дәуіріндегідегі көзқараспен жанаспай жататыны табиғи жәйт. Алғаш орысқа бодан болу мәселесін көтерген Әбілхайыр хан кеңестік тарихи әдебиетте прогресшіл қайраткер ретінде бағаланса, көркем әдебиеттегі образын шымқай қара, не шымқай ақ күйінде суреттелді деп айта алмайсың.

«Үркер» романы бас кейіпкері Әбілқайырдың аң аулап жүріп көрген бір аллегориялық сыпатты оқиғаға кезігуінен басталады. «Көшпенділердегі» Абылай ханның түсінде көргеніне ұқсас. Мұнда тек құрт-құмырсқа қайтадан қызыл түлкіге айналады. Мұны жорыған Мәті би: жау жан жақтан анталаған алмағайып заманда «ел ұстайтын ердің де жол бастары тәуекелшіл жолбарыс, ашушаң арлан емес, айлакер түлкі болатын шығар. Заманына қарай амалы деген осы ғой.»[3][3] - дейді.

Басқа сөзбен айтқанда, бұл рәміз - Әбілқайыр образының саяси-философиялық астары.   Кіші жүзді Ресейге қосуға сұранғаны - елді жан-жақтан анталаған жаудан құтқару үшін істеген түлкі бұлаң айла-шарғысы, деген ойға мезгейтіндей.

Роман-дилогияның жалғасы және соңы «Елең-алаң» Әбілқайыр ханның көрген түсін суреттеумен аяқталады. «Қызыл түлкі аяғы жерге тимей жұлдыздай ағып келеді...» Бұл Әбілқайырдың рәмізі. Төбесінен сорғалап төніп қалған тарғыл бүркіттен жалт бұрылып қарсы атылады. Ақыры бір шойын зеңібіректі пана тұтуға тырысады.  Оянысымен өз түсін өзі жориды. «Мәті би айтқан түлкі дәуреннің біржола орнағаны ғой. Ал, сонда бұның әлгі тағдырдың жазуындай бүркіттің өзіне тап бергені не болғаны?.. Не де болса, келешек көрсетер...»[4][4]

Көрген келешегі өзі күткендегіден кері шығады. Жақсы атты атанам деп жүріп жаманаттыға қалады. Бұл арасы - ашық.     Ресей мен Қазақ елі қарым-қатынасының бүкіл тарихынан қыруар деректерді пайдалана отырып айтарын айтқан автор, «Әбілқайырды «ақтап алу» мақсатын көздемеген, керісінше, оның барша болмыс-бітімін, кескін-келбетін бейнелеудің  түйінін  оқырманның өзіне қалдырған[5][5] деп бұлдыратуға еш негіз жоқ.

Жас Әбілқайырмен аң аулау кезінде танысамыз. Ерен саяткер. Жүрегінің түгі бар батыр да. (Қалмақтың от қарулы мергенін қапысын тауып жайратады). Үлкен қолбасшылық қабілеті және бар. Аңырақай соғысында (1729) үш жүздің біріккен жасағын басқарып, жоңғарға күйрете соққы береді. Көп шығармаларда айтылып жүргендей, қалмақты әрі қарай қуудың орнына майдан даласын тастап кеткен бұл емес, Болат ханның жараланғанын сылтауратқан басқа жүз қолбасылары дейді Әбіш романы.

Ресейге бодан боп кірсек деген ой Әбілқайырға, неге екенін, осы Балқаш көлінің оң түстігіндегі Итішпес көлінің маңында ойсырай жеңілген жоңғарлар аңырап ойбайын сап жаппай еңіреп боздағанда келеді. Шығарма негізінен «асыл туған» төре тұқымы Әбілқайырдың ішкі ой толғаныстарында берілсе де, оның қыры көп емес.  Ресейге өз еркімен қосылу жөніндегі шешімі бір ғана қазыққа байланған. Оның ойынша, жан-жақтан қаумалаған жаулардан құтылудың жалғыз амалы  - орыс зеңбірегі. Қалмақтар мен башқұрттардың орыс бодандығында қарқ болып жүрмегенін көріп-біліп жүрсе де, жатса да, тұрса да армандайтыны - Ресей қолтығына қайтсе де кіру...

Роман әу баста бас кейіпкер Әбілқайыр ханның ішкі монологы арқылы айналадағы қызыл көз жауға тосқауыл қою үшін Ресеймен достық іздеу амалы елді отыз сегіз жыл бойы тыныштықта ұстаған Тәуке ханға телінеді. Ол тұста патшамен одақ жасау жайы сөз болды-ақ, Әбілқайыр үнсіз қалатын. Жақ ашпайтын.  Енді міне, Аңырақайдан соң  ойы күрт өзгерді: «ырғалып-жырғалуға жағдай жоқ....Енді кідірген сайын жау сұғына түседі де, қазақтың жүні жығыла түседі»[6][6].

Осы ой әртүрлі сыйпатта  қайталана келе, ақыры  Әбілқайырдың, Бөкенбай батырдың, билердің   Анна Иоановна патшайымға империяңа боданыңбыз деп  ант беру рәсіміне ұласады.

Міне, осы тұстарда романның баяндау стилінің қос үнді сөз арқылы күрделенуі басталады. Авторлық үнге Ресейге қосылу мәселесінде екі ұдай пікірдегі билер үні қосылады. Бәрі жиналып  Ант беру рәсімінің шырқын бұзады.

Натан Рыбактың «Переяславская Рада» романында (1948-53)  Украинаның Россияға өз еркімен қосылу рәсімі арнайы кеңесте салтанатты жағдайда   өткені суреттеледі. Мұндағы жиналған халықтың сан алуан даусы  мерекедегідей көтеріңкі естіледі. Тарихи ұлы оқиға ретінде бағаланған  рәсімнің  өтуін бейнелеуінде шығарма авторы   аянып қалмайды. Кіл сәулетті, ақ жарқын бояумен кескіндейді.  Ал, Қазақ елінің Ресейге өз еркімен қосылу рәсімінің ұсқыны бұған ұқсамақ түгіл, маңайламайды да. Ант беру рәсімі ауыр алауыздық жағдайда және тым жұпыны өтеді.

Ақ патшайымға Әбілқайыр хан, Бөкенбай батыр, Кіші жүз, Орта жүздің  жиырма жеті биі  ант берген соңғы көріністің қай тұсы тіпті мысқыл шақырып,  езу тартқызады. Былайша суреттеледі: «Бір жағынан ант қағазға қол қойғызып, екініші жағынан ант бергендерге сый-сияпат үлестіріп тұрған Тевкелев іштей сынық тиынға дейін шашау шығармай санап тұр. Бүгін небәрі 110 сом  60 тиынға тарту-таралғы таратыпты»[7][7].

Тевкелев - Ресейдей ұлы империяның сыртқы істер министрлігінің төтенше өкілі. Империяның қолы қысқалығынан не алақаны ашылмайтын сараңдығынан өйтіп тұрған жоқ. Қазақ сөзін ұстаушыларға: ей, бейшара, құның осы ғана деп тұр.

Бір кезде яки 1856 жылы  Қарағанды көмір кенін орыс кәсіпкерлері Ушаков пен Рязановқа бар-жоғы 250 рубльге сатып күмпиетін Байжандай кейіпкерінің надандығын келеке еткен Ғабеңе, Ғабит Мүсреповке қосылып біз де күлуші едік. Ал, бүкіл бір аймақ  Кіші жүзге берілген бағаны сол Байжекең де азырқанар ма еді, қайтер еді?

Әйтеуір  қазақ билерінің бәрі тиын-тебеннің құлы емес екен.   Ресейге өз еркімен қосылу актісіне қол қоюдан бас тартқан билер «ерлеріне қонғанда аттарының бүйірі солқ ете қалғандарына қарағанда әбден қандарына қарайып, іштерінен: «Қап, бәлем, сендерді ме!» - деп зіл жиып кеткендері белгілі боп тұр.

Осыншама көп атты шұбырып шыққан үлкен ауыл өлік шыққан үйдей болып жым-жырт тыныштықтың  құшағында мүлгіп қала берді»[8][8].

Бұл жерде авторлық позиция  айтқысы келгенін жасырмай турасынан кеткен. «Өз еркімен» қосылудың берекесін  қашырып суреттеуге неліктен барған дейтін емес.

Бодан болудың кермек дәмін роман авторы кейіпкері   Әбілқайырға да тыжырынта татқызады. Әбілқайырдай кейіпкерін әжуалап мұқатпағанымен, оның ішкі ой ағынын дәл түсіре отырып, Ресей отарының сұлтаны боп қор болдың. Одан да өз еліңде ұлтан болғаның әлде қайда артық еді ғой дегізетін көріністерді әдейілеп тәптіштеп суреттейді.

Кіші жүзді 110 сом 60 тиынға сатып алған соң ақ патшайым ант-су ішкеніңнің ақысына балаңның бірін кепілдікке аламын деген. Ғұзырыңа құлдық демеуге енді шамасы жоқ Әбілқайыр  кепілдікке ұлы  Ералы ханзаданы аттандырады.

«Жұлдыздай ақ меңі бар күрең төбелдің үстінде құлағы қалқиып ырғай мойын ақсұр бала Ералы отыр. Көзіне түсе берген сусар бөркін қамшысының сабымен жоғары көтеріп, жаутаң-жаутаң әкесіне қарап қояды».[9][9]

Балажан қазақ оқырманы үшін бұдан ауыр сурет болмаса керек.

Ресейге қосылғалы ел іші естен танғандай дыбыс шығармайды. Әбілқайырды қарғап-сілмейді, не даурықтырып мақтамайды. Жым-жырт.  «Бірақ Әбілқайырдың көкірегі бәрібір алай-түлей».

Неге?

Ақ патша дәмесінің зорын дегендей қазақ ханының өз еркімен қосылу үшін қойған шартының бірін орындамайды,  бәр-бәр тілегін аяқ асты етеді. Әбілқайыр башқұрттардың тағын бересің деген. Бірақ көп ұзамай ол дәмесінен күдер үзеді. Екі ғасырдай билеп келе жатқан башқұрттың тізгінін және бір боданына ұстататындай   патшалыққа не көрініпті?

Әбілқайырдың және бір тілегі - сауда-саттық жүргізіп тұру үшін Ор өзенінің төменгі ағысынан бір қала тұрғызып бер деген. Қала салынуын салынып жатыр. Бірақ... Ор қамалын Әбілқайыр көрмекке барғанда, басына масқара шелегін кигізеді. Қамалға кіргізбек түгіл, есігінен де сығалатпайды. Комендант тым құрса өзі шықпай, едіреңдеген  көмекшісін жіберіпті. «Мынау едіреңдеген немеге өлердей жыны келіп тұрған Әбілқайырдың ауызы қисайып кетті...»[10][10]

Ел өмірі, адам тағдыры туралы пәлсапалық ойларға бастайтын,  символдық образды көріністермен аяқталатын роман-дилогияның  екі кітабының финалы екі басқа. Бір-біріне кереғар. Ханның аузы қисайып кететінін «Елең-алаң» кітабының финалында көретін түсіне жорисың. Соған келеді. Түсінде - шойын зеңбіректі  паналағанына қарамастан ханға қара бүркіт тап береді. Қара бүркітің - империя. Оған  өз еркіңмен құл болудың аяғы неге әкеп соққанын есіне алса, бұрынғылар тұрсын, қазақтың  кейінгі ұрпағы біздің жанымыз түршігеді. Тарихтан белгілі ақиқат: мемлекеттілігімізден айырылуымыз салдарынан дінімізден, ділімізден, тілімізден айырылуға шақ қалдық.  Қара бүркіт Әбілқайырға тап берсе, кейінгі ұрпақтың жан алқымынан алып бүрді. Зардабы сондай,  тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдың қаразы болып қалса да, басқасын былай қойып, ана тіліміз Конституцияда жазылған хұқын әлі күнге толық пайдалана алмай отыр...

Діні, ділі, тілі басқа Ресейге өз бұйдамызды өзіміз ұстатқанда, арты немен бітеді, патшалық көлге бастай ма, шөлге бастай ма? - деп істерін істеп алған Әбілқайыр, тағы  бірде жолаушылап түн қатып, сауалына тым құрса өзі сенетіндей жауап таба алмай дағдарудан басы қатып келе жатқанда маңдай тұстан Үркер туады.

«Жол шыққанда Үркердің маңдайыңнан туғанын жақсылыққа жорымаушы ма еді? «Үміт артсаң үркерге қара!» деуші еді ғой...Үркердің қарсы алдыңнан туғаны маңдайының ашылайын дегені ме екен?! Не де болса, үміт бар ғой»[11][11].

Түптің түбінде жорыған жақсылық қазаққа бұйырды да. Бірақ  оны Әбілқайырдың жасаған ырымына жатқыза алмайсың. Бұл жолғы қос үнділікте    автордың даусы басым. Әр шығарма замана тілегінен туады.  Әбіш Кекілбаев кейіпкерінің аузына салған жорамалының өз сыры бар. Жазушы енді қызыл империяның қарамағындағы елінің арман-тілегін осы рәміздік сурет арқылы қоса білдірді  десек, шындыққа бір табан жақын болғанымыз.

Роман-дилогияның Үркер шоқ жұлдызына артқан жақсылық үміт шырағы жанды. Жанған кезі бұйдалы уақытымызда емес, тәуелсіздікке қол жеткізген бұйдасыз уақытымызда.

Әбілқайыр хан образы тарихи шындыққа сәйкес ақтабан шұбырынды хикаятына арналған көркем шығармалардың барлығында әртүрлі дәрежеде суреттеледі. 70-80 жылдары жарияланған шығармаларда Кіші жүз ханының жалпы Қазақ елі тағдырындағы айырықша рөлі бар  қайшылығымен көрсетілсе де, төмендетіп тұқыртылмайды. Жазушы Софы Сматаевтың «Елім-ай» роман-трилогиясының аталған жылдары екі кітабы жарық көрді. Дилогия, кейбір зерттеулерде айтылып жүргеніндей, башқұрт, қарапалақтарға күн көрсетпей, көп батырдың аузын алып, көп бидің көмейіне көмеш тыққан, жырынды, жорға мінез, құзғын пиғыл көп сұлтанның бірі ретінде суреттелмеген.

Әбілқайыр хан бейнесін  төре тұқымының типтік ортасынан бөле жармай суреттеп Софы   дұрыс істеген. Құбыланамасы - тарихи шындық.

Жоңғар басқыншылығының қарсаңында  Телікөлде өткен жиында құн дауы, жесір дауы қаралып бітімге келген соң қазақ би, батырларының  арасында елге шығыс жақтан төніп келе жатқан қанды дауылға қарсы не істейміз мәселесі әңгіме болмай қалмайды. Наразы пікір  елді басқарып отырған, бірінің бірі жағасынан алған ит қырқыс төре тұқымы  төңірегінде ұйтқиды.   Азуын ақситқан қауіпке қарсы хан, сұлтан, төре шара қолданар түрлері жоқ. Тәуке ханның орнын басқан әлужуаз Болат хан, ол тіптен бейжай.  Жиынға қатысушы  қарашалар яки қазақтар төре тұқымына алғаш сенімсіздік білдіреді. Өз елімізді өзіміз басқарсақ қайтедіні ойластырады.

«Қашанға дейін үрке береміз. Анау Болат, Әбілқайыр, Сәмеке, Барақ, Тұрсын өз ордаларының ішкі тартысынан аса алмай отыр. Халық қырылғанмен олардың ұпайы түгел. Бұхар, Самарқан, Хиуаға ауып кетсе де, сорламайды. О жақта да төре тұқымы көп».

Аралбай би қара аталатын қазақ өз ішіңнен басқаратын адам таппасаң, күнін қараң дейді. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деген төренің тілі. Құмды илей білсең, - қала болады, қараны илей білсең, пана болады дер едім мен».[12][12]

Әйтеке би:

«-Сол сұлтандар бақталастығы  кейін мынау бұқара жұртына да жұқпалы аурудай жайыла ма деп қорқам-ау! Індет қой бұлардікі»,[13][13] - деп исі қазақтың болашақ  бірлігін ойлап дабыл қағады.

Роман логикасы мықты. Дәлеліне дау айту қиын. Көрші башқұрт, хиуа, Еділ мен Жайықты мекендеген қалмақты барымталап, өзі де барымталанып дұшпанын шамадан тыс көбейтіп алған Әбілқайыр хан енді Ресейді сағаламақшы. Шығыстан уілдеген зілзалаға құлағы керең.

Хандардың алауыздығы Алқакөл сұламаға дейін де талай масқаралыққа душар еткен. Дәлеліне Бұқар жырау аузымен тарихи факті келтіріледі. Кезінде Жәңгір хан алты жүз сарбазымен ойраттың елу мың шерігіне төтеп бергенде, бұдан жеті жыл бұрын (1716 жыл шамасы) Аякөз маңында  отыз мың қазақ әскері екі түмен ойраттан ойсырай жеңіледі.  Қайып хан мен Әбілқайыр ханның бақталастығы салдарынан қазақ жауынгерлері  арытарт-берітартқа қалып, масқара жеңіліске ұшыраған.

Бірақ сынағанның жөні сол деп, романшы бұл кейіпкеріне қара бояу жаға бермейтінін де айтуға керек. Әбілқайыр ханның объективті сыпаттамасы  Ордабасыда Жоңғарға қарсы соғысу шаралары белгіленген кезде,  үш жүздің біріккен қолын басқаратын сардар сайлау барысында  беріледі.   Қаздауысты Қазыбек би:

«- Мақтамаймын Әбілқайырды! Бірақ ішінде жылт етер жарығы барын және жасырып қала алмаймын. Қол бастар айласына сенем де, бас пайдасына қызыққыш сұғанақтығын және баршаңа айғақ қылам.  «Қой асығы қолайыңа жақсы сақа ғой» - дейді халқымыз. Әбілқайырдан оңтайлы басқаңды таппай отырмын. Сардарың Әбілқайыр болсын, жамағат!»[14][14] - дейді.

Төле би бас болып жиналғандар төре, сұлтандарымен қоса алақандарын жайып бата береді.  Әбілқайырдың   Аңырақай жеңісіндегі қолбасылық қайрат-қимылын жазушы ұтымды суреттер арқылы көрсете білген.

«Елім-ай» романында ұлт-азаттық идеясының басты мақсаты Ордабасыда бас қосқан үш жүздің алқа-қотан жиынындағы Төл би сөзімен тұжырымдалады. «Зар тілегіміз, - дейді ол, - БІРЛІК! Тірліктің тұтқасы да сол бірлік екенін анау сарнаған ағайынның «Елімайымен» сахарасына таратып жатыр. Соған құлай беріл...»[15][15]

Қазақ тіліндегі ел, ұлт сөздері төркіндес. «Ел» - халық, жұрт, қауым мағынасында айтылса, «ұлт» - тіл, территория, экономикалық һәм мінез - құлықтық ортақтастығы негізінде қалыптасқан адамдардың тарихи әлеуметтік, этникалық тұтастығын білдіретін ұғым саналады. Бұған дейін анық айтылмаған ең маңызды белгі және ел сөзінің өзегі -  ұлт ұғымына халықтың барлық топ, таптары түгел кіреді. Романның «Елім-ай»  атын, «Қара көзден мөлтілдеп жас келеді» деген өлең жолын осы мағынада түсінсек керек.   «Елім-айдағы» қарындас сөзінің түсінік-танымы да бүгінгі қолданыстан әлде қайда кең. Қазіргі қолданыстағы «қандас» сөзінің баламасы.

«Елім-ай» ол кезде шырқалмаса да, соған ұқсас әуен, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген даналық сөз - жазушы Мұхтар Мағауиннің әйгілі «Аласапыран» атты, ХVІ ғасырдың аяғы ХVІІ ғасырдың басы кезіндегі  Еуразиялық ерен аймақты[16][16] қамтитын эпикалық  кең арналы, отаншыл ғазиз жүректі елжіретер, мұңды-сазды  роман-дилогиясын оқығаныңда тағы да есіңе оралады.

Шығарманың бас кейіпкері  - Тәуекел (романда «Тәуеккел») ханның ізбасары боп жарияланған, «ұзын оқты» Оңдан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхамед жайнап тұрған жас шағында жолаушылап жүріп аяқ астынан жат жұрттың құлақ кесті құлына айналғандай күй кешеді. Орыс империясының бұғаусыз тұтқыны болады. Өзінің қайраткерлік қарымдылығының, қамал бұзар қайсар-өжеттілігінің арқасында ханзада сол кездегі орыс алпауыттары қатарынанан қалыспайды, бейбіт күндері ел бағу, соғыс сағатында қол басқару қабілеті жағынан олардың  бірінен кем соқпайды. Ресей патшалығының биік мансап шен-шекпендеріне ие болады, Хан-Кермен жұртында хандық құрады.

Осы жерде  лорд Керзонның орыстың  отарлау саясатының бөтен жұртты алдап-арбау амалын біз, ағылшындар, пайдалансақ деп сілекейін шұбырта айтқан  мына бір сөзін келтіре кетсек артықтығы болмас.

«Замечательная черта  русификации, проводимой в Средней Азии,- дейді Керзон,-  состоит в том применении, которое находит завоеватель для своих бывших противников на поле боя.  Я вспоминаю церемонию встречи в Баку, на которой присутствовали четыре хана из Мерва...в русской военной форме. Это лишь случайная иллюстрация проводимой Россией линии, которая сама является лишь ответвлением от теории «объятий и поцелуев после хорошей трепки» генерала Скобелева. Ханы были посланы в Петербург, чтобы их поразить и восхитить, и покрыть орденами и медалями, чтобы удовлетворить их тщеславие»[17][17].

Ораз Мұхамед - Ресей империясының басқа елдің бетке шығарын жемдеу тәсілімен айналасындағы аймақтарды бағындырудың аярлы, залым тәсілінің алғашқы құрбандарының бірі еді десек сыйымды. Бар өмірі қолға үйретілген қамаулы  қыран күйіне ұқсайды.

Дилогияның бірінші кітабы біздің көп тарихи романдарда жетіспей тұратын елеулі олқылықтың орнын толтыруымен ерекшеленеді. Киім-киіс, әдет-ғұрып, сахра жұртының  нақтылы тұрмысы Мағауин романында шеберлікпен   суреттелетіні сондай, өз елің тарихының жаңа  беймәлім беттерін парақтағандай боласың. Шеберлік дегенде, біз бұл түсінікке шығарма өрнегін  тоқу өнерін ғана айтып отырғанымыз жоқ. Қолға алған жібінің сапасын, бояуының құрамын білмеген тоқымашы  ісмер атала алмайды. Сол сияқты жазушы қауымның жазып отырған дүние туралы этнографиялық ұшан-теңіз білім-танымы болуға керек.

Ораз-Мұхамедтің жас әйелі Ай-Шешек сұлу жолшыбай көш үстінде садақ тартып, аспанда зырлап ұшып бара жатқан бір үйректі атып түсіреді.  Ораз-Мұхамедке інісі:

« - Керемет атады екен Ай-Шешек жеңешем. Қауырсынсыз қисық оқтың өзімен қағып түсірді.

- Ой, тентек, - деді Ораз-Мұхамед рахаттана күліп, - Бұл оқ осылай, әдейі қисық жасалған. Көрдің бе.  Әрі бармақтай жуан, ауыр. Емен ғой. Масағы тұқыл, шаншып атпайды. Межелі жерге жеткенде көлденең ұшады да, құсты таяқпен ұрғандай қағып түсіреді. Көрдің ғой жаңа. Тіз оқ аталады.

- Ал шаншып аталатын алман оқ - кез оқ деп аталады, - деді Көшек көп білетінін танытуға тырысқан мақтанышпен.

- Кез оқтың өзі неше түрлі: көбебұзар, әндіген, қозы-жауырын, қасалы, ысқырма...әрқайсысы әр түрлі жағдайда, әр қашықтықта қолданылады. Содан соң, бұлғын, тиін ататын томар оқ деген  бар. Ал аймаңдай оқ...».[18][18]

Бұл садақ оқтарын бір жағы көшпенділер мәдениетіне ернін шүйіре қарайтын өркөкірек  еуроцентризмге қарсы атылған оқ түрлеріне жатқызар едік. Біздің ата-бабаларымыздың қай халықтан да кем түспейтін өзіндік мәдениеті барын жазушы  шамасы осылай шығар деген  мөлшерлі долбармен емес, қазақ көші ме, үй салтанаты ма, жас, кәрі-жастың киімі ме әлдебір қоймалардан тірнектеп іздеп тапқанынан  нақтылы, қанықты  сурет туғызады. Ата-бабаларымыз  осал болмаған екен дегізетін мақтаныш сезімге бөлейді.    Ұлттық рухымызды көтереді.

Дилогияның бірінші кітабында жас жігер Ораз-Мұхамед туған даласында рахатқа батып алшаң басып жүрсе, екінші кітабында Ресей елінде ақ патшаға қызмет етіп жүріп те не қызыққа кенеледі. Сөйтсе де туған еліне сағынышы еш басылмайды. Жүрегі елім, жұртым деп соғады.

 

*  *  *

Ел бірлігі, ұлт бірлігі 70-80 жылдардағы қазақ тарихи романдарының басты тақырыбына айналды және таптық, революцияшылдық ағымдағы әдебиеттен өзгеше аңғар танытты. Қазақ елінің сан ғасырлық тарихын байлар мен кедей таптардың қырқысуын көрсет деген тоталитарлық саясаттан бұра тартып,    басқаша сарында бағыт алды. Бүткіл қазақ даласы көркем шығарманың негізгі эпикалық өрісі болғанда, сол даланың ұлт-азаттық идеясын ту етіп көтерген   қазақ  тарихы қаһармандары оның бас кейіпкеріне айналды.

90 жылдары қазақ елі ежелгі арманы тәуелсіздікке қол артқанда  тарихи роман тың серпін танытып, бұның алдындағы туындыларда жеріне жеткізе қазылмаған, аршылмаған көп-көп жаңалық ақиқаттарды бүкпелемей, сыздықтатпай бар дауыспен, ашық айтып берді. Бұл ретте алдымен ауызға алынатын шығарма - жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» роман-дилогиясы.

Қабдеш өзіне дейінгі тарихи роман авторлары Есенберлин, Кекілбаев, Сматаев, Мағауин көтерген проблемаларды үстей түседі де, олардың қаламы тие  қоймаған кезеңді және жоңғарларға қарсы ұлт-азаттығы соғысының аса көрнекті қолбасыларының бірі, Бұқар жырау сөзімен айтқанда, Бөгенбай батырдан да бұрын найзасын жауға тіреген, бұған дейінгі тарихи туындыларда тек бірер көрінер эпизодтық кейіпкер ретінде ғана бедерленген, Абылай хан дарабоз атаған  Қаракерей Қабанбайды, басқа да  бейнеленуі көмескі   тұлғаларды  суреттеу объектісі етіп алға шығарады.

Жазушы шығармасы құпталып та, қай тұсы сыналып та үлгерді. Өз тарапымыздан айтсақ, құпталатын тұстары әлдеқайда басым. Роман-дилогияның ұзына бойына әдемі әуенімен баурайтын ән қайырмасындай кредосы бүгін  арытарт-берітартқа салынып дау-дамайлатып  жүрген ұлттық идея түсінігінде жүрегіңнің ең төрінен орын алады. Ол кредо Төле би сөзімен былайша тұжырымдалады: «...Халқымыздың қазақ деген есімі - азат деген сөзбен төркіндес. Азаттықтан айрылғаны - қазақтың құрып біткені...»[19][19]

Қазақ ұлттық есіміміз үш жүз боп бөлшектенуден емес, үш жүздің ажырамас тұтастығынан тұрады, дейді роман. Шығарма   соңғы нүктесіне дейін сол проблемалы жауапты ойға толы.  Халық боп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығармай, төре, сұлтандардың бір  қазақты үшке жарып, ру-руға бөлшектеуінің салдары Ақтабан шұбырындыға әкеліп соқтырды. Біртұтастығы бұзылғанда небары үш түмен жоңғардан қынадай қырылдық. Қазақтану мектебінде бұдан ауыр сын болмаса, Қабдеш романы сол тарихи сынның   әртүрлі сабақ салдарын тексереді.

Жоңғар халқы -  бір әскер, бір жұдырық. Ал үш жүзге бөлшектенген қазақ рулары тіпті Аңырақай, Алакөл жеңістерінен кейін де етек-жеңін жия алмай, жан-жаққа сауын айтып, жасақ жинаумен әлек. Бас кедергі -  төрелердің, ру басыларының бақталастығы. Шығарманың бастапқы жолдарынан-ақ оқырман бас қатырып мәңгірткен сол кінараттың тамырын ұстағандай болады. Әбілмәмбет  хан өткізіп отырған кеңесте ру, тайпа қошқарларының арасында ұйымшылдық аз, күдікшілдік көп. Қақтығыс қай тұста  ұрыс-керіске соға жаздап барып, әзер басылады. Өйтпеске амалдары жоқ. «Мұндайда өкпелеген ағайын  өзі ғана кетпейді, қазақ үшін қасқалдақтың қанындай  бірер мың сарбазды соңынан ерте кетеді. Береке-бірлігі жоқ, бәтуасыз елге хан болған адамның да маңдайының соры бес елі».[20][20]

Роман бас кейіпкерінің атқаратын міндетін бірден алдыңа жайып салады. Қазақ жерін жаудан біржолата аластау идеясы күн тәртібіне қойылады.  Қандай да идеяның  ұйытқысы - адам. Шығарма сол ұйыстырғыш образ рөлін талай қанды шайқастарда үздік қолбасылық қабілетін көрсеткен, қазақтың шынайы тарихының шын дарабозы  - Қаракерей Қабанбай батырға «жүктейді». Кей шығарманың бас кейіпкері сюжет шиеленісінде біртіндеп қалыптасады. Ал, роман-дилогияның бас кейіпкері Қабанбай жоңғарға қарсы соғыстарда қырық жыл аттан түспеген атақты батыр, ысылған оқырман көзінде қалыптасқан кейіпкер. Сондықтан автор бас кейіпкерінің бейнесіндегі белгілі сыпаттарға қосымша және бір елеулі қасиеттер қосады.  Солардың ең көрнектісі және татымы мықтысы - Дарабоздың ұлттық идея ұйытқысы бола  білгендігі. Бұл қасиет оты образдың барша тірлік-тынысынан ұшқындап тұрады. Аты-жөні  найман руының белгілі тармағымен қосақтала аталғанымен, бас кейіпкер  өзін Алаш ұлымын, Қазақ перзентімен деп сезінетіндігімен сүйсіндіреді. Қабанбайдың қолбасылық, батырлық үлгілері, үлкен саясаткерлігі  осы ұлттық рухтан туындайды. 1748 жылғы ұлы хан  Әбілмәмбеттің ордасында  Түркістанды, Ташкенді, ұлы жүздің Жетісудай жаннат жерін, Алтай, Тарбағатайдың сулы, нулы өңірін жаудан тазарту  ісін жүзеге асыру дәл осы бас кейіпкердің - Қабанбай батыр басқарған  сарбаздардың үлесіне тиеді.

Романның жақсы аталуының да, оны сынап мінелуінің де себептерін  қазақтың азаттығы, ұлттық арман-тілегі жөніндегі авторлық кредоның  жүзеге асуы деңгейінен іздеуге керек.

Сынаушылар  негізінен қазақ тарихының көрнекті тұлғаларының бірі - Әбілқайыр ханды қорғаштап, оның бейнесінің «Дарабоз» романында тым ащы-зәрлі тілде мінелгеніне наразы. Бұның алдындағы романдардағы шығармалармен салыстырғанда    «Дарабоз» дилогиясы шынында да ол хан жөнінде қатты кеткен. «Әбілқайыр - ар-ұяттан безген, халықтың қарғысына ұшыраған адам. Сол арамдығы, опасыздығы үшін әлі-ақ сазайын тартады!»[21][21] Барақ сұлтанның бұл сыпатамасынан  авторлық позицияның бас шұлғыған мақұлы қоса естіледі.

Әбілқайыр хан жөнінде тамам жұрттан өзгеше пікір айтты  деп Қабдешті жазғыру, біздіңше, орынсыз. Олай деуге себеп толып жатыр.

Біріншіден, әр автордың өзіне ғана тән дүниетанымдық мұнарасы болады. Ұлттық мінез, бейне жасаудың жолдары қилы-қилы. Кей  көркем сурет  тарихи фактілермен санасса, кей тұста санаспайды. Іріктелген, жинақталған тарихи шындықпен бірге ойдан қосу аралас жүреді. Кейде тарихи шындық пен көркем шындықтың  қарама-қайшы келетін жағдайы да болады. Бір кезде белгілі тарихшы Лев Гумилев  Ресейді Батыстан төнген хауіптен Батый хан құтқарды, Чуд көлі мұз айдынындағы тевтондардың көзін жойған соғыста татар атты әскері шешуші рөл атқарды деп жазды. Ал, «Александр Невский» фильмінде татар-монгол ханы әжуа, сайқымазақ қалыпта сықақталады. Ұлы Отан соғысының қарсаңында туған, халықты патриоттық рухта тәрбилелеу ісінде бағалы орны бар фильмді қойған өнер иелерін сол үшін тарихты бұрмаладың деп сөгуге бола ма?

«Дарабоз» - көркем туынды.  Әбілқайыр ханның рөлін  оң бағалайтын тарих ғылымның өлшем-таразысына Қабдеш Жұмаділов романының сурет бағамы  сәйкесе бермеуінде еш оғаштық жоқ. Тәуелсіздік пен демократия жағдайында әркім өз көзқарасын іркілмей, ашық айтуға хұқылы екенін есепке алмағанның өзінде де.

Екіншіден, «Дарабоз» романы Әбілқайыр ханның Аңырақай соғысындағы ерлігін жоққа шығармайды. Жоққа шығармағанымен, іле-шала Болат ханның орнына сайламадыңдар деп өкпелеп, ұрыс даласынан Кіші жүз қолын бөліп әкеткендігін жақсы мінезге жатқызбайды. Жеңістің  жемісін толық тере алмай,  қапыда қалғанымызға Әбілқайырды айыпты санайды.

Үшіншіден, Әбілқайыр образы тақырыбының астарына Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы проблемасы қабылғанын ұмытпауға керек. Қазақ қай елге де құл болмауға керек дейтін  кредоны  басшылыққа алған жазушы: жолбарыстан қашып, арыстанның аузына түсу қалай болады? Арыстан асамайды деп кім айтты? - дейді.

Романда Ресейдің сол кезде қазаққа оң көзімен қарамаған фактілері көптеп келтіріледі. Орыс патшасының  Әбілқайырды алдап соққанын айта келе, Әбіш Кекілбаевтың романында көрсетілмеген бір фактіні  еске салады. Әбілқайыр хан  Еділ-Жайық арасынан қоныс сұраған екен. Патша қоныс бермек түгіл, бұл екі өзеннің маңына бұратана атаулыны жуытпауды шығарған. Жайықтың екі қапталынан әлденеше шақырымға дейін от қойып өртеп жіберген соң, ол өзеніңе енді қазақ малын да суара алмайтын болған. Сауда істеп, қару алып жырғап жатыр дегені де - құр қауесет. Патша тіпті бұратана халыққа күрек, орақ, балта сияқты темір бұйымдар сатуға да тыйым салған, суыққару жасауға пайдаланады деп. Жай қара темірін қимай отырған патшалық бізге от қару беруші ме еді? - дейді романның орталық кейіпкерлерінің бірі Абылай хан.

Төртіншіден, Ресей өзге жұртты «өз еркімен қосып алуында» қазақтың бірқатар бетке шығарының дүниеқоңыздығын кеңінен пайдаланған. Орыс отаршыларының лорд Керзон мақтаған зымиян тәсілінің қазаққа да қолданыла бастағанын роман Әбілқайыр ханның күйеу баласы Шақшақ Жәнібектің мысалында есте қаларлықтай етіп суреттейді. Орыс патшасынан тархан шенін  алғаннан бері «сән-салтанатың ат тарта алмайтын дәрежеге жетіпті» деп шенейді. Оның хан кеңесінде ақ патшаға арқа сүйемейінше жоңғар алдыра қояр ма екен деп тәлімсігенін Төле би  қатты түйіліп сөгеді. Жасағың не күйде? «Бәлкім, Әбілқайыр екеуің етегінің астына барып тығылған қатын патшаның рақымы түсіп, жеріңді жаудан тазартып беретін шығар? Орыс өнерлі жұрт қой. Бірақ аузыңды ошақ, мұрныңды мұржа етіп, түтін жұтқаннан өзге үйренген өнерің бар ма сол елден? Тархандығың ел қорғайтын қалқан болмай, мойныңа салған арқан болып жүрмесін!»[22][22] - деп келекелейді.

Ия, қазақ көрген қиямет-қайымның қай-қайсысы да  - тәуелсіздік тауқыметі.  Әлдебір тарихи тұлғаларға келешек ұрпақтың айтар алғыс-қарғысы олардың   сол тауқыметтің  ауыртпалығын қалай көтергендеріне  байланысты болмақ.

«Дарабоз» роман-дилогиясының «Түйінінде»  автор  «ұзақ  жыл архивтің шаңын қаққандағы» алға қойған «міндетіміз тарих жасаушылардың бұрмалаған фактілерін орын-орнына қойып, белгілі бір жүйемен баяндап беру ғана..»[23][23] дейді.  Бұндағы жүйе - қай жүйе? Біздіңше, кейіпкерлер қатынасынан туындайтын сюжеттің  айтпағы - елдің елдігін, ұлттың ұлттығын сақтау идеясының күні бүгінге дейінгі зәрулгі.  Ол жағын автор романында толық, жан-жақты, терең  ашып көрсетсе де, авторлық түйін сөзінде, не себепті екені, бұл пікірін шегіне жеткізбей  іркіп қалған. «Абылайдан соң арада тура екі жүз он жыл өткенде, қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып, жасыл туы көк жүзінде қайта желбіреді».[24][24] - деген қорытындысын романның идеялық-эсетикалық тұрғысымен байланыстырып  жалғай түспей,  қарапайым қысыр кеңеске бұрылып кеткен.

Өмірде бұрмаланбайтын факті аз ба?  Қазіргі газеттерді оқып отырсаң 1988 жылы Шәкәрім мен Мағжанды «мен ақтап шықтымдардың» көбейгені соншалық, осы игі жұмыстың бар қара шаруасын атқарған Әуезов институты далада қалып қояды. Тіпті ақтаңдақты жою ісіне қатысты істелген шаруаны тізбелегенде Әдебиет институтының  аты да аталмайды. Сол бұрмаланған шындықты қалпына келтіру үшін отыра қалып роман жазбайсың ғой.

Біздіңше, «Дарабоз» роман-дилогиясының дүниеге келуі тағы да сол тәуелсіздік тауқыметінен туып отыр. Көк байрағымыз, Аллаға шүкір, бақыт құсындай қолымызға қонғанымен, ол кенет жалп етіп ұшып кетпесе игі етті деген үрей, қорқыныш ызғары жүрегімізді әлсін-әлі  қарып өтететіні де шындық қой. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарын оқыған кісі, апырай, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізден оны қорғау одан да қиын екен ғой дегізеді. Сол алаңдаушылық «Дарабоз» романының өнбойынан,  өткір, өтімді сөз, ақ жүрек   жүйесінен   айқын сезіліп отырады.

Тауқымет, азапты  Қазақ жерінің  тарлығынан, аздығынан тартып отырғанымыз жоқ. Сол жердің қадір-қасиетін түсініп жеттік пе?- деген сауалға толыққанды жауап бере алып жүрміз бе, жоқ па? Міне, қайда жатыр мәселе. Соңғы жылдары жарық көрген он томдық «Қазақ әдебиеті тарихында» (2006), «Қазақтың 100 романы» жинағында (2004) «Дарабоз» романынан келтірілген дәйексөзде: жау астыңдағы атыңды, не қойныңдағы қатыныңды сұраса бер, жер сұраса берме дейтін аңыздың Қаракерей Қабанбай батыр аузымен айтылатынында үлкен мән бар делінген.

Ендеше, сол сөздің мәніне үлкенді-кіші бәріміздің де түсініп жетуіміз керек. Ұқсас пікір:  тағы бірде  Абылайға елші жібереді. Осыған байланысты Абылай хан ордасында кеңес өтеді. Сонда Қабанбай тұрып: «...Қытай жағының қолқасы - жалғыз Әмірсана ма, әлде одан басқа да қояр талабы бар ма?»- деп сұрайды. Абылай іле жауап береді: «Еженханның хатында жазылмағанымен, мұндағы әскер басы жандаралдарының аузы тым жоғары. Олар бір кезде ойраттар басып алған  шығыс аймақтарды түгел қайтаруды талап етеді.

- Бәсе, солай болар... Ендеше, менің сөзім қысқа, - деді Қабанбай, - Қытайға берер бір сүйем жеріміз жоқ екенін елшіге жақсылап ұғындыруымыз керек. Оған көнбесе қасық қанымыз қалғанша соғысамыз...»[25][25]

Мұны да ойдан қосылғанға санасақ, бұдан 15 жыл бұрын романда қозғалған  әңгіменің Шығыстағы алпауыттың күні кеше 1 миллион гектар жерімізді жалға (арендаға) беруін сұраған өтінішіне ұласқанын қай қиялға жатқызамыз?

Әдебиет құдыреттілігі - көркем сөздің, оның иесінің  жаны мен қаны  ұлт рухынан жаратылғанында. Не заман тусын, айтқан сөзі халық сұранысына, халық тілегіне  сәйкеседі. Сәйкесіп қана қоймайды. Тәуелсіздік тілегінің қай проблемасы дер кезінде шешілмей жатса, жауапкерін тауып    айқасады да.

Жоғарыда талданған ірі тарихи шығармалар, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» роман-дилогиясы - тәуелсіздігімізідің кешелі-бүгінгі тауқыметінен туған дүниелер.

 

*  *  *

Жастайымыздан жатталған қағида: мықты идея материалдық күшке айналмақ. ХХ ғасырдың әсіресе екінші жартысында туған қазақ тарихи романдары цензорлық, партиялық бақылаудың темір тезіне қарамастан,  тоспасы бұзылған ағын судай тасқындады. Кешегі  тәуелсіздігіміз жолында жанқиярлықпен күрескен ата-бабаларымыздың қайтпас-қайсар рухымен жігерлендірді.  Қазір де еліміздің елдігін сақтауға қызмет етуде. Тәуелсіздік тауқыметін көтерісуде.

 

"Ақиқат" журналы



 

0 пікір