Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 8377 0 пікір 28 Мамыр, 2015 сағат 09:32

КӨРЕ БІЛУ КЕРЕК, КӨРСЕТЕ БІЛУ КЕРЕК

 

 (Бүгінгі сынның бір кітабы жайында)

 «Әр қаламгер – өз дәуірінің перзенті» болатынының себебі – әр дәуірдің қаламгерлерге ұсынатын өз тақырыбы бар және сол тақырыптар тудырған шығармаларға деген дәуірлік көзқарастар да болады. Сондықтан әдеби сынның өміршеңдігіне, кейде, шығармаларға белгілі бір дәуірлік ұстаным тұрғысынан берілген бағаның солқылдақтығынан туған тұжырымдар үлкен кедергі болады десек, төл әдебиетімізде идеясы белгілі бір дәуірге телінбейтін, сол себепті өзіне лайықты бағасын дер кезінде ала алмаған және заманының өркешті тақырыбына иек артып, өз дәуірінің талғамына сай келгендіктен тек мақталып келген үлкенді-кішілі, сан түрлі тақырыптарды қаузаған шығармалар бізде жетіп артылады. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бергі жердегі ширек ғасырдай мерзімде дүниеге келген шығармалар қанша. Әдеби өмірдің бойына қан жүгіру үшін әдеби сын тұрғысынан осылардың қай-қайсысына назар аударылып, талдап-таразылануы қажет. Бірақ қазіргі дәуірде бұл ізгі ой тек ой ретінде ғана қалып қоюда. Неге? Оның себебі сан алуан: алдымен, қазақ әдебиетінде маман сыншылар өте аз, барының өзі дерлік жазбайды. Одан соң, сыншылар қаншама уақытын кетіріп жазған еңбегіне (егер жазған жағдайда) жөнді тиын-тебен алмайды. Яғни, материалдық жақтан қамтамасыз етілмеген тұлғаны өзіне пайдасы аз іспен айналыспады деп жазғыра алмайсыз. Тағы да айтар болсақ, қазіргі кезде әдеби қауым сынға төзімсіз, сын қабылдау мәдениеті қалыптаспаған бізде. Демек, «Былай тартсаң – арба сынады, былай тартсаң – өгіз өледінің» кері...

Ендеше қайтпек керек? Әдебиет болған жерде сынның, талдаудың болмауы көркем сөз әлемін дағдарысқа әкелмей ме? Әрине, солай болары хақ. Дегенмен, «Қалауын тапса қар жанар» демекші, бұл тығырықтан шығудың жолын іздеп, іздеп қана қоймай тапқан да қаламгерлер жоқ емес. Мысалы, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек (суретте). Кезінде «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінде бас редактор болған кезінде әдеби ортада үлкен тартысты мәселелерді қозғап, талай тұлғалы туындылар төңірегінде сан түрлі пікірлердің қоздауына түрткі болған Жүсіпбек соңғы кезде әдеби сыни талдаудың теленұсқасын жасап, көпшілік назарына ұсынып жүр. Екі-үш жылдан бері «Кітапхана» деп аталатын авторлық бағдарламасы арқылы ол үш адамның (жүргізуші және екі сарапшы) қатысуымен белгілі бір қаламгердің әдеби шығармасы немесе шығармашылығы және тарихи тұлғаларға деген көзқарастар маңайында ой өрбітіп, пікір туындатып жүр. Бұл бір жағынан көрермендерді қызу полемикаға шақырса, екіншіден, көпшілікті бағдарламада талданған шығармаларды оқуға талпындырады. Қалай десек те, кітап аз оқылатын мына заманда әдебиетті насихаттаудың өркениеттік озық тәсілдерінің бірі екені көрер көзге анық байқалып тұр. Бірақ телевизиялық нұсқаның аты – телевизиялық нұсқа. Әдебиет туралы теледидардан естіп ой түюге болғанмен, теледидардан оқи алмайсың. Әрі, қанша айтқанмен, «Кітапхана» бағдарламасында пікір айтқан сарапшылар өз ойларын экспромтты түрде білдіріп отырғандықтан оның ойқы-шойқысы болмай тұрмайды. Суырыпсалмалықтың бір қиындығы осында. Бірақ қайта қарауға мүмкіндік жоқ, айтылған пікір айтылған жерде қалса тағы қиын. Оның үстіне әдеби сын, талдау дегеніңіз қағазға түскенде ғана талапқа жауап беретін нәрсе. Осыларды ескерген болса керек, өзінің авторлық бағдарламасында болып өткен әдеби пікірталастардың бірталайының жазбаша нұсқасын жасаған Жүсіпбек Қорғасбек солардың басын құрап, өткен жылы «Хан Тәңірі» баспасынан «Кітапхана»(Сұхбаттар) деген атпен көлемі 15 баспа табақ кітабын шығарды. Бұл, әрине, бағдарламада болған сұхбаттардың бестен біріндейі ғана. Осы кезге дейін «Кітапханада» 150-дей кітап туралы сұхбат жасалып, оған 250-дей қаламгер қатысқанын еске алсақ, оның қағазға түсіп тасқа басылғанының көлемі тым шағын екенін білеміз. Дегенмен, 29 сұхбаттан тұратын біршама көлемді кітаптың оқырмандарға берері аз емес.

Кітаптағы жеке-жеке талданған шығармалар: Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» хикаяты, Мұхтар Мағауиннің «Жармақ», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Адам Мекебаевтың «Құпия қойма», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Әбіш Кекілбайдың «Үркер» романдары, Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы және Қабдеш Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние», Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны», Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние», Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Тыныштықбек Әбдікәкімовтің «Қас Сақ аңқымасы» және Оразақын Асқар құрастырған «Қара өлең» атты кітаптар. Сонымен бірге Қажығұмар Шабданұлы, Ғабит Мүсірепов, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Тәкен Әлімқұлов, Мұхтар Шаханов шығармашылығы талданған. Оралхан Бөкей шығармашылығы туралы автордың жеке мақаласы бар. Ал мұның сыртында Шыңғыс ханға қатысты бес сұхбат, Аттилаға арналған бір сұхбат бар. Жалпы осы талдау-сұхбаттарға, ішінде ақын-жазушысы, сыншы, ғалымы бар қырықтан аса қаламгер қатысқан.

Біз кітаптағы сұхбаттардан қаламгерлердің кейде объективті, кейде субъективті пікірлерімен танысу арқылы көп нәрсеге көзіміз жетіп, бір қаламгер не шығарма туралы жан-жақты ойлауға болатынына көз жеткіземіз. Бұл сұхбаттардың әдебиетке де, оқырмандарға да ең бір пайдалы тұсы. Мысалы «Шығарманың аты – «Бесатар», авторы – Асқар Сүлейменов» деген сұхбатта Мәмбет Қойгелдінің: «...Асқар Сүлейменов 1917 жылғы революциялық төңкерісті, соның қарсаңындағы, сонан кейінгі өзгерістерді басынан кешірген Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты тұлғалы жазушылардың жалғасы. Осы 20-30-жылдары қазақ әдебиетінде қарсылық әдебиеті қалыптасқан, протестная литература. Ол қарсылық әдебиетінің негізін қалаушы, меніңше, Мағжан Жұмабаев. ...60-жылдардағы орыстандыру саясаты, сондағы тоталитарлық идеология, соған қарсылық, бұл мынау Асқар Сүлейменовтің «Бесатары», мен солай бағалаймын», – дегені оқырманға аталған шығарманың идеялық негізі туралы нұсқау боларлықтай.

«Жармақ» жан айқай ма, әлде...» дейтін М.Мағауиннің романы жайындағы сұхбатта сыншы Әмірхан Меңдеке мен ақын Аманхан Әлімнің арасындағы көзқарас қайшылығы айқын көрініп тұрады. Сыншы роман туралы жоғары пікірде болса, ақын сыншыл көзбен қарап романның мінін ашық көрсетіп, өз ойын мысалдармен дәлелдейді. Қараңыз, Әмірхан Меңдеке: «Бұл кітапты әдеби құбылыс деп бағаладым, әлі де сол пікірімде қаламын. Жармақ – ұсақ ақша. Ірі ақша емес. Ұсақ ақша қалтаңнан түсіп қалса онша ренжи қоймайсың ғой. Өйткені ол ұсақ ақша. Біз де ұсақталып кеттік, әсіресе қазақтың зиялылары. Біз қазір Абылайдың түсіндегідей бақа-шаянға айналып кеттік. Бізге осындай сыншыл романдар бәрібір керек еді. Мысалы, Жапонияда да, Италияда да өзінің ұлтына сын көзбен қарайтын романдар көп. Абай да аямайды, мысалы. Бұл да сондай. Ал енді Мұхтар Мағауин қазақты неге сынап жатыр? Қазақты ерекше сүйгендіктен. Міне, біздің бойымызда осындай кемшіліктер бар. Өзіміз қазақтың зиялыларының арасында жүргеннен кейін байқамаймыз, дабыр-дұбыр, шумен бірге. Ал Мағауин қазақтың зиялыларын бөлек қойып қояды да, сыртынан қарайды. Сөйтіп өзінің сыншыл ойын айтып шығады», – деп «Жармақты» қолдаса,   Аманхан Әлім «Жармақ» романындағы бір адамның екіге жарылуының жаңалық емес екенін, ондай тәсілдің бұрыннан бар екенін айта келе ойын былайша тұжырады: «Екінші көңілімнің қалған себебі, романды оқып шыққанда шын мағынасындағы ұлттық, мемлекеттік мүддені көре алмадым. Бұл роман кәдімгі сары басылымнан бастап, осы күндері шығып жүрген газет-журналдардағы мақалалардың жиынтығындай әсер етті. Бірақ басқа сәттермен, басқаша сөздермен айтылған. Мысалы, тараншылар, өзбектер туралы «сартстан» дейді. Үшінші менің көңілімді қалдырғаны, бұл кісі өзінің кейіпкерлерін аямайтыны. Романда 28 адам бірдеңеге қарсы хат жазыпты. Соны 28 надан, топас дейді. Осындай ауызекі, көшедегі жаргондар, «қарғаулар» көп. Бұл үлкен жазушыға үлкен күнә. Менің ойымша, автор өзінің жағымды да, жағымсыз да кейіпкерін бөліп қарамауы керек. Авторға екі кейіпкер бірдей болып отыруы керек, бірақ жағымсыз кейіпкер екенін дәлелдеп отыру керек. Төртінші көңілімді қалдырғаны, ішіндегі кейіпкерлер өмірде бар адамдар, оларды тұтастай қаралап көрсету өмірге де, әдебиетке де келмейді», – деп романнан өзі көрген кемшіліктерді тізіп шығады. Бұл тартыстан шығатын қорытынды – «Жармақты» асыра бағалауға да, іске алғысыз етуге де болмайды екен.

Осындай пікірталас алаңында барьердің екі жағына шығып алу – «Соңғы парыз» кімнің, ненің парызы?» атты сұхбатқа қатысқан ақын Мырзан Кенжебай мен жазушы Серік Нұғыманның арасындағы диалогта да көрініс табады. Бірақ мұнда жоғарыдағыдай емес, романның көркемдік биіктігі мен идеялық тереңдігі жайлы талдау жасаған Серік Нұғыманның ойлары дәлелді, сараптамалық жағынан мықты шығып жататын сияқты. Мысал келтірсек, «Соңғы парыз» романы туралы С.Нұғыман былай дейді: «Бұл – жанның үні. Бұл сыртынан баяндаудағы публицистика емес, жанның үні болып шығады-дағы, тебіреніп отырасыз. Жазушы бұған дейін қазақ әдебиетінде болмаған жаңа тәсіл тапқан. Тағы да қайталап айтамын, бұған өткенді қайталау деп қарамау керек, Өткенді жан дүниесінен сараптап өткізіп, қай жерде не кетті, соған толықтай баға беретін толғаныс. Сондықтан публицистикалық сарыннан жұрнақ та жоқ. Иә, бір жерлерінде автордың өзі ортаға түседі. Тағы бір айта кететін нәрсе, әдебиеттің жанын ұстап тұратын адам. Адамтануда белгілі бір моральдық шеңберде ғана қалып отырмыз. Ал мына кісі неге шеңберді жара алды? Үлкен тәжірибе бар. Шеберлікті ғана жетілдірген жоқ, адам болмысын тануда да ойын жетілдірді.

Кейінгі кездердегі жаңа мазмұндағы, соны көркемдік деңгейдегі форманың алғашқы қарлығашы. Эксперимент дегеннің өзі сынақ. Оның өзі сәтті бола бермейді. Бұл романды өте сәтті шыққан, үлкен дайындықпен шыққан эксперимент деп ойлаймын. Кейінгі жас жазушылар осыдан үлгі алуы керек деп есептеймін». Бұл – көркем сөздің сырына бір адамдай қанық жазушының орынды уәжі болса керек.

Ал Мырзан Кенжебай мен Әмірхан Балқыбектің пікірталасында («Олжас қандай ақын, «АЗиЯ» нендей кітап?» атты тақырыптағы сұхбат) Олжасты мақтап отырғанның да, даттап отырғанның да дәлелдері жеткілікті, тұжырым-логикалары мықты көрінеді. Қапелімде қай жағының сесі басым екенін ажырата алу қиынға соғатыны бар. Дегенмен мәселеге ұлттық көзқарас тұрғысынан келген М.Кенжебайдың О.Сүлейменов поэзиясының идеялық жағы, оның қазақи ұғымдарды сіңіруі мен түсінуі және қолдануы жайында айтқан пікірлерінің өткірлеу екені көрініп тұрады.

Кітаптағы ендігі бір назар аударарлық сұхбаттар – Адам Мекебайдың «Құпия қойма» романы («Адам жазған апокалипсис») мен Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» (Таласбектің «Талтүсі») романдары жайында өрбіп, әдебиетімізге өз жаңалығымен келген көлемді прозалық шығармалар талданады.

Поэзияға арналған сұхбаттарға («Қай қазақ «Мен – Қазақпын» деп айтпады дейсіз?», «Мұқағали магиясы», «Шаханов поэзиясындағы биіктік, жазықтық және  тереңдік сыры», «Қара өлеңнен айрылып қалмауымыз керек», «Тыныштықбекті түсінгім келеді») Мұхтар Шаханов, Есенғали Раушанов, Оразақын Асқар, Ғалым Жайлыбай, Сәкен Иманасов, Маралтай Райымбекұлы, Әбубәкір Қайран сияқты ақындар атсалысып, қазіргі дәуірдегі ұлттық поэзиямыздың өткендегі және қазіргі жай-күйі, деңгейі кеңінен талқыға түскен.

Сонымен бірге осы кітаптағы бірнеше сұхбатта («Қазақтың жаны» қандай кітап?», «Қорғансыздың күні» қазақтың бүгінгі өміріне де ұқсайды») белгілі бір шығармалар төңірегінде пікірін білдірген әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова ханым бұрынғы және қазіргі қазақ прозасындағы жетістіктер турасында сыр шертеді. Қай кезде де көркем шығармаларға әділ баға беретін әдебиетші ғалымның ой-тұжырымдары теориялық тұрғыдан бағалы болып келеді. Мына жерде де сол қалпында жарқырап көрінеді.

Содан соң мемуарлық шығармаларға арналған сұхбаттарда әдеби шығарманың бұл түрі жайлы ой толғаған жазушылар (Қабдеш Жұмаділов, Жаңабек Шағатай) мемуардың не екенін, оның жанрлық ерекшелігінің қалай болатыны туралы жан-жақты айта келіп, жекелеген авторлардың мемуарлық шығармаларын (Қ.Жұмаділов – «Таңғажайып дүние», М.Мағауин – «Мен», Қ.Мырза Әли – «Иірім», Қалиқан Ысқақ – «Келмес күндер елесі») талдап, таразылап, оқырмандарды көп нәрседен хабардар етеді.

Дей келгенде, Жүсіпбек Қорғасбектің «Кітапхана» атты әдеби сұхбаттар кітабы – өзінің жаңаша формасымен қазақ сынының ілгері басып, дамуына үлкен әсері бар кітап дейміз. Кітаптағы сұхбаттарда көзге алдымен түсетін пікір еркіндігі мен сарапшылардың субъективті ойлары шығарманың көркемдік құнын белгілеуде жетекші рөл атқарып, белгілі бір шығарма төңірегінде қозғалған әңгіме оқырман қауымды кітап оқуға тартса, әдеби ортаның сол кітапқа лайықты баға беруіне мұрындық болары анық. Кітапқа енген сұхбаттардың полемикаға тартып тұратын тұстарының көп болуы да соның бір дәлелі.

Осы кітапқа енген бір сұхбаттың соңында тәуелсіздік алғаннан кейін туған тұлғалы туындылар жайында айта келіп, кітап авторы: «...кесек-кесек көркем шығармалар тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрді. Тек мұны көре білуіміз керек, көрсете білуіміз керек» деген екен. Біз де осы уәжге тоқтап, қазақ сынына жаңа бір пішін ретінде еніп жатқан Жүсіпбек Қорғасбектің бұл еңбегінің маңызын көрсете білу керек деп шешіп, осы мақаланы жаздық. Тегінде жақсыға мойын бұрып, жаңалықты тани білгенге не жетсін.

АХМЕТ ӨМІРЗАҚ

Abai.kz

 

0 пікір