Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5015 0 пікір 28 Мамыр, 2015 сағат 13:39

Еліміздегі бірде-бір облыста реставрация саласын түсінетін мекеме жоқ

Бүгін «Еліміздегі тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қазіргі жай-күйі» тақырыбымен өткен «Нұр Отан» партиясы «Мирас» қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында ҚР Мәдениет қайраткері Сәдуақас Ағытаев осылай деп мәлімдеді.

«Бүгінгі күні реставрация саласында лицензия алған мекемелер көбейді. Нарықтық экономикаға бейімделіп жатқан жайымыз бар. Қажетті ғылыми тәжірибелік деңгейді талап ететін бұл салада әзірге тек қана кемшіліктерді ғана атап айта аламыз. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Дегенмен, әрқайсысының орны бөлек  тарихи, мәдени құндылығы қайталанбас мұрамызда жасалып жатқан кез келген жұмыс мемлекеттік деңгейде сапа тұрғысынаан тексеріліп отыруды талап етеді», - деді ол.

«Бірде-бір облыста реставрация саласын түсінетін, эксперттік баға бере алатын мекеменің жоқтығын ескерсек, бұл функция жедел түрде шешімін күтіп тұрған басты мәселелелердің бірі екендігі түсінікті болады. Құрылыста Уәкілетті органның тәуелсіз экспертиза функциясын атқаратын мемлекеттік мекемесі сапа мәселесін қадағалайды. Мәдениет және спорт минстрлігінде осындай мекеме ашылуы керек немесе басқа бір мекемеге бұл функция жүктелуі керек», - деп атап өтті сәулетші ғалым.

Айта кетейік, іс-шара барысында арнайы әзірленген көрме ұсынылып, мәдени ескерткіштерді реставрациялау, консервациялау, қайтадан жасау жұмыстарының сапасы, қорық-мұражайлардың мәдени туризмді дамытуға қосар үлесі, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамалардың орындалуы мәселелері қаралды.

Отырысқа ҚР Парламенті депутаттары, сондай-ақ құзырлы ведомстволар басшылығы, тарихшы ғалымдар мен сәулетшілер, мұражай саласының өкілдері қатысып, есептік баяндамалар жасады.

Абай-ақпарат 

0 пікір