Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Масқара! 7727 0 пікір 28 Мамыр, 2015 сағат 14:09

ҚАЗЫҒҰРТ АСУЫНДАҒЫ «АКЖУСЕЛЬДІҢ» БЫЛЫҒЫ

 

Қазақстан Республикасының Президенті

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа

“Қазығұрт асуындағы жол құрлысының

халыққа келтірген

                                   залалы және құрлыстың тоқтап қалғаны туралы” хат

                                Аса қадірменті Нұрсұлтан Әбішұлы!

       2014 жылдың маусым айынан бастап республикалық маңызы бар Шымкент-Ташкент асфальт жолын қайта салу басталды. Бұл Ұлы жібек жолын жаңғыртуға арналған Қытай – Батыс Еуропа халықаралық дәлізінің бір тармағы. Жобаны халықаралық құрылымдар қаржыландыруда.            Алғашқы жоспар бойынша оның Қазығұрт асуындағы бөлігін “Акжусель” ЖШС-і сол жылдың қараша айына дейін істеп бітіретін болыпты. Бірақ жоспар “Акжусель” ЖШС-нің кәсіби саяздығынан, жұмысты ұйымдастыра алмайтындығынан, бас медігердің, облыстық «Оңтүстікжоллаборатория» басқармасының нұсқауларын тыңдамайтығынан орындалмады. Ұйымның директоры Шоқан Сыздықов жұмыс басында бір, немесе бірнеше айда бір рет көрініп, басқа жақтағы ондаған фирма – корпорациясымен, сайрандаумен әуре. “Акжусель” ЖШС-нің бұрын жол құрлысымен нәтижелі айналыспағаны, мамандарының біліксіздігі, Ш.Сыздықовтың  маман еместігі байқалады. Сондықтан жұмыстың жүрісі салғырт болып, өз бетімен кетіп, тоқтап қалғаны.

(Қазығұрт асуындағы көріністер)

Әрине бастапқы жобадан алғашында-ақ кемшілік шығып, жұмыс көлемі ұлғайды – жол тереңдетіліп, екі жағындағы беткей жонылды. Тереңдетілуі қажет болғанымен, екі жағын жону алдын ала жан-жақты зерттеу, сараптамадан өткізіліп, заңдарға сәйкес бекіту арқылы емес, тек аталған ЖШС-нің директоры Ш.Сыздықовтың еркімен басталып, қошталып істелді. Соңынан заңдастырылған болуы да мүмкін.                 

Осылайша алдын ала талқыланып, негізделмегендіктен жұмыс көлемі, қаржы шығыны дәлелсіз көбейіп, оны істеу кезінде қоршаған ортаға, сол маңдағы шаруашылықтарға қыруар зиян келтірілді. Халқымыз Нұх Пайғамбарға байланысты қасиетті жер санайтын аймақтың ойпаң-тойпаңы шығарылып, бірнеше ондаған гектар жайылым, шабындық, егіс егетін жер жарамсыздандырылып, күйзелістен қиналып отырған ел одан бетер қинала түсуде:

 

Егер бұл жұмыс ойластырылып істелгенде, өткен жылғы күзге дейін жолдың тым болмаса екі қатар көлік жүретін бір тілкемін уақытша пайдалануға беріп, қыс айларында көліктің бір бағыттағысын бұл жолға бұруға болар еді. Сөйтіп ескі жолдағы Шымкент-Ақтас-Рабат-Қ.Мәмбет маршрутында көлік азайып, олардың опатқа ұшырап, адамдардың қаза табуы сирер еді. Алайда сықақшы ақын Асқар Тоқмағамбетов айтқандай “бассыз бастық” олай ете алмады. Ол өзінің осы асудағы жол жағасындағы “Қанағат” кафесіне зақым келтіргісі келместен жұмысты шығыс жақтан бастап, батыс жағын екінші кезекте, күзде істеді (бұл уақытқа дейін өз кафесіне зиян келтірмеудің жолын тапқан болса керек.). Батыс жақтың топырағын тасушы ондаған, бірінен соң бірі тізіліп келе жатқан көліктер, жолдың шығыс жақтағы уақытша пайдалануға болатын тілкемін кесіп өтіп отырды. Сондықтан бұл дайын тілкеміарқылы көлік жүргізуге болмады. Егер алдымен жолдың батыс жағы істелгенде, қазан айына дейін бітіп, ол арқылы уақытша көлік жүргізуіге болар еді. Сонда жолдың шығыс жағында істеп жатқан көліктер, топырақты шығыс жақта орналасқан қоймаға кедергісіз таси берер еді. Сөйтіп бір-бірінің жолын кеспей Шымкент–Ташкент бағытында жолдың батыс жағындағы тілкемімен өтіп жатқан көліктер бұларға, бұлар оларға кедергі болмас еді. Жолдың екі жағындағы жоталардың шығыс жағын қырнау тамыз айында, қарсы беті желтоқсан айында тамамдалды. Қырнау біткен соң, қыртысы бүлінген төбелерден жаңбыр, қар суы бейтарап жаққа ағып кететін науалар қойылып, ағаш егілуі тиіс еді. Алайда бұл жасалмады. Сондықтан аталған сулар жалаңашталған төбелердің топырағын шайып, эрозияландыруда. Бұл экологиялық апатқа жетелеуде:

Қосымша жұмыс көлемі шілде айының басында анық болды. Демек “Акжусель” ЖШС-нің бұл жерге қажетінше күш жинап, кесте бойынша жолды бітіруге ұмтылуы тиіс еді. Бірақ оны ойлауға республика бойынша ондаған кәсіпорыны бар Ш.Сыздықовтың қолы тимеді. Өйткені ол тиісті қаржысын онсызда алады, жауапкершіліктен қорғайтын “көкесі” бар. Ал, осындай дүмше бастықтың тірілігінен сорлап, қиналып жатқан да, опатқа ұшырап, мерт болып жатқан да халық.

Баяндалған келеңсіздіктің салдарынан жол оқиғасы күрт көбейіп,   адамдар мен көліктер опат болды. Өйткені негізгі жол осылайша істен шығарылғандықтан, Шымкент-Ташкент-Ашхабад бағытындағы көліктердің барлығы ескі жолмен,  Шымкент-Ақтас-Рабат-Қ.Мәмбет е..м. арқылы жүруге мәжбүрленді. Ал бұл ескі жол өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының өзінде тар, қауіпті болғандықтан жаңа жол салынып, көліктер негізінен сексенінші жылдардан бастап жаңа, қазір қайта жасалынып жатқан жолмен жүретін; көліктер қайта құрылуға түскен жолда сағатына 110 шақырымға дейін жылдамдықпен жүріп, тез өтетін. Ал ескі жолда жылдамдығы 40-60 болып, уақыт пен жанар-жағар майға көбірек шығындалып, экономикамызға, бұл жол халықаралық дәліз болғандықтан, еліміздің абыройына да айтарлықтай нұқсан келтірді.         Қ.Мәмбет ауылының жол бойындағы Әнуар деген кәсіпкердің жанар май бекеті мен бетон блогын шығаратын цехы да жол құрлысына байланысты тоқтап, адамдар жұмыссыз қалды.       Жолдың батыс жағындағы егістік жерді, кіші базардың маңын “Акжусель” ЖШС-і өз бетімен қазып тастапты. Бұл нысандардың иесі Сайрамбайдың жесірі не жерін, базарын пайдалана алмай, не зиян шеккені үшін төлем ала алмай жылап жүр. Ол кісі бұл жөнінде бірнеше рет хабарласқан екен Ш.Сыздықовпен, “Шоқан быдыр-быдыр етіп бірнәрселерді айтты, ешнерсе түсінбедім, мәселем шешілмеді” дейді. Бұл ЖШС сол маңдағы халықаралық телекоммуникация жүйесін де істен шығарған көрінеді.

Жолды қазып, жанындағы қыратты жонып, топырақты тасыған кезде шыққан шаң жолға қаптарлас салынып жатқан Тұран қалашығын, оның ағаштарын күні-түні басты. “Акжусель” ЖШС-і смета бойынша қаржы қарастырылған болса да, шаңды басу үшін жолға су шашпады. Қаржы қайда кетті екен? Бұл жұмысты шамасы келгенше тұрандықтардың өздері атқарды:

Бірақ қою шаңды басуға қауқары жетпеді. Ауаны шаң басқаны соншалық, жұмысшылар дем ала алмастан, тіпті түнде де көздеріне шаң кіріп, ауырып, жөтеліп, тыныға алмастан құрлыс жұмысы тоқтады. Ал жапырақтары шаң басқан өсімдік, ағаштар зақымданды, құрады. Ш.Сыздықов оның ұйымы жол құрлысын бастағанда біздің меншігіміздегі жерге зиян тигізіп, біз еккен ағаштарды көшіретін болғандықтан ол зияндардың орнын толтырып беремін деп уәде берген еді.    Алайда, өз жұмысын бітіргеннен кейін, яғни “есегі лайдан  өткен соң” уәдісінде тұрмай, алаяқтық жасады. «Шағымдансаң шағымдана бер, мен ешкімнен қорықпаймын» деп қыр көрсетіп, зорлық жасай бастады; нысандарын Тұранның электр жүйесіне өз бетімен жалғап, озбырлықпен электр қуатын төлемсіз пайдаланды.       Тұрандағы ағаштарды, гүлдерді суаруға, құрлысқа, тұрмысқа қажет су трактормен тасылатын. Жолды “Акжусель” ЖШС-і бұзып тастап, тым болмаса уақытша жүруге болатын жол ізін де қалпына келтіруден бас тартты. Сондықтан суарусыз, шаң астында қалған жасыл желек одан бетер әлсіреп, қурай түсіп, қысқа қауқарсыз түскендіктен биылғы көктемде көптеген өсімдік, ағаштардың  біразы оянбай қалды. Сөйтіп сыртқы дүниемен байланыс жасау, “Түрік Халықтарының Дүниежүзілік Ассамблеясы” халықаралық ұйымының бас-штаб квартирасына қайраткерлердің келіп-кетуі доғаралып,  қажетті заттарды, азық-түлікті батпаққа батып, жаяу тасып, Тұран блокадаға түсті. Осылайша түрік халықтарының тарихи-мәдени орталығы Тұран қалашығының құрлысына, оның тұрғындарына үлкен зиян тигізіп, қасірет әкелді. Ал Тұран қалашығын салу 2007 жылдың 19 қыркүйегінде Ақ Ордада құпталып, бірінші кезекте жүзеге асырылуы тиіс туристік нысандар тізіміне кіргізілген еді. Тек Министрліктің, «Оңтүстікжоллаборатория» ММ-нің арласуымен бас медігер БК «Тodini – Impregilo – Akkord» бұл жағдайға түсіністікпен қарап жаңа жылдың қарсаңында Тұранға кіріп, шығар жол сала бастаған еді, бірақ ол да аяқсыз қалды.        Қазірдің өзінде асудағы, жол салушылар мен басқа да көліктер өтіп жатқан жолдың үстіңгі ернеуінде жатқан ауыр бетон ернеулер кез-келген уақытта көліктердің үстінен құлап, апат болуы мүмкін. Олардың бірнешеуі абырой болғанда, өтушілер жоқ кезде ....құлапты:

Ал күздің соңынан бастап бүгінге, яғни мамыр айының жиырма бесіне дейін асудағы жол салу жұмысы тоқтап тұр. Жолдың биыл бітпейтіні көрініп тұр. “Акжусель” ЖШС-інің бұлайша есіруі оның директоры Ш.Сыздықовтың еліміздің бас прокуроры А.Дауылбаевтың асығы өрге өрмелеген туыстарымен “әмпей-жәмпейлігінде” деген қауесет бар. Тәртіп бойынша басмердігер субмедігерлерд өзі таңдайды. Ал бірақ “Акжусель” ЖШС-і ақша көп бөлінетін Қазығұрт асуындағы жолды қайта салу жұмысын орындауды бас мердігер анықталмай тұрып-ақ, өзінің “көкелері” арқылы иемденген екен. Бұл жөнінде автор бас прокурор А.Дауылбаевқа хат жолдаған болатын жолды салуды жандандыруға ықпал етіңіз деп. Алайда бұл мекеме өзінің бюрократиялық әдісімен, ол хатты облыс прокурорына, ол, ОҚО ішкі істер департаментіне жолдапты. Мүмкін Ш.Сыздықовтың тірегі дауылбаевтар әулеті емес шығар. Онда оны тайраңдатып қойған кім? Мұны анықтау Бас прокурордың міндеті, мәселе оның атына байланысты болғандықтан да. Ізденісті ОҚО ІІБ-не итере салу, жұмсақ айтқанның өзінде күмәнді қадам. Өйткені қолдауыш тірек те, субмердігерге де келісім беретін соңғы инстанция – тиісті Министрлік те Астанада, ал ОҚО ІІБ-нің былығып біткенін, мәселенің шынайы анық-қанығына жетпейтінін біледі. Сол хатымыздан нәтиже шықпаса, онда Елбасыдан жәрдем сұрауға мәжбүр боламыз деген едік. Байқап отырғанымыздай, Бас прокурор бұған мән бермепті. Сонда қалай болғаны?

...Бас медігер «Тodini – Impregilo – Akkord» бірлескен кәсіпорнының директоры Джавид Гараев мырза бұл жолды өз күшіммен болса да биыл бітіремін деп отыр. Оның өзі басқа елдің азаматы және ұйымыда жергілікті болмағандықтан “көкесі” тіреп тұрған  Ш.Сыздықовты қыспаққа алуға, ол туралы жоғарғы жаққа шағымдануға дәті бармайтыны түсінікті. Бірақ Дж. Гараев не үшін алаяқтардың жұмысын атқаруы керек, оған мүмкіндігі бар ма? Ш.Сыздықовтың компаниясынан үміт жоқ. Демек одан бұл жұмысты ресми түрде алып, «Тodini – Impregilo – Akkord» бірлескен кәсіпорнына жүктеп, тиісті деңгейде қаржыландыру керек. Бұл мәселені тез шешу қажет. Ал бірақ  Ш.Сыздықовтың құдіретті көкелерінен ешкім асып кете алмайды. Сондықтанда бұған Елбасымыз тікелей араласпаса, басқа лаж қалмады. Осылайша бұл маңайға қасірет әкелген “Акжусель” ЖШС-нің директоры Ш.Сыздықов төмендегі суреттегідей қыздармен шампандасып, жалғанды жалпағынан басып жүріп жатыр:

Осы баяндалған жайларға негізделе отырып, өтінеміз Сізден, тиісті органдар арқылы:

  1. Қазығұрт асуындағы жолды қайта құру жұмысының үдесіне шыға алмаған “Акжусель” ЖШС-нен бұл жұмысты тәуелсіз комиссия арқылы қабылдап, бас мердігердің өзіне жүктеп, жол жұмысын биылғы күзге дейін аяқтатып, пайдалануға бергізуіңізді;
  2. “Акжусель” ЖШС-нің Қазығұрт асуындағы жолды қайта құру жұмысын заңсыз иемденгенін анықтатуыңызды (мұны қазір дәлелдеу оңай       емес, өйткені қағазда бәрін тігісін білдірмей жатыстырып қойған шығар мүдделілер);
  3. асудағы жолдың екі жағын қырнау, маңайдағы жерлерді жарамсыздандыру қаншалықты қажет болғанын, оның заңдылығын тексертуіңізді;
  4. эрозиялана бастаған, және бүлдірілген жерлерді әрі қарай бүлінуден қорғайтын, қалпына келтіретін кешенді шараларды жақын арада жасатуыңызды;
  5. “Акжусель” ЖШС-інің жауапкерсіздігінен, зорлығынан зиян шеккендердің зиянын өтетуіңізді, атап айтқанда:

-          Қыдыр Мәмбет ауылының бүлінген шабындық, жайылымдарының көлеміне сай малына жөп сатып алып келіп бергізуіңізді,

-          Сайрамбайдың жесіріне, сол маңдағы шаруашылықтарға, Әнуардың жұмыс істей алмай қалған жанар май бекеті мен бетон блок шығаратын цехының, Тұран қалашығының және басқалардың,  

-          асудың қыс айларында пайдалануға берілмегендігінен көбейген көлік апатынан зардап шеккендердің.

  1. 6.     Ш.Сыздықовтың, және оның қатысы бар коммерциялық субъектілердің жұмысын, қаржыландыруын, жұмыс объектілерін қалай алып жүргенін, “Қанағат” кафесі, сол маңдағы жанар май бекетін, басқа да меншігіндегі нысандарды сатып алғанда өзіне тиісті ұйымдардың қаржысын мақсатсыз қолданған, қолданбағанын анықтатуыңызды, жалпы оның қызметін жан-жақты талдап, тиісті шара қолдандыруыңызды;
  2. 7.    Тексерулерды нәтижесіне байланысты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін ойластыруыңызды.

                                        Аса қадірменті Нұрсұлтан аға!

Менің қазақ елі түрік халықтарының қауымдастығымен, пікірі оңды көршілермен бірге дамып, әлемде өзінің тиянақты орнын алсын деп үлес қосып, кейде үкіметтің назарынан тыс қалған мәселелерді де шешіп  жүргенімнен хабардарсыз.   Сөз болып отырған келеңсіз жәйттердің шектен шыққандығынан елдің қамы үшін, мұнымен айналысуға амалсыздан мәжбүр болып, Сізге жүгініп отырмын. Кезінде Кеңес Одағының мемлекеттік сыйлығына ұсынылған құрлыс ұйымдастырушы ретінде жолдың бұл бөлігін үш-төрт айда бітіруге болатынын білемін. Алайда жол екі жылда да бітетін түрі жоқ. Халқымыз “адамын тауып ойнас бол” деген. Бұл тайынсыз алаяқ пен оның компанияларын қолдаушылар тым болмаса кіммен жақындасуды білмесе керек. Мүмкін өздері де “сау-сиырдың сирағы” емес шығар. Бірақ мүмкіндіктері бәйтеректей екен. Көтерілген мәселеге Бас прокурор да мән бермей, “жабулы қазан жабуыл қалсын” деген сыңай танытқан сияқты. Күн өткен сайын алаяқтар көптеген салаларымызды эрозияландырып бара жатыр. Сізбен мұның бәрімен қайғыра бөлісіп отырғаныма түсіністікпен қарап,   батыл қадам жасарсыз деген ниетпен, 

 академик Е.Сұлтанмұрат,

“Түрік Халықтарының Дүниежүзілік Ассамблеясы”

халықаралық қоғамдық ұйымының төрағасы,

мекен-жайым:

 160301, Тұран-1, К.Мәмбет, Қазығұрт. ауд, ОҚО, тел.+77071255550,                      

 email: esultanmurat@gmail.com

Abai.kz

 

0 пікір