Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәдениет-әдебиет 10027 0 пікір 28 Мамыр, 2015 сағат 14:10

БҰЛ ӘН ӨЗІН АҚТАДЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ЖАДЫНДА ҚАЛДЫ

24-мамыр күні Алматыдағы Республика сарайында ақын, композитор Бекжан Әшірбайдың ән-жыр кеші өтеді. Бекжанның «Көршінің қызы» деп аталатын ән-жыр кешінің қарсаңында аз-кем сұхбат құрғанды жөн көрдік.

-  Бекжан мырза, 24-мамыр күні Алматыдағы Республика сарайында ән-жыр кешіңіз өткелі жатыр. Дайындық қалай? Қобалжып, алаңдап жүрген жоқсыз ба? Бұл – білуімізше,  үлкен сахнадағы бірінші концертіңіз ғой. Солай емес пе?

-         Иә, алдағы жексенбіде мен алғаш рет үлкен сахнада кеш өткізбекпін. Сондықтан болар, қобалжып жүргенім де рас. Десек те, 2013 жылдың 1 желтоқсанында Студенттер сарайында жеке шығармашылық кешімді өткіздім, 2014 жылы Жазушылар одағында «Жетпіс төрттің жеті ақыны» атты жыр кешінің бір кейіпкері ретінде ел алдына шықтым. Яғни, менің алдағы күндері өтетін «Көршінің қызы» атты шығармашылық кешіме дайындық бұдан ертерек басталды. Қырықтың белесіне шығып, әдеби, рухани, шығармалық ортада жүргенен кейін белгілі бір жасқа толып, белгілі бір белесті бағындарған соң, ел алдына бір есеп берсем деген ой да көкейімде көптен жүр еді. Алғашқы әнім «Көршінің қызы» 1999 жылы шықты. Содан бері міне, 16 жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында әні де, сөзі де өзімдікі деген қырықтан астам ән жазыппын. Олардың басым көпшілігін бүгінгі қазақ эстрадасындағы «мен!» деген жұлдыздарының репертуарына еніп үлгерді. Жалпы дайындық қызу жүріп жатыр. Алдыңғы кештен алған тәжірбие бар, сондықтан концерт ойдағыдай өтеді деген үмітім зор. Сахнаның безендірілуі, орындалатын әндердің ретті, бағдарламасы барлығы жан-жақты пысықталуда. Кешті құрдасым әрі замандасым Жанатбек Байтеков жүргізеді.

-         Сізді жалпы жұрт 1990 жылдардың аяғында айтыс ақыны ретінде таныды. Бір айтысыңызда: «Коммунистер орнына коррупистер келді ғой, пионерлер орнына зиян ерлер келді ғой» дегеніңіз есте.  Сонда: «Ақын осылай айтуы керек», - деп айызымыз қанған. Өйткені, бәріміз коммунистер мен пионерлерді жаппай жамандап, жау көріп жатқанда сіз қоғамның дерті мен ұлттың сорына айналған жаңа бір дүрегей топтың бас көтергенін білдірген едіңіз. Содан кейін сіз туралы Жүрсін Ерман: «Бекжан Әшірбай айтысқа интеллектуалдық деңгей алып келді», - деді. Өкінішке қарай, сол кездегі дүбірлі топпен бір көріндіңіз де жұрт назарынан тысқары қала бердіңіз. Неге? Ойымша, аламан айтыста сөзден ұтылмаған Бекжан өз бойындағы талғампаздықтың, интеллектуалдық мүмкіндіктің шоу-айтыстарға жүрмейтіндігін түсініп тоқтаған сияқты. Өзіңіз не дейсіз?

-         Бұл айтып отырғандарыңыз 1998 жылы менің Мұхаметжан Тазабековпен айтысымдағы жыр жолдары. Сол уақытта «Супер дода» деген атпен қазақ айтысының көшін бастап тұрған бір топ азаматтардың басын қосатын Жүрсін Ерманның ерекше бір жобасы бар еді. Осы дода менің айтыстан өз үлесімді алуыма, яғни, айтыскер ретінде халыққа  танылуыма өз септігін тигізді. Ал, айтыс ақыны ретінде алғаш ел алдына шығуым 1989 жылдан басталады. Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында Нармахан Бегалиевтің ұйымдастырумен өткен халықаралық айтыста алғаш тұсауым кесілді. Ең бірінші айтыстағы жұбым Бекарыс Шойбеков болды. Ол кезде екеуміз де мектеп оқушысы едік. Кейінен аудандық, облыстық, республикалық айтыстарда жиі-жиі халық алдына шығып жүрдім. Негізі айтыс эстрадалық жанр, құлаққа жұмыс істейді. Мұндайғы айтылған ойды сол сәтінде түсінесің. Сосын, айтыстың негізгі аудиториясы орта буын өкілдері мен одан үлкендер. Сондықтан, барынша әдебиетке, фольклорға жақын, сол мезетте халық түсіне қоятын, елдің санасында тез жатталып қалатындай, жаңа ғана өзіңіз еске түсірген жыр жолдары сияқты ұтымды ойларды дөп басып айту керек болды. Әрине, шоу сипаттында өткен осы айтыста айтқан сөздерімді елдің әлі күнге дейін ұмытпағаны мені қуантады. Сондай-ақ, айтыс сахнасынан кеткеніме бірталай жылдар өтсе де, көптеген әріптестерім және әдебиеттің айналасында жүрген бірқатар азаматтардың да аузынан «Беке, айтысқа қашан ораласыз?» немесе «айтыс сахнасынан неге кеттіңіз?» деген мазмұндағы сұрақтарды естіп, тіпті, талай айтыскерді баптаған ағаларымыздың кейде маған «айтысқа шықсаң қайтеді?» деп қолқалап жататыны да бар. Шыны керек, қазірдің өзінде айтыс көрсем, бәйге көрген тұлпардай тықыршып, айтысқа қойып кеткім келіп тұрады. 

2006-2007 жылдары орда бұзар отызға жетер жетпес шағымда қазақтың маңдайалды классик ақыны Ұлықбек Есдәулетов ағамыз мені «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары қызметіне шақырды. Мұны маған жүктелген үлкен сенім, абырой деп бағладым. Осылайша, мен үлкен әдеби ортаға тап болып, поэзия әлеміне кеңінен құлаш жайып, өмірдің жаңа бір белесіне қадам басқандай боладым. Әдебиеттің кіл майталмандары мен қаймақтарының қаламынан шыққан көркем дүниелерді басатын бұл газете редакторлық қызмет атқару ең алдымен өз-өзімді шыңдауға көмектесті. Маған жазба поэзияға ойыссам деген ой да осы кезде келді. Оның үстіне Жүкеңнің «Бекжанның дүйсенбі күні айтқаннын, сейсенбі күні түсінеміз» немесе, «Бекжан айтыс өнеріне жаңа леп әкелді» деген сияқты айтқан пікірлерінің барлығын іштей қорытып, таза поэзияға бет бұрғаным жөн деп шештім. Нәтижесінде 2008 жылы Жазушы баспасынан мемлекеттік тапсырыспен менің «Қоңыр әуен» атты алғашқы жыр жинағым, кейін т.б кітаптарым жарық көрді.  2010 жылы маған поэзия номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы берілді. Осылайша кейде,  поэзия әлемінен де өз орнымды таптым-ау деп ойлап қоямын.  

Бірақ, кейбіреулер мені айтыс сахнасынан теперіш көріп, еріксіз кетті деп пікір айтып жүр. Жалпы айтыстың табиғаты оппозицияға жақын. Айтыс ақындары айтарын тұспалдамай, өткір жеткізуімен ерекшеленеді. Қанша дегенмен бізде сөз бостандығы бар. Шынымды айтайын, ешкім мені анау айтыста артық айтып қойдың деп қудалаған да, шеттеткен де емес.

-         Ал, енді әнге келейік. Өлең сөзі мен әнін өзіңіз жазған, алғаш Тоқтар Серіков орындаған «Көршінің қызы» емес пе сізді жаңа қырыңыздан танытқан?.. Осы «Көршінің қызындағы» лирикалық кейіпкердің әйбат, таза көңілінен шыққан ой мен сұрақты кейбіреулер қылжақ деп түсініп жүр. Тіпті, «осындай да ән бола ма, әнге осындайда сөз жазыла ма?» деп танаурайтындар бар. Оларға не дейсіз? Жалпы, тың теңеу, тосын ойға қарсы айтылып жататын орашолақ пікірлерге не дейсіз? Талғам неге төмендеп барады?

-     1993 жылы, менің студент шағымда, Жазушылар одағында, ұмытпасам Мейірхан Ақдәулет ағаларымыздың ұйымдастыруымен жас ақындардың арасында жыр мүшайрасы болды. Екінші, үшінші курста оқып жүрген кезім. Жыр сайысына қатысқан 200-ге жуық жас ақынның арасында мен де бар едім. Осы додада қазылар алқасы менің «Көршінің қызы» атты өлеңімді екінші орынға лайық деп тапты. Мұны еске түсіріп отырған себебім, кейбіреулер әлі күнге дейін дұрыс түсіне алмай жүрген бұл өлең алдымен елге белгілі мықты ақындардың, сыншылардың сүзгісінен сүрінбей өтіп, кейін халыққа ән болып тарады. Мысалы, «Көршінің қызы» алғаш Тоқтар Серіковтің орындауында Қазақ радиосынан беріле бастаған уақытта осы ән тыңдармандардың сұрауымен бір күнде 15-20 мәрте қойылды. Сонда радионың көркемдік кеңесіне басшылық неге қайта-қайта «Көршінің қызын» қоя бересіңдер деп ішкі қызғаныштарын білдірген екен. Қадыр Мызалиев ағамыздың: - «Әннің ең үлкен насихатшысы, әннің өзі» деген сөзі бар. Сондықтан мен бұл әнге осындай баға берген болар едім. Ән өзін ақтады, халықтың жадында қалды. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар.

Ал, талғам мәселесіне келсек, менің өмірден түйгенім, өзін таза шығармашылыққа немесе өнерге арнаған адам, ең бірінші тіл мен ойдың шеңберінде мол қор жинауы керек. Біздің алдыңғы буын ақын-жазушылардың қатарындағы өзіміз көзін көрген ағаларымыздың бірі –Қаныбек Сарыбаев. Ол кісі үнемі «бал арасы бір кило бал жинауы үшін бір күнде сексен мың гүлге қонуы керек. Шығармашылық жолындағы адамдар да осындай болуы тиіс» деп ескертіп отыратын. Яғни, адам қанша жерден талантты болса да, қашанда тынымсыз еңбек пен ізденістің жөні бөлек. Адамның талғамын жоғары ететін де ең әуелі осы қасиеттер. Жалпы, «талғамда талас жоқ» деп жатады. Дейтұрғанмен, кез-келген адамның талғамы оның интеллектуалдық шама шарқына да байланысты сияқты. Мысалы қазір халыққа өзіңді танытудың жолдары да, мүмкіндіктері де көп. Өлең жазатын болса, оны әлеуметтік желілердің көмегімен-ақ жалпақ жұртқа жария ете алады. Жақында біреу өз өлеңін осындай желілердің біріне жария етіпті. Әлгі өлеңнің авторының атына айтылған пікірлерді оқып отырып, біреудің «мұндай өлеңді бұрын-соңды ешкім жазбаған» деп жер көкке сиғызбай мақтағанын, оны көпшіліктің жаппай қолдағанын көріп, таң қалдым. Бұл бір жағынан сол адамдардың талғамының қаншалықты төмен екенін білдірсе, екінші жағынан олардың шын мәнінде поэзия әлеміне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар екенін аңғару қиын емес. Ақындарымызды өмірінде өлең жазып көрмеген адамдар сынауы қаншалықты әділ? Міне, осындай келеңсіздіктер кеңінен етек алып, талғам жоғалып барады.   

-         Талғам дегеннен шығады. Бүгінгі шоу-бизнесте жүргендермен араласасыз ба? Олардың ән мен ән текстін таңдап, талғамайтын, әйтеуір танылсам болды дейтін талаптарына қалай қарайсыз?

-         Мен мынадай ойға келіп жүрмін. Бізге жалпы рухани сұрыптау, өнерді кездейсоқ адамдардан тазарту керек. Мәселен, нарықта азық-түлік өнімдері болсын, киім-кешек т.б тауарлардың сапасына қандай бір талап қойылады. Тауар тұтынушысына жеткенше қаншама сүзгіден өтеді. Осы сияқты, өнерге де осындай талап қою керек. Неге десеңіз, көптеген мемлекеттер музыканы елдің идеялогиялық құралы ретінде пайдаланып, аса мән береді. Ал, бізде өзіңіз айтқандай атым шықса болды деп, әннің мазмұнына, тіліне мән бермейтіндер көп. Мысалы, біздің «Х-Фактор», «Супер-стар» секілді жобалар қай елдің әнін насихаттап жатқанын түсінбейсің. Әйтеуір, біздің әндер емес. Осының салдарынан ұлттың бояуы қанық, қазақтың қоңыр үнді әндері әлдеқашан «модадан» қалғандай көрінеді. Сондықтан, өнерге деген талаптарды күшейтіп, тіпті, мұны заңмен реттейтіндей жағдайға жеткізсек, «талғамсыз» деген жаман атқа қалмас едік. Жалпы, өз мәдениетіміз, әдебиетіміз, өнеріміз заңмен қорғалуы тиіс. Көркемдік кеңес те керек-ақ. Мысалы, Өзбекстанда әншілерге мемлекет арнайы лицензия береді. Осы лицензияны алу үшін олар заңда көрсетілген талаптарға сай болулары крек. Заңды бұзса, лицензияларынан айырылады. Ал, бізде бәрі басқаша. Ақшаң болса болды, ертең-ақ жұлдыз атанып, әнің хитке айналуы ғажап емес. Мұның барлығы талғамға қатысты мәселелер.

-         Концертімізге оралайық.  Билеттер қалай сатылып жатыр?  Көрермен қауымды селт еткізер тосын сыйлар да болып қалатын шығар?

- Бұл жолғы концерттімде қазақ эстрадасындағы маңдайалды, мойындалған, өзіндік аудиториясы бар, әншілердің басым бөлігі менің авторлық әндерімді онындайды. «Нұр-Мұқасан» дуэті бастаған, Жұбаныш Жексенұлы, Мақсат Базарбаев, Саят Медеуов, Жанболат пен Жазира, Әділ Сламхан, Роза Әлқожа, Сырым Исабаев сынды халыққа танымал әншілер мен кейінгі кездері әндері хитқа айналып, ел біле бастаған әншілер Абай Бегей, Ақылбек Жеменей, Ибрагим Ескендір, Асхат Тарғын т.б азаматтардың орындауындағы әндерім кештің көркін қыздырады деп күтілуде. Ал, билеттердің сатылуы жаман емес. Шеті көрініп қалды десе де болады. Өздеріңізге белгілі бұған дейінгі менің алғашқы шығармашылық кешім 2013 жылы Студенттер сарайында өткен болатын. Оны бастан аяқ Хабар агенттігі түсіріп, қазір телеарналарда көрсетіліп жүр. Енді, алдағы күндері Республика сарайында өткелі жатқан концертімде халықты қандай жаңалықтар мен тосын сыйлар тосып тұр дегенге келсем, біріншіден, кеште шырқалатын әндердің сексен пайызы жаңа әндер және жаңа орындаушылар. Тағы бір тың жаңалығымыз халыққа жақсы таныс «Көршінің қызы» әнін бұл жолы Тоқтар Серіков емес, Сырым Исабаевтің орындауында тыңдайтын боласыздар. Менің әндерімнің басым бөлігін өңдеп, оған ұлттық бояу берген Қуаныш, Ораз деген аранжировщик жігіттердің де орындалуында әндерім шырқалады. Жалпы, бұл концерт жаңа бағдарламамен халыққа жол тартқалы отыр. Ал, кештің телевизиялық нұсқасын Қазақстан телеарнасынан көре аласыздар. Маған ақпараттық қолдау көрсетіп, кешті түсіруге ниет білдірген Қазақстан телеарнасына, осы арнаның басқарма төрағы Нұржан Жалауқызына үлкен алғысымды білдіремін. Сол сияқты, «Abai.kz» ақпараттық порталына, «Алаш айнасы» мен «Айқын» газетіндегі, «Қазақ әдебиетіндегі» әріптестеріме, «Астана», «Алматы», «КТК», «31», «НТК», «Нұр»  телеарналарына және өзіміздің «Заң» медиа-корпорациясына» қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын.

Сұхбаттасқан  Дәурен Қасенұлы.

Abai.kz 

0 пікір