Сенбі, 20 Сәуір 2024
Cатира 6507 0 пікір 1 Маусым, 2015 сағат 14:23

ҰБТ, СЕНІ СҮЙЕМІН!

Қыз бен жігіт саябақта кездесіп, оңашада әңгімелесіп тұр.

– Сенің атыңды неге ҰБТ деп қойған? –деп сұрады қыз жігіттің жүзіне күлімсірей қарап.

– Ұлттық бірыңғай тестің құрметіне...

– Біртүрлі есім екен...

– Сенің де атың оңып тұрған жоқ қой... Тестгүл... Бірінші естігенде аузымды ашып, таң қалып тұрғанымда, шыбын кіріп кетті емес пе?

– ҰБТ, сен ғой, универде оқисың, ҰБТ-дан өтіп кеттің. Мен қорқатын сияқтымын...

– Қорықпай шешіне бер...

– Шешінгені несі? Қойшы, қайдағыны айтпай?–деп бұртиды қыз.

– Полицейлер денеңнен шпаргалка іздеп, шешіндіреді әлі...

– Ия саған...

– Шын айтамын. ҰҚК жігіттері ерніңнен сүйеді...

– Неге?

– Аузыңда қондырғы жоқ па, соны тексеру үшін...

– Ужас...

– Ақша жинадыңдар ма?

– Ия...

– Тексерушілерге береді ғой...

– Ой, қандай қорқынышты! ҰБТ, егер ҰБТ-дан өте алмай қалсам бар ғой, сразым күйеуге тиіп кетемін!

– Кімге?

– Кім болса, соған! Шалға да тие саламын!

– Ойбай, мен ше?

– Сен... Сен ҰБТ-дан құлап қалған қызға пысқырып та қарамайтын шығарсың?

– Ах, солай ма? О, құдайым!–деген ҰБТ көкке қолын жайды,–Тестгүл ҰБТ-дан ұтылсын, сөйтіп, маған тиіп, несиесі болса, құтылсын! Әумин!

– Жынды десе! Қарғамасай! ҰБТ, мен сені сүйемін!

– ҰБТ-ға  жақсы дайындал. Күн сайын арқанға асылып өлудің жолдарына жаттыға бар, бес қабатты үйден секіріп кетудің қыры мен сырына қанық. Релське басыңды қойып, жата ғой...–деп күлді ҰБТ.

–Қойшы, ҰБТ-ға бола өмірімді қиып! Сондайларды жек көремін ше... Күйеуге тие сал...

– Күйеуге тиюден де тест тапсырасыңдар...

– Сонда қалай?

– Үкімет сондай қаулы шығарыпты... –деген ҰБТ қалтасынан бір жапырақ қағаз шығарды,–Тест сұрақтары мынадай:

Күйеуге не үшін тиеді?

А) Рахат үшін...

Б)Бірге ұйықтау үшін..

Ә)Күйеуінің миын жеп, ерте о дүниеге аттандыру үшін...

Тойларда тыр жалаңаш билеген қазақ қыздары тұрмысқа шығады ма?

А) Бір «маймылға» тұрмысқа шығады...

Б) Байсыз қалады...

Ә) «Кәрі қыз» медальімен марапатталады...

Келіншектер нені жақсы көреді?

А) Күйеуінің айлығын...

Б) Күйеуінен бұрын алтын сырға, жүзіктерді...

Ә) Күйеуінің жұдырығын...

Қыздар не тартады?

А) Орамал тартады.

Б) Темекі тартады...

Ә) Ештеңе тартпайды...

Қыздар не атады?

А)Көзбен атады,

Б) Насыбай атады.

Ә) Өсекпен «атады»...

–ҰБТ! Мен сені сүйемін! ҰБТ-дан өтсем де, құласам да, саған ғана тиемін!–деген Тестгүл жігіттің бетінен шөп еткізе сүйді де, көшеге қарай жүгіре жөнелді. Кенет бір «Джип» оны қағып кетіп, мұрттай ұшырды... Ертеңіне-ақ газеттерде: «Мектеп бітіруші бойжеткен ҰБТ-дан қорқып, көлік астына өз еркімен түскенімен, өлмей қалды...» деген хабар таратып жатты... Беу, ҰБТ-ай...

Мұхтар Шерім

Abai.kz

0 пікір