Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4204 0 пікір 4 Маусым, 2015 сағат 10:50

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңес Астанада көшпелі отырыс өткізеді

«9 маусымда Астана қаласында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысы өтеді», – деп хабарлайды кеңес төрағасы Сейітқазы Матаев.

Кезекті көшпелі отырысымызды Астана қаласында өткізуді ұйғардық. Соңғы кездері Қоғамдық кеңестің атына «Сауран және №24 көшелері арасындағы көп пәтерлі тұрғын үй кешені» құрылысының кешеуілдеуіне қатысты көп шағым түсіп отыр. Бұл нысанда халықтың барлық санатына арналған 242 пәтер бар. Бұл үй бір жарым жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ адамдар пәтерлерін әлі күнге дейін күтіп жүр, – дейді С.Матаев.

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековке осы отырысқа қатысуға шақырған хат алдын ала жіберілді.

- Біз құрылыстың неліктен кешігіп жатқанын айқындауымыз керек. Азаматтарымыздың пәтер кілтін қашан алатынын да сол жерде анықтауға тиіспіз. Сонымен бірге, Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Елордада салынып жатқан үйлердің сапасын да тексере кетеміз. Қазір құрылыс салушылардың, әкімдіктің, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің және банк клиенттерінің тығыз байланыста болып, бірге жұмыс істегені абзал, – деп атап өтті қоғамдық кеңес жетекшісі.

Оның сөзіне қарағанда, Қоғамдық кеңес мүшелері құрылыс алаңына барып, кешеннің жай-күйін өз көздерімен көрмек. Осы нысандағы жұмыстың сапасына да баға береді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер сатып алғысы келетін азаматтармен кездесіп, пікір алмасатын болады.

Қосымша сұрақтарыңызды ҚТҚЖБ жанындағы Қоғамдық кеңестің os@hcsbk.kz. электронды мекенжайына тікелей жібере аласыздар.

Абай-ақпарат 

0 пікір