Жұма, 26 Сәуір 2024
Дат 10979 0 пікір 5 Маусым, 2015 сағат 12:41

ТӘҢІРШІЛДІК ЖӘНЕ ИСЛАМ: ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР (басы)

Түркі халықтарының қалыптасуына негіз болған тайпалардың Тәңірдің барлығына шек келтірмей танып білгеніне III мың жылдан асты деп болжамдайтын ғалымдар баршылық. Егер индуизм, буддизм бойынша шамамен  78 ғасырда, иудаизм, конфуцияндық, зороастризм – 58 ғасырда, христиандық қазіргі георгиандық жыл санауы бойынша XX ғасырды артқа салмақ, оның XII ғасыры түркі халықтары үшін ислам дініне байланысты екенін ескерсек ислам жыл санауымен 15 ғасырда (1436ж.) ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар. Қай елдің болсын даму тарихына назар салсақ ең алдымен сол халықтардың сенім-нанымдары суреттеледі, діни оқиғалар қамтылған жазба жәдігерліктері талданып зерделенеді. Көбінесе барша мәселелер дінге, діни қақтығыстар, шіркеу-храмдардың, мешіттердің айналасындағы оқиғаларға сүйене отырып сол елдің тарихының жазылуына мұрындық болып келгені ақиқат.Тарихи сана-сезім мен ұлттық мүдденің қайта оянуы еліміз егемендік алып, ес жия бастаған бүгінгі кезеңнің рухани өміріндегі айтулы оқиға. Қазақ елі өз егемендігін жариялағаннан кейін (1991 жылдың 25 қазаны) өткен жиырма үш жыл ішінде аса күрделі өзгерістер орын алды. Осы жиырма үш жылдық қазақстандықтар үшін "жұлын кезеңдік" қызмет атқарды десек, асыра айтқандық болмас. Мемлекетімізді қайта құрудан, экономикалық, құқықтық, қауіпсіздік және руханиятымызды қалпына келтіру шараларынан бастап жеке тұлғаның еркіндігі, бас бостандығы, оның Конституциялық тұрғыдан қорғалуы т.б. қазіргі таңда баршамызға мәлім шаралар жүйесі іске асырыла бастағаны тарихи қажеттілік.

         Жалпы, макрокосмос ежелгі түркі халықтарын Жоғарғы, Орта және Төменгі трихотомды әлемдерге бөлген екен. Олардың арасында жанды заттар, құдайлар мен перілер болған-мыс. Бұл трихотомды концепция әлемнің көлденең моделін тігінен суреттейтін моделментолықтырылған. Ол бойынша Көк Тәңірі Жоғары әлемнің билеушісі жәнекөне түркі пантеонының құдайы болған. Көк Тәңірі басқа құдайлармен бірлесе отырып адамдардың тағдырын да билігінде ұстаған. Тәңір қағандарға билік пен даналықты сыйлаған болса, Жоғары әлемнің тағы бір құдайы Ұмай ана адамзат баласына өмір сыйлаған. Өлім мәселесі түркі мифологиясы бойынша Эрклигтің (Ерлік) қолында болған. Түркі мифологиясында Орта әлем «Жер-Суды» киелі субстанция болып саналған. Бұлардан басқа С.Г. Кляшторный  X ғасырдан  қалған«Ырқ бітіг» деп аталатын Дуньхуан үңгірінен табылған руникалық жазбадан «Жол Тәңірі» деген атқа ие болған бірі ала, бірі қара аттағы жолдың құдайын анықтайды. Жол Тәңірі бейнесі түркілердің мемлекеттік культімен тікелей байланысты деп дәлелдеген. Орталық әлем мен Жоғары әлемнің арасы әрдайым байланыста болған. Аталған байланыс халықтың сыйыну тілегінен көрініс тапқан. Сөйтіп, С.Г. Кляшторный көне түркі мифологиясына байланысты архаикалық Орталық Азия наным-сенім кейіпкерлері ретінде жоғарыдағы наным-сенім иелерін көне түркі пантеонының басты сипаты етіп көрсетеді. Аспан ғарыштың бөлшегі ретінде мифологияда және Орхан-Енисей жазбаларында «Көк Тәңірі» деп аталған. «Көк аспан» - ұшу, көтерілу секілді етістіктермен сипатталады. Ал, жер көне түркі мифологиясында төрт бұрышты, шаршы кеңістік. Күлтегіннің қиссасында «төрт бұрыштың бәрі жау еді» деген мәтін түркі әлемінің дүниетанымдық шегін көрсетеді. Ышбара қағанның хатында өздері мекен еткен аймақтан тыс мекенде «төрт теңіз» бар екендігі суреттеледі. Оны жердің төңірегіндегі әлемнің мәңгі өзгермейтін негізі немесе әлемнің шегі деп түсінген. Руна ескерткіштерінің авторлары үшін әлемнің құрылысы көгілдір аспан, адамдар мекен еткен әлемді яғни жерді жауып тұратын төбе. Атап айтар болсақ, Төбе өзенінің маңында табылған ескерткіштің соңғы екі жолында: О, менің көк аспаным, бізге шатыр бола көр!

         О, менің елім-Еділім, мәңгі жасай көр!-деп жазылуы түркілердің әлем жайлы түсінігін танытады. Бұл жөнінде Ышбара қағанның 585 жылы Суй императорына жазған мына хат мәтіні үзіндісінен түркі әлемі модулын шарықтата көрсетеді –«Аспан жауып тұрады, жер көтеріп жүреді, жеті ғаламшар сәуле беріп тұрады» делінген. Айта кетерлік тағы бір жайт дәл осындай үйлесімді қайталау 600 жылы Кимін қағанның хатында да кездеседі.

        

 

Ал, VII ғасырда өмір сүрген Феофилакт Симат та Күлтегін ешкерткішінде көрініс тапқан «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам жаралған» сөз тіркесінен «жер мен аспанды жаратқан бір Құдайға табынады» деген дерек қалдырған. Ғалымдар пікірлерінің тоғысқан жері Орта әлемде көне түркілер «Жер-Суды» киелі санағандығында. Ата-бабасынан мирасқа қалған жерді киелі санау, Жерұйығын қасиет тұту көне түркі мифологиясында нақтылы көрініс тапқан. Себебі, Жерұйық – ежелгі түркілік «ыдуқ-йер-суб» мифтік кеңістігінің дәшті қыпшақ тілді ортадағы кейінгі өзгерген атау. Дж.Клоссонның пікірінше «Жер-Су» ұғымы Құдай емес, Тәңірідей құрметтелген киелі ел, өлке, жер тараптың тұлғасы болған. Бұл турасында Ахмет Ташағыл: «Отанға деген сүйішпеншілік Орхон жазба ескерткіштерінде анық сипатталған. Сонымен қатар, Отүкен түріктер ұғымында қасиетті деп саналған. Өйткені, көк түркілердің астанасы – Отүкен болған» деп атап көрсеткен. Оны С.Г. Кляшторный «священная Отюкенская чернь» деп сипаттады. Бізше айтқанда «Жерұйығы» түркі мифологиясы бойынша әлемнің кіндігі дегенді білдіреді екен. Қағандар ордасын тіккен, түркі халқы мекен еткен, «төрт тарапқа» - «алға», «артқа», «оңға», «солға» жорыққа шыққан. Көне түркі түсінігінен қалған мифтік абыз-ақын образы Асан қайғы турасында сөз қозғауға алып келеді. Атап айтқанда, «Асан – аспан адамы», «қайғы – ақын, жырау, сазгер» деген туынды мағынаға ие екенін, Асан қайғы «Аспан жыршысы» болғанын ғана айта аламыз деген С. Қондыбайдың зерттеушілік пікіріне қосыламыз.

         Л.П. Потапов Тәңір, Ұмай, Жер-Су үш құдайына сену – көне түркі қоғамындағы барлық топтарға тиесілі ұғым болды деген пікір білдірген. Осы негізде үш мифтік шығармашылық цикліне арналған мифологиялық сюжет ғылыми айналымға енді. Нақтыласақ:

                   1. Космология және космогония: әлемнің пайда болуы, оның құрылымы туралы және ғарыштық кеңістік туралы мифтер;

                   2. Пантеон және социум: құдайлар туралы, құдай қалауындағы мемлекеттің және Тәңірі дүниеге алып келген қағандар туралы мифтер;

                   3.Этнология және генеология: түркі тайпасының шығу тегі туралы және түркі халқының қаһармандары туралы мифтер. Осы мифологиялық сюжеттің әр қайсысында «Жерұйық» концепциясының негізі жатқандығына көз жеткізуге болады. Дәстүрлі түркілік дүниетанымда космологияның көшірмесі болып табылатын адамның жаратылуы да әлемнің орталығында жүзеге асқан. Мысалы, Месопотамия мәдениетінде адам Жер жүзі мен Көк арасындағы «көпірдің» орналасқан жері – «жердің кіндігі - Жерұйықта» дүниеге келген. Осы символдық бейнелеулер түркілік космологияның негізгі ұсынымдары болып табылады. Түркі мемлекеті, түркі ордасы дүниенің төрт бұрышының түйіскен жерінде, яғни, дәл орталығында, әлемнің кіндігінде орналасқан. Әлемнің кіндігі – Жерұйық ең алғашқы құдайлық бастаманың, яғни, адамның жаратылыс негізі болғандықтан да киелі. Көктеме, жайлау, қыстау, күзеу – бұлар көшпелі қоғамның мемлекеттік шекарасы қызметін атқарған. Бұл кеңістіктер Тәңір тарапынан аталарына берілген мирас болғандықтан да қасиетті, киелі отан болып табылады. Өйткені, бұл кеңістіктер түп аталарының сүйегі жерленген – Жерұйық. Бұл туралы Орхон стеллалары, Енисей қырғыздарының жазбалары, көне ұйғыр руникалық мәтіндері, қимақ, қыпшақ, ғұз, қарлұқтар туралы мұсылман авторларының және Ұлы қорғанның солтүстігінде тұратын тайпалар туралы қытай деректеріндегі жазбалардан да білуге болады.

         Дүниетанымды табиғат пен адам арасында қарым-қатынастық көзқарас тұрғысынан әлемді рухани түсіну, тану деп білсек, әр алуан маңызы бар адам бойындағы наным-сенім, сезім, көңіл-күй, талап дүниетанымға бірігіп, адамдардың әлемді түсіну, сол арқылы өзін түсіну, өзін қоршаған әлемде жайлы сезінудің біртұтас ұстанымын қалыптастырады. XXI ғасырда қазақ халқының Жерұйығы – Тәуелсіз Қазақстан. «Тәуелсіз Қазақстанның өмірлік философиялық тұғыры – Мәңгілік ЕЛ»-деп Елбасы, Президент Н.Ә. Назарбаев айтқандай «Жерұйық – тәуелсіз Қазақстан» концепцияның дұрыс екендігіне толыққанды көз жеткіздік. Себебі, аталмыш концепция түркі әлем бірлігі мен бүгінгі қоғамдық тұтастықты көрсетеді. Жаһандану заманында Қазақстан азаматы өзін ғылымға, саясатқа, мемлекеттік өмірге жеке қатыстылығын сезіндіруге мүмкіндік беретін тәуелсіздікпен орныққан, ұлттар мен ұлыстардың қасиетті, құтты мекеніне айналған «Қазақстан - Жерұйық» ұлттық идеясының концептуальды мазмұнын түйіндейтін болсақ, «Жерұйық» концепциясының тұғырнамасы түркі дүниетанымында көрініс тапқан. Негізгі мағынасы тәуелсіздік құндылығын ұлықтаған ұлттар мен ұлыстар үшін құтты мекен саналатын қоныс. Сонымен бірге, «Жерұйық» концепциясы елдің ұлттық дүниетанымын, халқымыздың дара болмысын, этномәдени кеңістігін сипаттайтын, біртұтас этнотарихи жадында жалпы түркілік суперэтностың тұтастығын және ұлттық идеяға қажетті ақпараттық негіз бола алатын табиғи феномен.

         Біздің даламызды мекендеген түркі халықтарының ұстанымдары «Веда», «Авеста» кітаптарында, онан соң Көк Тәңірін танып-білген Заратуштра (Зор Ата,Жасаған)  жазбаларымен жалғасып жатқаны мәлім. Бұл сөздердіңтөркінінен түркілік ұғымдарды аңғарамыз. Зор, Үлкен-сенім (Үлген) аталығын, Ұлы баба дегенді білдірсе, «Ас» сөзі бастан адам (инсан) дегенді білдіретіні рас (А.Сейдембеков «Ата» деген еді). Қалай аталса да зороастра сенімі біздің жыл санауымыздан екі жарым мың жыл бұрынғы түркіге дейінгі бабалардыңұстанымы болғаны сөзсіз. Ал, түркі жұрты басынан бастап Тәңірі Құтынан ғана медет сұраған, соны мадақ етіп Оның барлығына Шек келтірмеген, Оның көрінісі күнді, айды, жерді, суды пір тұтқан, әрқайсының өз Тәңірі-рухының барлығынан шүбәсіз сенген. Дала тұрғындары таң сәріде: Мәңгілік нұры сөнбейтін,

                                        Ешнәрсе тең келмейтін

                                        Шұғыла шашып жылжыған

                                        Ұлы күнге бұл дұғам.

                                         Күн қызуын төккенде,

                                        Жер ынтыға өпкенде

                                        Жүз мың құдірет секілді

                                        Ғажабы бар не түрлі

                                        Ұлы күн бақыт береді

                                        Оған ғалам сенеді – деп қол жайып Тәу ететін болған. Мұнан да құдіретті, бұдан да орасан айбынды, сол күн мен айды Жаратушы күш бар екенін түйсікпен сезіп, оны Тәңірі деп танып келген дала түркілері Алла сөзін естігенде одан өзіне бұрыннан етене таныс тылсым күш барлығын сезінбей қалған емес. Замандар өте келе діндер де ақиқатқа қарай біртіндеп жақындай бастағаны, ескі наным-сенімдердің орнына кітапты дінге бет бұру орын алды. Сол байырғы діндердің бір тармағы ретінде болып дала түркілері Тәңірлік сенімді сақтап қалды. Оның өзегінің өзі ислам дініне өзгелерден көрі үндес, тек Бірлікті ғана, Жаратқан Иенің барлығына және біреу ғана екенін мойындайды. Осыдан келіп ислам қағидаларының біздің ата-бабаларымыздыың ұстанымына жат көрінбегені қалыпты жағдай. Сонымен бірге, ислам діні жаңа жерлерде мейлінше тамыр жайып, тез сіңісіп кетуіне сол жердің өзінен-ақ табан тірерлік имандық, тұрмыс-салттық немесе біршама рухани үндестіктердің табылуына байланысты.Тарихи мұраларға жүгініп көрелік. Мысалы:тізілген 16 барыстың, екі көкбөрінің және құс қарғанның бейне-мүсіндері қолдан құйылған Тәңірлік наным-сенімнің «Ерменсайдан» табылған таңғажайып «таған-шырақ» ескерткіші жөнінде болжам мен топшылаудың сыры нені меңзейді?

         Ислам діні келмей тұрғанда Алатау баурайындағы таңғажайып табиғат аясы сол кездегі ежелгі Тәңірлік наным-сенімнің ғибадат құлшылық қылатын және құрбандық шалатын қасиетті орны болған екен. Осылай деп айтуға дәлел әрі негіз бар. Яғни, ертеде адамдар Олимп тауында, Тибеттегі Шамбола шыңы етегінде және Ганга өзені жағасында Тәңірге қалай табынса, ерте дәуірде Тәңір тау атанған Алатау аясында да сол сияқты діни ғұрыптарды жалғастырып, құрбандық шалған және абыздар аспанға қарап айғайлаған. Шамандық дінінің сәуегейлері, абыз көріпкелдері Тәңірмен тілдесіп, ғарыштан дауыс естіп, кереметтер көрсеткені күмән тудырмайды. Мұны дәлелдейтін дерек пен таңғажайып оқиға Алатау бөктеріндегі «Ерменсай» елді-мекенінде 2002 жылы ақпарат құралдары арқылы әлемге тарады.Ауыл шаруашылық мәселелерімен айналысатын Балтабай деген азамат үйінің ауласында жер қазып жүріп, ойламаған жерден ғажайып олжаға кезігеді. Тәңірлік наным-сенімнің ғажайып ғұрыптық заттарын тауып алады. Он алты барыстың, екі бөрі мен құс қарғаның мүсіндері бедерленген, қоладан құйылып әшекейленген «таған-шырағдан» – тарихшыларды қайран қалдырды. Бұл заттар бір алып адамның сүйегімен бірге көмілген екен. Кім екенін айту қиын, аты-жөнін анықтау мүмкін емес адам қаңқасын ғалымдар Тәңірлік наным-сенімнің абызы, бақсы-сәуегейі деп топшылады.
Жалпы, ежелгі діндерге байланысты ғалымдардың ой-өресі жете бермейтін тылсым құпия, жұмбақ дүние әлі көп. Осы жерде олжаға байланысты болған тосын оқиғаны да еске ала кетсек артық болмас. «Тәбәрік ескерткішін» (16 барыс) академияға әкетіп, зерттеймін деп дау-дамайға, талас-тартысқа жол берген ғалым аяқ астынан марқұм болып кетті. Ал, олжа иесі де неше түрлі шытырман оқиғаларға тап болып, жол апатына түсіп, әйтеуір аман қалды.    Сөйтіп, соңында белгісіз әулие абыз, бақсы-машайық сүйегі биік дөңнің үстіне қазіргі діни ғұрып салты бойынша қайта жерленді. Ас беріліп, дұға оқылды. Барлық дін о баста Тәңірлік наным-сенімнің көзі де сонда емес пе?«Ерменсайдағы» Тәңірлік наным-сенім заттарына және адам қаңқа сүйегіне байланысты неше түрлі әңгіме-аңыз, шытырман ертегіде шек болған жоқ. Аян алатындар мен түс арқылы көріпкелдік жасайтындар қиял-ғажайып әңгімелердің түр-түрін шығарып, оқиғаны аңызға айналдырып жіберді. Уақыт өте бәрі сап тыйылды. Қаңқа сүйектің қабірден қалай шыққанын Балтабай Мәскеуде жүргенде түсінде көрген оқиға бойынша түсіндіреді. Өң мен түсті сенімді үйлестіріп сөйлейді. Дегенмен, кейде ақылға сыймайтын деректерді де келтіріп, Нұх пайғамбар кезіндегі діни-мифтік аңыздарды алға тартады.Бізді мазалайтын нәрсе «қаңқа-сүйек» – адамның тегі кім? Қазақ па, қалмақ па, әлде, шүршіт пе? Бұдан 2000 жыл бұрын Жетісу өңірінде Үйсін мемлекетінің өмір сүргенің еске алсақ, адам қаңқасы сақ-үйсін абыз бақсыларының Тәңірмен тілдесетін ең атақтылары бірінің сүйегі деп батыл жаңылыс сөйлеген кездері де болды. Батыр емес, патша емес, ежелгі Тәңірлік наным-сенімнің әсірелеп айтсақ, «пайғамбарының» Алатау баурайында өмір сүріп, дүниеден озғаны қайран қалдырады. Наным-сенім тарихында бұл әлемдік тосын оқиға, құбылыс. Арнайы археологиялық зерттеулер кезінде емес лақаттан өзі шыққан абыздың күні бүгінге дейін рух жанының тірі екені таң қалдырады. Өйткені, Тәңірлік наным-сенім бойынша жан кеудеден шыққан соң ғарыш кеңістікте көзге көрінбей елес болып жүретіні және пенделердің түсіне кіретіні ежелден айтылып келе жатқан нәрсе. Әруақ сүйегі жер бетіне шығарда Балтабайдың түсіне оның кіргенін жоғарыда айттық. Сондықтан, ол аруаққа ой қалауы бойынша есім беріп, ат та қойған. Айтпақшы, алғашқы жылдары неге екені белгісіз «Ерменсайдағы» әруақ оқиғасына байланысты мұнда адамдар жан-жақтан ағылып келіп, төбе басында тәу етті. Өйткені, белгі қойылған еді.

Әмірғазин С.Т. ф.,ғ.,канд., профессор

ҒЗТО жетекші маманы

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір