Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 8054 0 пікір 6 Маусым, 2015 сағат 12:38

АЙМАНДЫ ТЫҢДАҢЫЗ, АСЛАН МЫРЗА!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ

А.Б.СӘРІНЖІПОВ мырзаға

ХАТ

 

Қадірлі Аслан Бәкенұлы!

 

Менің жұмыс орныма Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева іздеп келіп жолығып, әкімшілік құрылым қызметкерлеріне тиісті жұмыстардың барлығы дерлік мұғалімдерге артылғаны, елімізде сайлау науқаны бола қалса, үгіт-насихат жұмыстарына, үй-үйді аралап, мекен-жай бойынша адам түгендеуге, мектепке бала санын анықтауға, әскерге  шақыртуға, қанша малың, неше үйің, көлігіңнің маркасы мен нөмірі қандай екенін анықтауға жаппай мұғалімдер жегілетіні және толып жатқан әншілердің концерттерінің билетін өткізу мұғалімдерге жүктелетіні,  барлық қарсылық «жұмыстан кет» деген сөзбен басылатыны жайлы ашына айтты.     

Сонымен қатар, сол уақытта Алматы облысы Қарасай ауданы білім бөліміне қарасты бүкіл аудан мектептері мұғалімдерді жол бойындағы қоқыстарды тазалап, ағаштарды кесіп, әктеген сенбілікке  наурыз айының 26-28 аралығында және сәуір айының 4-нен 13-не дейін шығарылған.  

Өзім басқаратын «Жалын» журналының журналисті Жанна Иманқұлға Айман Сағидуллаеваның  басындағы халді  анықтап, мақала жазып, баспаға дайындауға тапсырма бердім. «Мұғалімдердің мүшкіл халі. Оларды биліктің қолбаласы болудан қалай құтқарамыз?» «Жалын» журналының 4 санында және «Қазақстан заман» газетінде жарияланды. Ал, «Жас Алаш» газетінің №44 санында «Мұғалім – мемлекеттің құлы емес» деген тақырыпта Айман Сағидулаевамен жасаған сұхбат жариялаған. «Дат» газетінде Әбдірашит Бәкірұлының «Айман Сағидуллаева феномені» деген мақалада А.Сағидуллаева көтерген мәселені Білім және ғылым министрлігі біліп жүретін мәселе екенін жеткізген. «Ашық Алаң», «Төртінші билік» «Мұғалімдердің мүшкіл халі» мақаласын жариялады. abai.kz, ult.kz, qamshy.kz сайттарын да жариялаған бұл мақалаға қатысты пікірлерді оқымай кетпеңіз. 

Ең алғаш үлкен деңгейде көтерілген ұстаздар қауымының құқығы тапталуына қарсы бұл батыл бастама қазір қоғамда  қозғау туғызды. Мұндай жағдайларды бірінші рет естіп жүрген жоқпыз. Немесе бұл тек Айман Сағидулаеваның басындағы жағдай емес.   Біз сізге «Мұғалімдердің мүшкіл халі» деген мақаланы түсініп қайта оқып шығуға кеңес береміз. Онда көтерілген мәселелер тек бір мектеп не бір аудандағы жағдай емес. Себебі бұл мақаланы қолдап, пікір білдірген адамдарда есеп жоқ. Өзектілігі болмаса,  ақпарат құралдары бір-бірінен көшіріп баспас еді.

Бекітілген сабақ кестесіне қарамай, мұғалімдердің  тікелей құзіретіне жатпайтын жұмысты жасатып, оқушыларға бағдарламаға сай білім берілмейтіні тағы бар. Мұғалім бітпейтін сенбілікпен сарсаңда жүргенде олардың сабағын өткізуге жоғарғы сынып оқушылары міндеттеледі екен. Бұл неткен бассыздық?  Мұнан соң, оқушыдан қандай білім талап етіміз?

Азаттық радиосында жарияланған Асылхан Мамашұлының «Мұғалімдер шөп орып, көше тазалағанын да айтады» деген мақаласында мұғалімнің міндетіне кірмейтін қызметке еріксіз жұмылдырылған Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Айбосын Адырбековтің жан-айқайы да көтеріліп отырған мәселені қуаттай түседі. Кейбір ашынған мұғалімдер ақпарат бетінде аты-жөнін бүркемей, шындықты жайып салған.

Тығырыққа тірелген, қоғамның назарын аударған мұғалімдер мәселесін шешу алдымен Білім және ғылым министрлігінің тікелей қорғауында, қолдауында болуы қажет.

Қалмаханбет Мұқаметқалидің «Білім саласын басқаруды орталықтандыру қажет пе?» http://jetysunews.kz/?p=1609  – атты мақаласында келтірген дәлелдер мен деректерден ұққанымыз «мектептерді аудандық, облыстық әкімдік қарамағынан босатып тікелей Білім және ғылым министрлігіне қаратып, орталықтандырса» деген ұсыныс айтқан. Бұны да оқып көрсеңіз болады.

Шымкент қаласындағы А.С.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Өмір Шыныбекұлының мынандай пікірі осы ойды қуаттай түскен екен: «Сәрінжіпов облыстық білім басқармаларын әкімшіліктен министрлік құзіретіне өткізіп алуы керек!»

Осы ұсынысқа байланысты фейсбук пайдаланушысы Султан Сулеев есімді азамат былай депті: «МВД, ПРОКУАТУРА, КНБ, СОТТАР бәрі Астанаға бағынады да мектепті ғана жергілікті әкімдерге еншілеп қойған.»

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі N 319 Білім туралы Заңы 51 бабының 4 тармағында «Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындау мен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.»

Бұл заңның күні бүгінге дейін ескерілмей келе жатқаны үлкен кінә емес пе?

Жоғары де айтылған мәселелерден оң шешім шығарар деп сізге сенім артамыз.

 

«Жалын» журналының бас редакторы,

Республикалық «Мемлекеттік тіл»

қоғамдық қозғалысының төрағасы,

Қазақстанның халық жазушысы                                                                            М.ШАХАНОВ 

Abai.kz

0 пікір